Қаныштың ізбасар інісі

ҰҒА-ның академигі Е.А. Бөкетов-отыз жылдық ғылыми ғұмырында 61 кандидат, 20 ғылым докторын баулып, өзі шұғылданған ілім саласындағы халькогендік химия атанған дербес мектеп түзеген, жас күнінен құмар ісі әдебиетте де аудармашы, сыншы, ақын және жазушы ретінде сүбелі туындылар берген. Орталық Қазақстанның кіндік қаласында жаңа ғылым ошағының берік орнауына айтарлықтай үлес қосқан біртуар тұлға. Амал не, өз уақытының құрбаны болып, жаратылыс сыйлаған ғажап дарынын толық көрсете алмай өмірден ерте кетті. Сол заманның кереғарлығы десек те, ғалым сегіз жыл беріле жұмыс істеп, іргесін бекем сомдаған ҚарМУ-дің ректоры қызметінен кінәсіз қуылса, он жылдан соң сол оқу орны академиктің ардақты есімін иеленді. Ғалым жұмыс істеген оқу ғимараттарында қазірде ғылыми-мемориалдық мұражай жұмыс істейді. Оның атына әр жерде мектеп, көшелер қойылды. Ғылыми, әдеби еңбектері де жарияланып келеді.

Ебіней Арыстанұлы Бөкетов (ресми құжаттар бойынша Евней Букетов) бізге Қазақ кен-металлургия институтының (ҚазГМИ) төртінші оқу жылында (1956) «Сирек металдар металлургиясы» курсынан дәріс оқыды. Осы күнде оның жасы отыз бірде. Бізге ол әлдеқайда үлкен кісі болып көрінетін: балуан пішінді алпамса тұлғасымен ғана емес, бүкіл ақыл-парасатымен, атқарып жүрген қомақты ісімен де... Доцент Бөкетов ескі оқу ғимаратының сықырлауық еденін ойбайлатып келіп, ортадағы мінберге көтерілетін де: «Амансыңдар ма, жастар!»- деп зор дауысымен гүж етіп, іле қымсына езу тартып, селен мен теллурдың, мышьяк пен сурьманың, молибден мен ренийдің, германий мен таллийдің, тағы сондай сирек металдардың қыры мен сыры, айыру технологиясы жайында сөз бастайтын: айтып тұрған элементтің адамзатқа танылу тарихынан қызықты бірер мағлұмат келтіреді, теория жыңғылына түсерден бұрын тақта алдына барып, химиялық формулалармен өрнектелген бірнеше реакцияны тізеді, одан арғы талдау сол бойынша жүреді... Металлург атауының түп мағынасы химия білгірі деген кең ұғымнан тарайды, Сондықтан да теорияны ұзақ түсіндіретін мың сөзден ғөрі, оны формуламен баяндау әлдеқайда ұтымды. Ебіней Арыстанұлы сол гәпті жете білетін болса керек, оның әр лекциясын біз зейін қоя тындаймыз.

Қазақстанда техникалық білім беретін бірден-бір институттын оқытушы құрамы өте күшті болатын: олардың қатарына әлденеше академик, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер атанған небір саңлақ профессор білімпаздар бар-ды. Көпшілігі орыс жылдары, босқындар дүрмегімен келіп, ауа райы жұмсақ, тұрмысқа жайлы Алматыда біржолата тұрып қалған. Біз оқыған металлургия факультетінде Х.А. Аветисян, В.П.Пономарев,В.В. Стендер, А.А.Цефт,А.Б. Резняков, И. З.Слуцкий тәрізді өте ірі ғалымдар жұмыс істейтін, олар жасаң кезінде түсті металл өндіретін алып зауыттардың іргесін көтеріп, иә бас инжнерер боп жұмыс істеген білікті мамандар еді. Қайсібірі металлургия оқулықтарын жазған ғұлама ғалымдар. Соншама күшті ұстаз ғалымдар арасында (С.Карамулин, Қ.Нұрмағанбетов,Г. Есіркегенов, ерлі-зайыпты Бегалиева мен Құрманғалиев- соғыстан кейін келген екінші лектегі оқытушылар да күшті толқын болатын) жүріп, жас доуент Бөкетов елеусіз қалған жоқ, білімпаздар арасынан өз жолын тауып, даралана білді. Әлбетте, мұндай білгірлік терең біліммен қоса ұлан-ғайыр еңбекпен келетіні сөзсіз...

