Ертіс жағасында өсіп шыққан Семей қаласы – қазақ халқының жадында қазақтың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлиханов пен орыстың ұлы жазушысы Феодор Михайлович Достоевский кездескеннен бергіде, Абай мен Шәкәрім, Мұхтар, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт сияқты біртуар Алаш тұлғаларының тасқа басқан таңбадай айшықты ізі қалған киелі жер. Семей содан бергіде қазақтың рухани астанасы деген мәртебесінен еш жанылған жоқ. Бұл шаһар «Тамаша адамдардың өмірі» атты әйгілі сериямен Москвадан үш бірдей ірі роман шығарған жазушы Медеу Сәрсекенің құт мекені.
Республикалық баспасөзде дер кезінде, әр кезеңде Медеу ағаның шығармашылығы туралы екі әдеби сұхбат пен бір мақала жариялаппын – «Сәтпаев өмірі таусылмайтын сұхбат» («Қазақ әдебиеті», № 5.6-12.02.2004), «Елі сүйген Ебіней. Жазушының «Ебіней Бөкетов» атты ғұмырбаяндық кітабы бойынша» («Қазақ әдебиеті», №14 (2914). 8.04.2005) «Алаң жұрттың тарихы. Жазушы Медеу Сәрсекенің «Ермұхан Бекмаханов» атты ғұмырбаяндық романы». («Айқын» газеті, № 229 (1653) 09.12.2010).
«Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясымен «Фолиант» баспасынан 2013 жылы жарық көрген жазушының «Шығармалары» жинағына алғысөз авторымын. 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті баспасынан іргелі оқу орны тарапынан ризашылық энтузиазммен жарық көрген Ермұхан Бекмаханов туралы «Ноқталанған тарихшы» атты кітабында «Алаң жұрттың тарихы» атты мақалам бұл романға баспасөз бетінде жарияланған рецензиялар қатарында жарияланды.
Жазушымен кездескен ең алғашқы әсерім жадымда. Медеу аға Қазақстан Жазушылар одағының Семей бөлімшесін басқарған тұста, 1988 жылы «Жігер» фестиваліне мені өз қалауыммен қатысушы ретінде жіберді. Өзім үшін қызық деталь, Медеу аға мені бөлімшеге жолдама беруге шақырғанда, бір музейде киім ілушімін, алдында бір үлкен оқудан өз еркіммен кетіп, басқа бір қиын институтқа дайындалып жүрген көзсіз тәуекелшіл кез. Бәлкім, жұпыны категориямен ойлайтын тар пейіл адам болса, елеусіз жұмысымды менсінбей, жастар фестиваліне жібермей қалар ма еді. Қоңыр күзде самолетпен ұшып, Алматыға, әдебиет мерекесіне баратыныма аяқ астынан ерен қуанғаным бар. Ол кісі жастар әдебиетін аңдап, біліп жүреді екен. Алғаш көргенде ұққаным, Медеу аға артық сөз шығындамайды екен. Сол рухани биік қалыбынан Медеу аға ешқашан айныған емес, басы артық әңгіме жоқ, шығармашылық дүниесіне ерен адал, жүйелі түрде жұмыс істеуге әбден дағдыланған. Уақыттың қадірін ерекше біледі.
«Абай» журналында қызмет атқарған ұзақ жылдарда Медеу ағамен үнемі рухани байланыста болдым. Медеу аға маған ағалық, жазушылық ақылын айтса, шынын айтады; әдеби мақалаларды көп жазатынымды аса қабылдамайды, «алтын уақытынды бекер шығындамай, ірі дүниелер жаз, көп болса, жұрт сені білгіш қыз дейді, мақала деген уақытша дүние, кесек прозаға бар, артыңа қалатын шынайы берекелі дүние сол» дейтінін іштей хош көретінім рас. Медеу аға бұл тыйым сөзді кейде телефонмен де айтады, соныңды қоймадың, енді айтпаймын деп те айтқаны бар. Бұйырса, сол үдеден шығуға тақау келген сияқтымын.
