Евней Арыстанович Букетов 1975 жылдың 4 шiлдесiнде «Лениншiл жас» газетiнде жарияланған «Көркем аударма, хал қалай?» атты әдеби мақаласында Ебiней Бөкетов аудармашылық жұмыстың қиындығын, қажырлы еңбек тiлейтiнiн айта келiп: «Ал қайыр, жазушылық еңбекке тың ой туғанда, бiлiми өрiсiм ұзара келе жазуға тұратын татымды дүние бар екендiгiн жан-жүрегiммен жете түсiнген кезде әдебиетке қайтып оралдым. Соны қаншалықты сәттi орындай алдым – оны таразылау қауымның еншiсiнде…» – деп сыр шертiптi.
Бала күнiнен әуес iсiне оқта-текте аңсары аумай, әредiк ой тарқатып, көңiл сергiту үшiн болса да сүйiктi дүниелерiн қайталап оқып, иә содан туған ой-тебiренiсi жайында қалам тартпай тыныш жату мүмкiн бе? Оған қоса табандатқан он жыл бойы? Жоқ, бойында ақындық шабыт бар, әсерлi сөзге сезiгi нәзiк жанның соншама уақыт алып ұйқыға кеткендей үнсiз қалуы неғайбыл iс. Олай болса жүрек түкпiрiнде мүлгiп жатқан ақындық пегас еркiне қоймай, шабыт тұлпарына мiнгiзiп алып, шу деген тәрiздi. Сергей Есениннiң «Анна Снегина» поэмасын аударғаны – сондай сәттiң жемiсi…
Биобиблиографиялық анықтамасында ғалымның 1971 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелiкке қабылданғаны жазылған. Рас, бұл кезде оның қаламынан туған бiрде-бiр әдеби туындысы жеке кiтап болып жарық көрмеген. Владимир Маяковскийден қазақшалаған аудармалары – «Қандала» драмасы мен «Керемет» («Хорошо») поэмасы ортақ жинақтарда жарияланған. Ал аударма өнерiн кәсiп етушiлердiң бәрi бiрдей шығармашылық одаққа кiре алмайды. Демек, ол Қазақстан Жазушылар ұжымына қаламы жүйрiк сыншы ретiнде қабылданған.
1972 жылы КСРО-ның құрылғанына 50 жыл толды. Саяси жөнiнен мән-мағынасы ерекше оқиғаны дүбiрлi мереке етпей, жүзден аса ұлттың басын бiрiктiрiп отырған алып мемлекеттiң атақ-дабысын тағы бiр мәрте әлемге әйгiлеу мүмкiндiгiнен Кеңес Одағы, оның рухын көтерушiлер, әрине, бас тартпаған. Соған орай жер-жерде мерекелiк жиындар өткiзiлмек. Күллi Одақ басылымдары iргесi бекем мемлекет құрылымы, ортақ табысы, мәдени-рухани өркендеуi жайында айғақты материалдар жариялауға тиiс.