***

Ебіней Арыстанұлы Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Шал ақын аталған Октябрь ауданының Бағанаты ауылында 1925 жылы дүниеге келген; аштық жылдарында ата-анасына ілесіп Орал тауына қоныс аударып, орыс мектебінде оқыған; одан туған еліне қайта оралып, аудан орталығындағы Марьевқа оқу ұясының тоғызыншы басқышын тәмамдаған соң он алты жасында еңбекке араласып, майданға аттанған мұғалімдердің орнына ауыл мектептерінде ұстаздық еткен; сөйтіп жүір тыңғылықты білім алуға талаптаған жас өз бетімен дайындалып, кәмелеттік аттестат алып,1945 жылы Алматыға келіп, КазГМИ-ге түседі: бес жылдан кейін осы институттың аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертация қорғайды...

Нақ осы сәттен былай бүгінде еңбегі, есімі елге мәшһүр перзентіміздің ғылым шыңына өрмеленен ауыр да даңқты жолы басталған. Өмір кезеңдеріне зер салып қараған кісі Е.А.Бөкетовтің диссертация қорғаған соң екі жылдан кейін доцент дәрежесін алғанын,1958-1960 жылдары өззі оқыған институттың ректорының орынбасары болып еңбек еткенін аңғарады. Сол жылдарда ол жас күнінен құмар ісі-Некрасов, Лермонтов, Пушкин, Маяковский,Есениннің жауһар туындыларын, Абай мен Әуезовтің асыл шығармаларын жатқа айта жүріп, әдеби еңбек жазуменде шұғылданады: 1953 жылы ол « О халтурном переводе и невзыскательных издателях» («Ленинская смена», 24 ақпан), «О переводах на казахский язык произведений Маяковского» («Казахстанская правда»,29 наурыз) деп атаған, әдеби талғамының күштілігімен, білгірлігімен де зиялық қауымды таңқалдырған өткір сын жариялайды. Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романын жан-жақты талдаған мақаласы да соңғы басылымда тап сол жылы жарық көреді...

Осынау үш мақала техникалық ғылым саласында зерттеу жүргізуші аспирант есімін әдеби қауымға танытады. Қазақстан жазушылар одағы ешкімнің атақ-дәрежесімен санаспай, өз ойын ашық та өткір білдірген жас сыншы Маяковский шығармаларын қазақшалауға арналған. 1954 жылы өткен әдеби жиынға баяндама жасауаға шақырады; ол ол одақтық «Литературная гезета» хас талантты Қазақстан мен Орта Азия республикалары бойынша меншікті тілші қызметін атқаруға ұсыныс жасаған: Ебіней Арыстанұлы болса әдебиетпен өз қалауынша шұғылдануды жөн көріп, республика театрларының сахнасында қазақша, орысша қойылған қазақ драматургтерінің шығармалары туралы рецензия жариялаудан таңбайды: нақ сол жылдарда ол И. Василенко, И.Вазов, Э.Золя, шығармаларын қазақша аударады.

****

Тегінде әрбір адамның, мейлі ол ғылым иесі иә өнер адамы делік, ғұмыр жолында абыройын көтеретін, ел үшін елеулі еңбек атқарар айшықты кезеңі болуы-өмір заңы. Бөкетов үшін сол кезең 1960 жылдың ақнан айында. ҰҒА-ның президенті Қ.И. Сәтбаевпен сұхбат үстінде туған....

-Ебеке, жақынырақ танысу үшін шақырдым сізді,- дейді Қанекең өзінен кішіге де ізет білдіре сөйлейтін машығымен.- Кандидаттық диссертация қорғағаныңызға алты жыл болыпты. Авторефератыңызға қарағанда, өте келелі мәселені зерттепсіз, әрі қарай өрістетсеңіз-әлденеше кандидаттық, тіпті докторлық тақырыптың төбесі көрініп тұрғанға ұқсайды. Жә, соның жай-жапсары қалай, қандай нәтижеге жеттіңіз?...

Жатса-тұрса ойынан кетпей жүрген жәйтті дөп басқан ғұламаға не десін, Ебіней Арыстанұлы қипақтап отырып, жоғарғы оқу орындағы ұстаздық міндетінің ауырлығын, әсіресе соның оқу ісін басқару кең зерттеуге уақыт қалдырмайтынын, сол себептерден сынақ жұмысы ойдағыдай маңдымай кешеуілдеп отырғанын айтады.

