«Е.Бекмаханов» ғұмырнамасы – он екі жылда жазылған туынды

«Қ.Сәтбаев», «Е.Бөкетов» атты деректі ғұмырнамалары мен «Жарылыс», «Көмбе» романдары арқылы оқырман қауымға танымал жазушы Медеу Сәрсекенің қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Жазушылық ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, Семей қаласы мен Баянауыл ауданының құрметті азаматы Медеу Сапаұлының бүгінге дейін отыздан аса әдеби туындысы жарық көрген. Оның атақты жерлесіміз Қаныш Сәтбаев туралы жазған еңбектері қазақ және орыс тілдерінде 10 мәрте басылып, әлемнің 112 еліне тараған. Қарымды қаламынан осыншама көлемді әрі тақырыбы ауқымды дүниелер туған жазушының тамаша шығармаларының саны жақында тағы бір кітапқа артты. Өткен жылдың желтоқсан айында Ресейдің әйгілі «Молодая гвардия» баспасынан «Таңғажайып тұлғалар өмірі» («Жизнь замечательных людей») және Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нар тұлға» сериялары бойынша басылып шыққан «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасы оқырман қауымға жол тартқан болатын. 23 ақпан күні киелі Баянауыл ауданының орталығында аталмыш туындының салтанатты тұсаукесері өтті. Оған Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Айткенов, туындының авторы, жазушы Медеу Сәрсеке жұбайы Кларамен және Е.Бекмахановтың ұлы Сермұхан мен тағы да басқа туған-туыстары, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков пен айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы қатысты.

БАЯНАУЫЛ ТӨРІНДЕГІ САЛТАНАТ

Салтанатты шарада сөз алған Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Айткенов барша баянауылдықтарды айтулы күнмен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Бүгін біздің ауданымызда үлкен той. Баршамызға кеңінен таныс Медеу Сапаұлы киелі Баянауыл топырағынан түлеп ұшқан белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановты қалың қазақ ортасына қайта тірілтіп әкелгендей болды. Қолымызға тиіп отырған «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасы қазақ әдебиеті мен тарихына қосылған мол мұра екені анық. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында мұндай игілікті істер жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді»,- деді ол. Жазушы Медеу Сәрсекеге зор шығармашылық табыс тілеген аудан басшысы қазақы салт-дәстүр бойынша оның иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ, жазушының жары Клара апай мен Ермұхан Бекмахановтың ұлы Сермұхан да баянауылдықтардың ыстық ықыласына бөленді. Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры әртістерінің Е.Бекмахановтың өмірінен келтірген сахналық көріністері жиналғандардың көңілінен шықты.

Алқалы тойда ғылым докторы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Айтмұхамбет Тұрышев, Баянауыл аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұрат Рахметов сөз сөйлеп, кітапты оқығаннан кейін туған ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасын шығарған «Фолиант» баспасы директорының орынбасары Дәулеткерей Кәпұлы барша павлодарлықтарды қуанышты сәтпен құттықтады. Баспамен тұрақты байланысушылардың бірі – Медеу Сапаұлына шығармашылық табыстар тіледі. Шарада оқырманға жол тартқан туындының авторы, жазушы М.Сәрсеке Баянауыл ауданының әкіміне Мәскеуде жарық көрген туындысын тарту етті.

- Баянауылдықтармен жүздесуге мүмкіндік жасаған Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, облыстық мәдениет басқармасының қызметкерлеріне, барша баянауылдықтарға шексіз алғысымды білдіремін. Баянауылдықтардың, жалпы, барша қазақстандықтардың алдында азаматтық парызымды ақтадым деген ойдамын, - деп қорытындылады сөзін жазушы Медеу Сәрсеке.

ТОҒЫЗЫНШЫ ТҰЛҒА - БЕКМАХАНОВ

Айрықша атап өту керек, Елордадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасының төл әдебиетіміз бен туған тарихымызға қосқан үлесі зор. Олай дейтініміз, жазушы Медеу Сәрсеке атақты тұлғаның есімін ұлықтап қана қоймай, тамыры тереңге тараған ел тарихының жаңа парақтарын ашты. Бұған дейін шындыққа жанаспай келген деректердің дұрыстығын анықтап, ақиқатқа тарихшылардың көзін жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған «Фолиант» баспасының «Нар тұлға» сериясының алғашқы кітабы осы Медеу Сапаұлының Ебіней Бөкетов туралы жазған ғұмырнамасымен «біссімілләсін» бастаған болатын. Одан кейін бұл баспадан жазушының Қаныш Сәтбаев жайлы жазған ғұмырнамасы басылып шықты. Енді, міне, «Нар тұлға» сериясының 13-ші кітабы болып, «Ермұхан Бекмаханов» туындысы патша көңілді оқырманға жол тартты.

