Медеу Сапаұлы Сәрсекенің ғұмыр тарихы қысқа да нұсқа: ол бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданының Қайнар ауылында 1936 жылы қаңтар айының 2- ші жұлдызында дүниеге келген. Табиғатынан зерек, дарынды жас жасынан қиялды серік ете жүріп ержеткен. 1953 жылы Қайнар орта мектебін алтын медальмен бітіріп, қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетке бәсеке сынақсыз қабылданған. Техника ілімінің күрделі кілтипатын қиналмай игеріп, өз қатарынан алдыңғы легінде оқыған.
Анығында, ол өмір жолының ту басында кәнігі әдебиетші болуға қамданбаған. Инженер дипломын алып, арман еткен мамандығын жете меңгеру үшін ауыр өндірістің бірі - Семей цемент зауытында аттай бес жыл бойы құрылыстың ділгір шикізатын күйдірумен шұғылданған. Сірә, бұл істе де өз қатарының соңғысы болмаған, техника бөлімінің аға инженері, білікті маман атанған. Өндіріс қазанында пісіп- қатып, өмір мектебінен өткен.
Студенттік шағынан республикалық баспасөзде жиі көрінуі әрнеге ынтызар шәкірт үшін текке өтпеді. 1959 жылы тұңғыш әңгімелер жинағы -Ғажайып сәуле» жеке кітап болып жарық көрді. Бұл оқиға жас жігіттің өзі нысана еткен ғұмырлық жолынан ауытқып, әдеби еңбекке шұғыл бетбұрыс жасауға ықпалын тигізген. Инженер дипломына ие болған жас маман «Лениншіл жас» редакциясының шақыруынан бас тартпай, сол күнде аса беделді жастар газетінде еңбек жолын жалғастырады. Әлеумет мәселелерін жастарға тән қызу әуенмен көтере білетін, қауым арасында жүз мыңдап таралатын газеттің редакциясында Медеу Сапаұлы қаламгерлік өнердің әліппесін игеріп, қаламы жүйрік, олқылықты көргіш, әрнеге бейжай қарай алмайтын сезімтал журналист ретінде танылды.
Тас қамауды бұзып шыққан қайнар бұлақтай көзі ашылған бастау, бейнелеп айтқанда, көкейінде тулаған «шығармашылық дерт» жас инженерді бей-жай қалдырмаған. Өндірісте істе жүріп, Медеу Сәрсеке әсер алған оқиғаны қағазға түсіру машығынан қол үзбейді. Қазақ әдебиетіндегі ғылыми- фантастика жанрының алғашқы қарлығаштары атанған «Көрінбестің көлеңкесі», «От және атом», «Жетінші толқын» атты таңғажайып хикаяттарын ол Семей цемент зауытында жұмыс істеген жылдарында жазған. Мерзімді баспасөз беттерінде өндіріс адамдары туралы очерктер жариялаудан да шет қалмаған. Сол жылдардың көрнекті бір жемісі- «Жазушы» баспасының арнайы тапсырмасымен жазылған очерктер жинағы «Жетіжылдықтың жігіттері». Нәтижесінде 1962 жылы инженер жігіт КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады, бұл болса ауыр өндіріс ортасында жүрген жас қаламгердің өр талабына қанат бітіріп, шабытын шыңдай түскен.
Ғұлама Әлкей Марғұлан 1963 жылы инженер қаламгерді Алматыға шақырып, сұхбат үстінде ғылыми-фантастика тақырыбын тежей тұрып, біртуар ұлттық тұлға Қаныш Сәтбаев өмірін түбегейлі зерттеп, әдеб ғұмырнама жазуды ұсынуы- осы танымнан, жазушының тырнақалды қадамын құптап, үміт артудың нышаны. Сірә, көкей түкпірінде сол кезде қаламгер қауымына жаппай жүктелген күрделі тақырып- өндіріс адамдарының айшықты өмірін көркем шығармалармен бейнелеу де жас жазушының ойында болып, ерекше қызықтырған.Қысқасы, республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті партия органдары арқылы редакцияға шақыртып, өндіріс бөлімінде қызмет істеуді ұсынғанда, өндірісі қорлы Өскемен қаласына қоныс аударып, осы басылымның Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болуды қалайды. Содан былай Кенді Алтайдың кен-металлургия комбинаттарын ертелі-кеш аралап, Лениногор (қазірде Риддер), Зырян, Белогор сияқты үлкенді-кішілі кенттерінің өндірістері мен тыныс-тірлігін зерттеуге кіріседі.