-Өзіңізбен бірге істейтін академиктер сізді маған табанды жігіт, алған бетінен қайтпайтын қайсар да ойлы зерттеуші деп сипаттады...-дейді.- Мен сіздің академик жүйесіне ауысқаныңызды жөн көріп отырмын, бұл болса әлгінде өзіңіз айтқан көкейтесті зерттеуіңізді өрістетіп, нәтижеге жетуге септігін тигізер еді... Қарағандыда Химия-металлургия институтын ашқанымызды сіз білуге тиіссіз. Сірә, қателік бізден болды білем, соның басшылығына қойған адамдарымыз ұсақ-түйек дауға ұрынып, қысқасы, діттеген жерден шыға алмады. Ал. ол институт- Орталық Қазақстан ғана емес, республика көлемінде мәнді зерттеу жүргізбек-ті... Ебеке, осы институтты басқаруға өз басым сізді лайық көріп отырмын. Жә, бұған недейсіз?

Балқаш мыс комбинатына жол түскен сапарында Қарағандыға да соққан. Жаңа институттың танымал қызметкерлерімен кездесіп, зерттеу жұмыстары жайында сұраған. Мәнді тақырыпқа түсе алмай кібіртіктеп жүргені естіп, ғылыми жетекші болмауы үстіне, тиісті аспап, құрал-жабдық, соларды орналастыратын орын да жетіспейтінін көріп, көңілі жабырқап қайтқан-ды.

Сөйтсе, басты гәп- бұл да емес келелі іске жұмылар ұжымының қалыптасуында екен. Ал бұл –қиындықтың сорақысы. Демек президенттің ұсынысын қабылдаса-соның бәрін-бәрін өз мойнымен көтеріп, қолымен атқаруға тиіс. Ойдағыдай атқара алса- ел ардақтысы Қанекең алдында абыройға ие болады, ал мүлт кетсе өмірі ақтала алмайтын масқараға ұшырайды. Не деу керек? ... Бұдан арғы оқиға өрісін «Алты хат» атты ғұмырнама хикаятындағы Ебіней Арыстанұлының өз сөзімен баяндасақ дейміз: « Бәрі-бәрін түсінікті де риясыз түрде алдында жайып сап отырған кемеңгер үлкенге жөпелдеме не дейсің?.... Шынында да жорта мүләйімсіп, ондай жауапты міндетті бірден атқару қиын-ау деп өтірік бұлдану ерсі болар деп ойладым да: «Егер академия президенті мені осы жұмысқа жарамды деп шешсе шамаш келгенше сенііміңізді ақтауға тырысамын, Қанеке!..»-деп бірден-ақ келісім бердім...»

Әсілі, түсті металл өндіру, химия өндірістері бізде ертреке басталып, ал темір мен оның қоспаларын шығару ісі тек 60-жылдарда, Теміртау қара металлургия комбинаты және Ақтөбе, Ақсу ферроқорытпалар зауыттары салынған соң ғана жүзеге асқан-ды. Қарағанды ХМИ-ы осы өндірістердің технологиясын жетілдіру мақсатында зерттеуге жүргізуге тиіс болатын.

Ебіней Арыстанұлы жаңа жердегі жұмысын осы талапқа орай өрістеткен. Институттың ғылыми бағдарын қайта қарап, түбегейлі өзгеріс жасағанда ол әрбір зерттеудің нәтижесі өндіріске тезірек қабылданып, экономикалық тұрғыдан қыруар пайда беруіне ерекше көңіл аударған. Бұл болса зерттеушілер тобының тез ширап, олар айналысқан тақырыптың жан-жақты кеңеюіне жол ашқан...

