ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару» бағдарламасы бойынша Астанадағы «Фолиант» баспасы жуықта Медеу Сәрсекенің «Шығармалар жинағын» жарыққа шығарды. Көлемі 232,5 б.т. сегіз кітаптан құралған жинақ республика кітапханаларына таратылуға тиіс. Алпыс жылға таяу уақыт еңбекқор жазушы қаламы өрген шығармалардың дені деректі ғұмырнамалар- «Сәтбаев» (екі рет), «Бөкетов», «Бекмаханов» (үшеуі де Мәскеудің «Молодая гвардия») баспасының «ЖЗЛ» топтамасы бойынша 1980, 2003,2007 және 2010 жылдарда жарық көріп, әлем кітапханаларына таралған үздік туындылар). «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» хикаяттары мен осы жанрдағы мөлтек әңгімелері бірінші томды құраса, 2-3-ші кітаптарға деректі шығармалары «Шыңғыс хикаясы», «Мен білетін Ер Ғабең» мен бірнеше балладалары енген.
«Үйдегі мұрағатымда ертеректе жазылған үш туынды болатын: «Ағайынды үшеуге - ату жазасы», «Ағайынды Қадылбековтер» және «Аласармас асқар таудай ардагер» атанған деректі дүниелер. Әртүрлі себептен соларды жариялауды тежегемін. Соларды да «Шығармалар жинағыма» қостым. Қаһармандары - ел мүддесіне аянбай еңбек етіп, сол жолда шейіт болған ардагерлер... – деді, Медеу Сәрсеке бізбен әңгіме үстінде. - Кімдер екенін айтайын: үш Сейітов - Баянауыл перзенттері, ағайындылардың үлкені - Асылбек 1923-1937 жылдарда Семей облысының денсаулық сақтау жүйесін құрып, сәтті басқарған кәсіби дәрігер, 1918 жылы Алашорда үкіметінің денсаулық министрі болған. Ту баста Баянауыл мен Қарқаралыда халықты емдеген. Оның інілері Мағжан ақынмен, Смағұл Сәдуақасұлымен, Әлімхан Ермековпен аралас-құралас болып, солар құрған жастар үйірмелеріне мүше болған жайсаңдар...
Ағайынды Қадылбековтер де - баянауылдық зиялылар. Солардың үлкені Нұрғали - Солтүстік Қазақстан губерниясында 1925 жылдарда екінші хатшы болған белсенді большевик, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі, Түріксіб темір жолын салған басқармада, одан соң Қарағанды көмір тресінде екінші басшы міндетін атқарған қайраткер. Амал не, Рысқұловты қаралау мақсатымен ұйымдастырылған жалалы «істің» басты куәгері ретінде Шымкентте тұтқындалып, Алматы түрмесінде 1936 жылы дүреден өлген... (Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерімде» Нұрғали Кодаленко аталып, сайқымазақ әжуамен сипатталған кейіпкер де осы). Оның тетелес інісі Мерғали Қадылбеков - Мәскеудің түсті металдар институтын 1928 жылы Оразалы Жандосовпен бірге тәмамдаған геолог.
Шымкенттегі қорғасын зауытын тұрғызуға негіз болған Ащысайдағы Мерғали-сай (қазіргі Кентау қаласы осы кен орында ірге көтерген), Текелі және Қарағанды іргесіндегі Қайрақты (вольфрамға бай) кен орындарын 1930-37 жылдары тұңғыш ашушы ірі маман. 1935-36 жылдардағы республикалық газеттер ұйымдастырған индустриалды Қазақстан туралы арнайы беттерде оның еңбегі Қаныш Сәтбаевпен әрдайым бірге жарияланған. Амал не, ол да 1937 жылы КСРО Ауыр өнеркәсіп наркомының орынбасары Ю.Л.Пятаков пен Қазақстанды дара билеуші Л.И.Мирзоянның сыбайласы ретінде, Текелі комбинатының тұңғыш директоры О.Жандосовпен және оның ағасы Оразбен бірге ату жазасы үкім Мәскеуде орындалған. Мен осы деректерді академик Сәтбаев туралы қараған кезде көріп, «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген жорамен көп жыл бойы үйімде сақтаған едім. Қатаң цензурадан ада болып, емін-еркін толғауға мүмкіндік туған кезде тарих толқынында ұмыт болған шерлі тұлғаларды ел назарына өзіме парыз санадым...
