Ел тарихы тартқан тауқымет

«Ерте заманнан бүгінге дейінгі Қазақ КСР тарихы» 1943 жылы жарық көрген, 1949 жылы оның 2-басылымы жарияланған, алайда екеуінің де 1951-53 жылдардағы саяси қуғында қазақ зиялыларын жаппай жусатуға айғақ болғаны жұртшылықка мәлім. 20 мың данасы өртелген сол кітап 2011 жылы, 60 жылдан кейін Болатхан Тайжан атындағы қордың (президенті Мұхтар Болатханұлы) қаржысымен, 3 мың дана таралыммен қауымға қайта оралды.

2010 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан казақша да, орысша да жарық көріп, сол жылдың аяқ шенінде Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «ЖЗЛ» сериясынан шыққан «Бекмаханов» ғұмырнамасында мен «Қазақ КСР тарихының» алғашқы екі басылымының жазылу мен жойылу тарихын, оған қоса Ермұхан тарихшы жазған «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдардағы бостандық күресі» тарауының айтыс-тартыс туғызған шерлі хикаятын тарқата сөз еткенмін. Бүгінде сол оқиғаларды ықшамдап баяндап, ел «Тарихының» қолданыстан шығарылған себебін Мәскеу мұрағатынан алынған тың деректер аркылы, екі басылымның редакциясын басқарған көрнекті орыс тарихшысы А.М.Панкратованың (қосымша редакторлары - Қазақстан К(б)П ОК хатшылары М.Әбдіқалықов пен І.Омаров) 1944 жылы БК(б)П ОК хатшылары А.Жданов, И.Сталин, Г.Маленков және А.Щербаковка жолдаған (бұған дейін жабық мұрағатта сақталған) үш хатын пайдалана отырып, бұдан 67 жыл бұрын өмірде болған келеңсіз оқиғаларды қайыра жаңғыртамын. Мақсат - ¥лы Отан соғысының қиын күндерінде және одан кейінгі ауыр жылдарда қазақ зиялыларының жанкешті әрекетімен дүниеге келген, Мұхамеджан Әбдіқалықұлы мен Ілияс Омарұлының өз ұлтын жан-тәнімен сүйген, туған халқының көне тарихын жаңғырту арқылы Қазақ елін өркениетті мемлекеттер қатарына жеткізуді армандаған ізгі әрекеттері үшін жәбір-жапа шеккенін таныту; қос арысымыздың және қазақ халқының шынайы досы Анна Михайловна Панкратованың қажырлы еңбегі мен таңғажайып ерлігін жұртшылыққа паш ету!

Ел «тарихы» қалай жазылды

Ташкент баспасынан 1924 жылы жарық көріп, оқулық ретінде ел кәдесіне асқан ең алғашқы «Қазақстан тарихының» авторы - дәрігер-ғалым Қошке Кемеңгерұлы. Одан кейінгі екінші сүбелі еңбек - «Ерте заманнан бергі Қазақстан тарихының» 1-кітабы Алматы баспасынан 1935 жылы шыққан. Оның да авторы - дәрігер, профессор-медик Санжар Асфендияров. Алайда, екеуінің де ғұмыры қысқа болды: алғашқы оқулық 1930 жылы тәркіленіп, екінші тарих 1937 жылғы саяси науқанда авторымен бірге жойылды; дәрігер-профессор Халел Досмұхамедовтың Сырым Датұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістер туралы 1925-26 жылы жарияланған «Исатай-Махамбет» және «Аламан» атты туындылары да 1937-1939 жылы құртылды. Теміржолшы инженер М.Тынышбаевтың Ташкент баспасынан 1925 жылы жарық көрген «Қазақ шежіресі» де алдыңғылардың шерлі жолын құшты. Қысқасы, Кеңес өкіметі исі қазақтың өз тарихын түземек болған талабына әрдайым тосқауыл қойып отырды. Жер-жерде ашылған қазақ мектептерінің тарих оқулығына ділгірлігі Қазақ КСР Халағаркомының 29 жастағы басшысы, тарих пәнінің мұғалімі М.Әбдіқалықовты қатты ойлантып, 1938 жылы ол «Қазақстан тарихын» оқулық түрінде шығаруға қам-қарекет жасады. Алайда ештеңе бітіре алмады, ұлт тарихының сан ғасырлық қатпарын ақтарып, жаңа заман талабына сай ерекше жазатын білімпаз тарихшы таба алмағанын Мұхамеджан Әбдіқалықұлы 2001 жылы осы жолдар авторымен болған оңаша сұхбатта қынжыла сөз еткен-ді. Ақырында, тұтқиылдан басталған алапат соғыс Халық ағарту комиссарын сол ойдан бас тартуға мәжбүрлеп, Одақ мектептері қолданған «КСРО тарихын» оқытуды жөн санапты...