Одақтық әдеби-қоғамдық «Знамя» журналының бас редакторы, сол уақыттың әйгiлi қаламгерi Вадим Кожевников Мәскеуге кезектi шығармашылық сапармен келген, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, көрнектi қазақ жазушысы Ғабит Мүсiреповке жолығып, мерекелiк басылымға лайықты қаһарман тауып беруiн, әмбе соны өзiнiң жазуын қолқалайды. Нендей iске болсын байыппен қарайтын Ғабең сыпайы түрде бас тартып, бұл тапсырманы менен де гөрi тыңғылықты орындайтын автор Ебiней Бөкетов дейдi. Жазатын қаһарманды да соның өзi табатынын айтады…
Беделдi мәскеулiк журналдың (таралымы екi миллион дана!) тапсырысына Ебiней Арыстанұлы уақытым жоқ деп кергімеді. Бiрер апта сарыла еңбек еттi де, көлемдi очерктi едел-жедел жазып, қайыра түзетуден кейiн Мәскеуге жолдады. «Знамя» журналы оны сол жылғы 8-санында жария еттi. Осы жарияланым Ебiней Бөкетовтiң өзi шұғылданған металлургия iлiмi ғана емес, әдебиет саласында да өзiндiк танымы, ойы, айтары бар бiлiктi қаламгер екендiгiн тағы да аңғартты. Қаламын бұрынғыдан да ұштай түсiп, кемелдiкке бет бұрған шабыт иесi, орыс тiлiнде де көсiле жазатын әмбебап жазушы… екенін мойындаған зиялы қауым бұл жолы да оған айрықша риза болды. Өйткені, соны ол Мәскеудiң беделдi басылымы арқылы танытты…
«Атан қомында туған адам…» – белгiлi қоғам қайраткерi, көп жылдар Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрi болған, Қазақстан ҒА-сы мен КСРО Медицина академиясының корреспондент-мүшесi, республика ғылымына еңбегi сiңген қайраткер Ишанбай Қарағұловтың 1909 жылы, көшiп келе жатқанда, жолшыбай, «атан қомында, аспанда, жаратушыға бiр табан жақын жоғарыда дүниеге келiп, таза жел мен күн сәулесiн жұта…» тууын әскездеп суреттеп, сол бiр таңғажайып оқыс оқиға арқылы қазақтың көшпендi тұрмысын көрсете отырып, туған халқымыздың Ишанбай ғана емес, Шоқан, Абай, Қаныш, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Әлкей, Әбiкен, Нәйла… сияқты, жалпы қарасы жүзге тарта саңлақ ғалымдары осыған ұқсас жағдайда жарық дүниеге келгенiн, олардың өсу жолдарын бiр-бiрiне жалғастыра сипаттап, содан бергi ұзақ жылдарда сан алуан өмiр белестерiнен өткен сом талант иелерi – iрi ғалымдар, мәдениет қайраткерлерi туып, бәр-бәрiнiң қауым үшiн игi еңбекпен шұғылданып жүргенiн баяндаған публицистикалық шығарма. Қаламгер осы тұлғалар шоғырының iрi iстерiн айрықша даралап, кестелi тiлмен көркем түрде айшықтаған. Соңғы ғасыр ауқымында қазақ жұртының өзiнен көш iлгерi алға шығып кеткен өркениеттi жұрттарды қуып жетiп, рухани өсiп, иық теңестiргенiн паш етедi…
Осы очерк мәнi өзгеше тағы бiр айғақты көлденең тартумен аяқталыпты: «Жуықта мен …Ақтөбе облысында Қарағұлдың 14-ші баласы түйе қомында туған жерде, Төлегенова Сақып деген әйелдiң 16-шы баласы… самолетте келе жатқанда дүниеге келгенiн бiлдiм. Баланың кiндiгiн жолаушы дәрiгер Аманкелдi Қамалов кесiптi… Арасында 63 жыл жатқан осы екi оқиға менiң халқымның сәулелi келешекке бiр-ақ секiрiп шыққанын жеткiлiктi түрде аңғартса керек…»
Ебiней Бөкетовтiң ғалымдық пен жазушылықты қатар меңгерген мадақ дақпырты дүйiм елге жайылып, мерзiмдi баспасөз редакциялары одан дәстүрлi мерекелер алдында алуан тақырыпқа мақала сұрап, ең болмағанда сұхбат берудi дәстүрге айналдырды. Бұған дейiн «Орталық Қазақстанда» (Қарағанды облыстық газетi) әредiк көрiнiп жүрген ғалым сөзi ендi республикалық басылымдар – «Лениншiл жас», «Казахстанская правда», «Ленинская смена», «Социалистiк Қазақстан», «Қазақ әдебиетi» газеттерiнде, «Жұлдыз», «Бiлiм және Еңбек» журналында жиi-жиi жарияланатын болды.
Ал жер-жердегi қалың оқырман, атақ-дақпыртына қарадай қанық зиялы қауым Қазақстан ғылымы мен әдебиетiнде өзiндiк үнімен жарқ еткен тұлғадан бұлардан гөрi ауқымдырақ та мәндiрек туындылар күттi. Бiрақ, Ебiней Арыстанұлы бұрыннан бiтiп, басуға дайын тұрған туындыларын кiтап етiп жариялауға асыққан жоқ. Әдебиет iсiнiң жауапкершiлiгiн жете бiлгендiктен сөйттi ме, әлде сүбелi дүниемен көрiнудi жөн көрдi ме, кiм бiлсiн? Оның нақты себебiн ендi ешкiмнен сұрай алмайсың. Сөйтсе де, ықтимал жорамал айтамыз: жұртты елеңдеткен әдеби жазбаларының бәрi тек қана орыс тiлiнде, ең сүбелiсi – «Человек, родившийся на верблюде и его сверстники» мәскеулiк басылымда жарияланғандықтан жан-жаратылысы қазақы ғалым әдебиет әлемiндегi ең алғашқы кiтабын, сiрә, ана тiлiнде шығаруды жөн көрген.