1965 жылдың көктемінде Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы, ірі суреткер Ғабит Мүсірепов Өскеменге жеделхат жолдап, Медеу Сәрсекені Семейде қайыра ашылған облысаралық әдеби бөлімшеге жетекшілік етуге шақырғанда, ол аға қаламгердің ұсынысын қуана қабылдап, эссе өз мойындағандай: «Қаныш аға өмірін ұлықтауға бұл қызметтің пайдасы тиетінін түсініп, көкейде ұялап қалған сол тақырыппен түбегейлі айналысуды мақсат етіп, туған өлкеме қайта оралдым...» - дейді.
Бұл қызметті ол артық-кемі жоқ аттай отыз үш жыл атқарып, 1997 жылы зейнетке шықты. Осы жылдарда ол Ертіс бойындағы бұрынғы үш облыс әдебиетшілерінің қарымды тобының шығармашылық жолы мен табысына үнемі қозғаушы, демеуші болып, нақты қолғабыс тигізгенін атап өту абзал.
Республика жұртшылығының рухани-мәдени хал-қадерінше атсалысып, қаламгер бұл істе бірегейлер қатарында жүріп, лайықты марапаттар иееленді: 1970 жылы ол «Еңбектің ерлігі» медаліне ие болып, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің Құрмет қағаздарымен, Президент Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да жазушы қалам тербетуді тоқтатқан жоқ.
Медеу Сәрсеке- әдебиетке өзіндік қырымен, дара соқпағымен келген жазушы – әдебиет әлеміне бойлаған сайын жүз толғанып, мың ойланып, өз тақырыбын таңдап та, талғап та жүріп қалам тербеген дарын иесі. Әдебиет әлемінде М.Сәрсекені деректі прозаның айтулы шебері атауы- тек қана қостауды қажетсінетін шындық. Медеу - қазіргі қазақ әдебиетіне жазушылық биік мәдениет, деректі проза жанрына өзіндік тың ырғақ енгізген қаламгер. Қазақ әдебиетінде фантастика жанрының бастауында тұрған қалам иесі.
Ғылыми-фантастика ғаламатындағы қалам қарымын танытатын тұңғыш туындысы «Ғажайып сәуле» хикаятында ол ғылым мен техниканың бүгінгі көкжиегі мен келешек мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп, қиялмен қиюластырады. Өз шығармасына ол уран тұзымен боялған құмыра, алуан субұрқақ, фотохат, аэротакси, уран іздейтін жарақ, өзге де техникалық кереметтер енгізіп, оқырман көкеінде сол құдіретті білсем, игерсем, танысам деген түйсікті қанаттандырады. Ауыл баласы Талаптың қала тірлігінен көрген кереметтері- хикаят лейтмотиві, жазушы кейіпкерінің көзімен келешек өмірдің болмысын елестетеді.
Хикаят қаһармандарының есімдері де дараланған. Жасампаз елдің жас үміткері - Талап, жаңалық жаршысы- Сәулебек, жаратқанның жай оытн адам игілігіне жаратқан- Ақыл. Ақыл сәулемен нұрланса, талапты жанның алмас қамалы жоқ. Жаратушы сыйлаған жүйрік қиялдың жал- құйрығын сүзіп, баптап мінген жас талаптың ерекшелігі - жады жазирасындағы келешек адамына іңкәрлігі. Осы күнгі өркениет табысына сүйеніп, келешек әлемнің, келер ғасырлар перзентімен қауышу да жан құштарлығынан туындайды. Жазушы жүздеген жылдан кейін келетін төрткүл дүниенің тілшісі іспетті. Ал ғылыми-фантастикалық шығармалары- келешек өмірге саяхат. Ертеңгі өмір ертекшісі болған Медеу «дерті» - бейтаныс адамзат баласының күні ертең алдынан шығар қақтығыстар мен тартыстар әлемі. Әсілі, алғашқы кітабында-ақ Медеу өз мүмкіндігінің жетер мәресін анықтай алған.