Осы саладағы алуан жұмысы жайында академик Е.А. Бөкетов «Алты хат» шығармасында жан-жақты әңгіме еткен. Бұл жерде біз онда баяндалған түрлі хикметтерді қайталамаймыз. Тек ескертер жайт: директор болған он екі жылда ол жаңа институты-ҰҒА жүйесінде ғана емес, одақ бойынша да іргелі зерттеу ошағы деңгейіне көтереді (бұрнағы жылы оған Ебіней Арыстанұлының таланты шәкірті, осы ұжымда құрылған кезіне еңбек етіп, көп жылы бойы екінші жетекшісі болған дарынды ғылыми-металлург, ҰҒА-ның корреспендент-мүшесі марқұм Ж.Н. Әбішевтің есімі берілді); осы жылдарда Бекетовтің өзі де одаққа кеңінен танылды-тезника ғылымының докторы және профессор атақтарын алып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, республика ғылым ордасына академик болып сайланды: Қарағандыға қоныс аударғаннан кейінгі алғашқы он екі және кейіннен қайтып оралған төрт жылда Е.А. Бөкетов 200 ғылыми еңбек (оның 30-ы сүбелі монография) жариялапты; 91 ғылыми жаңалыққа КСРО-ның Мемлекеттік комитетінен куәлік алған; бұлардың 14-іне өнеркәсіп деңгейі жоғары технологиямен жұмыс істейтін шетелдердің патенті берілген; айталық, Е.А. Бөкетовтің бір ғана , құрамында пириті (темір кені) бар поли-металл шикізаттың қайрыа сұрыптау жөніндегіашқан ірі жаңалығына (қосалқы авторлары- Ж.Н. Әбішев, Н.Бөлтішова, В.П. Малышев) іргелі алты ел-Жапония, Канада, Австралия,АҚШ, ГФР, Швеция патент ұсынып, сатып алған. Ал бұлардан КСРО үкіметі қаншама валюта алды!..

Бірер сөз ғалымның тікелей өзі шұғылданған ғылыми жұмыстарының жалпылама сипаты хақында: Е.А. Бөкетовтің кандидаттық диссертациясы сирек металдар кеңінен молибден өндіру ісіне арналған-ды. Институттың ескі үйінде шағын лаборатория ашылып, шахта пещі салынған соң ол Алматыда түбегейлі жүргізе алмаған зерттеуді қайыра бастап, молибден концертратымен сынақ жүргізеді. Тәжірибе сәтті аяқталды. Балқаш кен-металлургия комбинаты оны өндіріске қабылдап, пайдаға қарық болды: ол зерттеуші ғалымдар осы жұмыс үшін КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды...

Металлургия зауыттарының үйіліп жататын қож (шлак) үймелері көпшілікке мәлім. Бөкетов лабораториясы көптеген жылдар шұғылданған жұмыс солардың құрамында ажырамай қалған металдарды байыту арқылы қайрыа өндіретін технология жасауға арналған-ды. Бұл зерттеу де ақыр аяғына дейін жақсы нәтижеге жеткізді: құрамында пириті бар қоқысты, иә кен тасын термомагниттік әдіспен байыту өндіріске ондаған миллион доллар таза пайда беретін тиімді технология жасауға негіз болды.

Сайып келгенде, осындай терең зерттеулер Химия-металлургия институтының ғылыми бағытын даралауға жол ашты. Тұжырымдап айтқанда, бұл «Халькоген мен халькогенидтер химиясын зерттеу арқылы жаңа технология жасау» ісі. Бұл болса қарағандылық химиктердің нақ осы салада одақ көлемінде көшбасшы орынға шыққанын паш еткен. Соған айғақ- соңғы алты мәрте одақтық және бір халықаралық ғылыми конференция шақырылса, соның бәрі Қарағандыға өтіпті (соңғы төртеуі сол жұмыстарды бастап, негізінен қалаған академик Е.А. Бөкетов дүниеден қайтқан соң шақырылған, демек бұл саладағы соңғы жетістіктер оның талантты шәкірттерінің сәтті зерттеуімен өрістеген) Нәтижесінде Орталық Қазақстанның кіндік қаласында қазірде де сәтті жұмыс істеп отырған жаңа химия-металлургия мектебінің іргесі қаланды...