Ебiней Арыстанұлының ана тiлiндегi тұңғыш кiтабы «Жазушы» баспасынан «Атан қомында туған адам» деген атпен 1975 жылдың қара күзiнде жарық көрдi. Қаламгердiң оған 6 еңбегi енген: «Атан қомында туған адам» очеркi, «Қос алып» деп атаған – А. Пушкин мен В. Маяковский туралы iзденiсi, «Тәржiма туралы ой» («В. Маяковский шығармаларының қазақ тiлiне аударылуы» атты әйгiлi сыны), «Жұлдыздар шоғыры» – Қажықұмар Қуандықовпен бiрiгiп жазған қазақ театрларының маңдайалды жарқын жұлдыздары мен сахна өнерiнiң қыры-сыры жайында толғаныс, «Парасат, бiлiм бұлағы» – өзi жұмыс iстейтiн Қазақстандағы екiншi университеттiң хал-жайы, келешегi туралы жүрекжарды ойлары; ең соңғы толғаныс – «Замандас жастар туралы» деп аталыпты. Онда да жер ортасына келген ғалым-ұстаз қазiргi жас қауым туралы көкейкестi ойларын публицистикалық сарында сөз етiпті.
Тұңғыш жинаққа профессор Зейнолла Қабдолов «Селен мен өлең» деген атаумен алғысөз жазған. «Ебiней жас жiгiт кезiнiң өзiнде уытты, жiгерлi, екi тiлге бiрдей шешен, өз iсiне мығым болатын. Не нәрсеге де бейтарап, енжар қарай алмайтын, көзi мен көкiрегi бiрдей ояу, ойлы, қимыл-әрекетi ширақ, тыңғылықты едi. Осы сипаттары қазiргi жiгiт ағасы кезiнде де қаз қалпында. Мұның да арғы тамырын әдебиеттен iздеу абзал. Өйткенi, инженер-металлург болуға бет алған шәкiрт Ебiней физика мен лириканы ешқашан бөле қараған емес… Әуезовтiң «Абайын» басына жастанып жататын Ебiней ғалым-жазушыны әдебиетшiлер ағасы ғана емес, оқымыстылар ұстазы деп те танитын. Профессор Бөкетов пәрменiндегi селен мен өлеңнiң бiрлiгiн, мiне, осы арадан iздеген жөн… – дей келiп әдебиетшi әрiптесi сөзiн мынадай жүрекжарды оймен аяқтайды. – Задында, тiрi кiсi әрқашан сапарда. Елудiң белiне еркiн көтерiлiп, кемел шағына келген Ебiней Бөкетов те бұрынғыша тоқтаусыз, тоқыраусыз жүрiп, ғылым мен өнер асуларына беттеп барады. Сапар оң болсын!».
Атың жүрiп тұрғанда мұның қалай дейтiн жан болмайды, әсiлi. Есiмi дүйiм елге мәшһүр ғалымның тұңғыш әдеби жинағын қазақ қауымы iлтипатпен қарсы алды. Республикалық, облыстық басылымдар оны жарыса мақтаған рецензиялар жариялады. Бәр-бәрiнiң айтқаны: көп жылдар бойы әдебиет әлемiне сыншы, аудармашы ретiнде оқта-текте қатысып, салиқалы ойлар айтып, жұртты тамсантып жүрген металлург-ғалым шынайы бiлгiрлiгiн қайта танытты; сонымен-ақ ол келешекте бұдан да бiлiктi, бұдан да терең ой қозғап, кемелдiк аңғартар… деп күтемiз.