«Ермұхан Бекмаханов» туындысы - әлемге әйгілі «Таңғажайып тұлғалар өмірі» сериясы бойынша бір мың төрт жүз тоқсан бесінші кітап болып жарық көрді. Тарихы сонау патшалық Ресей кезеңінен, яғни, 1890 жылдардан басталатын аталмыш кітап сериясынан дүние жүзіне танымал Галилео Галилей, Джордж Вашингтон, Черчиль және тағы да басқа алып тұлғалар туралы еңбектер жарыққа шықты. Бір кездері «Таңғажайып тұлғалар өмірі» сериясын орыс әдебиетінің көрнекті өкілі Максим Горький жаңғыртып, 1933 жылдан бастап серия жұмысын жандандырған. «Бір ғасырлық тарихы бар кітап сериясына ену өте қиын. Алла қолдап, сәтін салып, «Ермұхан Бекмаханов» әлемдегі тау тұлғалардың бірі болып кірді. Бұл - қазақ халқы үшін үлкен мәртебе, зор жетістік»,- дейді туындының авторы. Жалпы, бұл серияға қазақ халқынан тоғыз атақты тұлға кіріп отыр.

- Әлемнің әйгілі кітап сериясына қазақ халқының белгілі адамдарын енгізу бақыты тағы да маған тиді. Бұл жолы Ермұхан Бекмаханов туралы еңбегім басылды. Сөйтіп, қазақтың тоғызыншы тұлғасын әйгілі сериядан шығарып, ел мерейін асқақтаттым деген ойдамын,- дейді жазушы.

ТАРИХШЫ ЖАЙЛЫ ЖАЗУ ҚИЫНҒА СОҚТЫ

Әдебиетсүйер жұртшылықтың қолына тиген «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасының авторы Медеу Сапаұлымен тілдескенімізде: «Мен тарихшы емеспін. Бұл кітапты Ермұханның жары, ардақты апамыз Халима Адамбекқызының өтініші бойынша жаздым. Қаныш ағамыздың 100 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың Қанышы» атты романым жарыққа шықты. Оның тұсаукесер рәсіміне Халима апайымды шақырған болатынмын. Себебі, ол кісінің бұл туындыны жазуыма көп көмегі тиген еді. «Қазақтың Қанышында» Қанекең мен Ерекеңнің арасындағы қарым-қатынастарды жазған едім. Қаныш ағай Ермұханды ерекше жақсы көрген. Оны қиын-қыстау кезеңдерде тастамай, әрдайым көмек көрсетіп отырған. Қаныш Имантайұлы Ерекеңді қорғаштаймын деп Ғылым академиясындағы президенттік лауазымынан да айырылып қалды емес пе?! Міне, мұның бәрін маған Халима апай айтты. Ол екі тұлғаның арасында ерекше жылы қарым-қатынас болғанын, Қанекең сүйікті інісіне қандай көмек жасағанын егжей-тегжейлі мәлімдеп берді. Содан бір күні сәтті шыққан романымды атап өту үшін Халима Адамбекқызы мені үйіне шақырды. Әңгіме арасында апайым: «Медеужан, енді осы Ерекеңді жазбайсың ба?» деді. Романымның шығуына көп көмектескеннен кейін, әрі қатты сыйлас болғандықтан, апайымның бетін қайтара алмадым. Қысқасы, тәуекел деп өтінішін қабыл алдым. Ол сол кеште маған Ермұхан ағамыз түрмеде жатқанда бір-біріне жазған хаттарын ұсынды. Мұндай мүмкіндіктер екінші қайта бола бермейді. Екеуара хатта көптеген шындықтың басы ашылған.