****

1972 жылдың ақпан айында академик Е.А. Бөкетов республикада ірге көтерген екінші университет-ҚарМУ-дың ректоры міндетін атқаруға кірісті. Сірә, жазмұштың бұйрығы, мұнда да оған ХМИ ғимаратын тұрғызып, зерттеуші құрамын жаңадан құрағаны сияқты бар жұмысты тыңнан бастауға тура келді. Әлбетте, жаңа университет 1938 жылы мұғалімдік болып, 1952 жылы педагогикалық институт атанып қайта құрылған жоғарғы оқу орны негізінде жұмыс бастаған. Алайда, жылма-жыл алты-жеті жүз мұғалім даярлайтын пединститут бірден сегіз факультетке кеңейіп, 15 мамандық бойынша 1800 талапкер қабылдайтын болды. Сегіз факультетке он мыңға тақау студент білім алмақ. Жаңадан ашылған 59 (бұрын 22 болған) кафедраның жеті жүзден астам оқытушы-профессорлары оларға дәріс оықп, практикалық сабақ жүргізбек. Бұл міндетті бұрынғы институттың 300 оқытушысы атқара алмайтыны түсінікті. Кейбірінің білім деңгейі жетіспейді, пединститут кезінде онда небәрі төрт ғылым докторы еңбек еткен. Демек 400-дей оқытушыны басқа қалалардан шақыру, болмаса өз ортаңда даярлау (бұл үшін қаншама уақыт сарп ету керек) қажет. Оларға жайлы пәтер керек, оң мың студентке қаншама жатақана, оқу корпустары, неше алуан жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу ғимараттары, әлденеше асхана жүздеген мың кітап қоры бар кітапхана залдары қажет. Әрине, университет ашуды жоспарлаған жылдары пединститут ректораты бірталай әзірлік жұмыстарын атқарған: ең бастысы, қаланың әр жеріне орналасқан ескі ғимараттарды жөндеп, Қарағандының қиыр шетінен шалқар жер алып, сонда салынбақ білім қалашығының жобасын жасатыпты.

Десек те жаңа университетті аяғынан тік тұрғызуға арналған осынау қыруар шаруаларды өмірге келтіру міндеті Ебіней Арыстанұлына жүктелген. Өз еркіне салса, іргесін бейнетпен бекемдеген. Сан-салалы ізденіске жұмылған зерттеу институтынан қозғалмай, ақауы біліне бастаған денсаулығын күйттеп тыныш отырғаны жөн еді. Амал не, обылстық партия комитеті қайта-қайта шақырып, сізді осы жұмысқа лайық көріп отырмыз деген ұсыныстан бас тарта алмады. Айтып –айтпай не керек, білім ғимаратының «бас прорабы» қамытын мойнына ілді, бұл болса-жоспарлаушы мекемелерді мазалап қаржы сұрап, кейде соны үкімет басшысы, иә министрдің алдына шешіп, одан әрі құрылысшыларды асықтырып, университет қалашығын жеделдетіп салғызу қамында айлап, апталап қымбат уақытынды сарп ету деген сөз. Қалалық кеңес төрағасынан жаңадан келген оқытушылар үшін пәтер сұрайды, бірде-екілі емес, ондаған: сабағы нашар студенттермен тәрбие жұмысын жүргізге білмесең берекесіз ұстаз атанасың; өсек-аяңды қоздатып, шағым жазуға үйір кейбір өзімшіл оқушылармен алысып, қайсыбірін жұмыстан аластату да жүйкесін тоздыратын шатақ іс..

Бәрінен де қиыны, педагогикалық білім беруге қалыптасқан оқу бағдарламасын қайта жасап, оны университет атына сай түрлі мамандық игеретін әмбебап жүйеге ауыстыру болды. Сөйтсе де ұзын ырғасы сегіз жылға созылған тынымсыз еңбек зая кеткен жоқ; шахтерлер қаласының түстік-шығысында сол заманғы талапқа сай деңгейде жабдықталған білім қалашығы –гуманитарлық ғимараттың он төрт қабат оқу корпусы ту алыстан аңдыздап көрінетін бас кітапхана, асхана, тұрмыс комбинаты, оқытушыларға арналған көп қабатты әлденеше әсем үй дүниеге келді; аз жылда-ақ Қарағанды университеті химия , физика , биология гуманитарлық ілімдер саласында жоғарғы дейгейде зертеу жүргізіп, сол жұмыстарды біліктілікпен атқара алатын сан алуан мамандар даярлайтын көрнекті білім ошағына айналды. Әрине осыншама кең көлемді, сан-салалы жұмысты жүздеген адам тізе қосып, қажыр-қайрат жұмсап атқарғаны даусыз. Алайда, сол істің басы-қасында қажымас жігерімен, тынымсыз әрекетімен танылған, күрделі істің күрмеуін тарқата білетін қабілетті тұлға Ебіней Арыстанұлы Бөкетов тұрғаны-өмір шындығы.

Амал не, құбылмалы өмірдің, дәліре айтқанда, соны қолдан жасаушы пенделердің жымысқы әрекеті жолды болды, қайраткер ғалымның тұрлаулы ісі аяқ астынан пыш-пыш сөзге ұшырап, қиянат шегуіне душар етті.

