Астананың "Фолиант" баспасы жақында "Нартұлға" сериясымен қазақтың аты аңызға айналған тарихшы ғалымы Ермұхан Бекмахановтың ғұмырнамалық деректі кітабын жарыққа шығарды. Авторы - белгілі жазушы, ғұмырбаяндық деректі роман жанрының үлкен шебері Медеу Сәрсеке. Кітапты бас алмай, шұқшия оқыдым. Жазушы болған соң тарихқа әдебиет әлемімен кіндігі бір, іліктесер, септесер тұсында ғана үңілуші едім. Медеу ағаның романы тарих іліміне, қазақ тарихына ерекше ынтамды оятты. Ермұхан Бекмаханұлының шәкірттеріне оқыған дәрістерінен алынған мағлұматтардағы ірі тарихшылардың шығармаларын іздеп оқуға ниетім ауды. Бұл ненің құдіреті? Автор мен кейіпкер тұтасып, ежелгі жады көркем, сұлулық аңсаған эллиндердің көзіне кентавр бейнесінде елестейтін салтатты тәрізді көкжиекте атойлап шыққаны ғой. Ол-дағы әлмисақтан қыпшақтың ұлы бабасы!
Медеу Сәрсеке романның жазылу мезгіліне бір мүшелдей уақыт еншілеген. Тақырып кұрделілігі, молдығы, зерттелінетін нысанның осал еместігі жазушыдан ерен жанқиярлықты талап етпек. "Мәскеуге 2003 және 2007 жылдары барып, ұзақ уақыт болғанымда Нәйла Ермұханқызымен үш мәрте кездесіп әңгімелестім. Алғашқы кездесуде берген уәдесін ол қарындасым орындамады. Екінші барғанда, "Нәйла, саған мені біреу жамандаған. Ал мен кім не десе де, соңғы бес жылда ЖЗЛ сериясына екі қазақты шығарып отырмын. Бұйырса сенің әкеңді де осы серияда шығарамын. Сенің маған көмектескің келмейді. Түсінбеймін. Сен өзі Қазақстаннан біржола ат құйрығын кескенсің бе?" - деп едім, ол ұяты бар, Ерекеңнің қызы ғой, содан кейін көмегін аяған жоқ", - деді Медеу аға. Кітаптың жазылуына Ермұхан Бекмаханұлының асыл жары Халима Адамбекқызы ерекше мүдделі болған. Ол кісі қателеспепті, үкілеген үмітін жазушы ақтады.
Бұл сөздің әлқиссасы. Е. Бекмаханұлы - киелі мекен Баянауылдың перзенті. Баянтау, Көктау бағзы теңіздің түбінен табылған маржан тау екенін Мәшһүр-Жүсіп жазған ("Ермұхан Бекмаханов", 22 бет). Ол шыққан тегі төре тұқымы, анасы Бәпіш - Балуан Шолақтың шөпшегі. Тектілігі қаннан. Ақтабан шұбырындыда ер қалмақтан өлердей соққы жеген нар қазақты арыстан туған хан Абылай тарих сахнасына ерлігі асып, рухы тасып, бұлғақты аласапыранда ұрандап алып шықты.
Тәуелсіз Қазақстан Еуразияның тең ортасында дербес ел мәртебесін иеленсе, ұлттық қасиеттерін әлмисақтан құдай сүйген таза халық. Елі үшін еңіреген ерлері мол, соған бек лайық рухани көсемдері мен дара туған ұлт көшбасшылары үзілмеген жұрт, ұзағынан сұйіндірсін! Ермұхандай ұлтжанды ғұлама тақыр жерге бітпейді. Романның бас жағында бала Ермұханның қиялын қозғаған фольклор, аңыздағы Абылай бейнесі дәріптелетін "Сабалақ" атты дастан Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатаевтың төл туындысын талдау арқылы берілуі автордың сәтті табысы.
