Халқымыздың ұлы перзенті Қ.И. Сәтбаевтың өмір жолын ұлықтауға әлденеше кітап жазып, осы еңбектері үшін ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталған белгілі қаламгер Медеу Сәрсекенің «Сатпаев» ғұмырнамасы Ресейде кең түрде өткен «Қазақстан жылына» орай «Молодая гвардия» баспасының «Жайсаң жандар өмірі» (ЖЗЛ) сериясында алғашқы басылымынан екі есеге жуық өскен көлемде жарық көрді.
- Медеу аға, Мәскеуде жарық көрген жаңа кітабыңыз қайырлы болсын! Бұл енді күллі қазақ қауымы үшін – жақсы жаңалық!... «Сәтбаев»-тың алғашқы нұсқасы 1980 жылы жарық көрді. Бірнеше оңдаған жылдар бойы үзбей шығып келе жатқан әлемге мәшһүр серияда, әмбе көп жылдан кейін екінші мәрте шығару сізге оңай болмағаны түсінікті..
- Сонау 80-жылғы мен биылғы басылым арасында екі түрлі заман жатқанын ұмытпағын, Айгүл.
Алғашқы кітаптың ана тіліндегі алғашқы түпнұсқасы 1975 жылы, «жеке адамға табынудың қазақстандақ үлгісі» деген қисынсыз желеумен баспаханада тоқталып, 1988 жылға дейін қазақ оқырманына жетпей, құлыптаулы жатқаны жұртқа мәлім. Мәскеуге менің алғашқы сапарым өз еңбегімді ғана емес, ұлы перзентіміз есімін шексіз қиянаттан адақтау мақсатында болғанды. Нәтижесінде «Сәтбаев» мәртебелі серияда жарық көрді.
Жазмыштың жазуымен сол баспаға 24 жылдан кейін екінші мәрте баруымды мен осы тақырыпты ұлықтау жылында басымнан кешкен ұзақ жылғы бейнетім мен зейнетімнің төлеуі деп ұқтым. «Қазақстан жылына» байланысты екі ел Президенттері өзара мақұлдап қол қойған сан-сапалы бағдарламаның мәдени-рухани байланыстар тармағына қазақ жазушыларының біршама таңдаулы кітаптарын Ресейде шығару жоспарланыпты. Солардың санатында менің «Сәтбаевым» да аталыпты.
Екеуінің арасында екі заман жатыр деген уәж осыдан туып отыр. Алғашқысын өзім апарып, дүйім елден жасырып жүріп әупірімдеп шығарсам, екіншісі Қазақстан Үкіметінің арнайы тапсырмасымен жарық көрді. Жұмбақ болып қалмасын, оны жасағандар - Үкіметтің кешегі басшысы И.Н. Тасмағамбетов пен министр М.А. Құл-Мұхаммед. Қанекең ғұлама туралы жиынтық еңбегімді аяқтаған шақта Иманғали, Мұхтар сынды ұлтымыздың рухани мұраларын терең түсіне һәм бағалай білетін шынайы қайраткер інілеріме жолыққанымды өзіме бақыт санаймын. Екеуіне де шексіз рахмет айтамын! Әлбетте, олардың менің қарапайым еңбегімнен гөрі Қаныштай ұлымыздың қадір – қасиетін, ұлы рухын қастерлегенін жақсы түсінем.
-Мәскеуде шыққан кітабыңыздың қалындығын, әсірелеп айтқанда, «кірпіш» деуге болады. Көлеміне көңіл толатынын айтып отырмын. Сірә, Қаныш-аға өміріндегі бұрын айта алмай жүрген «ақтаңдақтарды» ашу есебінен қалыңдаған дейміз бе?