Бұл жерде біз зор өкінішпен еске алып отырған күпті жәйттің мәнісін біршама аша жазғанымыз жөн сияқты: әдебиетпен әуестенуді Ебіней Арыстанұлы Қарағандыға ауысқан соң да үзбеген-ді, бәлкім бұрынғыдан гөрі сирегірек шұғылданып, ауқымдырақ тақырыптарға қалам тартқан. Сөйтсе де В. Маяковскийдің «Қандала» пьесасын, «Керемет!» дастанын, С.Есениннің «Анна Снегина» поэмасын, В.Шекспирдің «Макбет», «Юлий Цезарь» драмаларын қазақшалап (Қарағанды, Шымкент театрларында қойылған): «Атаң қомында туған адам» атты көркем очерктер жинағын жарыққа шығарып, Қаныш Сәтбаев туралы ғұмырнама еңбек жазуға әзірленеді. Шоқан Уәлиханов жайында орыс тілінде: «Время светлой судьбой» атты көлемді эссе жазды. Жоғарыда аталған ұлан-ғайыр жұмыстарды атқара жүріп, соншама әдеби туындылар толғауға уақыт тапқанын таң қаласың, еріксіз сүйсінесің, Ебіней Бөкетовтің сирек кездесер жан-жақты талант иесі екендігіне тәнті боласың! Иә, ол сол жылдарда әмбебап біліммділігімен, біліктілігімен ғылымның көп саласынтерең білетін ғұлама болып танылып, әмбе одақ көлемінде есімі , еңбегі мәшһүр дақпыртымен Қазақстан ғылымының көкжиегінде пайда болған жаңа жұлдыз, Қаныштай алыптың ізін басар жарқын тұлға өмірге келді... десіп дүйім жұрт сүйсіне айтатын-ды..

Амал қанша, нақ осы жәйт-айшықты істерімен дараланған алып тұрпаты (ол шынында бойы екі метрге тақау, екі иығына екі кісі мінгендей алпамса денелі, мың адам ішінен бірден көзге шалынатын нар тұлғалы адам еді)кейбір әріптестеріне ұнамады. Олар біртуар ғалымның жыл сайын биіктеп келе жатқан атақ-дақпыртына тосқауыл қойып, шахматтық қитұрқы жүрістерді ойлап тапты. Слд «жүрістің» бастапқы қадамы Е.Бөкетовтің әдебиетке құмарлығын тәркі етіп ( не деген жөткірлік десеңізші?!) , онысы партия мен үкімет тапсырған жауапты істі мүлтіксіз атқаруға зиян келтіреді-міс... деген күпір ойдан шығарылған өсек-аяңға өріс берумен жасалған. Бұл қастандық оған 1979 жылдың көктемінде ұйымдастырылды. Академиктің «Простор» журналының 1978 жылғы 8-9 сандарында жарияланған «Время светлой судьбы» (« ғылыми қызметкердің жазбалары, кейіннен «Алты хат» аталған) атты шығармасы өзін шексіз мадақтаған, демек кеңес адамының ар-ожданымен сыйыспайтын күйкі еңбек деп жариялағанЮ.Рощиннің сайқымазақ фельетоны «Ленинская смена» (19 мамыр 1979 жыл, редакторы Ф. Игнатов) газетінде жарық көруі- атақты ғалымды ҚарМу-дың ректорлығынан қатаң жазамен тайдыруға түрткі болады. Ал жазаның сорақысы оған сәл кейін жасалды: әдеби еңбектері жұртты сүйсінткен КСРО Жазушылар одағының тірі мүшесінің (аудармашы, ақын, сыншы, жазушы) әдеби туындысын баспасөз бетінде жариялауға тыйым салынады; Алматы баспаларында терімге дайындалып жатқан үш кітабының қолжазбасы авторға ешқандай түсіндірусіз қайтарылып берілді. Осының бәрі сөз бостандығы Ата заңмен бекіген елде ешқандай жазба бұйрық, қаулы-қарасыз, Орталық Комитет хатшысының жасырын өмірін жүзеге асқанына таң қаласыз?! Ал уақыт- адам құқын аяқасты еткен кешегі шерменді 37, иә қатерлі 52- жылдар емес, 1980 жыл.

Есімімді газет бетіне атауға ешбір редактордың құқы жоқ. Республиканы қойып, Қарағанды газеттерінде бірдеме бастырар болсам, лақап атпен ұсынуға мәжбүрмін. Кімге, не жаздым, не үшін бұл жаза? Білмеймін. Қазіргі халім осындай мүшкіл жайда, айналайын, Медеу... Сен қазір Қазақстанда жариялатпай қойған «Сәтбаевты» Мәскеуге шығарып, жол ашып алдың. Енді маған көмектес..-деген-ді ұстазым 1981 жылғы сұхбат үстінде маған ішін жеген мұнын шертіп.

