Сәрсеке М. Ермұхан Бекмаханов: ғұмырнама. - Астана: Фолиант, 2010. - 672 б.
Деректі жанрдың шебері Медеу Сәрсеке шерменде тарихшының ғұмырын қаз қалпында баяндап, оның жолын кескен қаскүнем замандастарының есімдері де, қастандық әрекеттерін де ҰҚК-нің жабық мұрағатынан алған деректер арқылы сипаттайды. Кешегі кер заманның қитұрқы зауалын бүкпесіз ашып, билік басындағылардың да сорақы қылықтарын әшкерелейтін туынды бүгінгі оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Сәрсекеев М. Айшықты мезет: повестер. - Алматы: Жазушы, 1969. - 148 б.
Кітапта автордың қиялынан туған оқиға жоқ, кейіпкерлерінің бәрі өмірде болған адамдар. Сол бір ер тұлғалы, қажырлы жандардың өшпес ерліктерін қайта жандандыру үшін автор он жылға тарта еңбек еткен. Кітаптың тілі көркем, оқиға желісі тартымды.
Сәрсекеев М. Көрінбестің көлеңкесі: ғылыми-фантастикалық повесть. - Алматы: «Көркем әдебиет», 1960. - 128 б.
Жазушы хикаятта Кенбі тауында жанартау атқылауын негіз етеді. Жанартау күшін жүгендеу, оны қауым игілігіне жарату – шығарманың түйіні. Қаламгер шығармасында Жаратушы кереметінің дүр құпиясын тануға бағытталған ғылым талпынысы айшықты суреттелген. Повесть шытырман оқиғаларымен нанымды, әрі қызықты оқылады.
Сәрсеке М. Жетінші толқын: ғылыми-фантастикалық повесть. - Алматы: Қазкөркемәдеббас, 1964. - 172 б.
Электр тогын сымсыз, әуе толқыны, радио толқыны арқылы тарату арман, қиял болғанымен әлі-ақ жүзеге асатын іс. Оған адам баласының ақыл-ойы, прогресшіл заманымыз кепіл.
Медеу Сәрсекенің бұл повесінде осындай арманды көксеген өнерпаз жас инженер Шынтастың, оның ашқан жаңалығын біліп, кітап жазуға ынтыққан журналист Қайсардың басынан кешкен шым-шытырық оқиғалары суреттеледі. Қазақ тілінде ғылыми-фантастикалық тақырыпқа жазылған кітаптар, көркем шығармалар көп емес. Автордың бұл еңбегін әдебиетіміздің осы жанрына қосылған сүбелі үлес деуге болады.
Сәрсекеев М. Жетінші толқын: ғылыми-фантастикалық повесть пен әңгімелер. - Алматы, «Жалын», 1977. - 188 б..
Жазушы Медеу Сәрсекеевтің «Жетінші толқын» атты ғылыми-фантастикалық повесі кезінде көпшіліктің жылы лебізіне ие болып, әдеби қауымнан жақсы баға алған болатын. Оқушылардың кейбір ой-пікірлеріне орай автор бұл шығармасын қайта қарап, аздаған өзгерістер енгізді. Жинаққа енген «Түнгі қонақ», «Қойшы-шофер» әңгімелері де тартымды оқылады.
Сәрсекеев М. Қуғындалған «Сәтбаев»: естелік-эссе. - Алматы: Шабыт,1994. - 244 б.
Оқырман қауымға жақсы мәлім жазушы М.Сәрсекеевті кешегі Одақ көлеміне танытқан бір шығармасы - «Тамаша адамдар өмірі» (ЖЗЛ) топтамасымен жарық көрген «Сәтбаев» романы. Ол туындыда ғұламалығы бүкіл әлемге әйгілі болған академик, қазақ халқының біртуар перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғалым, ұйымдастырушы, мемлекет қайраткері ретіндегі бейнесі жасалды. Бірақ, ақиқатты арқау еткен ол кітаптың көптеген қиыншылықпен шыққаны жұртшылыққа белгісіз еді. Қуғындалған «Сәтбаев» сол келеңсіздікті өкінішпен, ашыныспен айтады.