1941 жылдың аяқ шенінде М.Әбдіқалықов Қазақстан К(б)П ОК хатшысы болып тағайындалып, республикадағы идеологиялық жұмыстарға басшылық етуді қолға алады. Идеолог хатшыға негізгі жұмысымен қоса эвакуация легімен Қазақстанға мың-мыңдап ағылған ғалымдарға, әртістер мен өнер қайраткерлеріне баспана тауып беріп, жұмысқа тарту міндеті жүктелген.

«1941 жылдың қара күзінде бір ай бойы жол азабын тартып, Алматыға жүдеп-жадап жеткен тарихшылардың ә дегенде қайда тоқтайтыны мәлімсіз болды: бізден бұрын келгендер Алатау баурайындағы шағын қаланы толтырып тастапты, республика басшылары бізді ұрымтал Жамбыл, Шымкент қалаларына жөнелтуге тырысты. Алайда, жетекшіміз А.М.Панкратова қайраткер кісі болатын, жергілікті әкімдерге ол: тарихшылардың білікті тобы ¥лы Отан соғысы жүріп жатқан ауыр күндерде бір жерде топтаса отырса, сіздер үшін пайдалы іс тындырады, оларды бір-бірінен айырмау қажет»,-депті тарих ғылымдарының докторы Н.Дружинин Е.Бекмаханов туралы бертінде жариялаған “Жігері мұқалмаған адам” деген естелігінде. Сол шаруаны КСРО ҒА Қазақ филиалының басшысы Қ.Сәтбаев та ойлап, 1941 жылғы 10 қарашада Қазсовнарком төрағасының орынбасары А.Қойшығұловқа жолдаған хатында: «Қазақстанның өзінде кәсіби тарихшылардың әзірше аздығын ескеріп, штатында 80 ғалым бар Тарих институтының жетекші мамандарынан 5-6 кісіні Алматыда қалдыруға келісіңіз, филиал оларға жұмыс та, жатын орын да тауып бере алатынын, солардың көмегімен жергілікті тарихшылар ғылыми зерттеулермен шұғылданатынын...» ескерткен. Қысқасы, А.М. Панкратованың таңдауымен тарих ғылымының 12 докторы Алматыда тұрақтап, институт директоры, академик Б.Греков бастаған ресейлік тарихшылардың бір тобы Ташкентке жөнелтіледі.

«Алатау баурайында тұрақтаған тарихшылар қалалық партия комитетінің санаттан тыс дәріскерлері атанып, бірден-ақ қазақ мектептерінде тарих пәнін оқытудың әдістеме құралын әзірлеуге кірістік, - дейді Дружинин өз естелігінде. - Сол жұмысты ұйымдастыру Қазақ КСР Халағаркомының мектептер басқармасының бастығы Е.Бекмахановқа жүктелді. Жап-жас, ұшқыр мінезді, жігерлі сол жігітті Мәскеуде көргенмін, тарихшы Я. Зутистің семинарында шұғылданатын... Е. Бекмаханов екеуміз әдістеменің саяси және рухани қажеттілігін жүйелеген ғылыми жоба әзірледік. Оның таруларын тарихшылар өзара бөлісіп, ҒА Қазақ филиалынан бізге тиген, киім-кешегіміз бен жүкке толы кабинетте отырып жазуға кірістік. Әдістеме эзір болған соң көп таралыммен 3-4 аптада баспадан шықты.