Біз сөз еткелі отырған кiтаптың орысшасы «Грани творчества» деген атпен «Жазушы» баспасынан 1977 жылы жарыққа шыққан. Бұл да, шынтуайтын айтқанда, жарысқа қосқан аты бәйгеден келiп тұрған ғалым-жазушының әдеби еңбегiне ешқандай тосқауыл қойылмай, ұсынған қалпында, кешiкпей жарияланғанын аңғартады.
Бұған дейiн анда-санда, кейде ұзақ уақыт үзiлiс жасап әдебиет әлемiне сирек қатысып жүрген ғалым ғұмырының соңғы он бес жылында (1969-1983 жылдар) көңiлi хош көрген тақырыпқа жиiрек қалам сiлтеген. Биобиблиографиялық көрсеткiшiнде нақты аталған жарияланым қарамы – 40 шамалы, бұлардың iшiнде жұртшылыққа мәлiм кiтаптары, эссе жазбалары да бар. Осы қарсаңда ол әлеумет жұмысына белсене қатысып, жергiлiктi газет пен облыстық телерадио редакцияларының тапсырмалары бойынша да әрқилы мақала жазып, арнайы сұхбаттарды жүргiзушi болғаны мәлiм. Ресей мен Қазақстанның тележурналистерi бiрлесiп дайындаған, Қарағанды мен Екiбастұз көмiр ошағының күш-қуатын, тарихы мен металлургия өндiрiсiнiң осы өңiрде қалыптасуын, дамуын сөз ететiн «Омбы шәрiнен түстiкке таман» атты деректi телефильмнiң авторы да, жүргiзушiсi де Ебiней Бөкетов болғанын бүгiнде көпшiлiк жұрт жете бiлмейдi!.. Ал өзi үзбей шұғылданған химия iлiмiнiң көкейкестi мәселелерiне арналған ғылыми еңбектерi қаншама! Оның үстiне қаншама аспиранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшiлiк еттi. Қаншама ғылыми атақ қорғаушыларға ресми оппонент болды. Кейбiр ғылыми еңбектерге редактор болып қол қойды. Әмбе ол бiр нәрсенi шола қарап, «Е, бопты» деп қолын сүйкей салатын ерiншек кiсi емес. Кiтаптың да, қолжазбаның да ашық жерiне пiкiрiн жазып, кейбiрiн қолма-қол түзетiп отыратын мейлiнше тақуа, мейлiнше әскез адам. Соның бәрiн аз десеңiз, профессор һәм әдебиетшi жөнiмен химия және филология факультеттерi студенттерiнiң диплом жұмысына жетекшiлiк етуден де бас тартпаған. Ғылыми iрi iзденiстермен тұрақты шұғылданып әрi ҚарМУ сияқты неше мың адамнан құралған үлкен ұжымды басқаратын ғалым әдеби шығармашылықпен айналысуға уақытты қалай тапқан… деп таңғаласың.
1979 жылдың қара күзiнде ҚарМУ-дiң филология факультетiнiң студенттерi ғалым-әдебиетшiнi кездесуге шақырып, сауалдарын жазбаша жолдап, бiз жоғарыда тiзген күмәндi жайттарға Ебiней Арыстанұлы ағынан жарыла түсiнiк берген…
– Сiз қалайша жазушы болдыңыз?
– Тағдырдың жазуымен, Алланың бұйрығымен… деген түйсiктермен түсiндiрсем арзан сөз болар… Кiтапқұмар адамдардың әуей әдетiмен жас күнiмнен бiрдеме жазуға, аударма жасауға құштар болдым. Мектеп қабырғасында жүргенiмде А.С. Пушкиннiң мерейтойы ерекше дабырамен өттi, сол оқиға менiң жадымда өшпестей iз қалдырды. Ақынның сол қарсаңда жарық көрген керемет үлкен мерекелiк жинағы қолыма түсiп, соны оқудан ерекше ләззат алдым. Әрине, содан кейiн-ақ мен «өлең жазғыш» болып шыға келдiм.
– Химик-металлург болғаныңызға қазiрде өкiнбейсiз бе?
