Ұлыны ұлықтаудың үлгісі

Жерлес қаламгеріміз Медеу Сәрсекенің Қазақ ғылымының көшбасшысы академик Қ.И. Сәтбаев туралы ғұмырнама жазуды мұрат етуге кездейсоқ түспегені - өмір шындығы. Жазушының осы тақырыптағы кітаптарының алғы сөзіне қарағанда, «даңқты ғұламаның айшықты істері соғыстан кейінгі жылдарда жоғары білім алуға құштарланған қазақ жастарына ерекше әсер етіп, техника маманы болуға ынталандырған...» Соған орай өзі де орта мектепті тәмамдаған соң, сол уақытта аса мәртебелі саналатын Алматыдағы Қазақтың тау-кен институтына түсіп инженер мамандығын алады. Институтта, одан соң өндірісте жұмыс істеген жылдарында ол көркем әдебиетпен әуестеніп, ғылыми-фантастикалық хикаяттар жазуға қаламын ұштайды. Сөйтіп жүріп бала күнінде өзі армандаған «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз..» уәжіне бет бұрып, 60-жылдардың басында–ақ, ол Қаныш Имантайұлының ғұмыр жолын ұлықтауды өзіне шығармашылық мұрат етеді.

Шынтуайтын айтқанда, жазушы үшін бұл іс айтарлықтай ұзақ, әмбе соқтықпалы-соқпақты болды. Айталық, он жылдан астам уақыт тынымсыз зерттеуден кейін жазылған тұңғыш ғұмырнама туындысы «Сәтпаев» 1975 жылы, сол кездегі билеуші әкімдердің солақай әмірімен он бес жыл бойы жарық көрмей құлыпқа түсіп, республиканың саяси басшылығы өзгерген кезде, яки 1988 жылы ғана қазақ тілінде жарияланған. «Тағдыр менің жолыма неше алуан бөгеттер тұрғызды, соның бәрін қайыспай көтеріп, әділетсіздікпен күресе жүріп, ақыр аяғында тынымсыз еңбекпен жеңдім. Сол жолда қаһарманымның алып тұлғасы мен мәңгі өлмес ұлан-ғайыр істері маған қуат беріп шығармашылық мақсатымнан айнымауға жәрдемдесті. Сайып келгенде, осы сенім Қаныш- аға бейнесін әдеби тұлғалау жолындағы ой-жоспарымның толық жүзеге асуына қолын жеткізді. Сол үшін де шексіз бақыттымын!». – дейді, қаламгер орыс тілінде жарық көрген «Через тернии» (Өскемен, «Медиа-Альянс», 300 бет, 2003 жыл) атты жаңа кітабының соңғы тарауында. Естелік түрінде жазылған бұл кітабында семейлік қаламгер ұлы ғалымның ғұмырын зерттеу жолында өз басынан кешкен қилы оқиғаларды байыппен екшеп, әлеуметтік мәні бар елеулілерін сыр ғып шерткен. Сондықтан оның жанры эссе деп нақтыланып, кітаптың жұмбақ атауына «Сәтпаевқа барар қиын да қилы жолда» деген түйткілді анықтама қосылған.

Әсілі, бұл шығарманы оқып отырып бей-жай күйде қала алмайсыз. Әлбетте, оны шытырман оқиғалы детектив оқығандай бас алмай оқуыңыз анық. Кітаптың кіріспесі «Сәтпаевқа тыйым салған кім? деп аталған алғашқы тараудан басталған құмарлық одан әрі не болады деген ынтық көңілмен, автордың өз еңбегін жарыққа шығару үшін билік басындағылармен ұзақ күресін тұп-тура өзі кешкендей сезініп, соңғы бетке жеткенше сол әсер үзілмей құлшынудан арылмайды. Кітаптың «Талмауыр жерден тиген соққы», «Орталық Комитеттің хатшысының қабылдауында», Шараф Рашидовпен оңаша сұхбат», «Президенттің орнындағы - інім үшін» немесе «Сәтпаевтың таудай атағы кімге бөгет болды?» деген тарауларды сүйсіне де, күйіне отырып қадала оқуыңыз сөзсіз.