Шығармада есімі елге белгілі қазақтың көптеген асыл азаматтарының бейнесі бар. Текті тұқым қудаланған қилы заманда жерлесі, жазушы Дихан Әбілевтің ағалық ерен ақылымен Ерекең ішкі Ресейге, дәм жазып әуелі Ростовқа, соңынан Воронежге аттанған. "Сенің есімің мен фамилияңда ер сөзі бір рет, ал, хан екі мәрте қайталанған, неге?" - деп сұрайды қанқұмар тергеуші Бучин" (425 бет). Тергеу ататекті қазудан басталған.
Романдағы ғылыми айтыс архивтен алынған, бір қоспасы жоқ шындық. Ал сот залы - ұдайы сұрқия, аяр рөлдерге ділгір адамзат, қоғам трагикомедиясы. Мұндағы айыптаушылар үйретінді қулар, шетінен тордағы тотыша сайрайды. Ең өкініштісі, ішінара, ғылым жолында жүрген (әлде оған таскенеше жабысқан?) белгілі адамдардың екіжүзділігі һәм сатқындығы. Бекмаханов нақақ жаламен 25 жылға сотталғанда "достарының" бірі альбомнан бірге түскен суреттегі оның бейнесін шимайлап тастаған. Бұл шынайы эпизод болса да символ. Қазақтықтың азуы, мәрттік пен әділдіктің жеңілуі.
Ал тарихшының идеологиялық жендетінің бірі, Компартия шенеунігі Иван Петрович Храмков токарь болған, комсомол, үш университетті сырттай бітірген, білімі өте таяз адам, ол "солнце", "жена", т.б. сөздерді сауатты жаза алмаған. Құланды құдыққа құлатып, құлағында құрбақа ойнатқан сайтан қоғам өтірікпен көп шұғылданған, адамдар тағдырын қақпақыл, ойыншық қылған. Храмков елде 11 жыл тұрғанда бірауыз тіл үйренбегені қазақты бұратана, төмен халық санаған.
Жақында "ЖЗЛ" сериясымен шыққан "Ельцин" атты деректі кітапта бұрынғы айдабол, әсіре ұраншыл, әпербақан топтың шын мәніндегі нашар жаратылысын, құл-құтандық рөлін айқын әшкерелейтін бір эпизод бар: "Гайдар приходит к нему с неожиданным предложением: учредить в составе правительства особый орган, который бы объяснял населению смысл проводимых им шагов, их последовательность, вводил в оборот "экономическую азбуку", понятную даже ребенку, настраивал людей на правильный лад, помогал бы им психологически. Казалось бы, такое предложение должно быть близко Ельцину, бывшему партийному работнику. Однако он реагирует на него неожиданно резко. "Вы хотите восстановить Отдел пропаганды ЦК КПСС?" - спрашивает он Гайдара в лоб, насупив брови. Пауза. "Пока я жив, этого не будет!" (Борис Минаев, "Ельцин", стр 363, Москва, "Молодая гвардия", 2010 г.).
Реформаны насихаттау үшін идеологиялық аппарат қажет деген Егор Гайдардың сөзін Б. Н. Ельцин қабылдамақ түгіл, бір-ақ ауыз сөзбен тас-талқан қылған. Храмков сияқтылар көп, олар расында қоғам бұзылғанда жаны аяулы жақсыға ырылдатып қосатын қабаған ит сияқты қолшоқпар рөл атқарған. Ермұхан Бекмаханов тәрізді ұлт тұлғалары идеологиялық майданның әзиз құрбандары. Ол болмаса басқасын табар еді. Ал Храмков тәрізді жадағай жандардың (қазақтың өз ішінен шыққан қаншама саяз, тексіз адамдар ұлтына зардап әкелді, ол әлі зерттелер емес) мақсаты біреу-ақ: өз қызметін өсірту, шен-шекпен, сый-сияпат, пайғамбарды сататын иудалық. Сөйтіп, сталиндік дәуір 1937 жылы ұлт көсемдері мен халықтың таңдаулы ұлдарын түгел дерлік көзін құртқаннан кейін, кейінгі игі жақсыларының соңынан қолынан түк келмейтін, жел айдаған қаңбақтай өңшең суайттарды, нақақшыларды жинап алып, тәуір айтақтап салған. Дүниені хакімдер сақтап, дүмше надандар құртады. Абай "Шынның бетін бояйды" дегенде қасақана, жәдігөй арсыздықпен бұрмалауды айтқан. Коммунистер табанының бүдірі жоқ, үстірт, тез айнығыштығын романдағы үлкен қызметтегі қазақтардың өз қандастарын қорғай алмай, дұшпанға ұстап беретін тайғақ тұстарында ерекше айқын.
