Болмысы бөлек Бердібек

Бұрынғы Қазақ политехникалық институты, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік ҰТУ-дың студенті кезімде мен техника ғажайыптары туралы шағын көлемді әңгімелер жазумен әуестендім. Соларды бір сүреңге біріктірген дүнием Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының балалар әдебиетінің меңгерушісі Өтебай Тұрманжанов ақсақалға ұнап, «Ғажайып сәуле» деп атаған, небәрі 56 бет, жұп-жұқа кітапшамды 1959 жылы жоспардан тыс жарыққа шығарды. Сол жайт мені еліктіріп, Семейдегі цемент зауытында инженер болып еңбек етіп жүргенімде (1960 жылдың күзі) «Көрінбестің көлеңкесі» атты ғылыми-фантастикалық хикаят жазып, оны баспаға поштамен жолдадым. Өтебай ағай қолжазбамды Жазушылар одағына оқып көруге ұсыныпты. Күндердің күнінде одақтан «пәлен күні шығармаң талқыланады» деген жеделхат келді. Зауыт директорына кіріп, бір аптаға кезексіз демалыс алып, Алматыға ұшақпен жеттім.

Сөйтсем, мені шақыртқан Одақтың балалар әдебиеті секциясын басқаратын әдеби кеңесшісі Бердібек Соқпақбаев екен. Сырттай білемін, «Он алты жасар чемпион» деген хикаятын сүйсіне оқығанмын. Қарапайым түйсігімде нағыз жазушы сол қаламгер көрінді. Әлгі хикаятын ашқан бетте қайта жаппай, бір түнде оқып шыққанмын. Бекең мені суық шыраймен қабылдап: «Мұқаш Сәрсекеевке қандай қатысың бар?» – деп сұрады. «Фамилиямыз аттас сыншы екенін білемін, бірақ көрген кісім емес…». «Рас па?». «Мұны неге тергеп отырсыз?». «Ғажайып сәуле» хикаятыңды біздің әдебиетте соны дүние деген сипатта «Қазақ әдебиеті» газетіне рецензия жариялады. Алайда, көрген-білген кісім емес». «Тағы бір Сәрсекеев бар ғой?». «Естуім бар, менен жасы кішірек, студент сияқты, Торғай жағының тумасы деп естідім. Бірақ, оны да танымаймын, ағасы…». «Демек, үш Сәрсекеев бір-біріңді білмейсіңдер, үш облыстың қазағы болып шықтыңдар…».

Бекеңнің тергеуі осымен аяқталды. Қатал адам сияқты. Түнерген қабағын жазбады. Қолжазбамның әр жерін ашып шола оқыды. Бірқанша бетінің ашық жеріне жуан сұрақтар қойылыпты. Әлден уақытта бетіме сұстия қарап:

– Ертең жоқ, бүрсігүні сағат 16-да осы кабинетте мына хикаятыңды талқылаймыз. Үш-төрт адам оқыды. Төртіншісі мен… Өзіңнің шақыратын кісің бар ма?

– Жоқ, мен өзі жазушылар қауымын жете білмеймін…

– Жә, бүрсігүнге дейін боссың!..

Көкейімде кімдер оқыды, өзіңіздің пікіріңіз қандай деген сұраулар бар еді. Амал не, солардың орнына аузыма оғаш сауал түсті.

– Естуімше, Беке, талқыдан соң шай ішу деген дәстүр бар дейді. Дайындық жасауым керек пе?

Бекең бетіме ожырая қарап, саусағымен үстелді тықылдатты.

– Әуелі талқыдан өтіп ал. Арақпен сыйлап, оңды пікір жия алмайсың. Бар, жөнел!..

Сонымен тағайындалған күні «Көрінбестің көлеңкесін» талқылау басталды. Жиынға жеті-сегіз кісі келіпті. Бәрі де ығай мен сығай әдебиетшілер. Бір-екеуін ғана танимын.