-Теңеуің оқыс, бірақ кірпіштің жұқасы дейік. Солай де, Айгүлжан, ұмыт бола бастаған күпір жәйтті еске салып отырсың. Осы кітап «Жазушы» баспасында теріліп жатқанда, сойқанды бір әріптесім баспаның директоры Ә. Жұмабаевты маған қосақтап, сірә, бір оқпен екеумізді құлатуды көздеген болар. «Қатардағы» ғалым (?) Қаныш Сәтбаевты аспанға көтеріп, шексіз мақтаған М. Сәрсекеевтің қалыңдығы кірпіштей шығармасы жарыққа шыққалы жатыр..» - деген «домалақ» ақпарды «Үлкен үйге» жолдаған. Менің 15 жылға созылған сор-бейнетім осыдан басталады. Бәрі- бәрі өз арамыздағы қызғаныш пен пендешіліктің салдары. Аға ұрпақ, орта буын, менің қатарым бұл індеттен арыла алмадық. Сен жасаң қаламгерсің, пәле-жаладан, әсіресе, өз құрбыларыңа қызғаныштан қашық бол, қарағым! Өсер елдің баласы мұндай кесепатқа лағнет айтып, жирене білсе игі.
-Рахмет, аға, жақсы айттыңыз, тек соны біздің қатар түзете алса?!. Заман ауқымы кеңіген кезде Қаныш ғұмырнамасын бірнеше рет шығардыңыз. Бұдан үш жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» (17.XІ. 2000 ж.) марқұм Қамал Смаилов ағайдың «Қазақтың Қанышы» роман-эссеңіз жайында сізбен сұхбатына «Ұзын саны 300 000 данамен шыққан кітапты осал деуге бола ма?» деген тақырып қойыпты. Соңғы басылымдардың, «Сәтбаев»-тың Мәскеуде жария болған жаңа нұсқасының бұрынғылардан несімен ерекшеленетініне тоқтала кетсеңіз...
- 1999 жылдан, яки Қаныш ағаның 100 жылдық тойынан кейін ол кісі жайында орыс тілінде үш кітап жарияладым: әлгінде өзің айтқан роман-эссенің орысша аудармасы - «Планета Сатпаева»; «Академик Қ. Сәтбаев ғұмырына барар жолда» деген анықтамасы бар «Через Тернии» және бүгінгі сұхбатқа арқау болып отырған «Сәтбаев». Соңғы үшеуін қосқанда таралым саны - 315000 болды.
Ал ерекшелік жөнінде?.. Сәтбаевтың соңғы басылымында, Алматыдан шыққан қазақша да, орысша да кітаптарымда Қаныш – аға өмірінің бұрын айта алмаған түйткілді жәйттерін түгел аштым: байларды тәркілеу, аштық кезінде басынан кешкен кесепаттар, 37 – жылғы зобалаңда үш ағасын жоғалтқан көкірек шерін, 51-53 жылдардағы саяси қудалау оқиғаларын, Алаш арыстарының жас шәкірт Қанышқа ықпалын, байланысын жаздым; соған орай ғұмырнамаға жүздеген беттер қосылды. Сайып келгенде, күлесің бе, жылайсың ба, өзің біл, Айгүлжан, баяғы арамниет арызқойдың кітабымды кірпішке теңеуін ақыр аяғында шындыққа айналдырдым...
-Әркім өз ісін білгенге не жетсін! Қысқасы, шымбайыңызға тиген сайын сіз намысқа басып, бұрынғыдан биігірек белеске көтеріліп отырғансыз...
-Бәлкім, солай да шығар. Дау –дамайға түсуден әдебиет өркендеді дегенді естіген емеспін. Қаламгер кісі алаңсыз отырып шығарма жазуы керек. Мен болсам, мұрат еткен Қаныш аға өмірін адал ниетпен, шамам жеткенше ұлықтауды білдім. Ұлы жанның рухы мені соған жебеп, қиянаттың небір сорақысын көргенде де Қанекеңнің өлмес ісі жеңетінін жақсы білгемін, шүбәсіз сеніп еңбек еткенмін.
Алайда осы жолда бастан кешіп, жанымды күйзелткен кейбір жәйттер ойымнан кетпейді. Ұр да жық сынның залалын айтып отырған жоқпын қазірде заман өзгерді бір жапырақ «домалақ» ақпармен қаламдас әріптесіңнің көп жылғы еңбегін жапқызып тастап немесе соған пәле –жала жауып, мұқату әрекеті арызқойдың өз абыройын төгетін масқара іске айналды. Шығармашылық жөнінен шынайы еркіндікке жеттік. Соны тек ел игілігі үшін, рухани қазына жасау үшін жарата білсек... Сөйтсе де бұрыннан қалыптасқан дөрекі қылық-баспа басшыларының қаламгер еңбегіне қол сұғып, өз білемдігі әлі де өзгерген жоқ, кейде сол мүлдем анайы түрде және шығарма иесін қасақана мұқату үшін жасалады...