М.Сәрсеке өзі сүйіп оқитын А.Беляевтің «Адам-амфибия» романын «Қос мекенді адам» деген әсерлі де бейнелі атаумен қазақша аударған. Өзі де тың идеялар тауып, осы жанрға тұсаукесер болар шығармалар жазуға талаптанған. Соның бірі -1960 жылы жарық көрген «Көрінбестің көлеңкесі» атты ғылыми-фантастикалық хикаяты. Ғылыми-фантастикалық шығармалардың әйгілі майталманы Жюль Верн өз туындыларын «ғылым жайындағы романдар» деп атаған. Шындығында, осы жанрдың төл шығармаларының анасы- қиял да, атасы-ғылым. Жаңа хикаятында Медеу Сәрсеке Кенбі тауында жанартау атқылауын негіз етеді. Жанартау күшін жүгендеу, оны қауым игілігіне жарату- шығарманың түйіні.Кенбі тауының табиғаты қақаған қыста күрт өзгеріп, ақ түтек боранның орнына ескек жел соққан түсініксіз құбылыс жергілікті тұрғындарды қатты сескентеді. Ширақ басталып, шымыр дамыған оқиға «Кенбі жұмбағын» шешуге ғылым иелерін жұмылдырады. «Көрінбестің көлеңкесі» туралы жалған аңызды өз жанынан әсірелеп жұртты дүрліктіруші Рахмет ақсақал бейнесі- кеңестік дәуірдегі дінді буып ұстайтын теріс пиғылдың айқын көрінісі.
Повестің экспозициясын жинақы, оқиға желісін ықшам, ұғымға жеңіл, ойға қонымды етіп бастау- Сәрсеке стилі. Жазушы шеберлігі де әр бейнені бірлі-жарым детальмен даралай білуінде.
«Не жүйрік? Қиял жүйрік пендедегі», - деп жыр құлагері Ілияс айтқандай, адамзат қиялының ғажайып шексіздігін танытатын Медеу шығармашылығының бірегейі, шоқтығы биігі, біздіңше, қазақ фантастикасының әзірше үздігі де «шытырман оқиғалы ғылыми- қияли хикаят» деген анықтамамен жарық көрген «Жетінші толқын» туындысы. Кезінде бұл хикаят орыс тіліне аударылып, жүз мың таралыммен Кеңес Одағының шартарабына таратылады. Ана тілінде де 1965-2004 жылдар аралығында үш дүркін мыңдаған таралыммен қайыра басылып, былайша айтқанда, жеткіншек оқырманның төрт-бес ұрпағына рухани азық болған шығарма. Демек, оның оқушы көңілінен шыққандығы даусыз. Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастикалық жанрдың көш басында болып, оның өрістеуіне үлес қосқан қаламгердің «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» қияли хикаяттары, техника кереметін қарапайымдап түсіндірген «От және атом» атты кітабы да ұлтымыздың оқырманы қолынан түсірмей, сүйіп оқитын шығармаларына айналды.
Медеу Сәрсекенің өндіріс тақырыбындағы романдары жазушылық шеберліктің және бір баспалдағына көтерілгендігін, әдеби өскендігін айғақтайды. «Жарылыс» - бұл бағыттағы күрделі шығарма. «Жарылыс» романының дүниеге келуінде, біздіңше, түткілді гәп бар. Оның сырын автордың өзі бертінде жария еткен бір сұхбатында бүкпесіз ашыпты. Бақсақ, «Сәтбаев» ғұмырнамасы Алматыда жолсыз тежеуге ұшырап, келеңсіз өмірмен тоқтап қалғанда, соған өзінің, қауымның наразылығын бейнелеу мақсатымен әміршіл қасаң жүйеге рухани қарсылық шарасы ретінде жазылған. Ақиқат үшін күресуші инженер Таңат Таубаев бейнесі арқылы өндірістік жарылыс ақыр аяғында әлгі бейненің рухани «жарылуына» айналады. Авторды астыртын ойын кітап редакторы да, романның қолжазбасын оқыған әдеби рецензенттер мен қатаң цензорлар да, әрине, тарқата білген. Шығарманы жариялауда күдік туып, ақырында «Кеңес өндірісінде мұндай залалды жарылыс болса да, бадырайтып көрсетуге болмайды...» деген желеу үстем шығып, баспа басшылары романның шатақ атын өзгертіп, «Жаңғырық» деген елеусіз атауға ауыстырады.