Бұл хикаятта да ғылыми-қиял жанрында толғаған едім. Оқиғасы шытырман: ауылдық мектепте оқитын екі балақан шаңғы теуіп жүріп, Кенбі тауының бөктерінде қаһарлы қыста кенеттен қар еріп, көктемдегідей жылыған тосын құбылысты зерттеуге шыққан ғылыми экспедицияның автомобиліне кездейсоқ ілесіп, неше түрлі таңғажайып оқиғаны басынан кешеді. Қысқасы, көлемі 7 баспа табаққа таяу хикаяттың фабуласы – қазақ даласының қатаң табиғатын физикалық жолмен шұғыл өзгертуге тың идея ұсынғамын; фантастика әлемінде мұндай сюжеттер аз емес, түп мақсатым – жас оқырманның қиялын оятып, техникаға әуес ету…

Хикаятты талқылауды «Қазақстан пионері» газетінің редакторы Сансызбай Сарғасқаев бастады. Мектеп оқушысы және студент кезімде сол газетке белсенді автор болғанмын. Сәкең соны айтып, менің шама-шарқымды едәуір білетінін ескертті де, «Көрінбестің көлеңкесінің» быт-шытын шығарды: «Екі жүгірмектің шаңғы теуіп жүріп, ғылыми зерттеушілердің тобына қосылғаны мені иландырмады, хикаятта техницизм өте көп, көптеген сөйлемдер орысша ойлаумен құрылған, тілі шұбалаңқы, газет мақаласына ұқсайды…». Екінші сөйлеуші де Сәкеңді қостады. Сөзінің түйіні тіпті шатақ: «Мұндай көкжасық дүниені жарыққа шығаруға болмайды». Үшінші сөйлеуші қолжазбаның әр жерінен әлсіз сөйлемді теріп алып, «Қасаң тілмен қағаз шимайлауды әдет еткен жазғыштар бізде көбейіп барады. Бұл жігіт инженер көрінеді, өз мамандығын игеріп, өндіріс білгірі болғаны жөн, ал, әдебиетті бізге қалдырсын…» дегендей ащы мысқылмен сөзін аяқтады.

Сөйтіп, түу Семейден ұшақпен ұшып әуелеп келген асқақ көңілім су сепкендей басылды. Ауыр жұмыс арасында, көбіне ұйқы есебінен ынтыға жазған жарым жылдық еңбегім жарға құлады. Әдебиет білгірлерінің пайымдауына қарағанда, қиялмен өрген таңғажайып оқиғалы хикаятым әп-сәтте әншейін шимай болып шықты…

Осы сәтте Бердібек Соқпақбаев терезе алдында менің қолжазбамды парақтап отырған көзілдірікті, орта жас шамасындағы ұзын бойлы азаматқа қарап:

– Мұқа, біздің секцияға мүше болмасаңыз да сізді мен әдейі шақырдым. Өйткені, сіз мына автордың алғашқы кітапшасына оңды пікір жазғансыз. Оны жуықта қайыра оқыдым. Медеудің әдеби қабілеті жөнінде не айтасыз? – деді.

Сөйтсем, көзілдірік киген кісі Мұқаш Сәрсекеев екен.

– Аттас болған соң «Ғажайып сәуле» деген алғашқы кітабын дүкеннен сатып алып, жата-жастана оқып, өзгеше талабына тәнті болып, оңды дүние деген пікірімді әдеби газет бетінде жария еткенмін. Сол ойымнан қазір де айнығам жоқ, ағайын: ғылыми фантастика жанры біздің әдебиетте әзірше дамымаған; осы жанрдың өзіне тән ерекшелігін Медеу інім жап-жақсы біледі, сірә, сол жанрда жазатын орыс жазушыларын көп оқыған… «Біз үшін жұмбақ, күрделі техника жайттарын қарапайымдап түсіндіреді әрі соны келісті суреттеумен өреді. Әдеби тілі де жатық, бейнелі сөздері көп. Осы өнерін әрі қарай дамытса бұл жігіт әлі-ақ өз оқырманы бар жазушы болады» деген де тілек айтқамын сол мақаламда.

Міне, енді, жыл өткен жоқ Медеу бізге екінші шығармасын ұсынып отыр. Бердібек маған соны бүгін айтып, қолжазбасын ертеңгілікте берді. Хикаяттың аяғына әлгінде ғана жеттім. Шаңғы теуіп жүрген балалардың Кенбі тауына кетіп бара жатқан порымы, оғаш машинаға кездейсоқ ілесуі тіпті тамаша суреттелген. Сансызбай соны әлгінде сенімсіз деп жазғырды. Ау, ағайын, бәрің де бала болдыңдар, дүниеге осы қалыптарыңда топ ете түскен жоқсыңдар, бала кездеріңде талай нәрсені бүлдіргендеріңді неге ұмытасыңдар? Хикаят авторы соны көрсетіп отыр. Қызыққұмар екі балақан машинаның артына асыла кетіп, әлдебір тетікті түрткілеп отырып, ауа соратын тұрбаның ішіне күмп еткенін бір-ақ біледі… Ой сала қарасаңыз, Медеу қиял жетегіне түсіп, әлгі екі балақан түгілі добалдай мені де Кенбі жұмбағының шым-шытырық ортасына күмп еткізді. Бұл енді қияли әдебиетке тән нәрсе, оқиға бірден-ақ қызғылықты өрбиді. Сондықтан, жолдастар, әдебиет әлеміне инженерлік біліммен келген інімізді жүндей түтуді доғарыңдар. Бұл әдет бізді өсірмейді…