Бұлдыр сөз болмасын, дерек келтірейін: Қаныш ұлының жүз жылдық тойы басталған жылы Қазақстан Үкіметінің мерекеге арнаған қарарына 41 б.т, көлеммен енген «Қазақтың Қанышын» шығаруға тиіс мемлекеттік баспаның директоры, өзі жазушы адам, алты ай жұмсап терімге әзірлеген қолжазбаның 11 б.т. қысқартасыз деген кереғар талап қойды. Сонда ойлап тапқаны-қолжазбада есімі аталған, Қанекеңді нақақтан қудалаған адамдардың ұрпағы шу шығарады, 30 баспа табақ –Сәтбаев үшін аз көлем емес (?), солай болсын деп Ақпарат министрі жарлық берді-міс... Осы қастандықтың ғалым тойы Ю,НЕСКО деңгейінде өтпек болып, күллі халқымыз соны қуаныштап жатқан жылы не үшін істелгенін мен осы күнге дейін білмеймін. Түсіну де қиын, ширек ғасырдан соң менің еңбегіме екінші мәрте жасалған қысасқа мен көнбедім, редактордың келеңсіз талабы жазбаша түрде қолыма берілген күні қолжазбаны қайтарып алдым. Баспа 2339000 теңге қаржыдан айырылды. Әмбе бұл жолы әділдік іздеп ешкімге бармадым. Ғалым тойын әзірлеуші Үкімет комиссиясына мүшемін, Қ. Сәтбаев жайында Елбасы Н. Ә. Назарбаевпен сұхбат жасауға да келісіп қойғамыз. Қысқасы, ұлан-ғайыр мерейтойы жылы ұлы Қанекең есімін ұсақ дау -шарға салғым келмеді... Алайда, имандай шыным, Қанекеңнің жебеуші рухы бұл жолы да маған жәрдем етті: Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза өз иелігіндегі «Атамұра» баспасында роман-эссенің бір жолын да сызғызбай, қымбат фин қағазына, өте әдемі мұқаба және тыстықпен 5 мың дана етіп тап үш айда шығарып берді. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз оған жолашар жазды. Екеуіне де мың да бір рахмет!
-Мәскеуде кітап шығарудың жай-жапсары жөнінде не дер едіңіз?
-Мәскеудің әдебиет институтында білім алған қаламгерсің. Әдебиет ісіне ол жақтың талабы өте қатаң екенін жақсы білесің. Мен де оны аздап білемің, 80-жылдары сол қалада «Сәтбаев»-тан өзге екі роман шығарған әдебиетшімін. Сол себепті мен Ақпарат министрлігінен ұсыныс түскенде «Планета Сәтбаева»-ның (А., «Өнер», 2002, 688 б.) дайын терімін жібере салмай жаңа нұсқа ұсындым. ЖЗЛ редакциясы соны оқып, кітаптың көлемін 35 б.т. жасауға келісті. Маусым айының 17-күні, тағдыр жазуымен 12 жылдан бері ізін салмаған Мәскеуге жеттім. Бір топ баспагерлерді қабылдау кезінде (басшымыз баспа департаментінің директоры Ә. Асқаров) «Молодая гвардия»-ның бас редакторының: «Сәтбаев»-ты биыл шығаруға болады. Әдеби редакторы бүгін-ертең жұмысқа отырғызамыз...” – деуімен сөз бітті...
Рас, редактормен жұмыс ауыр болды, Мәскеу сияқты қымбатшылық күйіп тұрған қалада 24 тәулік болып, әмбе шыжыған шілдеде қағаздан бас көтермей жұмыс істеудің қаншалықты азап екені түсінікті... Сөйтсе де көңіл-күйім көтеріңкі болды: заманның қиын кезінді мансұқ еңбегіме ілтипат білдірген баспа бұл жолы да маған түзу ықылас көрсетті: редакторым-Лариса Еременко есімді жас та сұлу әйел, жұмысқа аса ықтиятты hәм еңбекқор адам екен – қолжазбаның әр жеріне сұрақтарды жыпырлата қойып біраз қинады; бірақ мәтіннен бір жол, иә бір абзац қысқартқысы келсе - соны өзіммен келісіп, селкеу сөйлемдерді түзетуін де көрсете отырып, ерекше ізеттілік байқатты...