«Жарылыс» романы – кеңестік дәуірдегі өндірістің тыныс-тіршілігін білгірлікпен суреттеген кең ауқымды шығарма. Академик С.Қирабаевтың пікіріне жол берсек: «М.Сәрсекеевтің «Жаңғырық» романы өндіріс тақырыбына арналған. Ондағы тартыс өндірістік қарым-қатынастардан туады. Бірақ оның негізінде адамдық, адалдық үшін күрес бар. ... Роман өндіріс адамдарының өмірін бүгінгі ғылыми-техникалық прогресс заманының шындығымен байланыстырып, үлкен прозаның байсалды реалистік үлгісінде суреттейді». Айтса айтқандай, роман - отандық индустрияның, әсіресе қазақтың техникалық қауымының шарықтап өсуін айқын көрсететін айнасы іспетті шығарма. Сондықтан да сарабдал ой иесі, мадақ сөзге сараң суреткер Ғабит Мүсірепов оны осы сарындас шығармалардан даралап атаған, одақтық басылымда жариялануына тұсауын кесуден тартынбаған. Көптетеген жазушылар өндіріс тақырыбына құмарта барып, соған тек қарымы жетпей, шолу, саяхат түрінде ғана бойласа, инженер Медеу өндірістің ыстығы мен суығын басынан кешіп, қыр-сырын да білікті инженер көзімен меңгерген жазушы ретінде бағымдайды. Бұл оның өзге жазармандардан артықшылығы.
Жазушының «Жарылысқа» ілесе жазған екінші романы- «Көмбе». Біздіңше, қаламгердің «Сәтбаевы», оған ілесе жазылған «Жарылыс» пен «Көмбе» романдарын бір-бірінен бөле қарауға болмайды, яки- тақырып ұқсастығымен өзара қабысатын, бірін-бірі толықтыра түсетін кең тынысты туындылар. Медеу кейіпкерлерінің өсу жолы- қазақ даласындағы өнеркәсіптің өсу жолы. Жазушы соларды іздеп тауып, жеріне жеткізе ұлықтап, отандық индустрияның шаңырағын көтеруші, басты қайраткері етіп даралап, солармен бірге тізе қоса еңбек еткен жұмысшы, инженер, ғалымдардың да жиынтық бейнелерін тұлғалап, ортақ ізденістері туыстырған өнегелі өмірлерін көркем әдебиеттің зерттеу объектісіне айналдыра білді. Бұл шығармалардан, ең алдымен, біз тұлғалы бейнеден гөрі, өркениеті шарықтап өскен елдің білімдарлық ділін танимыз.
«Көмбенің» оқиға желісі шытырман қақтығыстарға толы. Күйбең тірлік тартысы емес, мүдделер қақтығысына құрылған. Тартыстың бір басында академик Снурников бастаған білікті ғылым иелері, екінші шенінде жаңа білгір Табаров, ал Қазыбек, Науқанбек, Бақбай тектес еңбек адамдары үшінші лекте және олар «біз сөйтеміз» деп, кеуде соғып көзге түспейді. Үкілі төбе астындағы көмбенің ашылмауы да жеке бастың олқылығы иә білім таяздығы емес, өзара кереғар пікірлер қайшылығынан. Шынтуайтын айтсақ, көмбенің ашылуы уақыт еншісінде. Академик Снурников болжағандай, «уақыты жеткенде, ол да жасырынуды қойып, ділгірлік қажетін өтеу үшін жарқ етеді-міс...». Ақыры, не керек, ғылыми көзқарастар мен идеялар тартысы бас қаһарманды роман басында оқиға шебінен ығыстырса, сол шытырман шешілер кезеңде, барлау алаңына қайыра әкелді. Әрине, құпия көмбені мәскеулік Табаров емес, өзін барлау ісінің марғасқасы санайтын Құдайбергенов те емес, қарапайым геолог Қазтуғанов ашады.