– Жоқ! Бұ да белгiлi түрде шабыт тiлейтiн жұмыс, соның жәрдемiмен мен өндiрiстiң қыры мен сырын таныдым, сөйте жүрiп осы заманғы ғалымның өмiрдегi нақты орнын жете түсiнiп, жұртшылыққа пайдалы iс етуге мүмкiндiк беретiн мамандықты игердiм. Алайда, алғашқы махаббат сияқты, поэзияға, әдебиетке деген ынтызарлығым титтей де өзгерген жоқ. «Шығармашылықтың сегiз қыры» («Грани творчества») атты еңбегiмде өзiме ерекше жақын, әрi түу алыста қалған оқытушым туралы айттым, «Тағдырдың жарқын уақытында» («Время светлой судьбы») осы заманғы ғылымды дамыту мен туған халқымның өсiп-өркендеу жолдары туралы көкейкестi ойларымды сыр ғып шерттiм.
– Шығармашылық еңбегiңiздiң ерекшелiктерi туралы не айтасыз?
– Ерекшелiкке ненi даралап айту керек, бiлмеймiн. Ең алдымен өзiңдi қиын жұмысқа жегудiң қажеттiгi сөзсiз. Күн сайын, таңғы сағат 6.00 мен 8.00 аралығында ештеңеге алаңдамай, екi сағат берiле жұмыс iстеймiн. Бұлар ендi мен үшiн ең өнiмдi, ең нәтижелi уақыт. Бұрқыратып көп-ақ жазамын, бiрақ содан түзеткенде – бiр-ақ бет қалады.
– Сонда сiздiң әдеби еңбекке бөлетiн уақытыңыз осы ғана ма?
– Әлбетте, бұл – бұзылмайтын қағида емес. Серуендеп жүргенде, иә жолға шыққанда ойыңды екшеуге мүмкiндiк туады. Кейбiр сапарда кезiккен жолаушының оқыс әңгiмесi, не бұрын ойлап жүрген iстi жаңа бiр қырынан көрiп шабыттана бастайсың. Жазушы атанған соң замандастарың ғана емес, классиктердi үнемi оқып отыру керек. Л.Н.Толстойды, Ф.М.Достоевскийдi және басқаларды да жиi оқимын.
– Өзiңiздi әуесқой жазушы санайсыз ба? Жалпы, әуесқой өнерге көзқарасыңыз?
– Әуесқойлық! Мағынасы екiұшты сөз, оңды әуенiнен гөрi зiлi басым сияқты. Жә, соны бiз кiмге таңамыз? А.П.Чеховқа байланысты айтсақ – мамандығы бойынша дәрiгер, ал сүйген iсi – жазушылық. Л.Н.Толстой – кiмдi болсын мiнегiштер түйсiгiмен айтқанда, шала оқыған бiлiмпаз. Немесе «өмiр университеттерiнен» ғана өткен М.Горький – күллi жазушылардың ұстазы. Осылардың қайсысын дилетант әуесқой деймiз? Маршал Жуковтың тамаша мемуарын оқыған боларсыздар? Ол кiсi тек қана естелiк жазды, құдайшылығын айтқанда, 1941-1945 жылдардың «Соғыс және бейбiтшiлiгiн» жазған жоқ. Соған да тәубе делiк. Ал сөйте тұра, соғыс жылдарында бiрер емес, ондаған «Бородино шайқасын» жүргiзiп, жеңiске жеттi. Оның басындағы орасан зор материал Л.Н.Толстойдың жиған деректерiнен анағұрлым көбiрек. Жуковқа естелiгi үшiн рахмет деуiмiз керек…
Менде филологиялық бiлiм жоқ, алайда жазушы ретiнде де, аудармашы ретiнде де өзiмдi әуесқой әдебиетшi дей алмаймын. Ал арнайы бiлiм алған, әдеби институт бiтiргендердiң арасында жұрт оқымайтын кәсiби жазғыштар аз емес. Сондай-ақ, бiлiмi жоқ, бiрақ өзi таңдаған кәсiпте бiлiмдiлерден әлдеқайда артық та пайдалы жұмыс iстейтiн таланттар қаншама және ерекше көп! Ең ғажабы, осы дилетанттар ғылымды шырқау биiкке көтерушiлер, әдебиетте де солай. Бұл болса «шала бiлiмдi» С. Есенин, оны да кезiнде, өзi айтқандай, көп жылдар бойы әуесқой ақын санаған. Ал В.В. Маяковскийдi осы күнге дейiн дилетант деп менсiнбей қараушылар аз емес…
