Кеңес заманында сталинизмнің құрбаны болған, тұңғыш кеңес тарихшыларының бірі, әрі бірегейі, кеңес тарих ғылымында доктор атағына ие болған азамат, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі - Ермұхан Бекмаханов еді.
Бекмаханов - обьективті ғылыми шындықтың жағындағы зерттеуші бола білді. Оның есімі осынысымен биік тұғырға шығып, ел есінде сақталып, шет елдерде де жоғары беделге ие болды. Бекмаханов жайлы пікір айтқан аузы дуалы, академиктер Греков, Панкратова, Дружниндер кеңес тарих ғылымын жасаушы, Бекмахановты қолдаушы және өз пікірлерін ешуақытта өзгертпеген, тіпті ең жоғары партия басшылары алдында да жасырмаған ұлы тұлғалар еді.
Ермұхан 1915 жылдың 16 ақпанында бұрынғы Семей облысының Павлодар уезіне қарайтын Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасындаТөле ауылында дүниеге келген. Әкесі Бекмахан кедейленіп, Мұса Шормановтың немере інісі Зында Шормановтың малын баққан.
Бекмаханның Бәпіш деген әйелінен Дінше, Ермұхан және Қамияш деген үш баласы болады. Бекмахан мал бағып жүріп өкпесіне суық тигізіп алады да, Ермұхан алты жасқа толмай жатып қайтыс болады. Осылайша Ермұханның анасы Бәпіш үш баламен тұрмыстың ауыр тауқыметін тартуға мәжбүр болады. Ермахан 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды. Дәл осы 1931 жылдың басында қазақ даласында колхоздасу науқаны үрдіс жүріп, өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Ф.И.Голощекин үш жылдық жоспарды бір жылға орындау жөніндегі БК(б) ІІ-ның бас хатшысы И.Сталиннің нұсқауын жеделдетіп жүзеге асыру үшін Қазақстанға зор әбігершілік бастады. Баянауыл ауданы да бұл науқаннан тысқары қалған жоқ. Белсенділері көбірек болды ма, кім білсін, «көгенде қозы, өрісте бұзау қалмасын» ұраны басқа аудандарға қарағанда бұл өңірде жедеғабыл жүрді. Нәтижесінде, күні кеше ірі байларды тәркілеуден әупіремдеп аман қалған орта дәулеттілер ғана емес, бірер сиыры, он шақты ұсақ малы бар Бекмахан отбасы сияқты кедейлер де қамтылып, бала-шағасына күнкөріс жасап отырған азын-аулақ малын ортаға өткізіп, колхоз атанған ұжымдық шаруашылықтың қара қазанына қарап қалды.
Е.Бекмаханов 1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Оған соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.
1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1966 жылдың мамыр айының алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған.
Асыра сілтеу, бұрмалау және күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты. Е.Бекмаханов еңбегіне байланысты пікірталастар 1947 жылдың екінші жартысында күшейе түсті. Ермұхан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады. 1947- 1950 жылдарда Е.Бекмахановтың күйі өте ауыр болды, күн өткен сайын оған тиген моральдық соққының салмағы арта берді. Ермұхан Бекмахановты қаралау кампаниясы Тілеуқажы Жанайұлы Шойынбаев, Хадиша Гилимқызы Айдарова және А.Ф. Якунинің қол қойған КСРО- ның басты газеті - "Правда" газетіндегі 1951 мақаладан басталады. 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды.
Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. Екі айға жуық тергеу жұмыстары жүргізіліп, 1952 жылдың 3 қарашасында № 699 іс бойынша Е.Бекмахановты айыптау қортындысы дайын болды.
Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е.Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.
Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е.Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.
ГУЛАГ-тың лагеріндегі адам төзгісіз азапты күндерді басынан кешкеніне қарамастан, қайсар ғалым, артына халықтың игілігіне айналған мол ғылыми мұраларын қалдырды. Өзі ұсталып кеткенге дейін бастап қойған "Қазақстаннын Ресейге қосылуы" атты еңбегін аяқтау ісімен айналысты. Бұл еңбегі А.М.Панкратованың баға жетпес көмегінің арқасында Мәскеудегі "Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде 1957 жылы жарық көрді.
Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Е.Бекмахановтың басты еңбегі-"XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" ақталып, орыс және қазақ тілдеріндегі нұсқалары "Қазақ университеті" (қазіргі "Санат") баспасынан жарық көрді.
Ермұхан Бекмаханов жөнінде Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин былайша еске алған: "Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмаханов уақыт бедері бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ҒА-ның басшысы Вавилов Сәтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады".
Сібірде айдауда өткізген жылдары Ермұханның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймады. Өкпесіне суық тигізіп алған Ермұханның денсаулығы жыл сайын нашарлай берді. 1966 жылы өзінің емдеуші дәрігерінің табанды кеңесімен Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатады. Алайда Ермұхан өкпе ісігінің соңғы кезеңінде еді. Сонымен қоса, астма ауруы да асқынып кеткен болатын. Ол өзінің өлетінін білген және өмірінің соңғы күндері ғалымның жағдайын сұрауға келген жерлесі, медицина ғылымдарының докторы Хамза Жұматовқа былай деген: "Менің жағдайым мүшкіл, алайда абыроймен өлу керек". Дәрігерлер де Ермұханның жағдайының мүшкіл екенін түсініп өмірінің соңғы күндері ең жақын адамдарынан басқа ешкімді палатаға кіргізбеген. Алайда дәрігерлер Ермұханның әйелі Халима Адамбекқызының өтінішімен мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде Бауыржан Момышұлына палатаға кіруге рұқсат еткен. Жағдайын сұрап келген Бауыржан Момышұлына Ермұхан: "Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымды орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені" депті. Кейінірек Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: "Ол менен өзінің тарих бойынша жазып үлгермеген ғылыми еңбектері үшін шынайы кешірім сұрады" деп жазады. Сөйтіп 1966 жылдың 6 мамырында Ермұхан Бекмаханов дүниеден озады. Ғалыммен қоштасу рәсімі бір күннен кейін болады. Кандидаттық және докторлық диссертациясының тақырыбын Кенесарыға арнаған Ермұханның жаназасына ғалым, геология-минереология ғылымдарының докторы, Кенесарының ұрпағы Нәтай Әзімханұлы Кенесарин арнайы Ташкенттен келіп, қаралы жиында сөз сөйлеп, өзінің досын ақтық сапарға шығарып салады.
Сәрсеке М. Ермұхан Бекмаханов-қазақтың аса көрнекті тарихшысы // Шәкәрім.- 2015.-№ 4.- Б. 3-5
Сәрсенғали Ә. БІРТУАР ТАРИХШЫ ТУРАЛЫ ҚОС ТУЫНДЫ // http://semeytany.kz/index.php?option=com_content&view=category&layout=blog&id=46&Itemid=64