Түйіндей айтқанда, Медеу Сәрсеке тоқсаныншы жылдардың орта шенінде жариялаған «Көмбе» романы арқылы ұлт әдебиетінде дәстүр болып қалыптасқан, ауыл адамдарының қарапайым тірлігін суреттеумен халыққа танылған, шет жұрттарға да әйгі болған роман, хикаяттар легіне тың жаңалық, жаңа соқпақ салып, өндіріс тірлігін көрсеткен туынды.
Қаламгердің проза саласында қол жеткізген табыстары драматургия жанрында да жалғасын тапты. Оның «Шығыс хикаясы» драмасы осындай талаптан, яки әлеуметтік сұраныстан туған. «Жарылыс» романы жария болып, Одақ көлемінде таныла бастағанда, ширыққан қақтығыстың драмалық нұсқасын жасапты. Пьесаның сол нұсқасы Алматыдағы Лермонтов театрында қойылып, көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болды.
«Заңды неке» күлдіргі комедиясында небәрі төрт-ақ кейіпкер бар. Жұрт назарына ұсынған қарапайым – отбасының бірлігі, ерлі-зайыпты, некелі жандардың етене тірлігі. Семей көрермені бұл қойылымды қызыға көрді. Театр басқа облыстарға гастрольге барғанда, осы туындыға сұраныс ерекше жиі болған. Медеу Сәрсекенің «Заңды неке» атты комедиялық пьесасы театр сахнасында тұсауын алғаш рет 1988 жылы кесіп, көрермендер көзайымына айналды. 1993 жылы 27 қаңтарда 500-ші қойылымын салтанатты түрде жұртшылыққа ұсынып, жазушы драмасының өміршеңдігін мәлімдеді. Театрлар тарихында бұл – рекордтық көрсеткіш. Сірә, сол себептен де республика газеттері осы комедия туралы кезінде «Нашар спектакль 500 мәрте көрсетілмейді» деген тақырыппен жарыса жазғаны да өмірде болған жайт. Шынында да, театр ойыны – оқылмаса да сөреде жылдар бойы тұра беретін кітап емес, қызықты болмаса, көрерменді қолынан жетелеп театрға апара алмайсың.
Драматургия жанры, тегінде, қаламгер қауымы үшін – өзгеше мектеп, оқиғаны ширақ желіге құрып, сөз нөпірін шақтап қолдануға үйретеді. Медеу Сәрсекенің, өзінің мойындауынша, пьеса жазумен шұғылдануы сондықтан.
Драматургияның қатпарлы сырларын жан-жақты меңгерген жазушы бұдан бес жыл бұрын «Тендерге түскен келіншек» пьесасын ұсынды. «Алаш айнасы» газетіне (2011, 28 маусым) берген сұхбатында ол драмаға түрткі болған жайтты айқара ашып: «Тегінде мен пьеса жазуды кәсіп еткен қаламгер емеспін. Әлдебір оқиға ішіме сыймай, ұйқым бұзылған кезде ғана соны драмаға айналдырамын. Бірде өзім тұратын үйдің ауласында демалып отырғанымда қоқыс жәшігінен шөлмек жинап жүрген мосқал жастағы ер адамды қасыма шақырып, әңгімеге тарттым. Ол маған осы тірлікке қалайша душар болғанын егіле сөз етті. Қысқасы, сол күнгі әңгіме қалам тербеуге дәнекер болды...» - деген.
Жазушы жанын күйзелтіп, жүрегін қан жылатқан сол оқиғадан қазіргі заманның көлеңке жағын көрген, бұрынғы құндылықтардың азғындап, төрткүл дүниенің ар-ұят шебінен қашықтап, доллар додасына түскенін сахнада айшықтауға жедел кіріскен. Ұлтымыздың асыл қасиеттерін сақтауға қазірде сан алуан кедергі бар, иә, шырмауықша шырмаған нарық қыспағына төзу үшін әрбір қадамымызға сақтықпен қарауға мәжбүрміз. Біздіңше, «Тендерге түскен келіншек» драмасының ерекше сұранысқа ие болған себебі де көтерген мәселенің өткірлігінде.