Шыны керек, Ермұханды жазу қиынға соқты. Ұстазым Ебіней Бөкетов жайында туынды жазу маған еш қиындық туғызбаған еді. Себебі, көп жыл бойы оның дәрісін тыңдап, аралас-құралас болдық. Ал Ермұханды жазу үшін тарихты зерттеуіме тура келді. Аңғарғаным, Ерекең жайлы естелік жазып, зерттегендер көп жайтты шатастырып қойыпты. Әсіресе, әдебиетшілер мұндай маңызды нәрселерді қиялмен көкке қарап отырып жаза салады. Өкініштісі осы. Әр жерде әртүрлі жазылғандықтан, Ерекеңді зерттеу он екі жыл уақытты талап етті. Орталық партия комитетінде жеті жыл бойы хатшы болып қызмет атқарған баянауылдық азамат Мұхамеджан Әбдіхалықовпен Ермұхан Бекмаханов жайында екі күн бойы әңгімелестім. Тоқсан төрт жастағы Мұхамеджан ағаның айтқан естеліктерін жазып алдым. Сонда ол кісі: «Медеужан, Ермұхан туралы мәліметтердің барлығы Мәскеуде. Бар деректі Қазақстан тарихының бірінші жауапты редакторы болған Анна Панкратованың үйінен ғана табасың. Себебі, Ермұхан екеуі жақсы араласқан. Шамаң келсе, сонда бар. Ал мемлекеттік мұрағатта жатқандардың көбі шындыққа сәйкес келмейді әрі басым бөлігі жоғалып та кеткен шығар»,- деп ұсыныс тастады. Шынында да тоқсан төрт жастағы қарияның айтқаны дәл келді. 2007 жылы жол түсіп Мәскеудегі А.Панкратованың мұрағатына кірдім. Мұндай мүмкіндікке Ермұханның қызы Нәйләнің арқасында қол жеткіздім. Мұрағаттан құнды деректер таптым. Анна Михайловна Бекмахановты ақтау үшін сол кездегі лауазымды тұлғалар Сталин мен Ждановқа, Щербаков пен Маленьковқа жазған хаттарын тауып, көшірмесін жасатып алдым. Хаттардың жалпы көлемі машинкаға басқанда 79 бетті құрайды. Бір сөзбен айтқанда, әлгі хаттарды оқығанда көзім жарқырап сала берді. Егер сол хаттарды таппасам, Мұхамеджан ағамыз ақыл қоспаса, Ерекең жайлы шындықтың биігіне жете алмайды екем»,-деді тебіреніп.

- Кітапты «Таңғажайып тұлғалар өмірі» сериясынан шығару үшін көп қаражат керек болды. Оны табу маған қиынға соқты. Бір күні «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков бауырым хабарласып, кітаптың жарты ақшасын тауып беруге уәде берді. Содан көп ойланбай, аз уақыттың ішінде қалған қаражатты іздестірдім. Жоғары қызметтегі бауырларыма «салық» салып, қаражатты түгелдей жинадым. Жалпы, өз басым бір дүниені қолға алғанда ешкімге сенбейтін жанмын. Қай кітабымды болмасын редактормен бірге отырып дайындайтынмын. Қаражат мәселесі шешілісімен жиырма бес күн бойы Мәскеуде тұрып, Ирина Егоровна деген редактормен бірге жұмыс істедім. Ол бұдан бұрын Ебіней Бөкетовты шығарған кезде редакторлық еткен болатын. Өте білімді адам. 2010 жылдың 15 желтоқсанында кітап жарыққа шықты. Жаңа жылда үйімізде отырып, осы кітаппен қарсы алған жайымыз бар. Енді кезек оқырмандыкі. Он екі жылдық туындымды қуанышпен қабылдағанына ризамын. «Таңғажайып тұлғалар өмірі» сериясына кірген тоғыз қазақстандықтың екеуі - Баянауыл өңірінің азаматтары. Олай болса, қасиетті жердің құндағынан жаралған белгілі адамдарымыз көп болсын,- деп ағынан жарылды Медеу Сапаұлы.

МАҚТАНАМЫН, ЖАН ӘКЕ, МӘҢГІ СІЗБЕН

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен тарихшы Ермұхан Бекмахановтың жары Халима Адамбекқызы - бүгінде сексеннің жетеуіне шыққан ардақты ана, асыл әже. Ғалымның балалары да әке жолын жалғастырып, ғылым саласында қызмет атқарады. Баянауыл төріндегі шараға қатысқан тарихшының ұлы Сермұхан -техника ғылымдарының кандидаты.