Мұқаш ағайдың қолдауынан кейін менің хикаятымды сынаушылар сап тыйылды. Өзіндік айтары мол беделді сыншының мені қызғыш құстай қорғауы жұртты ойландырған тәрізді. Қабдыкәрім Ыдырысов, сол кезде «Қазақстан пионері» газетінде істейтін-ді, менің шағын әңгімелерімді газетке дайындаған әдеби қызметкер, о да демеу жасап, қаламының желі бар, тіліндегі кемістік әлі-ақ түзеледіге сайды.

Жиынды Бердібек Соқпақбаев қорытты. Қысқа әрі тұжырымды оймен сөйлейді екен. Өзінің жазу мәнері де солай екенін білетінмін.

– Бұл автор бізге өндіріс орнынан келіп отыр, үлкен зауыттың инженері. Екінші, оқиғаны шытырман сюжетке құруды жап-жақсы меңгерген. Қолжазбасын мен қызыға оқыдым. Бұл да оның қаламгерлік табысы. Тілінде кемістік бар дедіңдер. Сарғасқаев жолдас, өз газетіңнің белсенді авторын сылқита сынадың. Неге сөйткеніңді түсінбедім. Рас, сөйлем құруда Медеудің едәуір кемшілігі бар, оны енді бұл жігіт әлі-ақ түзейді деп сенемін. Ал, мына хикаяттың аз-кем олқылығы болса, редактор бір қарағанда-ақ оп-оңай түзейді. Үшінші, бұл жігіт бізде бірде туып, бірде сөніп жүрген жаңа жанрды бастап отыр. Мен өзім Медеудің талабын қатты ұнаттым. Сондықтан осы бетіңнен айырылма деп ақыл айтамын. Мына еңбегін құптап, баспаға ұсынайық!..

Қысқасы, Бекеңнің пікірі үстем болып, қолжазбам баспаға ұсынылды. Семейге мерейім тасып оралдым. «Көрінбестің көлеңкесі» баспадан 1960 жылы 15 мың дана таралыммен жарық көрді. Одан кейін оқыр­ман қауым осы күнге дейін сүйсіне оқитын, «Жетінші толқын» шығып, ол орыс тіліне де аударылып, төрт мәрте басылды. Ғылыми-фантастикалық шығармаларымның жалпы таралымы ақырында 200 мың данадан асты.

Енді тарих қатпарында ұмыт қалған осы талқылауды еске алуымның себебіне келейін. Менің ғылыми-қиял жанрына түсіп, екі хикаят өріп, сол екі кітаппен 1962 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануыма Бердібек ұстазым кепілдеме берген үш жазушының бірі еді. Шынтуайтын айтқанда, өзімді Жазушылар одағындағы талқылауға шақырған кезден бастап, Алматыда тұрмасам да Бекеңмен қарым-қатынасым жарасты жағдайда болды. Одаққа әртүрлі шаруа жайымен келген сайын ол кісіні көбіне өзім іздейтін едім. Бекең 60-шы жылдарда «Балдырған» журналында істеді. Сол кісінің тапсырысымен жазылған техника кереметтері туралы ертегіге ұқсаған қиял әңгімелерім жиі жарияланатын болды. Кейде жыл бойы ештеңе жібермесем, Семейге хат келеді: «Медеу, бізді ұмыттың ғой, мұның не?» дейді. Ұялғаннан үстелге отырамын. «Күзетші қорғасын», «Әк тасы мен терек», «Қауырсын қалам, ағаш қаламсап және болат қаламұш», «Кішкентай шахтер» атты ертегілерім әуелі «Балдырғанда» басылып, соңынан суретті кітапша болып көп таралыммен жарық көрді. Солардың бәрінің де алғашқы редакторы – аяулы Бекең. Амал қанша, сол жанрды бертінде тастап кеттім…