Қилы жанрлар табиғатына үңіліп, сөз кестелеудің азапты тұңғиығына бойлаған сайын қаламгер атаулы өзіне лайық тақырып іздеп, сара жолын белгілеуге ұмтыла бермек. Медеу Сәрсекенің де сол бағытта ізденіс жасап жүріп, қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасын өрнектеуге бет бұрғанын біз жоғарыда ішінара айттық. Саралап қарасақ, бұл тақыраптағы алғашқы барлауы, жолжазба очеркі «Жезқазған осылай туғанды» ол 1959 жылы жариялапты. Бұл қарсаңда ол жиырма үш жаста, әдеби шығармашылыққа талпынып жүрген шағы. Осы тақырыпқа бойлап енуге ұсынысты Ә.Марғұланнан естіген. 1980 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «Жайсаң адамдардың өмірі» сериясында («ЖЗЛ» атанған) тұңғыш шыққан айтулы ғұмырнамасының халықаралық жәрмеңкеде 5 мың данасы таратылыпты. Қазақтың Қанышын әлемге танымал еткен інісінің шығармашылығына тәнті болған Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың сөзімен айтсақ: «Алыпты алып қана арқалай алады, Абайдай данышпанды Әуезов әлемге танытты. Сәтбаевтың ұлы тұлғасын М.Сәрсеке ұлықтады, ЮНЕСКО жариялаған дерекке қарағанда, оның «Сәтбаевы» әлемнің 112 еліне тарапты! Бұл – заңғар ғалымның есімін туған жұртында айтқызбай жүрген кешегі кереғар заманда Медеудің ерлігімен жүзеге асқан іс».
Сөйтіп, Сәтбаев ғұмыры М.Сәрсекенің шығармашылық өмірбаянының алтын діңгегіне айналды. Жазушының техникалық білімі, өндіріс тынысымен жете таныстығы мен әдеби қарымының қабысуы, одан да гөрі көп жылдық сан салалы ізденіске жалықпай берілуі көп жұрт кезінде күптене қараған келелі істің аяқталуына мұрындық болды. Қолдан жасалған тосқауылды талқандаған ғұмырнама романның адуын екпіні төрткүл дүниеге тарады. Туу баста «Сәтбаев», одан соң «Қазақтың Қанышы», бертінде «Сәтбаев планетасы», бірқанша өзгертілген бір нұсқасы «Қаныш елі» атанған, он төрт басылымнан тұратын ғұмырнама кітаптардың бәрінің де түп негізі бір – ұлы ғалымның өмір жолын ұлықтау, тек заман өзгеріп, кеңестік идеология өмірден көшіп, қатаң цензура мен әріпшіл редакторлар әмірі жойылғанда, бұрын жаза алмаған, айтуға да тиым салынған тараулар мен қомақты беттер қосылып, қайыра шыққан сайын, ғалым өмірінің шежіресі молайып, жаңарып та отырған.
Кітап тағдыры да адамдар ғұмырындай сипатқа ие. Өзіндік тарихы, тағдыр-талайы болады. Кей кітаптар бір оқығаннан кейін іле-шала ұмыт болады, өмірде бір мәрте кездесіп, қайыра ұшыраспаған бейтаныс іспетті. Осы жөнмен топшылағанда, Сәрсекенің «Сәтбаевының» ғұмыры ұзаққа кетеріне біз ерекше сенімдіміз. Әркімнің сырласындай, ақылшысындай боп үйінде сақталар қастерлі кітапқа айналары анық. Бұл болса жазушы бақытты!
Өз мәнерін тапқан жазушы Қаныш ғұмырнамасын тамамдаудан соң, «Сәтбаевтың ізбасарлары» тақырыбын шиырлай түсетіндігін бұдан біраз жыл бұрынғы сұхбатында ескерткен болатын. Сонымен-ақ ол қазақ аспанындағы Қаныш жұлдызы жалғыз еместігін жария етті.