Ебiней Арыстанұлының туған iнiсi Қамзабай Арыстанұлы өз естелiгiнде ағасының 1962 жылы Сочи қаласында демалып жатып, «Тұрған бойы тұнған талант, шынайы орыс ақыны» (М. Горькийдiң анықтамасы), А. Пушкиннен кейiн орыс жұрты араға жүз жыл салып туған сом талант Сергей Есениннiң дарқан өмiрмен өз еркiмен қоштасар алдында, 1925 жылы жазған ең соңғы лиро-эпикалық поэмасы «Анна Снегинаны» бас-аяғы екi-үш аптада қазақшалап, өзiне поштамен жiбергенiне куәлiк етiптi…
Байырғы Русь поэзиясының шынайы халықтық рухын сақтай отырып шебер толғаған, лиро-эпостық деңгейге көтерiп бекем сомдаған Есенин шығармаларының шоқтығы – «Анна Снегина» Ебiней Бөкетовтiң аудармасында былай басталады:
Түпнұсқадағы: «Приятственны наши места» деген жол – «Сүйсiндiрер даламыз» боп түрленiп, бiрден-ақ қазақы жөнге көшкенiне назар аударыңыз!.. Аудармашы «менiң өлкем», «туған жерiм» деген сынды балама сөзге ұйқас iздемейдi, шындап iздесе табуы да сөзсiз. Жоқ, аудармашы өйтпейді. Ұлы Гете суреттеген немiс орманын М. Лермонтов Русь орманына айналдырып орысша мүлгiткенi тәрiздi, Абай салған үлгiге қарап («Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап») бой түзеп, яки «наши места» «қазақ даласына» айналып, тап осы шумақтағы байырғы орыс селосына тән «двор» да қазақ ұғымына жақындап, «түтiн» болып түрленiп, Есениннiң ұғымға жеңiл, ойнап тұрған сегiз жол шумағы сол өлшеммен қазақшаға көшкенде, байырғы қазақ ауылының келбетiн көз алдыңызға келтiредi. Осы әсер келесi бөлiмде күшейе түседi. Әрине, сол үлгiге икемдеу үшiн аудармашы автордың ой сорабын, поэма желiсiн бұзбай, бiрақ шығарма тiнiне бойлаған сайын алғашқы шумақтың әсерiн әрлендiре бередi…
Бiздiңше, алғашқы сегiз жолдан-ақ Ебiней Арыстанұлы бұл поэмаға нелiктен қызыққанын айқын аңғартады. Оны мен поэманың түпнұсқасын және аудармасын шұқшия оқу үстiнде емес, шынтуайтын айтқанда, 2003 жылдың тамылжыған тамызында Ебекең елi – Есiл бойына барып, ғалымның туып-өскен жерiндегi жайқалған ну орманды, солардың аралығындағы сарғайған егiстiк алқабын, толқын тулаған шалқар теңiзге ұқсаған су қоймасын, жағасында табиғаттың иен сыйы құсап бұйығы қалпында қалқиып тұрған жұпыны қазақ ауылы – Бағанатыны көргенде ұқтым…
Менiңше, Сергей Есениннiң осы поэмасынан Ебiней Арыстанұлы өзiнiң атамекенi Алыпқашты, бертiңгi әулетi қоныс еткен қарапайым қазақ ауылының бала күнiнде көзiмен көрiп, басынан кешкен, мал бағып, шаруа күйлеген, бел шалғымен шөп шапқан, егiн еккен, соңғы жылдарда су астында қалып, үштi-күйлi жоғалып кеткен қимас кейпiн тапқан. Нақты сол демесе де ұшқыр көңiлiмен ұқсатқан сияқты…
«Анна Снегинаны» шұқшия оқу бiзге одан да өзге жайтты аңғартты…
Орыс ақыны туған селосының атын сәл өзгертiп, 1917-1924 жылдар аралығында атақонысының қаншалықты күйзелiп, төңкерiс зардабынан неше түрлi азап шеккен шерлi тарихын поэзия тiлiмен шым-шымдап өрнектеп, Радово тұрғындарының қилы тағдырын өредi де, оқиға өрбуiне өзi мен Анна Снегина есiмдi үнемi ақ киiммен жүретiн арудың өзара сүйiспеншiлiгiн арқау етедi.