Медеу ағаның жұбайы Клара тәтемен әңгімем ерекше жарасатын еді. Клара Дүйсенбайқызы Есенжолова мамандығы, биолог, орыс, қазақ тілдеріне бірдей, ішкі дүниесі кең, өте парасатты жан, мейірімді, зиялы жаралған. Ең ғажабы, Клара тәте мәскеулік «Тамаша адамдардың өмірі» атты сериясы бойынша шығатын небір романдарды үзбей оқитын, керемет оқымыстылар мен көрнекті адамдар туралы тұнып тұрған деректі дүниелерді таң қалдырып айтып беретін. Расында кітап сүйер қалыбыммен осынау әйгілі серия бойынша дендеп оқығаным үш-төрт кітап, тиіп-қашып қараған бірен-саран «ЖЗЛ» есепке алынбайды. Клара тәте барған сайын дастарқан үстінде маған атақты жазушылар, ғалымдар, қолбасылар туралы көктегі тырналардай тізілтіп айрықша тартымды деректерді айтады. Оның астарында көктем мен күзгі ностальгия тұнып тұрғандай, жер көгергеннен бергі адамзат рухына құрмет пен өмірге құштарлықты арттыратын сиқырлы әсері күшті; мықты физик Ландау туралы айтқаны көкейімде әлі тұр. Ерекше қабылетті тұған жандардың кейбірінің өмірге икемсіздігі, бірбеткей мінезі мен адалдығы, ғылымға өлердей берілгені, отбасына көзқарасы, сыңаржақтау болмысы туралы, бір сөзбен айтқанда, Клара тәтемнің әңгімесінен құдай ерен дарын берген адамдардың ешкімге ұқсамас жаратылысы өріліп шығатын. Клара тәтенің кісілік ізгі қасиеттері мен жарқын келбеті сағынышпен көкейімде қалды.
Сонымен, Клара тәте дегдар түйін жасайтын, өнеге, үлгі етуге бек лайық мықты адамдарды пір тұтатын жасампаз халық ешқашан жерде қалмайды, жер жүзіндегі ең озық ұлтқа айналады, жасөрім балалардың санасына сондай текті, еңбекқор, адал, қайраткер, дарынды адамдарға еліктеп өсуі керек. Қазақ балалары халықаралық олимпиадаларда жиі жарқырайды, ғылымда, техникалық білімде таңдаулы болуды санасына құю маңызды.
Мен құс жолындай самғау әңгімелерден соң қанаттанып шығамын. Клара тәте көзі тірісінде маған былай дегені бар, сол сөзі аманат сияқтанады: «Медеу ағаң кітап жазумен қолы тимейді, әдебиетке талантты жастар келіп жатыр. Әміре атаң туралы поэма жазған Қайырбек Шағыров деген ақын жігіт бар екен. Медеу ағаңның жерлес інісі болып келеді. Поэмасын оқып, өте риза болдым, сен сол баланы ескере жүрші!».
Медеу аға маған кейінірек ән патшасы Әміре Қашаубаев туралы драма жазу идеясын көкейіме салған, оның да шешуін уақыт көрсетер. Жазушылықта осы тектес биік идея ұсыну бір асыл мұрат.
Медеу аға мен Клара тәтенің үйіне қуанышта, үлкен жазушының Москвадан, Астанадан кітаптары шыққан кезде, бір игілік боларда жиі барады екенмін. Творчестволық өріс деген ерен құбылыс бар. Құдыретті дүние, шығармашылық дүниеңді кеңейтеді, байытады, биікке жетелейді. Медеу ағадан еңбекқорлықты үйренгенім аз емес.