Өмірінің соңғы жылдарында Бекең жұмысты тастап, еркін шығармашылыққа көшті. Қарым-қатынасымыз бірақ үзілген жоқ. Қонақ үйдің оңаша бөлмесінде отырып, әдебиет өрісі жайында ой бөлісеміз. Бекең жаратылысынан ашық адам, ойындағы сөзді кімге болсын тура айтады. Сол қылығынан жолы болмай қиянат та көрді. Бірақ, турашыл қалыбын өзгерткен жоқ. Бірде Бекең мейманханаға су жаңа автомобилімен келіп, жайлау үйіне апарды. М. Горький атындағы саябақтың тау жағындағы терең сайға келіп, көлігімізді сондағы алаңқайға қалдырып, биік беткейдегі жайлау үйіне көтерілгеніміз есімде. Ұзақты күн сонда болып, түннің бір уағында қайттық. Әңгіме әлбетте әдеби тірліктің әртүрлі қалтарыстары мен бұрылыстары турасында болатын-ды…

Сол жолы мен «Сәтбаев» ғұмырнамасын толғау жолында басымнан кешкен шерлі хикаятты, «Жазушы» баспасындағы қалың кітабымның терімі баспаханада шашылған оқиғаны айттым-ау деймін. Бекең басын шайқап, өзі де соған ұқсас қиянатты көп көрген қаламгер ғой, сірә, менің қаяу түскен көңілімді жұбатқысы келдіау деймін, атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қилы тағдырын тебірене сөз етті. Сөйтсем, Бекең Ерекеңмен де дос болыпты. Тарихшы өмірінің көлеңкелі кезеңіне әбден қанық екен. Ғажапты қараңыз, 80-жылдардың орта кезінде кездейсоқ жағдайда Бекеңнің өз аузынан естіген естелікті мен «Ноқталанған тарихшы» деп атаған роман-эссемді жазғанда әжетіме жараттым. Төменде сол кітабымнан шағын үзінді келтірейін (Бұл оқиға «Бекмаханов» ғұмырнамасының «Молодая гвардия» баспасынан 2010 жылы «ЖЗЛ» сериясынан шыққан нұсқасына өзгеріссіз енгенін ескерте кетейін).

Әңгіме Ермұхан Бекмаханұлының 25 жылға сотталған жазасынан ақталып, Сібір лагерінен 1954 жылдың басында Алматыға қайтып оралған мезгіл туралы. Бірақ алты айдан аса уақыт дағ­дылы жұмысына орналаса алмай, жадап-жүдеп жүрген кезі…

«…Орталық саябақта дамылдап отырған кіші бесінде, тамызды орталаған мезгіл еді, бұрнағы жылы нақақ жазамен ғылыми атақтарынан сыпырылып, Нарынқол ауданында мұғалім болып күнкөріс жасап жүргенінде сол елдегі қазақ мектебінде бірге еңбек еткен танысы Бердібек Соқпақбаев кездейсоқ жолығып, сол жердегі сыраханаға шақырды. Тамыздың аптабынан шөл басып әңгімелесіп отырғанда, ескі танысы: «Ереке, тарихшы «достарыңыз» сіздің барсакелмеске жөнелткен Сібір сапарынан аман-есен келдіңіз, біздің ауылға барып, қымыз ішіп, бірер апта сергіп қайтуға қалайсыз?» − десін. Нарынқолдың қонақжай елін де, тұнып тұрған мол орманы, әр сайдан құлаған бұлағы мен таулы-тасты жері де ұнаған, тек соны емін-еркін аралауға дәм жазбаған өкініші бар-ды. Мінез-құлқы тура өзіндей қағылез әрі ұшқыр азамат, сонысымен де көңілінен шыққан жазушы жігітке тарихшы ғалым ағынан жарылып: «Келістім. Қай күні аттансақ та дайынмын!..» − деп қолқ ете түсті. Екі сөзге сірә да жоқ жігіт келесі күні, түс ауа үйіне іздеп келді, әлдебір машиналы досын апарып салуға көндіріпті. Сөйтіп, Алатаудың күнгей жонына үш жылдан кейін қайыра тап болды. Бұрнағы жылғысы − кіріптарлықтың салдары еді, биыл­ғысы − қуанышты сапар. Несін айтасың, ойдағыдай қыдырыс болды…