- Әкем - аз ғана ғұмыр кешсе де, артына мол мұра қалдыра білген бақытты жандардың бірі. Елу жылдық ғұмырының ішінде әртүрлі тақырыпта екі докторлық диссертация жазу - мен үшін таңғажайып дүние. Әкемнің өмір жолын барша қазақстандықтарға паш еткен Медеу Сәрсеке ағамызға айтар алғысым шексіз. Кітаптағы тарихи деректердің барлығы ақиқатқа жанасады. Медеу ағаға шығармашылықпен айналысуға мол мүмкіндік беріп, қол ұшын созған жұбайы Клара апайға жұмыр басым жерге тигенше иіліп, рахметімді білдіремін. Клара апай бір кездері Медеу ағаның хатшысы болып қызмет атқарғанын мақтанышпен айтып отырады. Сондай-ақ, «Ермұхан Бекмаханов» атты ғұмырнаманың дүниеге келуіне себепші болған анам Халима Адамбекқызына Алланың нұры жаусын дегім келеді. Анам әкем Ермұхан дүниеден өткеннен бастап ол туралы жарияланған мақалаларды жинап отырды. Міне, осының бәрі кітаптың құнды әрі мазмұнды болып шығуына өз үлесін қосты. Ауқымды еңбектің жарыққа шығуы үшін тер төккен туған апам Нәйлә Ермұханқызының алдында қарыздармын»,- деді Ермұхан Бекмахановтың артынан ерген тұяғы Сермұхан. Әке тәрбиесін көре алмаса да, қазақ халқына қалдырған мол мұрасынан үлгі-өнеге алған Сермұхан Ермұханұлы: «Алаштың амандығы мен бүтіндігі үшін басын бәйгеге тіккен батырдың ұлы болғаным үшін мақтанамын» дейді.

ДӘРІС АЛДЫМ ТӘЛІМГЕР НАҒАШЫДАН

Бүгінде Баянауыл ауданында Ермұхан Бекмахановтың туған-туыстары тұрады. Солардың бірі – Ермұханның немере апасы Забирадан туған жиені Қылышбек Баязитов. Атақты нағашысының тәрбиесін көріп, ізгі қасиеттерін бойына сіңіріп өскен Қылышбек аға бүгінде зейнет жасында. Ермұхан Бекмаханов туралы айтары да көп.

«Ермұхан нағашым Баянауылға келгенде біз үшін үлкен мереке болатын» деп бастады әңгімесін Қылышбек аға. «Нағашым келгенде бала-шағасымен бірге Жасыбай көлінің бойындағы Төре ауылына барып, бір жасап қалатын. Ермұхан аға біздің үйге бір келгенде мені Алматыға оқуға алып кетті. Бұл 1958 жылдың шілде айы болатын. Қазақ мемлекеттік университетіне құжаттарымды тапсырып, емтиханға дайындалдым. Ерекеңнің арқасында аталмыш университеттің тарих факультетіне оқуға түстім. Бізге Ермұхан Бекмаханов үнемі дәріс оқитын. Ол сондай келбетті, сұлу әрі әнші болатын және аккордеонда жақсы ойнайтын. Оның үйіне барған сайын түн баласы ұйықтамай өлең айтатынбыз. «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қарғаш» атты әндерді сүйіп тыңдап, өзі де асқан шеберлікпен орындайтын. Ерекең тәрбиелеген шәкірттерінің барлығы ғылым жолында. Бейімбет Ермұханов, Мырзағали Қасенов секілді шәкірттері - елімізге танымал белгілі тарихшылар»,- деп еске алды. Баланың жақсы болуы - нағашыдан демекші, нағашысының тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Қылышбек ағаның да өмірі өнегеге толы.








«Е.Бекмаханов» ғұмырнамасы – он екі жылда жазылған туынды дейді жазушы Медеу Сәрсеке //

http://saryarka-samaly.kz/index.php/rukhaniyat/item/2970-lebekmahanovr-myrnamasy-on-eki-zhylda-zhazylan-tuyndyr-dejdi-zhazushy-medeu-srseke