2007 жылы М.Сәрсеке «Егемен Қазақстан» газетінде «Қаныштың ізбасар інісі» деп айшықтаған, өзінің институттағы сүйікті ұстазы, академик, химия ілімін ілгері дамытушы атанған біртуар тұлға, кәнігі әдебиетші, ақын, аудармашы Ебіней Арыстанұлы Бөкетов туралы көлемді ғұмырнама жариялады. «Қазақстан» және «Фолиант» баспаларының жарыса шығарған сериялық бір кітапқа қойған айдары да өзара үндес: бірі – «Ғибратты ғұмыр», екіншісі – «Нартұлға». Бұл болса атақты перзенттеріміздің өмір жолына, азаматтық өнегесіне, артында қалған мұрасына баспагерлердің де, зиялы қауымның да бейжай еместігінің белгісі. Ал академик Бөкетов болса – өмірін келелі істермен, әсіресе ғылым саласында айрықша еңбек еткен, тұрлаулы ізі айқын бірегей алыптарымыздың бірі, ұстазы Қаныш ғылымын алға өрістетуші, бірақ ғұмыр жолы бақытсыз болып, қысқа өмірі айтыс-тартыспен өткен, билік басындағылардан қиянатты көп көрген трагедиялық кейіптегі ғалым. Жоғарыда ескерткеніміздей, Медеу Сәрсеке одан студент кезінде дәріс алған, дипломдық жұмысын да сол кісінің жетекшілігімен қорғаған. Әдебиет әлеміне де, өзі бертінде мойындағандай, Ебіней Арыстанұлының тікелей ықпалымен түскен.
Сондықтан да жазушы жаңа ғұмырнамасында ұстазы өмірінің басты-басты кезеңдерін, өсу белестерін даралай өріп, ішінара өзінің де студент шағына түсе отырып, шығарманы естелік-эссе түрінде өреді. Сонымен-ақ шығарманың шыншыл тіліне сенім пайда болады. Бас қаһарманның әдеби жолы, аудармашылық өнері, ақындық шабытты шақтары да оқушының көз алдынан қаздай тізіліп, айшықты өрнектермен дараланып отырады. Әрине, ғалымның басты қарекеті – ғылыми өсуі де ширыға түсіп, бірте-бірте шарықтай береді. Алуан қақтығыстар, ғылыми үрдістер алдыңызға тартылады. Бұл болса Ебіней ғалымның өсу жолы, танылу жолы. Табысы да, сәтсіздігі де айқара ашылады. Автор Е.А.Бөкетовтің ғылыми жаңалықтарының Одақ көлеміндегі салмақ үлесін металлург ретіндек де терең бағамдап, сирек металдарды қорыту ісіндегі ұлы жаңалықтарын нақты айғақтармен саралаған. Әлбетте, бұл шығармасында да Сәрсеке «Сәтбаевта» өзі тапқан жазу мәнерінен айнымай, деректерді «сөйлетіп», естеліктерді қажетіне жаратқан. Сөйтіп, небәрі он үш тараудан тұратын (көлемі 500 парақтан астам) ғалым ғұмырнамасы оқушыны титтей де жалықтырмай, еліктіре оқытады. Әрине, соңғы тарауларды тебіренбей, қынжылмай қабылдау – мүмкін емес, өйткені күллі Одақ таныған, есімі шетелге мәлім болған біртуар жанның өз Отанында қадірі болмай, қуғын көргені,әдеби, ғылыми еңбектері жарияланбай, запы шеккені, ақыры, жүрек талмасы үшінші мәрте шалғанда, елу тоғыз жасында мерт болғаны айтуға ғана жеңіл. Жазушы бұл жолы да шындықты, қандай ащы болса да, қаза жазу мәнерінен айнымайды.
Медеу Сәрсеке – деректі, тарихи, ғұмырнамалық шығарма жазудың қыр-сырын әбден меңгерген қаламгер. Қолына алған тақырыптың «жілігін шағып, майын ішер» шеберлікке жеткені де даусыз шындық. Десек те ақпарат айдынында қазақтың біртуар тарихшысы Ермұхан Бекмаханов туралы деректі кітапқа кіріскендігі туралы хабар тарағанда, «Тарихи тақырыпта несі бар?» - деушілердің бірі біз едік...