Алайда автордың өзі айтқандай, «бұл кітап әдебиеттегі қызықты оқиғалы детектив емес, кешегі заманда басынан өткен, ондаған жыл соларды көре жүріп, шығармашылық ісіне мұрат еткен басты еңбегін жазу, жарыққа шығару жолындағы шынайы күрес жылдарындағы бейнеті мен зейнетін еске алу». Осынау келеңсіз жәйттар туралы автормен сұхбатты «Казахстанская правда» газеті кезінде (8 сәуір 1989 ж.): «Ақыры сәтті аяқталатын шерлі детектив» деп тектен –текке атамаса керек-ті. Әлбетте, бұл оқиғалардың бәрі-бәрі кешегі күннің қайраткерлерін сыпыра қаралау солардың ұлы ғалым әруағына жасаған күйкі қастандығын әшкерлеу мақсатында жазылмағаны түсінікті. Медеу Сәрсеке өз шығармасында кек қайтару үрдісіне түспейді, өткен оқиғаның әлеуметтік мәнін ашып, келешек ұрпақ үшін қайталанбас сабақ болар жағын көбірек ойластырғаны сөзсіз. Яки адами әдептен озбайды. Бұған мысал – бір үйде тұратын Қаныш, Димаш есімді екі бүлдіршіннің өзара шынайы достығы туралы ұлағаты мол тамаша әңгіме...

«Через тернии»-дің соңғы тарауы «ХХ ғасырдың ұлы тұлғасы» деп аталған, оған ғұлама Қаныштың ЮНЕСКО деңгейінде өткен жүз жылдық тойының қайда, қалай мерекеленгені туралы көптеген мағлұмат енген, соның бәрі жазушының өзі көріп, көңілінде түйген әсері бойынша берілген. М.Сәрсекенің академик Сәтпаев ғұмыры мен айрықша еңбегі жайында Елбасы Н.Ә. Назарбаевпен жүргізген әңгіме-сұхбаты (кезінде баспасөзде жарияланған) да осы тарауға өте орынды қосылған.

Әсіресе, қаламгердің Парижге сапарында өзі де қатысқан мереке күндерінің баяндалуы ерекше әсерлі шыққанын айтуға тиіспіз. Ескертер жәйт, жазушының бұл туындысы бұдан тоғыз жыл бұрын «Қуғындалған Сәтпаев» деген атпен Алматының «Шабыт» баспасынан жарық көрген-ді. Алайда, мына басылым бұрынғы кітапты сөзбе-сөз қайталамайды, бірнеше жаңа тарау, ондаған парақтар қосу арқылы толығып баяндалған оқиғалардың мәні де тереңдеп, өткірленіп, әмбе әсерлігі жөніен күшейе түскен деуге болады.

Сірә, бұл да кешегі кер заманның таң қаларлық құбылыстарының бірі десек те, семейлік қаламгердің ұлы ғалым туралы ғұмырнама еңбегін өз елінде, ана тілінде жариялаудан тауы шағылып, әділдік жолында Мәскеуге сапары әлдеқайда сәттірек болғаны жақсы мәлім. «Сәтпаев»-тың Алматыда «қазаға» кесілген алғашқы нұсқасы бес жылдан кейін Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «Жайсаң адамдардың ғұмыры» сериясынан 1980 жылы 100 мың таралыммен орыс тілінде жарық көрді. Он жылдан кейін ғалымның тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында сол кітап Алматыда, сонша таралыммен тағы да орыс тілінде басылды.

Бүкілодақтық АПН ұжымының дерегі бойынша, тұңғыш қазақ академигі туралы ғұмырнама әлемнің 112 еліне таралып, таң қаларлық сұранысқа ие болған. Демек, қазақ ғалымының ұлан-ғайыр еңбегі мен ғылыми даңқын бұрынғыдан да кеңірек танытуға, таратуға бұл кітап айтарлықтай үлес қосқан. Ал ғалым есімін ұлықтау ұлттық саясат деңгейіне көтерілген кезде, әсіресе Қ. Сәтпаевтың жүз жылдық мерекесін тойлау қарсаңында жарық көрген, көркем суреттермен безенген Медеу Сәрсекенің «Қаныш елі» (мәтіні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған) альбом-кітабы мен жаңа тараулармен толықтырылып жарияланған «Қазақтың Қанышы» атты роман-әссесін жұртшылық ынтыға оқып, ұлы перзентінің ұлағатты өмірін қайыра танып, рухани ләззат алған зиялы қауым бұл кітаптарды «Сәтпаев туралы саға (ғұмыр-тарих)» деп бағалағаны мәлім. Қазақша тұңғыш рет толық көлемде жарияланған соңғы кітаптың орама тыстығына арнайы берілген анықтамада халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың қаламгер інісінің ұзақ жылғы еңбегін жоғары бағалап: «Ұлтымыздың ұлы перзенттерін ұлықтаудың үлгісі осындай-ақ болар...» деуі де сірә, осы еңбектің бүгінгі жасөспірім ұрпақ үшін рухани қажеттігін айқын сезінудентуған сөздер.