1954 көктемінде Қазақстан жазушыларының пленумында өткен республикалық жиында сөз сөйлеген Қазақстан ОК компартиясының бірінші хатшысы П. К. Пономаренко қазақтың отар ел болғаннан бергі моральдық бет-бейнесін, ушыққан хәлін мегзеп, нашарлығын бетіне басып, айып таққаны адал һәм пейілі таза адамның, дос жылатып айтар сөзі. Абай "Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың" деп ел азғандықтан түңіліп айтатыны сондықтан.
"Сендер бөгде халықтар қызыға қарайтын қазақтардың біртуар ұлт мақтаныштары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов сияқты ғылым мен өнердің саналуан саласындағы ірі дарын иелеріне күн көрсетпей қудалап, елден бездірдіңдер, қаңғытып жібердіңдер" - дейді биік мінберден шын ашынған Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко (550 бет). Өзін-өзі таныған дана халықтар мұндай озық, таңдаулы ұлдарын тау басына хан көтергендей ардақтап ұстайды. Мұны көзі ашық, жүрегі әділ, азаматтығы зор бірінші хатшы анық біліп отыр. Ол ұлт зиялыларын ағаш атқа теріс мінгізіп, қара күйе жағып қудалаған басшылықтағы адамдар туралы не айтуға болады деп налиды.
1950 жылы "Правда" газетінде ұлтшылдыққа қарсы науқан басталғанын роман авторы егжей-тегжейлі баяндайды. Ол грузин коммунистерінің қолымен Кавказда имам Шәмілге қарсы басталып, оны талқандап, Кенесары Қасымов тұлғасын мардымсыз, арзан, қандықол қарақшы қылып көрсету үшін жасалған. Сөйтіп ұлттық құндылықтарды жоятын идеологиялық баскесер гильотинаға айналған. Науқанның түп мақсаты: ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихи маңызын жою, ұлтжандылықты солдыру әрі бөтен ұлттардың рухани қорек алар төл тамырын үзіп тастау. Мәңгүрттікке бастар қаскөй отаршылдықтың жазалау тәсілі.
Осынау жасырын идеологиялық соғыстың көпе-көрінеу атқыштары һәм айтқыштары, яғни, Ермұхан Бекмахановты қаралауға шеберленген топ: Т. Шойынбаев, X. Айдарова, М. Ақынжанов,
А. Якунин - негізінен тарихшылар, артына тек маңызды ештеңе қалдырған жоқ. Шын асылды қорлап, өздерін ұрпақ алдында қарабет, жаманатты қылды. Бұлар адасқандар, жалдамалы, ал шын қаскөйлер бүркеніп тасада тұр.
Уақыт - ұшқыр түзеуші. Тәуелсіз елімізде Кенесары ханның ескерткіші қазақтың жаңа астанасында, Есіл жағасында тұр. Ермұхан Бекмаханов ең үздік қазақ тарихшысы болып танылды. Оның текке рәсуа болған есіл өмірінің өкініші мен құса-зары демесеңіз, аққа құдай жақ екені тағы рас.
Ғылымды сауын сиырдай көретін, жан қинамай мал табатын кәсіп ретінде танитын қаймана топ ғалымның залым болуын қалайды, сан мәрте құбылуын танытады: ой, идея ұрлау, пасквиль, компиляция, үзіп-жарып көшіріп алу, плагиаттық, қолы суық ұрлық ("кеңседегі кабинетінен бір бума мұрағат жоғалды" 273 бет), күншілдік тәрізді бықсық жамандыққа бейім. Осылар шынайы ғалымдардың жолын әрқашан кесіп, түбі көрге апарып тығатын сорақылық, қып-қызыл кеселді қиянатқа жиі барған.