Ермұхан Бекмаханұлының отбасының өтінішімен осы тақырыпқа кіріскен жазушы, өзінің айтуынша, 12 жыл ғұмырын жұмсапты. Әлбетте, тарихшының жұбайы Халима Адамбекқызы ұсынған күллі мұрағатты сүзгіден өткізген. Алматы, Мәскеу қалаларының мұрағаттарында сақталған деректерді де мол жинаған. Мәскеуде тұратын ғалымның тарихшы перзенті, профессор Нәйла Ермұханқызымен бірнеше мәрте кездесіп, оған да сұраулар жолдап, жауап алған. Әрқилы жазбалар, ғылыми еңбектер, монографиялық зерттеулер, фотосуреттер, хаттар, көз көргеннің баяны, қаптаған жиналыстар мен мәжілістердің хаттамаларды да үйінде ұстаған. Әсіре саясаттанып кеткен қазақ халқының тарихын ой елегінен өткізіп, тарихи кітаптар мен оқулықтарды оқып, өзінше саралайды. Шындықтан ауытқуға жоқ каламгер сол ізденісте, неше түрлі шынайы алып тұлғалармен қоса, жалтақ, пиғылы оңғақ, екіжүзді ғалымсымақтардың, мемлекет қайраткерлерінің пендешілік әрекеттерін бүкпесіз көрсетеді. М.Сәрсекенің «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасы 2010 жылдың күзінде Астанадағы «Фолиант» баспасының «Нартұлға» топтамасынан 700 бетке таяу көлеммен қазақша және орыс тілдерінде бірдей жарияланды, сол туындының сәл-пәл қысқарған нұсқасы желтоқсан айында Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясынан жарық көрді.
Қазақ тарихын жазуға тыйым салынған ауыр жылдарды да бастан кешірдік. Өткендегі қазақ тарихы отарлаушы елдің әлімжеттік көзқарасымен жазылды. Тәубе, Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген бақытты кезеңге жеттік. Әйтсе де дағдылы кібіртіктеуден ақырына дейін арылдық па? Әрине, жоқ. Хандар мен батырларымыздың ел тарихындағы өзгеше орны, қазақ жұртын біріктіруге бағышталған жанқиярлық еңбектері, зерделеп қарасаңыз, әлі күнге дейін шынайы ғылыми түрде тарқатылған жоқ.
Е.Бекмаханов ұстанымындай төмендегі жолдарды оқи отырып: «Тарих рецеппен жасалмайды. Оқиғаларды бағалағанда біз нақты тарихи жағдайларға, қолдағы бар деректерге сүйенуіміз керек. Не нәрсенің мәнін түсінуге бастайтын кілт сол», - дегеніне қалтқысыз сенесің. Біздіңше, «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасы – Медеу Сәрсекенің деректі жанрдағы аса қомақты табысы. Романның бас қаһарманы аса жоғары лауазымды республика басшысына жолдаған хатында: «Мен сол даңғаза дүрмектің көк тиынға татымайтынына кәміл сенімдімін. Жылдар өтер, қызу қандылар сабасына түсер, сонда барып жұрт біздің өткенімізді сергек көңілмен таразылар»,- депті. Бұл болса өз ісінің ақтығына сенген адамның жүрек тебіренісі. Асыл текті Ермұхан Бекмаханов елу жастың өріне шыққанда, 1966 жылы лагерьде өршіген ауыр науқастан опат болған.
Жазушының Қ.Сәтбаевқа, Е.Бөкетовке және Е.Бекмахановқа арналған ұзақ жылдар бойы қиямет-қайым ауыр ізденістер нәтижесінде өмірге келген үш туындысы еліміздің ең жоғары – Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық еңбектер екенін атап көрсетуді өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Мен қазақпын деген ұстанымға ділі бекем, отаншыл рухын әрқашан да жоғары ұстайтын азаматтарымыз бұл еңбектермен жан-жақты танысса деймін. Ұлтымыздың ар-ожданын және биік абыройын аспандатқан қайраткер тұлғаларымыз туралы мұндай қасиетті, қадірлі шығармаларды қазақ перзенттері ұрпақтан-ұрпаққа әйгілеп, төл тарихымызды құрметтеуде жас ұрпаққа үлгі етуіміз қажет.
Сексеннің сеңгірінен шаршамай, шалдықпай асқан, қиял қанатынан тарих тұңғиығына батыл бойлаған кең өрісті қаламгерге әлі де халқымызға ұсынатын жауһар дүниелеріңіз мол болсын демекпіз.
Арап Еспенбетов
Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университетінің профессоры, филология
ғылымдарының докторы.
Еспенбетов А. Қиял қанатынан деректер әлеміне // Семей таңы. - 2016. - 26 қаңтар.- 3 б.