Өзара ақылдасып, Москваның «Советский писатель» баспасы жыл ара шығаратын «Пути в незнаемое» жинағына Шоқан туралы эссесін ұсынуды жөн көрдік ( Жинақты құрастырушы Һәм бас редакторы Д. Данинге 18 мамырда Қарағандыдан жолданған хаттың түпнұсқасы қазірде ғалымның мұражайында сақтаулы). Дес бергенде мәскеулік әріптесіміз эссенің қол-жазбасын бірден мақұлдап, оны өзі шығаратын жинақтың кезекті басылымына қосатынын сол жазда-ақ хабарлады, әмбе қазақстандық академик-қаламгерді шығарушы алқаға мүше етіп енгізген. Сірә, бұл да тағдырдың тәлкегі, мәртебелі жинақтың 18-саны Ебекең өмірден озған соң жарық көрді; ол Шоқан туралы тамаша эссе қазақ оқырманына 22 жылдан соң жетті (қараңыз: Е. Букетов, «Көкейтесті».Шығармалар жинағының 2-кітабы, Қарағанды,2002 ж).... Амал нешік қаламы жүйрік, өзіндік айтары да, айбары да бар қаламгердің барлық әдеби шығармасы ол өмірден озған соң, Қазақстанда саяси басшылық өзгеріп, енді біразы тәуелсіздік заманы туған кезде ғана там- тұмдап жарық көре бастады, бірақ толық түрде әлі де жария болған жоқ. Осынау шексіз қиянаттың себебін түсіну де, түсіндіру де-біз үшін бүгінде де оңай емес. «Ұлттық мақтаныштарымыз, академиктер Қаныш Сәтбаев пен Ебіней Бөкетовтің есімі қазақстандықтарға жақсы мәлім. Республиканың бұрынғы басшылары олардың ұлан-ғайыр еңбегін ұзақ жылдар бойы аяқасты етіп, ел жадынан ұмыттыруға тырысты. Қазірде біз жазықсыз жапа шеккен, қуғын көргендер есімін асқан сүйіспеншілікпен Һәм күнәлі сезіммен туған халқына қайтардық...-деп жазған-ды Н.Ә. Назарбаев КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетін атқарған кезде «Правда» газетінің 1990 жылғы 23 ақпанында жарияланған сұхбатында. -Амал,қанша бұл түзетуді біз тым кешігіп жасадық, бұған да тәубе делік!

Ештен кеш жақсырақ деген уәж де, сірә, осындай түзетуге орай айтылған...

Ғалым өзі құрған институтына аға ғылыми қызметкер боп қайтып оралып, кейінге қалдырған байырғы ізденістеріне қайыра кіріседі. Солардың бірі-құл-боқаты көп, сапасы төмен көмірден органикалық синтездеу арқылы арзан бензин алу технологиясын жасау мүмкіндігі еді. «Қымбаты Еке» (хатта солай жазылған-М.С.). көмірді гидрогенизациялауға (сұйыққа айналдыру) сутегін қолдану жөніндегі сіздің соны ойыңыз маған ерекше ұнады.. Сіздер автоклавтың қандай түрін қолданып жүрсіздер? Біз мұнда автоклавпен біршама жұмыс істедік қажет десеңіз, тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз..» деп нақтылы қолғабыс етуге әзірлігін білдіріпті Еңбек Ері, КСРО ҒА-ның физикалық химия институтының директоры академик В.И. Спицин 1981 жылы Ебіней Арыстанұлына Москвадан жолдаған хатында. «Ардақты Вике, көмір химиясы жөніндегі жұмысымыз біршама баяу өрбуде. Амал не, ертегі тез айтылғанымен өмірде ондай тездік жоқ..»- деген сарында реніш айтыпты Е.А. бөкетов те мәскеулік әріптестеріне жолдаған жауап хатында.