Әдістеме құрал тарих оқулығын ауыстыра алмаған. Білгір тарихшыларды одан гөрі ауқымдырақ іске пайдалану туралы ізгі ой сол кезде туған. Енді Мұхамеджан Әбдіқалықұлымен өзім жүргізген сұхбаттан үзінді тыңдалық.

- Дружинин естелігінде «Қазақстан тарихын» жазу туралы бастапқы ой Бекмахановтан өрбіді депті. Бұл туралы не айтасыз?

Бұл енді Ермұхан екеуміздің ішімізде сақталған құпия. Бір күні кеште Ермұхан маған келіп: «Мұха, ел тарихын жазудың орайы келіп тұр. Ресей тарихшыларын сол іске пайдалану қажет...» - деп тың сөз бастады. Алапат соғыстың ауыр зардабы ақыл-ойымызды титықтатып тұрған қиын уақыт. Тарихымыз жазылмаса да, мектептер жабылмайды. Соны ескертіп, «болмайды» дедім. Бұл кісілерге оқулық емес, Қазақ тарихын жаздырайық деген ынтық ойымды айтып тұрмын, Мұха. Өзіміз оны жуық арада жаза алмаймыз, себебін білесіз...» -деп ол үгітін одан әрі үдетті.

Айтып тұрғаны ащы шындық... “Еңбектері Одаққа мәлім ірі ғалымдар, 11 профессор, тарих ілімінің докторлары!.. Өзіміздің өреміз жетпей жүрген ел тарихына ие боламыз. Кем-кетігі болса жата-жастана түзейміз!” Мен:“Ресей тарихшылары қазақтың көне тарихын қалай жазады?" - десем, Ермұхан одан әрмен өзеуреп:

«Мұха, титтей шүбәланбаңыз! Профессор Панкратова - КСРО тарихының білгірі, Михаил Вяткин Сырым Датов көтерілісін көп жыл зерттеген тарихшы. Сіз мынаған қараңыз, “Очерки по истории Казахской ССР, том первый, с древнейших времен по 1870 год... ” Саяси баспаның Ленинградтағы бөлімшесі биыл, 1941 жылы шығарған кітап... Өзгелері де шынайы ғұламалар, біздің жұрт ділгер болып отырған тарихты бір-екі жылда тайға таңба басқандай етіп жазып береді. Сонсоң, ағасы, біз де қарап жүрмеспіз, білгенімізді айтып та, жазып та береміз. Алматыдағы жазушы, тарихшы, заңгер, археолог, суретші, өнер зерттеушілері, қысқасы, өздерін білгір санайтын зиялы қауым өкілдерін түгел қатыстырамыз...», - деп ойы ұшқыр жігітім мені де еліктіре сөйледі. Ермұханның жаратылысы солай, бір нәрсеге құлай берілді ме, кімді болса да өз ойына оп-оңай еліктіреді. Мен оны 1938 жылдан білемін, Воронеждің педагогика институтын бітіріп келген кезінен ұнатып, Агарком қызметінің қиынын жүктегенмін...

-Сонымен Ерекеңнің ұтымды кеңесіне құлақ астыңыз ба?