Романда интриганың сан алуан түрі суреттелген. Домалақ хаттарды қазірде ел ұлықтап жүрген кей ағаларымыз ұяттан безіп жазғанын білу ұрпаққа ауыр тағылым, ақтау да қиын...
"Орыс тарихын" жазған тарихшы В. О. Ключевский Борис Годунов билеген кезеңде құпия өсек тасу, арандату, нақақ жала, қасақана құртқызу сияқты сұмдықтар басқа ешбір патшаның кезінде мұншалық малғұндықпен өршімегенін жазады. Бекмахановтың көрген қуғын-сүргіні, қорлық-зорлығы тура осы, Борис Годунов кезеңінен асып түспесе, кем болған жоқ. Шынтуайтында, мына деректі кітаптан мәлімі, ғылым жолы - қарусыз қан майдан, бақ таласқан беймаза жорық екендігі.
Жарық дүние игі жақсыларымен қымбат. Тарихшының Мәскеуде докторлық алған кесек монографиясын іске алғысыз қылатын айтыста қаралаушы топ бел алғанмен, Бекмахановтың қарсыластарын Әбіш Жиреншиннің жапырып жіберуі, Ермұхандай асыл азаматты жанын сала қорғауы соның айғағы. Отырықшылықтың батпан уыты, көзқамандық, қазақтықтан, өз тегінен безіну һәм жеру расында елдің ұлт-азаттық қозғалысымен қатар басталған екен. Бұл құбылыс "Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек" - Абай құсаланған алаң жұрттың терістелген мінез-құлқының күйкі ұсақталуы. Ассимилияцияға әлсіз ұлыстар ұшырайды, тарихта күштінің арты диірмен тартып, өзіне тәуелді, рухани мүгедектікке душар сорлы құлдардың табиғи болмыс-бітімін талқан қылмақ. Өмірдің уақыт әмірші беретін ең маңызды пәні - тарих. Оны беталбаты ешкім бұрмалай алмақ емес, оның ұлылығы сонда.
Ал, Е. Бекмаханов тұлғасы мен тарихи кітаптарының құндылығы сонда, ол өз халқының жаншылған, жер болып қорланған асыл рухын көкке көтергісі келді. Рух көтеру - оның тарихшылығынан бетер асқақ қасиеті. Ол тегін кеткен жоқ. Ұлы тарихшыны қорғаушы топтың құрамы өте қомақты: Қаныш Сәтбаев, Мұхамеджан Әбдіқалықов, Ильяс Омаров, Ислам Жарылғапов, Әбіш Жиреншин, Халил Әділгереев, Біләл Аспандияров, Елтоқ Ділмұхамедов, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Төлеген Тәжібаев, т.б. Тарихшының шәкірттері осал емес: жер аударылып барғанда іні болып паналатып, ұстазының қолжазбасын үш әріптен аман сақтап қалған Шу өңіріндегі адал студенті, мектеп мұғалімі Ахметжан Тілеубергенов, оның еңбектерін жарыққа шығаруға жол ашқан тарихшы ғалым Әбу Тәкенов, Кеңес Нұрпейіс, Талас Омарбеков және т.б.
Медеу Сәрсеке деректі романында ұлттық тұйық шеңберде қалып қоймай, құдай көрші қылған ұлы орыс халқының адал ұл-қыздарының бейнесін риясыз сомдайды. Олар ғылымға шын берілген, табиғи дарыны күшті, білімі ұшан-теңіз, адамсүйгіш, әділ ғалымдар: ұлты латыш Я. Я. Зутис, қазақ тарихының бес томын, Сырым батырды жазған ғұлама Михаил Порфирьевич Вяткин, басына күн туған сайын қазақтың баласын жанын сала қорғайтын, Ермұханның анасындай болған Анна Михайловна Панкратова. Алматыда көре алмаушылық дерті аш өзегіне түсіп, қарадай күйінген топтың масқара қылығынан соң қудаланған эрудит тарихшыны арашалап ала беретін мәскеулік бір топ тарихшы қауым.