Бердібек өзінен тоғыз жас кіші, ҚазПИ-ді 1949 жылы тәмамдап, туған еліне келіп, аудан орталығындағы қазақ орта мектебіне әдебиеттен сабақ береді екен. Ұстаздық жұмысқа аса құмар емес, мезі ермек санайды, ал әдебиетке ерекше әуес. Тарихқа да қаражаяу емес. Жалған сөзге қаны қас әдебиетші мұғалім мен саяси қуғынға ұшыраған тарихшы бірден-ақ тіл табысты. Бұрнағы жыл мұғалім жігіттің «Бұлақ» деген атаумен өлеңдер жинағы шығыпты. 1951 жылы «Он алты жасар чемпион» хикаяты жарық көріпті. Ауыл мұғалімі үшін бұл − сирек табыс! Тағы да әзірлеп жүрген дүниелері бар сияқты, со­лар­ды күні-түні толғап, сабақтан бос уақытын жазумен өткізеді. Жігіт ағасы жасындағы Ермұхан жас серігінің еңбекқорлығын ерекше ұнатты. Бір күні: «Бердібек, оқырман ретінде саған бір ақыл айтайын, мұны сен жанашыр ағаның ақ адал кеңесі деп қабылда, оған қоса мен орыстың да, шетелдің де әдеби жауһарларын көп оқыған адаммын… − деді.

− Өзің сыйлаған екі кітабыңды зер сала оқып шықтым. Тегінде, сен әрі ақын, әрі жазушы боламын деп, әлдекімге ұқсап, екі қоянды бірдей қума. Ақындықты өзге замандастарыңа қалдырып, прозаға ауыс. Өйткені, мына екі кітабыңның бірінен-бірінің алшақтығы жер мен көктей…» деп кереғар сөз бастады. «Неге, Ереке? Ойыңызды айғақпен дәлелдеңіз!» деп жас серігінің қоңыр көзі шытынап тарихшыға қадала қарады. «Өлеңді сен қиыннан қиыстырып, байқауымша ұйқас қуа жазасың. Теңеулерің соны, бірақ… Ал, шынайы поэзия, менің түйсігімше, кәусар бұлақ сияқты көмейден өлең қалпында шумақ-шумақ болып құйылса керек-ті. Исі қазақтың ескі ақындары өлеңді жазбаған, тек қана көмейден құлатқан, ұйқас та, ырғақ та өз-өзінен жымдасқан. Мұндай дарын сенде жоқ, төрт жолдың үшеуін ұйқастыруды ғана білесің…».

«Мынауыңыз шатақ сөз, ағасы. Жә, енді прозамды сынаңыз!». «Сынамаймын, Бердібек бауыр, тек қана мақтаймын. Сөз қадірін білесің, сөйлемдерің ықшам, әр сөзді, теңеуді ретімен қалайсың. Оқиғаны ширықтыра өріп оқушы­ны жетелеп отырасың. Мен білсем таяу арадағы бес-он жылда сенен бұл салада үлкен еңбек күтуге бо­лады. Түбінде сен біздің әдебиеттің шынайы қаламгері атанып, дүйім жұрттың алдына шығасың, Есіңде болсын, тек қана прозадан!..» − деп тарихшы ойын тәмамдады.

Амал қанша, қыс ортасында тарихшы жігіт «үш қаріп» қызметкерлерінің түртпегімен («Нарынқол шекаралық аудан болғандықтан, саяси сенімсіз мұғалім бұл жерде еңбек етуге болмайды-мыс» деген желеумен) Жамбыл облысының Шу қаласының іргесіндегі НовоТроицк селосына еркінен тыс жер аударылып кеткен соң Бердібек мұғалім оның ізі түгілі өзінен де адасып қалады. Соның ар­тынша мұғалімдікті біржола қойып, әдеби еңбекке ойысып, Ерекең болжағандай балалар үшін әңгіме-хикаяттар өретін болды, өз оқырманы бар жазушы атанды… Енді міне, бір кезде Нарынқолда рухани табысқан сыйлы адамы, ел тарихын түгендеу жолында таяқ жеген қадірменді тарихшыны құр­меттегісі келіп, туып-өскен жұртына әкеліп отыр. Мақсаты − туған елінде аунатып-қунатып, жарау бойына әл-қуат құйып, жа­дау көңілін сергіту…

Қонақ болуды Бердібектің туған ауылы Қостөбеде бастаған қос зиялы Нарынқол мен Кегеннің дәмі бұйырған біраз ауылдарын аралап, апта соңында патша зама­нында қырғыз бен қазақтың, әрі­де Шынжаңның ұйғыры мен қазағы сауданы қыздыратын атақты Қарқара жайлауына келіп ар­мансыз қыдырған.