- Жоқ, идеологияны басқаруға келген уақытым аса қиын кезең болатын, әр қадамыңды ойлап, әр сөзді сақтана сөйлеуге дағдыланған кісімін. “Бұл идеяға Панкратованы иландыр. Сен емес, Ресей тарихшысы ЦК-ға жазбаша ұсыныс түсірсін... ” - дедім. Ермұхан кенет қолын сарт-сұрт соғып, сондай да ерсі әдеті болатын, кеңкілдеп күлді. "Мен ол кісіні бұл идеяға иландырып қойдым, Мұха. Дружинин мен өзімнің профессор ұстазым Зутис арқылы. Панкратова сізге қашан келсін, қай күні, қай сағатта? - деп тағы да шыдамсыздық танытты. Ақыры, солай істедік. Анна Михайловна маған: “Өзіңіз осы кітапқа редактор боласыз, Орталық комитеттің идеолог-хатшысы тарихи мәнді істің жауапкершілігін мойнымен көтеріп, жол-жөнекей туындайтын түрлі жайттарды биік мансабымен қорғауга тиіс! - деген ой айтты. Мен аз-кем ойланып: “Келістім, Анна Михайловна, тек өзіңізбен бірге, сіздің ғылыми беделіңіз маған сүйеуші болсын!.. ”, - деп бір жолы жазылмаған «Тарихтың» кіндік атасы болуға ризалығымды бердім.

Кітаптың екінші редакторы, авторлар ұжымынын жетекшісі А.М.Панкратова (профессорлар институтын бітірген. Содан былай коммунистік жоғары оқу орындарында оқытушы болып, ғылыми ізденіспен де түбегейлі шұғылданған. 1939 жылы КСРО ҒА Тарих институтына ауысқан.

Беделді тарихшының дербес «тарихы» болмаған республиканың ділгер қажетін өтеуге кірісуі шынайы интернационалдық ниетінен туған. М.Әбдіқалықов бұл турасында бізге: «Анна Михайловна қайсарлығымен қоса ерекше қайырымды жан еді. Төл «тарихымыз» ұшыраған түрлі кесапаттарға ол кісі түсінікпен қарап, белсенділердің топас байламдарымен арғы атасы хан, бай, би болған деген желеумен реакционер аталған Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің көрнекті ұлттық тұлғалар ретінде тарихымызға қайтуына ерекше ықпал етті. Қайраткер жанның басшылығымен тарихшылардың қазақстандық мектебі қалыптасқаны да - өмір шындығы...» - деген-ді. Сонымен, Ресей тарихшыларының ұсынысын Қазақстан К(б)П ОК макұлдаған соң-ақ авторлар тобының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалады. Киров көшесі мен Сталин даңғылының қиылысындағы “Қазақстан” мейманханасына орналасқан тарихшыларға Пушкин және Калинин көшелерінің түйіскен орамындағы республикалық кітапхананың үлкен бөлмесі негізгі жұмыс орнына айналады. Сол жердегі мемлекеттік құжатхана олардың тапсырмасын тежеусіз орындауға тиіс болса, Ермұхан Бекмаханов Халағаркомдағы міндетінен уақытша босап (еңбекақысы сақталған), авторлардың күнбе-күнгі мәселелерімен шұғылданатын үкімет өкілі болып тағайындалады... «Әр алуан әдебиеттерді оқып, жергілікті мұражайларға неше мәрте бардық. Қаладағы театрда қойылатын қазақ операларын тыңдап, халық әндерінің әуенін жүрек ділімен ұғуға тырыстық. Қазақтың ұлттық мәдениетінің ерекшеліктерін саралап, көшпелі халық тірлігінің қыры мен сырына үңілдік. Біз үшін бұл қызықты әрі күрделі жұмыс болды. Жергілікті білімпаздардың ақыл-кеңесі, өзіміздің де құштарлығымыз қазақ халқы туралы мағлұматымызды кеңейтіп, мұрағат деректерін екшеуге пайдасын тигізді...” - дейді Н.М.Дружинин өз естелігінде. “Келбеті көз тойдырғандай көрікті, қағілез қылықты Ермұхан бізді бірден-ақ өзіне баурап алды. Мәймөңкесіз айтсам, бізбен тізе қоса еңбек еткен қазақ білімпаздарының бәрінен де өз басым оны айрықша жақсы көрдім...» - дейді, «Айнымайтын бауырмал жүрек» деген естелігінде мәскеулік тарихшы А.П. Кучкин.

«Қазақ КСР тарихының» алғашқы тараулары екі-үш айда-ақ жедеғабыл жазылады. Өйткені, сол іске қатысқан ресейлік мамандардың қай-қайсысы болсын адамзат қауымының жалпылама тарихын жете білетін саңлақтар болатын.