Осы арада тағы бір кереғар істі еске алуға тура келеді: қаламгердің роман эссесі Қазақстанның Сарыарқа атырабындағы облыстардың бес-алты университеті (соған мұрындық болушы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті), күллі Павлодар жұртшылығының атынан облыстық әкимат Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды; алайда оның сыйлық комиссиясының ең соңғы отырысында, жабық түрде дауыс беру үстінде жол кесілді. Осы комиссиясының төралқа мүшесі академик З.Қабдоловтың қорытынды мәжілісте жаны күйзеліп тұрып сол кездегі Ақпарат министрі А.Сәрсенбаевқа бағыштап айтқан: «Бұл қалай болды, Алтынбек? Әлемнің 112 елі оқыған кітапты, яки ұлы перзентімізді соншама елге таныстырған жазушының көп жылдық еңбегін әділ бағалауға ар-ожданымыздың жетпегені ме?...» - деген күмәнді сөзі, біздіңше, бұл істегі астыртын жүрген көзқыспа жәйттің, яки соншама мәртебелі комиссия мүшелерінің әлі күнге дейін бәз-баяғы ауыл-үйлік танымнан аса алмай жүргендігінің жай-жапсарын ашса керек. Ең қызығы, осы шешімге байланысты Қазақстанның 14 қаласынан Елбасы атына біздің жерлес жазушымыздың ғұмырлық еңбегінің үкімет тарапынан әлі күнге дейін дұрыс бағаланбай келе жатқанына наразылық білдірген жүз қаралы хаттар түсіпті, солардың ішінде ондаған академиктер мен әр алуан зиялы қауым өкілдерінің, тіпті Жезқазған, Балқаш, Қарағанды қалалары мен ту Қызылорданың арғы жағындағы Жосалы депосының жұмысшылар хаттары болған. Нәтижесінде ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекесі үстінде Медеу Сәрсеке Құрмет орденімен марапатталды. Сол марапатты омырауына таққан сәтте жазушының дүйім жұрт алдында: «Бұл орденді маған жер-жердегі жанашыр оқушыларым, Ұлы Қанекең әруағын қастерлеуден ешқашанда жаңылмаған халқым әперді, солардың кейбірі осы залда да отыр, ең алдымен ҚР-ның президентіне ұжымдық наразылық хат жолдаған Семей университетінің профессорлары мен оқытушыларына шексіз рахмет айтамын!...» -деген жүрекжарды сөзді тектен-текке айтпаса керек-ті.

Содан бергі екі жылда еңбекқор қаламгер болдым, толдым деп тыныш жатқан жоқ. Өзі мұрат еткен тақырыпты бұрынғыша тереңдете берді. Өткен жылы оның «Планета Сатпаева» аталған роман-эссесі «Өнер» баспасынан орыс тілінде жарық көрді. Жазушының айтуынша, бұл туынды- бұрынғы «Сәтпаев»-тың орысша екі басылымы және 1999 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Қазақтың Қанышы» негізінде туған, әмбе бұрынғы басылымдарында кеңестік қатаң цензорлар мен қытымыр редакторлар жариялауға тыйым салған, сол себептен ақтаңдақ қалпында қалып, ғалым өмірінің айтылмай жүрген қиын да қилы кезеңдері бүкпесіз ашық суреттелген жаңа тараулар мен ондаған парақтар тыңнан қосылумен дүниеге келген деректі ғұмырнама. Түйіп айтқанда, ол халқымыздың бетке ұстар асыл перзенті, ұлттық кемеңгері атанған ұлы тұлғаның шынайы бейнесін әсірелеусіз тұлғалап, тек нақтылы деректерді сөйлету арқылы, ғалым замандастарының жазбаша естеліктері мен ауызша айтқан әңгімелерін арқау етіп, соларды әдеби қызықты түрде оқиға желісіне кіріктірумен түзілген. Кітап бетінен сіз рухани тазалықты, кісілікті өз өміріне арқау еткен жайсаң Азамат, терең Ғұлама, мемлекет және қоғам Қайраткері - Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың ақиқат үшін арыстанша алысқан, сол жолда неше түрлі қудалау көріп жапа шеккен, ғылымның биік шыңына шығу үшін тынымсыз еңбек еткен, ақыр аяғында тұлғалы ісімен, өлмес ғылыми еңбектерімен, өмірге зор құштарлығымен туған халқының рухани ой-өрісін адамзат қауымының ілгері деңгейімен теңгерген алып тұлғаның кемеңгер бейнесін танисыз...