Романда "Қобыланды батыр" жырына байланысты ерекше құнды деректер бар: әдебиетші ғалым Мәлік Ғабдуллинге Ерекеңнің қызылбастардың ирандық моңғол тұқымы - ильхамдар екенін айтатын тұсы. Қажым Жұмалиев, Бердібек Соқпақбаев бейнесі қандай! Ал ащы шындық мынау, тағдыр тәлкегімен бостандықта жүргенде бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды деп өзара алакөз қазақтың қос жақсысы, Ермұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменовтің түрмедегі бір нарда кездесуі, өкпеге қиса да, бірін-бірі өлімге қимайтын ағайынның басына күн туса ғана жақынын бауыр тартуы. Ерекеңнің кекшілдік жат адал жаратылысы баурайды. Әлі күнге бір-бірімізді шеттетіп, жершілдік пен жүзшілдіктің тар шеңберіне көніп, тайпалық санадан арыла алмай, қаскүнемдікке байланатын майда-шүйде мінезіміз анау әлем халықтарының үстем көзімен қарағанда күйкі оспадарлық емей не?! Қазақ өзін-өзі мұқатса, ұлттық тұрғыдан түк ұтпайды.
Романда жұмбақ көп. Бек Сүлейменовті кім соттатты? Ол Бекмахановты ұлтшыл деп абақтыға жапқаннан екі ай бұрын айдалған, бір қызығы, оның өзі де әріптесін ұлтшыл деп кінәлаған. Медеу Сәрсеке ұдайы дерекке бағынышты ащы шындықты жариялаудан еш тартынбайды. 25 жылға кесілген Е. Бекмаханов Н.С.Хрущевтің тікелей көмегімен біржарым жылда босап, 1954 жылы 16 ақпанда түрмеден шығады. Елде осы мезетте Қазақстанның V съезі болып жатыр, сонда М. Сужиков (ұлты қазақ): "Біз қазақ ұлтшылдығын құрттық" деген. Ал, Алматыдағы жоғарғы оқу орындары қазақтың тарихтан тұңғыш докторын жұмысқа алмайды, Мәскеуден А. М. Панкратова шәкіртін қызғыштай қорғаштап, беделді жерлерге телефон соққанша ол жеті ай жұмыссыз отырады, асырауында бес баласы бар, өкпесі сырқат адам.
Бекмахановтар әулеті ұлтына өлшеусіз еңбек сіңірген тұңғыш ғылым докторынан бөлек, мәскеулік қос академикті - қазақ тарихын архивтен зерттеген қызы мен жиенін берді. Нәйля Ермұханқызы әке жолын қуып, табандылығы, білімдарлығымен сүйек үзілмейтінін айқын танытты. Бұл ретте әкенің қызына айтқан өсиеті өнегелі: "Ғылым соңына, қалқам, жас күніңнен түсу қажет, алдыңа биік мақсат қой!" (623 бет). Романдағы ең зор парадокс мынау: деректі проза болған соң жазушы Бекмахановты соттаған және ақтаған үкімді қатар һәм тұтас берген. Бірақ, Ермұхан Бекмахановты кеңес үкіметі не үшін соттағанын ұғу өте қиын, себебі оның кінәсі жоқ.
Кішкене халықтарға үлкен қанжар керек деген имам Шәмілдің кекті сөзі жадыда жаңғырады. Алайда тарих мумкіндігінше өз болмысын ақтап һәм сақтап қалған бекзат жұрттарды тау басына хан көтергенін біздің ұрпақ әсте ұмытпауы керек. Қазақ әдебиетіндегі деректі прозаның дамуы халқымыздың мерейі үстем бола бастаған анық озықтығының кепілі. Жазар таусылмасын, Медеу аға!
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы,
Мемлекеттік "Дарын"
сыйлығының иегері
Кемелбаева А. Алаң жұрттың тарихы // Сәрсеке М. Ноқталанған тарихшы. Ермұхан Бекмахановтың шерлі тарихы: деректі ғұмырнама.- Алматы: Қазақ университеті, 2015.- Б. 562-567