Кітапқа енген деректер алқа мәжілісінде талқыланған соң-ақ тиісті тарауға қосылып, ғылыми жүйеленеді. Әр тараудың мәтіні әдеби редакторлардың түзетуінен соң жауапты екі редактордың алдына қойылады (М. Әбдіқалықов Ермұхан Бекмаханов туралы естелігінде өзінің басқаруымен бір жарым жылда бөлімдер мен тарауларды талқылауға арналған 33 (!) мэжіліс өткенін ескертіпті, кейбіріне қатыса алмаса да “Іссапардан қайтқан кезде мәжіліс хаттамасын оқитын едім”, депті).

“Қазақстан жері ұлан байтақ. Шығысында ол Ертіс өзенімен, батысында Каспий теңізіне дейін созылған, солтүстігі кәрі Оралға тіреліп, бір шеті Алтай мен Тарбағатай тауларына, Құлынды даласына, оңтүстігінде Алатаумен көмкерілген орасан зор аймақ бүгінде Қазақстан Республикасы аталады. Қазақстанның жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырым. Оның жер аумағы Германияның, Францияның, Италияның, Англия мен Жапонияның жиынтық территориясына тең. Мәймөңкесіз айтқанда, қазіргі Қазақ КСР-ының жеріне бес Франция, алты Германия, тоғыз Италия сыйып кетеді...” - деген саяси астары мол әрі мәнді сөздермен айшықталыпты “Қазақ КСР тарихының” кіріспесі.

Сөйтіп, қазақ даласынын көне тарихын қорытқан авторлар ұжымы (жиыны 33 адам, солардың 11-і Ресей тарихшылары - бәрінің де фамилиясы кітаптың 2-бетінде аталған) Арал мен Каспий теңіздерінің арғы-бергі жағалауын жайлаған, Алтай тауы мен Алатау бөктерін, қазіргі Жетісу өңірін қоныс еткен тайпалардың тіршілігін, олар қатысқан үлкенді-кішілі соғыстарды, осы өңірдің Түркі қағанатына қараған замандағы оқиғаларды да тізе отырып, ғұндар иемденген дәуірді сүзе баяндап, далалықтар тарихын қазіргі жыл санау дәуіріне жеткізеді; түстік шекарадан хансу (қазіргі қытай жұрты), қиыр шеттен жауынгер арабтардың далалықтар иелігінен үлес алмаққа жасаған әскери жорықтары да деректермен айшықталған.

Ғасырлар керуені өтті, Х-ХІІІ ғасырлар аралығындағы тарихи оқиғалар да назардан тыс қалған жоқ: моңғол шапқыншылығы, Сыр бойындағы ескі мәдениет ошағы Отырардың күйреуі, Қазақ даласы мен Орта Азияньщ Шыңғыс хан әулетінің қолына көшуі, Жошы мен Шағатай құрған ұлыстардың қысқаша тарихы... ¥лы Даланың Алтын Ордаға бағынуы, Шыңғыс немересі Бату заманындағы Ертістен Еділге дейінгі алып аймақты иеленген тайпалардың бірігіп, Дешті-қыпшақ атанып, бір тілді, бір дінді халық болып қалыптасуы Дербес хандық құрған қазақ халқы, яки ұлтымыздың жеке этнос атанған шағы.