Жаңа кітаптың көлемі де айтарлықтай аумақты. Салыстырып қараңыз: орыс тілінде шыққан 1980 және 1989 жылдары алғашқы екі басылымның көлемі -18 және 24 баспа табақ болса, «Планета Сатпаева» - 43 табақ, яки 700 бетке жуықтаған. Роман- эссе қымбат мұқабамен түптеліп, сырты ғарыштан түсірілген жер бедерінің түрлі – түсті кескінімен безеніп, оның ортасына ғалымның парасатты суреті салынған әдемі тыстықпен (суперобложка) оралған, ал кітаптың мәтіні қардай ақ қағазға басылған...

Осы кітабының алғысөзінде жазушы «Планета Сатпаев»-пен Қанекең тақырыбын тоқтатамын деген лебіз білдіріпті. Айтуынша, бұл тақырыпты ұзын ырғасы 45 жылдай айналдырып, дүниеге үлкенді-кішілі 9 кітап беріпті, олардың жалпы таралымы 310 мың дана болыпты. Яғни, өз ойын, берерін түгел айтқан, ал бұдан арғы бұрынғы жазғандарын қайталау ғана болмақ. «Ендігі мақсатым, денсаулық жетсе, қалам қуатым мүмкіндік берсе - Қаныш ұлының ғылымдағы ізбасарлары ғұмырын ұлағаттау болмақ...» -деп түйіндейді жазушы.

Сөйтсе де, алуан оқиғаға бай дархан өмір жерлесімізге бұл тақырыпта тағы бір кітап шығаруға жазыпты. Кеше ғана тарих еншісіне ауысқан жылды Ресе Федерациясының президенті В.В. Путин «Қазақстан жылы» деп жариялағаны мәлім. Соған орай Ресейде Қазақстанның мәдени-рухани кең насихатталып, әрқилы игі шаралар жүзеге асқан. Соның бірі - қазақ жазушыларының таңдаулы кітаптарын Мәскеуде шығару жоспарланыпты. Солардың қатарында біздің де жерлесіміздің «Сәтбаевы» бәз-баяғы «Молодая гвардия» баспасының «Жайсаң жандар өмірі» («ЖЗЛ») сериясында 24 жылдан кейін алғашқы басылымнан екі есеге жуық қалыңдаған көлемде, 32 бетіне Қаныш ағамыздың өмірін және өскен ортасын бейнелейтін суреттерімен қайта жарияланды. Бұл кітапқа тапсырыс жасаушы - Қазақстан Республикасының үкіметі ғажап іс демеске шараңыз жоқ. Бір кезде республика үкіметі тап осы кітапты Мәскеу түгілі Алматыда шығаруға тыйым салса, енді жаңа үкімет соны Ресей сияқты алып елдің астанасында, әлемге әйгілі серияда жариялауға құштар болып, сол үшін шетелдік валютамен мыңдаған қаржы бөлген?! «Шаттан, қазақ, бұл да қолың жеткен тәуелсіздіктің арқасы!...»- демеске шараң жоқ.

Өткен жылдың аяқ шенінде жарыққа шыққан мәскеулік «Сәтпаев» - тың сүйінші данасын біз автордың қолынан көрдік, осы мақалмен бірге мұқабасының суретін де жариялап отырмыз. Әрине, қуанышты жайт екені даусыз. Мұндайда біздің қазақ «Ақ түйенің қарны жарылды, әділдік әрқашанда жеңетініне тағы да көзіміз жетті. Медеке, жаңа жылда Мәскеуден алған қымбат та мәртебелі сыйлығыңыз қайырлы болсын. Өз оқушыларыңызды осындай рухани дүниелермен қуанта беріңіз!...» -дейміз.





Бәшей К. Ұлыны ұлықтаудың үлгісі // Ертіс өңірі.- 2004.- 22 қаңтар.- Б. 27.