Ал бізде ондаған беттердің кесіліп қалғанын кітабың шыққанда бір-ақ білесің. Өз басым шығармамды рұқсатсыз қайшылаған талай редакторды түстеп бере аламын. Мысалы, “Қуғындалған Сәтбаев” жарыққа шыққанда кітабымның 111 бетінен 40 парақ сөзім қырқылғанын “Шабыт” баспасы маған редактордың тартпасында ұмыт қалыпты деп түсіндірді. Таңғарлық уәж?! Ең ғажабы, бұл қиянат кешегі Кеңес заманында емес, 1994 жылы жасалды. Мәскеудің редакторларында мұндай әдет атымен жоқ. Олардың ұғымынша, кітаптын негізгі иесі-автор, ал редактор оған жанашыр көмекші. Ал автор редактордың жұмысын ұнатпаса-басқа редактор сұрауға кақылы. Соған және ешкім ренжімейді...
Мәскеулік редактормен келіспеген де кезім болды, бірақ шеке қызартып керіскеміз жоқ: «Үлкен Жезқазған» аталған бөлімде Қаныш Имантайұлының екінші қосағы Таисия Алексеевна жеңгемізге ренжіп, 1927 жылы Мәскеуден жолдаған хатынан үзінді келтіргемін, онда ғалым: «Мен қазақпын - жаратылысым да, жаным да қазақы, ой-түсігім жөнінде де-қазақпын, алдыңғы өмірді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін..»- деп шарт қол жазған қатқыл сөздер болатын... Редактор осы жерге қатты қадалып, сіздің кейіпкер ашып айтпаса да қосағына қаның орыс деп отыр, сірә үй-ішінің тірлігінен тұтанған ұсақ жанжалдың салдары болар еді. Қолжазбаның орта тұсына келгенде жарым беттік эпизодқа бола редакторман дауға түсу-қиын мәселе. Мен соны ойлап, әрі кейіпкердің ұлттық болмысын ашатын күшті сөздерді қимай, «Қымбатты Лариса, тағы да елу бет оқыңыз, бұл сөзге сол кезде оралайық...»-деген лаж айттым. Сонда бір күні редакцияға барсам редакторым екі-үш бетті даралап көрсетіп, айран-асыр қуаныш білдірді. Сөйтсем ол-32 жылғы аштықта Қанекеңнің Баянауылға жасырын барып, өз ауылынан оншақты жасөспірімді (солардың біреуі биыл марқұм болған туған жиені – белгілі археолог Кемел Ақышев) Қарсақпайға әкеліп, Таисия Алексеевнаның тәрбиесіне бергені жайлы әсерлі беттер. «Неткен мейірімді жан! Өзінің үй-ішін қосқанда күн сайын 19 адамға ас пісіріп, өңкей жетімге неше жыл бойы қамқоршы болу?! Ғажап, Сәтбаевтың қосағы да ұлы адам, кәзірде кездеспейтін сирек тұлға!»-деп «Қаныш Сәтбаев қандай істе болсын кемеңгерлік таңытқан ерекше жан. Сіз қысқартпақ болған хатты ол кісі тектен- текке жазбаған, өмірлік қосағын қазақи тұрмысқа алдын-ала әзірлеп, келешек қиыншылықтарда төзімді болуға жасаған дайындығы ..»-деп едім, редакторым жымиды да: «Убедили, Медеу-ага!» -деп сол бетке қойған сұрағын алып тастады.
Әлбетте, «Молодая гвардия» баспасына екінші оралуымда мен өз позициямды берік ұстап, қолжазба көлемін сақтауға тырыстым, бұл істе кітапқа үлкен тірек болды... Жаңа басылымның 32 бетіне сурет берілді, бұрынғыдан жарияланған фотосуреттердің көпшілігін жаңарлармен ауыстырдым, мұқабаны үш мәрте қайыра жасатып, ақырында алты түсті ең әдемі нұсқасына тоқтадық.
Кітаптың ажары жақсы, мәтіні де, суреттер де өте қымбат, сапалы қағазға басылды. Рас таралымы небәрі 3000 дана, оның бір мың данасын біздің Үкімет Ресейдің басты кітапханаларына тегін таратылмақ, келісім шартта солай деп жазылған...