Бұл оқиғалар «Қазақ КСР тарихында» тәптіштей баяндалып, әр тараудың саяси-әлеуметтік мәні сол күндегі идеология талабына орай таптық көзқараспен сипатталған, В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің еңбектерінен алынған пікірлермен тұжырымдалған. Тараулардың айшықты атаулары да авторлардың таптық күрес идеясын сақтағанын аңғартады: “Қазақстан аймағындағы алғашқы қауымдық қоғам», «Қазақстан аймағында тайпалық одақтардың пайда болуы», «Қазақстан алқабындағы феодалдық қоғамға дейінгі мемлекеттер»... «Қазақстанның көне тарихына арналған әдебиет ерекше мол... Барлығы тек қазіргі идеология талабына сай келе ме, ал келеді десек- әңгіме «Қазақ КСР-ның тарихына» соларды қандай тұжырыммен енгізу турасында болуға тиіс...» - деген мәнді ескерту жасапты М.П.Вяткин ілгеріде аталған монографиясының кіріспесінде. «Қазақстанның көне тарихын зерттеу, әсілі, XVIII ғасырда басталған, сол кезде де, казірде де қордалы тарихтың айтулы кезеңдерінің күңгірт тұстары тек айқындалмаған. Мысалы, әлеуметтік мәнді оқиға - Ресей патшасының Қазақстанды отарлау саясаты және оның китұрқы мәні ашылмай, бүркеулі қалпында баяндалған...» - деген түйткілді гәпті Михаил Порфирьевич “Қазақ КСР тарихының очерктері” кітабының «Әдебиеттер мен деректер көздеріне шолу» бөлімінде даралап көрсетіпті. Бұл жерде сөз өркениеттен кенже қалып, жалпы адамзаттық дамуға да кешеуілдеп түскен көшпелі жұрттың Ресейге құлақкесті құлдарша бас иіп тыныш жүрмей, бостандық үшін ат жалын тартып мініп, отарлаушы елге қарсы күресі турасында болып отыр. «Меніңше, казақ халқының тіршілігі мен қауымдық кұрылысының өзгешелігіне жеткілікті түрде көңіл бөлінбеді, - дейді Вяткин, - Сол себепті қазақ халқының ұлт-азаттык қозғалыстарын тонаушылыққа балап немесе ел тентектерінің орыс шаруаларының коныстарына барымтасы... деп түсіндірілді. Қазақтардың ұлттық мүддесін ескермей, тағы халық деген астам пиғыл жолды болды...».

Тәубе делік, “Қазақ ҚСР тарихының” авторлары Сырым Датұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістерге дербес тараулар арнап, профессор Вяткин ескерткен түйткілді гәптер де бүркелмеген қалпында кітапқа енді (Біздің жорамалдауымызша, 11-тарауды жазған М.П.Вяткин. Өкінішті жәйт: «Тарих» анықтамасында кімнің қай тарауды жазғаны көрсетілмеген). «Сырым көтерілісі - қазақ халқының өміріндегі ерекше окиға. Сырымның бастауымен бұқара халық патша өкіметінің отарлау саясатына тұңғыш рет ұйымдаскан түрде қарсы шықты, әрі ол оз ортасындағы феодал қанаушыларға тойтарыс берді... Туған елі Сырымның жанқиярлық ерлігін, кемеңгерлігін, шешендігін ерекше қастерлеген, оның ел ішіндегі дау-дамайға жасаған эділ төрелігі турасында халық жадында көптеген аңыздар сақталған. Соның бәрінде XVIII ғасырда өз халқын қаһармандық күреске бастаған ұлт көсемі дәріптеледі, Сырымның өзі ержүрек батыр, рухы биік кемеңгер басшы ретінде бейнеленген» - деген лебізбен айшықталыпты сол тараудың корытынды бөлімі. - ...Хиуа ханына қашып барған кезде ол: “Қарақалпақ, өзбек, қазақ, түркімен өзара күш қосып, орыс патшасына қарсы шығайық. Жападан-жалғыз күресіп мен оны жеңе алмаймын. Мені құртқан соң орыс патшасы сендерге ауыз салады...», - деп ағынан жарыла тілек айтқан. Хиуа ханы оның кеңесіне құлақ асқан жоқ...». Кітаптың Исатай Тайманов бастаған Бөкей ордасындағы халық көтерілісі (1836-1838 ж.ж.) деп аталған 13-тарауы да осы үлгіде толғанған.Одан да туған жер үшін ашу-ызасы шарасынан асып төгілген бұқара халықтың наразылығын, Исатай Тайманов, оның қанды көйлек досы Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ елінің не үшін күреске шыққанын айқын сезінеміз.