Үшінші тұлға-зиялы қауымға білімпаз болмысымен таныс қайраткер. Ол болса 1938-1947 жылдарда Қазақ КСР-ның Халық ағарту наркомы Қазақстан КП ОК-нің секретарь Мұхамеджан Әбдіқалықов. Ол кісі Е.Бекмахановтың өмір жолын қазып жүргенде танысып, екі-үш мәрте сұхбат құрғанмын. Мұхамеджан ағайдың сол кездесулерде маған ашқан құпия деректері болмаса мен сол кітапты жаза да алмайтын едім. Ол кісі 2006 жылғы 13 шілдеде 99 жасында қайтыс болды. Мұхаңның туған інісі техника ғылымдарының докторы Мейрам Әбдіхалықов ағасының үйіндегі күллі мұрағатын бертінде маған сыйлады, марқұмның өзі де сол жігітке тапсыр депті-міс. Қысқасы, сол архивтен мен неше түрлі қызық та мәнді деректер көрген соң қайраткердің өмір жолы туралы деректі эссе жазуыма тура келді.
Эссенің «Аласармас асқар таудай ардагер» деп аталуы - шынын айтқанда, менің сөзім емес, белгілі қаламгер Ісләм Жарылғаповтың сол кісіге арнаған ұзақ өлеңінің алғашқы жолы. Амал не, кейбір замандастары секретарь Мұхаңды Мәскеудің өмірін орындағыш белсенді қайраткер етіп сипаттап, өздерінің оғаш әрекеттерін бертінде сол кісіге байлаған. Менің қолымдағы құжаттарда Мұхаң көптеген қазақ оқығандарын, мысалы, Әуезовті, Бекмахановты қызғыш құстай қорғағанын аңғардым әрі Қазақстан мектептерін орта білім беруге бейімдеу ісінде ерекше қайрат көрсеткен адам...».
«Шығармалар жинағының» 7-8 кітаптарына инженер-қаламгердің өзі еңбек жолын бастаған ауыр өндірістердегі өмірінен шытырманды оқиғаларды негіз етіп, тартымды сюжетпен өрген, өткен ғасырдың 80-90 жылдарында «Жазушы» баспасынан жарық көріп, Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан да қайыра жарияланып, Одақ көлемінде де НТР заманының үздік шығармалары ретінде бағаланған туындылары - «Жарылыс» пен «Көмбе» романдары еніпті.
7-ші кітаптағы «Жарылыс» туындысы бірінші бетіне одақтың «Литературная газета» 1982 жылғы 27 қазан күнгі санында осы романнан «Ауыр қорғасын» деген атаумен үзінді жариялағанда оған Еңбек Ері, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің жолашар лебізі беріліпті: «Біз, қазақ қаламгерлерінің аға буыны, жұмысшы адамдар туралы қалам тартқанда, олардың өндіріс ісіне таңдана қарап, бұрын-соңды шұғылданбаған кәсіпті, тың өнерді білуге құлшынып, соны тезірек меңгеруге ұмтылғанын көрсеткен едік. Заман талабы да солай еді. Тарихи заңды және өмір шындығынан туған іс болатын. Медеу Сәрсекеевтің «Жарылыс» романы да зауыт адамдарының өмірін көрсетуге арналған, тек ол жаңағы сипаттағы шығармалардан мүлдем бөлек сарында жазылған. Өзі де инженер-металлург автор өндіріс құпиясына бойлай еніп, әріптестері бейнесін нанымды сомдайды. «Жарылыс» - күрделі қақтығысқа құрылған шығарма. Технологиялық процесті көрсетудің қиындығына, ауыр өндіріс тынысын сипаттаудың күрделілігіне қарамастан роман жеңіл оқылады. Әсілі, бұл да - қаламгердің сөзсіз табысы...».
Медеу Сәрсекенің «Шығармалар жинағы» жазушының 80 жастың өріне шығар қарсаңында жарық көргенін ескерту парыз
Қарагөз Сімәділ
Қарагөз С. «Шығармалар жинағы» сегіз кітап // Қазақ әдебиеті.- 2015.- 6 қараша.- Б.10
Сегіз кітап // http://qazaqadebieti.kz/2586/segiz-kitap