-Жол-жөнекей бір сауал: «Через Терний» атты кітабыңызды сіз Өскеменде шығарыпсыз. Сірә, өз қаржыңызға. Осының да себебін тарқата кетсеңіз.
-Бір емес, екі мәрте. Былтыр бір мың дана мен шығарып едім, тез тарап кеткен соң таралымын біршама көбейтіп, Өскеменнің жекеменшік «Медиа-Альянс» баспасына биыл ғалымның 100 жылдық мерейтойы қарсанында әзірлеп, бірақ жария етпей әдейі ұстап қалған бұл кітапқа жұрттың сұранысы солай болды. Алматыда кітап шығару өте қымбат, Өскеменде одан төрт есе арзан әмбе облыс баспалары қолжазбаны қол тигізбей жөнсіз қайшылауға құмар емес; ал басылым сала бірдей.... осы арада бір жәйтті әдеби қауымға құлаққағыс ретінде айта кетейін. Омбы, Новосибирь мен Барнауылда қазақша кітап шығару бес есе арзан (тек кеден машақатты ғана қиын кітапқа Ресейде – 10, бізде -16 пайыз).
Тағы бір мысал айтайын: бұдан 8 жыл бұрын мен тапсырыс бойынша «Абай тойы» альбом кітабымды жазып, облыс әкімінің тапсырмасымен Алматыға барғанымда, мемлекеттік екі баспа соны шығаруға екі түрлі смета ұсынды- бірі 18 миллион, екіншісі 13 миллион теңге шамасында. Ақыры, біз оны соңғыдан екі есе кем сұраған «Атамұра» корпорациясында шығардық.
Кім ұтылды? Ал кітап саудасын сауықтыру үшін салық пен кеден алымын күрт азайту керек. Әнгіме рухани қазына жайында екенін ұмытпалық. Алматы мен Астанадағы баспалар да өзімен бәсеке кәсіпорындар әр жерде төбе көрсетіп отырғанын ескерсе игі?!.
-Медеу аға, Мәскеуден шыққан кітабыңызда сіз академик Сәтбаев тақырыбын осымен тоқтатамын десіз...
- Қаныш аға туралы ең алғашқы очеркім «Жезғазған осылай туған» 1959 жылы жарық көрді. Содан бері 45 жыл өтті. Қияли әдебиет дүниесін тәрік етіп, ғұлама ғалым ғұмырын ұлықтауға 23 жасымда түсіп, жетпіс жастың шебіне іліккенімді білмей қалыппын. Осы жолда бейнет пен зейнетті алмакезек тарттым, кім не десе де еңбегімді елім білді, кітаптарымды қадағалап оқитын оқушыларым бар. Бір жәйтті ризашылықпен айтуға тиіспін: ту баста мақсат еткен шығармашылық ойымды түгелге дерлік орындадым, мұны жазушылық бақытым деп санаймын... Камал досым сұхбат соңында: «Сәтбаев тақырыбына нүкте қойдым дейсің бе» - деген сауап қойғанда, мен «солай енді» - деп, соңғы басылымды орыс, һәм шетел тілдеріне тәржімалау жайында түрлі ұсыныстар болып жатқанын айтқам-ды, «Планета Сәтбаева» атты кітабым соған орай әзірленді де, ҚР үкіметі жариялаған «100 кітап» бағдарламасымен жарық көрді. Меніңше әрбір қаламгер дер кезінде шабытты жеткенше шырқатта жазып айтарын айтып болған шағында тоқтай да білу керек. Менде осыған ден қойдым.
Қанекеңнің өмір жолы – таусылмайтын хикаят, жазам деушілер оның қыр-сырынан талай роман, хикаяттар өрбітері сөзсіз. Мен болсам, бұрын да айтқанымдай, «Қаныш ұлының ізбасарлары» тақырыбын шама келгенше жалғастыра бермекпін. Оның алғашқысын алдағы жылы ұсынбақпын...
-Әңгіменізге рахмет, аға! Қаламыңыз талмасын.!
А.Кемелбаева
Сәрсеке М. Сәтбаев өмірі – таусылмайтын хикаят / сұхбаттасқан А.Кемелбаева // Қазақ әдебиеті.- 2004.- 6 - 12 ақпан.- 4 б.