Поэманың алғашқы бөлiмi мынадай жаныңды дiр еткiзер шумақпен аяқталады:
Арада алты жыл өткен соң екi жас туған селосында кездейсоқ кездеседi. Бұл кезде екеуi де есейiп, өмiр өткелегiнiң асу-кезеңдерiн бастарынан кешкен. Көп нәрсенi бiледi, көп нәрседен жиренiп те үлгерген. Бiрақ, он алты жастағы бiр-бiрiне деген ыстық сезiм арада өткен жылдарды демде ұмыттырып қайыра табыстырады:
Тағы да үш жыл өтедi. Радово тұрғындары неше алуан шерлi оқиғаларға кез болады. Анна Снегинаның күмбез шатырлы үйiн мұжықтар тонайды. Үй иелерi туған жерiнен пана таппай тентiреп кетедi. Тынымсыз атыс-шабыс, ақ пен қызыл болып жауласу, ең аяғында қаңырап қалған иесiз үйлер, жадау өңдi мұжықтар, шерлi болған тағдырлар. Анна сұлудың күмбез шатырлы әсем үйi де жер бетiнен бiржола құрыған…
«Ресейлiк атышулы шәлкес ақын» Мәскеудi, Ленинградты адақтаудан соң Еуропаны, Американы шарлап, бәрiнен де соның қу жанына пайыз таппай шаршап-шалдығып туған селосына қайтып оралады. Өзiн бала күнiнен Серега дейтiн диiрменшi қарт оған түу Лондоннан жолданған хатты ұсынады:
Поэмаға арқау болған оқиғалар қазақ ауылы кешкен, орыс шекарасына таяу жерде қоныс тепкен өз ауылының тап сол қарсаңда көрген теперiш-тауқыметi «Анна Снегинада» айна қатесiз дәл сипатталып, көркем түрде ғана емес, тарихи нақты, шынайы халықтық сарында баяндалған әрi эпикалық биiкке көтерiлiп зор поэтикалық әуенмен сомдалған
Е.Бөкетов аудармасы 1962 жылғы 2 желтоқсанда «Советтiк Қарағанды» газетiнде басылыпты. «Қазақ әдебиетi» газетi оны 10 жылдан соң, 1971 жылдың 8 қаңтар күнгi санында жария еткен. Ебiней ақын С. Есениннiң «Советтiк русь», «Келiншекке хат» және «Качаловтың итiне» деген лирикалық өлеңдерiн тәржiмалап, соларды «Анна Снегинаға» қосып, «Жалын» баспасынан 1978 жылы ғана «Менiң махаббатым» деген атпен шағын кiтапша етiп жариялаған. Қысқасы, Сергей Есениннiң ең мықты шығармасы қазақ оқырманына аударылған мерзiмiнен 16 жыл бойы жарыққа шықпай, қапаста жатқан. Академик Мұхамеджан Қаратаев: «Ұлы орыс халқының ерен талант иесi, керемет лирик ақыны Сергей Есениндi қазақ тiлiне аудару iсiне… қол ұра бастауымыз, сөз жоқ, игi бастама. Ал оны кемел аудару – алынбаған қамал секiлдi алда тұрған абыройлы мiндет. Есенин поэзиясы барлық сипатымен, сырымен, үлгiсiмен, үнiмен қазақ оқырмандарына толық жетуi қажет…» – деген уәжбен аяқтапты осы басылымға жазған алғысөзiн.
Бiр жайтты ескерту парыз: 1962 жылдың қоңыр күзiнде Сергей Есениндi қайыра ашуымен Ебiней Бөкетов әдеби замандастарынан әлденеше жыл бұрын соныға жол тартып, әмбе сол қадамымен ол уақытша «ұмытқан» сүйiктi әдебиетiне қайтып оралған.
Медеу СӘРСЕКЕ
Сәрсеке М. Ебiней БӨКЕТОВ: Белгілі жайдың белгісіз беттері // http://egemen.kz/2014/?p=36578