Алайда, 14-тарауға, Кенесары Қасмыов бастаған Орта жүз қазақтарының қарулы қозғалысын баяндауға келгенде авторлар ұжымы аяқ астынан дау-шарға тап болады...

Шынтуайтын айтқанда, бұл да – қазақ жерінің кіндік ортасына дендеп енген отарлаушы елдің әскері мен шонжарларының ең шұрайлы өзен-көлдерді, орманды алқаптарды иемденуіне наразылығы. Бұл жолғы қозғалысты тек Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлы бастаған. Көтеріліс 1837-1847 жылдары үздіксіз жүріп, атқа мінген сарбаздар кей уақытта 20 мыңға дейін жетіп, шынайы қаһармандық күреске айналған.

Амал не, бұл тарауды жазған тарихшы “Кенесары Қасымов қозғалысы - халықтық емес, көтеріліс басшысы мұрагерлік құқын жоқтап, хан тағын иеленуді көксеп ат жалын тартқан. Сол себепті, оның бұзық мүддесін бұқара халықтың азаттық тілеген талабынан даралап талдау қажет” деген тұжырыммен толғаған (Біздіңше, 14-тараудың алғашқы авторы - қазақстандық тарихшы А.Якунин сияқты. Соған дәлелді біз “Большевик Казахстана” журналының 1939 жылғы 8-санынан кездестірдік. Журналда жарияланған “Кенесары Қасымов көтерілісі” атты мақаласында ол көтерілісті ұлт-азаттық қозғалыс емес, хан тұқымының мұрагерлік мүддесін жоқтау... деп сипаттаған). «1942 жылдың қысы және көктеміндегі... талқылауда осы тұжырымға жергілікті тарихшылар наразылық білдірді, сол уәжді қазақтар ғана емес, орыс мамандары да қостады... - депті Н.М.Дружинин естелігінде.

Дау-шарды өзіміз шеше алмай, институт директоры Б.Д.Грековті Алматыға шақырдық...». Академик тарихшы жергілікті авторлардың пікірін қостапты: шынында да қазақ даласының батыс өңірі мен қиыр теріскейінде бір уақытта өрбіген қозғалыстарды екі түрлі бағалап, бірін шынайы халықтық деп, екіншісін Абылай ханның әулеті бастағандықтан мұрагерлікті көксеуге саю - тарихи оқиғаны қисынсыз бұрмалау; В.И.Ленин “Патшалы Ресейді - халықтар түрмесі” деп атаған; И.В.Сталин жұртшылыққа мәлім еңбектерінде патшалы Ресей мен халықтық Ресейді ажырата зерттеу қажеттігін ескерткен; оның айтуынша, «Ресейдегі шаруалар қозғалысы мен бодан халықтардың ұлт-азаттық көтерілістері алып мемлекетті әлсіретіп, Қазан төңкерісінің жеңісін даярлаған...». «Олай болса, - дейді Греков, - Кенесары Қасымов бастаған халық қозғалысын осы тұрғыдан талдаймыз. Кенесары патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы шыққанда өз қарамағындағы ат төбеліндей, небәрі 4-5 жүз төлеңгіттерге емес, бұқара халыққа сүйеніп көтеріліс бастады. Сол себептен де қазақ халқы оны ұлт көсемі санап, соңынан ерді. Кенесары қозғалысынын аттай он жылға созылған себебі де содан...».

“Кенесары көтерілісіне арналған тарауды жазған тарихшы өз пікірінен айнымады... - дейді Дружинин естелігінде. - Сол себепті бұл тарауды тыңнан жазуды Е. Бекмұхановқа жүктедік». Демек, Ермұхан Бекмаханұлы «Қазақ КСР тарихының» авторлары санатына жұмыс орталанған кезде ғана қосылған.