Өздеріне сойылған марқаның санын оннан асырып, қоюлығы шұбаттай сары қымызды тоя ішіп, бет-жүздері қаракүрең тартып, бойға қоң жиған мазалы күндердің бірінде аудан орталығынан ша­бар­ман келеді. Жай шапқыншы емес, аупарткомның белді қызметкері.

− Ереке, сізді іздегелі үшінші күн. Сіздер қонақ болған ауылдардың бәрін ақтап келемін… «Тарихшы Бекмахановты Алматыға жедел жеткізіңдер!» деген төтенше бұйрық түсті. Сізді тура бүгін обкомға жеткізуім керек!.. − десін.

Амал қанша, дайын тұрған асты ішкен соң жедел аттануға тура келді. Аупарткомның жүрдек көлігімен тоқтаусыз жүріп таң ата жолаушылар Алматыға іліккен. Сөйтсе, жедел шақыру обкомнан емес, «Үлкен үйдің» өзінен түсіпті әрі бірінші хатшы П.К.Пономаренко іздетіпті. Алматы обкомының үгіт-насихат бөлімінен осы хабарды естіп, хатшының көмекшісімен телефон арқылы сөйлескен соң-ақ Ермұханның әлденеге күдіктеніп өрепкіген көңілі жайланды.

− Бірінші хатшыға өтініш жолдағанмын, бүгін бе, ертең бе, Пантелеймон Кондратьевич мені қабылдамақ көрінеді… Нарынқолдық екі інім, екеуіңе де рақмет, ниеттерің түзу жол­аяқ жігіттер болдыңдар!.. Үйіме жеткізіп салыңдар, серуен аяқталды, көз шырымын алып, бірер сағат демалу керек, − деді серіктеріне. − Өздерің де тынығыңдар!..».

– Ерекеңнің хал-жағдайының түзелуге бетбұрыс жасалғанын мен тарихшының өз аузынан ке­лесі күні естідім, – деген-ді Бе­кең маған осы оқиғаның жай-жап­сарын әңгімелеу үстінде.

– Бірінші хатшы қабылдауынан соң Ерекең университеттің тарих кафедрасына аға оқытушы болып тағайындалып, бұрынғы ұстаздық жұмысына қайта оралды. Сонда жүріп ғылыми атақтарын қайыра қорғады. Қазақстан тарихшыларының мектебін сомдап, бәз-баяғы сүйікті кәсібін жан-тәнімен атқарды. Амал не, айдау азабында тапқан өкпе сырқаты мен демікпе дерт қайран тарихшыны елу жасында жер жастандырды. Ерекең ел тарихына жазары да, берері де мол біртуар тарихшы еді, көрсеқызар, іші тар әріптестері оны аяқтан шалудан айдаудан келген соң да жаңылмады. Не деуге болады, біздің қазақтың дарын иелерінің көргені осы, сыпыра қудалау… – деп мұңайған үнмен әңгімесін аяқтаған еді Бекең сол күні.

– Сіздің де көргеніз осы емес пе? «Өлгендер қайтып келмейді» романыңыздың толық нұсқасын қашан оқимыз? – дегенімде қайран Бекең: «Оны сұрама! Шерді қозғама!..» дегенді басын шайқап, әлдекімге қарадай кіжініп, боксерлерше жұдырығын түйіп, «Соны өзім де білмеймін. Сірә, көзімді жұмған кезімде әділетке бас иген бір бауырым толық түрін жариялайды. Сонда оқисың. Тегінде ақиқат жеңеді, тек ішің берік болсын. Саған да айтарым осы!..

Қазірде ойласам, Бекең бәрін де оймен болжап, келешекке сенім артқан. Тек соған өзі жете алмады. Туған елі тәуелсіздік алған жылы қайран Бекең ойда жоқта опат болғанын естіп, қамыққан көңілмен рухына бас иіп, бетімді сипадым…





Сәрсеке М. Болмысы бөлек Бердібек: [Соқпақбаев] // Егемен Қазақстан.- 2014.- 18 ақпан. http://egemen.kz/2014/?p=19914