«Фолиантта» басылатын кітаптарын жазушы өзі қадағалайды, редактор, дизайнермен бірге іс атқарады. Өткен қарашаның қара суығында Медеу аға баласы Ерланың үйіне мені шақырып алды. Полигон туралы үлкен кітабы жарық көрмекші. Медеу аға енді деректі кітап жазбайтынын нақты айтты. Полигон деректері қазақ халқының басына төнген атомдық алапат кеселдің түпнегіздерін, сұрапыл қасіретін айғақтаушы-әшкерелеуші құжаттардың толық жылнамасы. Мұншалық ғаламдық трагедияны түп тамырынан қозғау үшін ұлтын риясыз сүйген үлкен жүрек пен асқан жігер қажет. Ешқашан бетінен қалқып іс қылмас, даяр қалыпқа қызықпас Медеу Сәрсеке талай жыл шығармашылық күш-қайратын осы ірі кітапқа салып, жас ұрпақ алдындағы азаматтық ұлы парызын тағы бір мәрте өтеді. Келешекте полигон туралы деректі кітап орыс, ағылшын тілдеріне аударылса, қазақ халқының басынан кешкен зұлматтарына дүниежүзі қауымдастығының әділетті жанашырлығы ұлғая түспек. Полигон десе еңсе түсіп, құтымыз қашып кететін аймақтын баласы болған соң оның нағыз қасірет кітабы екені ақиқат екенін білеміз. Академик Рымғали Нұрғалидың бір әңгімесінде Дегелеңді өлген тау деп атайтыны жадтан өшпейді. Шынғыстау мен Абралы аудандарын мекендеген халық полигоннан көрмеген қорлығы жоқ, әлеуметтік қорғансыздық, мүгедек нәрестелер, адамдар 40-45 жаста қатерлі ісік, қан ауыруынан көз жұмады.
«Бозтаевтың архивін маған беріп кеткен. Мыңнан астам хат бар. Төрт жәшік. Аудармашымен жазылған хаттың өзі отыз шақты. Менде қор ашылған, түпнұсқаның бәрін архивке бердім. Менің атымда қор бар. Бәрін компьютерге түсірдім. Семейдегі архив бастығы келісімшартты бұзбаңыз, бізге беріңіз», - деді.
Жарты жыл отырып жазушы сол архивті реттепті. Архив дүниесіне қастерлеп қарайтынын ұғу қиын емес.
«Мен француздың классик жазушысы Андре Моруаны ұлы документалист санаймын. «Ебіней Бөкетов» атты кітабымның тұсаукесерін 2005 жылы 15 ақпанда ҰҒА-ның төралқасында академик Мұрат Жұрынов жасады. Сонда айтқанмын. Француз әдебиетінің дәстүрі бойынша бір ұлы адам өлгенде ол туралы деректі кітапты 50 жылдан соң жазады. Мен сол заңды бұзып отырмын. Өмірбаяндық романды Қанекең, Қаныш Сәтбаев дүниеден озған соң 11 жылдан соң жаздым. Қанекең туралы кітапта басты қателігім, 11 жылдан соң кірісуім. Кітаптың тоқталғаны рас. Моруаның айтуын орындамадым. Сәтбаев тақырыбын соңғы бес жылда жазсам басқаша жазар едім. Ебіней Бөкетов қайтыс болған соң 31 жылдан соң жаздым. Бөкетовтың досы, дұшпаны да залда отыр. Бекмахановты жазғанда тарихшы өмірден өткеніне 40 жылдан асты».
Медеу ағаның жазушылық лабараториясынан біршама хабарым бар. Баспадан шыққан таңдаулы кітаптарының бәрін қолтаңбасымен маған беріп келеді. «Фолианттан» шыққан 8 томдықты иелендім. Медеу ағаның 70 жасында осы баспадан 2006 жылы жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағы кітап сөресінде тұр. Үлкен қайраткер жазушы Медеу Сәрсекенің соңғы 20 жылда баспадан шыққан шығармалары түгел дерлік менің жеке кітапханамда бар. 8-томдыққа енген «Қаныш Сәтбаев» атты жұлдызды еңбегі бұл романның 14-басылымы екен. Еңбегі жанған жазушы Медеу ағамдай болар. «Қаныш елі» атты кітабы үш тілде жарық көрді.
Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында туған «Аманат» атты жаңа көркем фильмнің қоюшы-режиссері Сатыбалды Нарымбетов. Жұртшылық жақсы қабылдаған сәтті фильм. Режиссер С.Нарымбетов «Ермұхан Бекмаханов» атты роман жарық көре сала, авторға фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әу баста бұл кітапқа мәскеулік қазақ режиссерінің де назары түскен болатын. «4 сериядан тұратын фильм түсірілсе, режиссерге сценарийін сен жазады деп келісемін», - деп Медеу ағаның маған бес жыл бұрын айтқаны бар.
Жазушының «Шыңғыс хикаясы» атты повесін қайталап және «Тендерге түскен келіншек» атты пьесасын оқыдым. Рамазан-Рәпіш, Шыңғыстауға мұғалім болып келген ерлі-зайыпты екудің нақақ қазасы туралы бала кезден естіп өскенмін. Нағашы атам Оразхан Бодауханұлы Бақанаста бір қыс жұмыс істеген, екі жасты көзімен көргенін, еш жазығы жоғын, колхоздасуға қарсылық еткен банды өлтіргенін аяушылықпен айтып отыратын.
«Тендерге түскен келіншек» - М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында аншлагпен жүрген драма. Жазушы прьемерадан соң басты рөлдегі артистер Бекжан Тұрыс пен Дария Жүсіп спектакльде керемет ойнады деп ризашылықпен айтты. Бұл драмада қазіргі заманғы тіршіліктің бір-біріне жұлдызы қарсы қос түйіні бар – арлылық пен адалдықты жетімсіреткен қоғамда ақшаның соқыр билігі. Адамдық азап шеккен жерде ізгілік қасиет қалмайды. Бас кейіпкерді өмірден түңіліп, тентіреп кеткен ішқұса кейіпінен жазушы оңымен құтқаруы нанымды, өлуге бекінген сорлы атасын іздеп тапқан немересі арқылы зұлымдық жеңіледі. Кешегі айтулы архитектор бомж болып кеткен шындық санаға қара тастай ауыртпалық түсіреді. Драма өмірдегі ең қимас қасиет адамдардың бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі екенін, одан өткен байлық жоқ екенін көрермен қауымның көкейіне әбден сіңіреді.
Медеу Сапаұлы инженер-металлург мамандығын алмаса, өндіріс тақырыбына, қазақ жұртын кемеңгерлігімен бөгде елдерге танытқан үш алып туралы деректі проза жаза алар ма еді деген ой келеді. Оның «Жарылыс», «Көмбе» атты романдары өндіріс тақырыбына арналған.
Жазушы алғашқы шығармаларын фантастикалық жанрда тудырды. «Жетінші толқын», «Көрінбестің көлеңкесі», бұл повестерде ғылыми-қияли және техникалық бір топ әңгімелер ағартушылық сарында жазылды. Ататек-шежірелік кітабы авторының қазаққа тән қастерлі дүниелерге ықтияр, ұқыпты, бейнетқор екенін растаса керек.
Медеу Сәрсекенің 8 томдық шығармалар жинағының сонында филология ғылымдарының докторы , профессор Арап Еспенбетов зерттеу мақала жазды, авторды деректі жанрдың қас шебері, дербес тақырып иесі деп қадап атады. Балалық шақтағы іздеп жүріп, сүйіп оқыған, жарық дүниеден керемет әсерлі құбылыстар іздеген оқушы зердеме «Қос мекенді адам», адам-амфибия туралы қиял патшалығын сыйлаған Александр Беляевтың әйгілі фантастикалық романын қазақшаға аударған Медеу аға екенін осы тұста білдім.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты
Кемелбаева А. Өнегелі өмір жаршысы // Қазақ әдебиеті.- 2016.- 8 қаңтар.- 10 б.