Әлбетте, жас тарихшы бұл жұмысқа құлшына кіріскен, тақырыпқа әзірлігі де мол болған: соғыстан бұрын, ҚазПИ-дегі КСРО халықтарының тарихы кафедрасында аспирантурада оқып жүргенде-ақ өзіне диссертация тақырыбы етіп, Кенесары Қасымұлы бастаған халық қозғалысын тандаған; сол мақсатпен Омбы мен Орынборға (ол күнде Чкалов атанған) атбасын бұрып, бір- талай деректерді Мәскеу мен Санкт-Петербургтің Орталық әскери-тарихи және Сыртқы істер министрлігінің мұрағаттарынан, КСРО ҒА Тарих институтының қолжазбалар бөлімінен де молдап жинаған...

«XIX ғасырдың 30-жылдарында қазақ жүздерінеде наразылық пиғыл күшейе түсіп, күллі дала теңсіздіктен күңіренгендей төзгісіз жағдай туды: халықтың бірден-бір күнкөрісі мал жайылымдарын тартып алудың жиілеуі, қазақ ауылдарына түскен салықтың молаюы, патша әскерлерінің жорық кезінде қазақ ауылдарына әлімжеттік жасап шексіз тонауы, қазақ жүздерінің бұрынғы саяси еркіндігін тежеп, тәуелсіздігін жою мақсатымен жүрген отарлау саясатының күшеюі патшалы Ресейдің Орта жүз бен Кіші жүздегі хан билігін біржолата жойған 1822 жылғы жарғысынан кейін әскездікпен әрі дөрекі түрде жүзеге асырған әрекеттері молая түсті. Патша өкіметі қазақтардан алым-салық алуды 1837 жылы тұрақты табыс көзіне айналдырып, әр түтін шаңырақ салығы үшін 1,5 рубль төлейтін болды. Орынборлық шекара комиссиясының есебінде Ресейге қараған ауылдардан 1837-1838 жылдарда күміс ақшаға шаққанда 600 мың сом шаңырақ салығы жиналыпты. "Шаңырақ салығын жинау кезінде көптеген кедей қазақтардың бұл салықты төлеуге де дәрменсіздігіне көзім жетті...» - делінген Орынбор шекаралық комиссиясы ресми мәлімдемесінде...»

Сыпыра дерекпен өрілген осы үзіндіні біз “Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың бостандық күресі" деп аталған 14-ші тарауының кіріспесінен келтіріп отырмыз. Қандай да озбырлықтың сұраусыз қалмайтыны әлімсақтан мәлім. Бұл жолы да солай болды. Ел қамы мен жер наласы үшін азаттық күресіне шақырып, Көкшетау мен Ұлытау атырабындағы халық наразылығын Абылай ханның бел баласы Қасым сұлтан бастап, іле-шала оны Саржан және Есенгелді есімді ұлдары қостаған.

1836 жылы екеуі де (сәл кейінірек әкесі Қасым Абылайұлы да) қоқандықтардың қастандығынан ажал құшқан. Ағаларының қолынан сусып түскен азаттық туын 1837 жылы Қасым сұлтанның үшінші ұлы Кенесары көтереді. Дала халқы бұл жолы да қалың қауға түскен шырпыдай лап етіп, қазақ даласының кіндік ортасы алапат өртке айналған. «Ресей Патшасының әлімжеттік саясатын тежеудің бірден-бір амалы – қолына қару алып, азаттық үшін шайқасқа шығу екенін қазақтар да түсінді, - дейді тарихшы, тараудың «ХІХ ғасырдың 30-жылдарындағы күрес» деп атаған бөлімінде. Әлбетте, екі жақтың күш-құралы, әскери дайындығы тең емес-ті: орыс әскерінің қаруы да, қарамы да айбынды; ал көтеріліс жасаушылардың жарағы – сойыл мен шоқпар, көпшілігінде желекті найза,қылыш пен найза хан жасағы төлеңгіттерде ғана бар, ереуілдеп шыққан тобырдың жүзден бірінде – шиті мылтық, зеңбіректің не екенін Кенесары жасауылдары білмеген...


Сәрсеке М. Ел тарихы тартқан тауқымет// Егемен Қазақстан.- 2012.- 15 мамыр.- 7 б.