Сәрсеке М. Жаңғырық: роман. - Алматы: Жазушы, 1979. - 380 б.
Жазушы Медеу Сәрсекенің романы өндіріс тақырыбын, техника саласындағы инженерлер мен жұмысшылардың мамандыққа шеберленуін, рухани өсіп-дамуын сөз етеді. Олардың сапалы да, тиімді жаңалықтарды өндіріске батыл енгізулері - романның негізгі тартыс желісі. Еңбек сүйгіштік, достық пен ынтымақты бірлестік – шығармаға өзекті арқау болып тартылған.
Сәрсекеев М. Туған жердің асылы: Новеллалар. - Алматы: Жазушы, 1974.- 200 б.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туған елінің көгіне жұлдыздай жарқырап шығып өшпес үлгі шашқан, өмір жолында тұлғалы еңбектер қалдырған ардақты азамат. Қолыңыздағы кітап ғалымның өмірбаяны емес, бірақ өмірбаяндық деректер шеңберінде ғұламаның дара тұлғасын әңгімелейтін деректі новеллалар жинағы. Кітапқа ғалымның халық соты қызметінен бастап, республика Академиясының президентіне дейінгі өмір белестері өзек болды.
Сәрсекеев М. Қаныш Сәтбаев. - Алматы: Жалын, 1988. - 528 б.
«Өнегелі өмір» сериясымен шығып отырған бұл кітап аса көрнекті совет ғалымы, мемлекет қайраткері, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, КСРО, Қазақ және Тәжік ССР Ғылым академияларының мүшесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмір жолын жан-жақты баяндайтын деректі ғұмырнама. Туған елінің көгіне таң жұлдызындай жарқырап шығып, өшпес сәуле шашқан, артында өлмес ұлы істер қалдырған ардақты азамат, зор ғұламаның өмірі жастарға әрқашан өнеге болмақ.
Сәрсеке М. Дара дарын: роман-эссе.- Астана: Фолиант, 2008. - 484 б.
Ұлтымыздың кемеңгер перзенті Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолын айшықтауға Медеу Сәрсеке қырық жылдан астам уақытын сарп етіп, біртуар ғалымның жарқын бейнесін тартымды һәм тұрлаулы еңбегімен қазақ қауымына танытқан қаламгер.
Мемлекеттік түрлі қоймаларда құпияда ұсталған көптеген мұрағаттарды әжетіне жаратқан жазушы өз еңбегінде ұлы ғалымның замандастары мен туыстарының, үй-ішінің жүрекжарды әңгімелерін, хаттары мен естеліктерін, геологиялық-ғылыми құжаттарды пайдаланып, ғалым ғұмырнамасын қиял-қоспасыз, шынайы оқиғалармен қызықты өріп, Қаныш Имантайұлы өмірінің бел-белестерін бүкпесіз ашып, ұлағатты, ерлікке толы істерін саралап та, даралап та ұлықтайды. Деректі негіздегі ғұмырнама тарих бүгінгі заман техникасының мүмкіндігіне сай көркемделіп шығарылып отыр.
Сәрсеке М. Абай тойы. - Алматы: Атамұра, 1996.- 288 б.
Әлемнің Париж, Лондон, Мәскеу, Пекин сынды айтулы шаһарларынан басталып, Алматы, Семей және Шыңғыс тау баурайында дүрілдеп өткен ұлы Абай тойы, данышпан ойшылдың туғанына 150 жыл толу мерекесі де тарихқа айналды. Семейдегі мұражай, Жидебайдағы кесене, тағы басқа құрылыстар ақын рухына табынып, мәңгі бас иер ұрпақтың игілігі болып қалды. Медеу Сәрсекенің осынау альбом-кітабы сол кезде басталған той әзірлігінен бастап, тойтарқар күнге дейінгі ұлан-асыр еңбектің, оқиғалардың шежіресі іспетті. Кітапта берілген фото ісінің шеберлері түсірген түрлі-түсті суреттер тарих көші ілгері жылжыған сайын еліміздің тәуелсіздіктің көк байрағын көтергеннен кейінгі алғашқы дүбірлі тойы іспетті мерекелік күндер көрінісінің сол қалпында қаларына себепші болмақ.