.... Қысқасы, біз осы жолымызбен жүргіміз келеді. Өйткені Москваның жанғыш қазбаларын институты өздеріне таңдаған жолмен көмірді сұйылту неғайбыл іс екеніне әбден иландық. Мсыалы, молибден концентратының шығыныналайық, оны регенерациялау тіпті дүдәмаліс... дей келіп, қазақ ғалымы өздері құп көрген жаңа ғылыми бағытты егжей-тегжей сипаттайды,- ... Бұл үшін бізге автоклавтар да, басқа жабдықтар да керек болады. Оны кезінде хабарласамыз... сізден енді қиылып өтінер іс-мүмкін болса, жапон тіліндегі мына бір мақаланы аудартып берсеңіз?!»

Сол жылдың аяғына таман жаңа лабораторияда Майкөбе көмірінен бірер құты бензин алынады. Бұл болса қарағандылық ғлымды Қазақ ССр ҒА-ның президентіне кіріп, өзі бастаған жаңа зерттеудің үміт күткізерлік нәтиже бергенін мәлімдеп, әрине, соны сәтті аяқтау үшін қомақты қаржы бөлгізуге көмек сұрайды. Алайда, өтініші аяқсыз қалады. Қайсар жан бірақ арзан бензин шығару зерттеуінен бас тарпайды. «Қымбатты Вике, Сіздің жәрдеміңізсіз, сірә, бұл жақта мен ештеңе бітіре алмаймын. Өйткені үйдегі кітаптарыма ғана билігім бар кіріптар халдемін.. Өз басым бұл істен бірдеме шығатынына кәміл сенемін.Сол себепті сізден көмек пен кеңес алуға зәрумін...»-депті Ебіней Арыстанұлы Мәскеуге жолдаған келесі хатында. Ақыр аяғында обылстық партия комитеті В.И. Спициннің ресми жолдаған өтінішіне мән беріп, Қарағандыдағы құрылыс пен көмір басқармасына қаржы тауып, жартылай өндірістік сынақ жүрмек құтыхана үйін кеңейтуге міндеттеген қарар қабылдайды.

1982 жылдың аяқ шенінде құрылыс бітіп, зерттеушілер тобы мүдделі сынаққа кіріседі. «Аса құрметті Виктор Иванович!»... Өзімізден шығатын көмір түрлерін сұйық заттар алу мүмкіндігін дәлелдеумен қоса Павлодар мұнай өңдеу заводының қалдық өнімі гидрон-мазуттан да елу процент мөлшерінде қосымша бензин (рас, әзірше жүйелі түрде қойылған зертеу емес) ағызатын нәтижеге жеттік»-деп қуана хабарлапты Ебіней Арыстанұлы 1983 жылдың қаңтар айының 28 жұлдызында В.И. Спицинге жазған келесі хатында. Біршама бейнеттен соң сара бағытқа түскен көмірді сұйылту жұмысы қыс бойы, алты ай жаз, одан күз бойы тоқтаусыз жүреді. Өйткені сол қыста Москвада өткен алдын-ала талқылауда қарағандылық топтың осы бағыты аса мүдделі деп танылып, сынақтың қосымша нәтижелерін одақ химиктері бас қоспақ үлкен кеңесте тыңдау 1984 жылдың қаңтар айына белгіленген-ді...

Осы күнді тағатсыздана күткен, әмбе мәртебелі де салиқалы алқылауға мұқият әзірленуді мақсат еткен қарағандылық зертеушілер уақытпен есептеспей, күнді түнге жалғап, өздері ойлап тапқан жаңа технологияның бүге-шігесіне бойлай еніп шабыттана жұмыс істейді. Әрине, соның басы-қасында тынымсыз еңбек иесі Ебіней Арыстанұлы болған. Ебіней Арыстанұлының «Қарағандыглавснабтың» бастығы А.С. Никоновқа жолдаған тілдей хатының көшірмесі ғалымның архивінде сақтаулы: «Дорогой Анатолий Семенович, воспомоществуй, Христа ради, насосами высокого давления (хотя бы одним) длы будущих бензиновых рек из угольного бассейна. Премногим обязанный твоему вниманию. Е.А. Букетов,10 декабря 1983 г»

Амал қанша, нақ осы хат жазылған соң үш күннен кейін мейірімсіз инфаркт Ебіней Арыстанұлын екніші мәрте (алғашқысы бір жыл бұрын ұрған) шалып, халқымыз маңдайына біткен алып тұлғаны елу тоғыз жасқа аяқ басқан кемел шағында арамыздан қайтпас сапарға алып кетті.





Сәрсеке М. Қаныштың ізбасар інісі // Егемен Қазақстан.- 2003.- 26 қыркүйек.- Б.-3