Қазақ сахарасы - сынақ алаңы

«Семей қасіреті» хикаятынан үзінді

«Семей полигонынан зардап шегуші ретінде маған берілген 02-001916 санды куәлікте ядролық жарылыс астында 37 жыл 2 ай болғаным ресми расталған. Демек, мен осы кітапта сөз болатын шерлі оқиғалардың бәріне дерлік тірі куәгермін. «Толған ел тарихын жақпар тасқа жазады.Тозған ел басынан кешкенді көз жасымен жуады» деген уәжге бағып, ел-жұртыммен бірге басымнан кешкен ғасырлық қасіретті шертпей өмірден аттансам- жер басып жүргеніне мәз тоғышардың бірі болмайын деген ой мені жиі мазалап, әсіресе полигон таратқан ауыр дерттен дәрігерлер жәрдемімен екі мәрте сауыққан кезімде жазу үстеліне шегендегені анық...»- деген жүрекжарды сырын Медеу ағамыз жуықта өзі аяқтаған, «Семей қасіреті» деп атаған шерлі оқиғаларға толы, көлемі 50 баспа табақтан асқан деректі хикаятында бүкпесіз сөз еткен.

Бүгін біз осы кітаптың «Қазақ сахарасы – сынақ алаңы» аталған бір тарауын сәл-пәл ықшамдаумен ұсынып отырмыз. «Семей таңы» оқырманы осы хикаяттың нақтылы өмір деректерін қайыра әңгімелеу арқылы күні кешегі шерлі тарихымызды көз алдымызға келтіретін сәттерін бейжай оқымас деген ойдамыз. Мүмкіндікке қарай, «Семей қасіретінің» кейбір тарауларымен әлі де таныстырмақпыз....

Мәскеудің «ИздАТ» баспасы 2002 жылы жарыққа шығарған, көлемі 654 бет, «КСРО-дағы ядролық сынақтар» аталған ғылыми монографиялар жинағында «Елсіз далаға ірге тепкен полигон» туралы тұжырым ресми құжаттармен бекіген. Сенесіз бе, оқырман, сол кітапта: «Қазақстандық «білгіштер» зор даңғаза жасап, сынақшылар жер-суды бүлдірді, тұрғын халықты ауыртты...» - деген түйін баса айтылған. Сол ой он шақты ғалымның иланымды «дәлелімен» бекіген.

Осы жинақтың 37-68 беттерінде «Семей полигонын салу, оның территориясында ядролық қаруларды сынайтын алаңдарды дайындау» деп аталған тарауды атомдық сынақ алаңынан таңдауға кімдердің қатысқаны тәптіштеп баяндалған.

Саров қалашығында әзірленген алғашқы бомбаның сұлбасы қарайғанда, яки 1947 жылдың жазында, И.В. Курчатов Берияға барып: «Лаврентий Павлович, таяу уақытта бізге халық қоныстанбаған, айналасында кем дегенде 200 км-ге дейін тірі жан тұрмайтын кең алаң керек. Сол жерде «бұйымды» сынаймыз. Оның жарылысы- адамдар ғана емес, жан-жануар тірлігіне де қатерлі...»- деген. Ғылыми істен бейхабар, можантопай содырды өз ойына иландыру үшін АҚШ мамандарының ядролық сынақ алаңы үшін Нью-Мексика штатының «Өлім алқабы» аталған табиғаты аса қатаң, халық қоныстанбаған шөл даладағы Аламогор тақырын таңдағанын мысалға айтқан. Л.Берия сол күні-ақ КСРО ҒА-ның басшыларына жедел тапсырма түсірген. Елсіз аймақтың нендей іске қажет болғанын ашпай, сейсмикалық сілкіністерді қадағалайтын «Таулық станса» орналасады, кең алаң да солардың сынағына керек деген. Сол алаңды Ресей алқабынан емес, тек қана Орта Азия мен Қазақстан республикалары территориясынан табуды айрықша ескерткен. Географ мамандар «Таулы стансаға» қажет алаңды үкімет мүшесі нұсқаған республикалардың бәрінен де тауып, әрбіріне ғылыми сипаттамалар беріп, академия басшыларына ұсынған.

Ертістің сол жағалауындағы шалқар жазық сол тізімде бірінші кезекте аталыпты. 1-Бас басқарманың мамандары тізімге ілінген алқаптарды ұшақпен аралап, мұқият тексерген. Ядрошы мамандардың таңдауы ақырында ұлан-ғайыр Қазақ даласына түскен. Неге? Ауада, жер бетіндегі сынақтар- иен жазықтың кіндік ортасында, ал жер астындағы жарылыстарды Дегелең тауының қойнына түсетін ұңғымалар қазуға болады. Көл-көсір алқаптың жынысы қатты, ту ортада шошайған жалғыз тау гранит пен мәрмәр тастан түзілген. Сол да жарылыс қуатын ерекше күшейтіп, кенеттен өрбитін тербелісті 100-150 шақырымға жеткізеді. Бір деңіз. Екінші, сол таудан 130 шақырым теріскейде арнасы кең, о күнде суы мол Ертіс өзені байырғы Қазақ даласын солтүстікке қарай жарып өтеді. Өзеннің арғы жағасы-қалың орман, ал бергі беті-суға түсіп, құм қайраңда күнге күйіп, емін-еркін сайрандауға Құдай тағала арнайы жаратқан демалыс орны. Демек, сол жер өндірістік база орнатып, казармалар мен тұрғын үйлер салуға қолайлы. Үшінші ерекшелік, Саровта дайындалған «бұйымды», өзгедей де керек-жарақты кемеге тиеп, Ертістің айдыны арқылы не темір жолмен бөгеусіз жеткізуге болады: Түріксіб темір жолының Семей бекеті өздері таңдаған жайдақ алаңнан небәрі 130 шақырымда. Төртінші, сол бекеттің түстігінде көп-көрім әуежай бар. Бұл да Мәскеуде тұратын үй-іштеріне жиі қатынауға иә олардың өздеріне келуіне арнайы сайлағандай ұтымды жайт...

Қысқасы, Ертіс жағасына екінші мәрте ат басын бұрған шолғыншы топ (бұл жолы ВНИИЭФ ұжымының жетекшілері де келген) жатаған бұйраттар қаумалаған, әредік тұзды көлшіктер мен батпақты сортаңдар ағараңдаған шалқар жазықты асықпай көріп, әрлі-берлі өлшеп, Дегелең мен Мыржық бөктеріне де соғып, екі таудың да қойны-қонышын шурфтар қазып тексереді. Сол сапарда-ақ мамандар бізге қажет алаң осы деген ойға тоқтаған. Бір ғана гәп шолғыншыларды алаңдатқан: кең аймақтың әр жерінен мұржалары сорайған қыстау үйлер мен ұсқыны жүдеу мал қораларын көреді; киіз үйлерде отырған малшы қазақтарды кездестіреді; Дегелең мен Мыржық тауларының арғы-бергі бөктерінде бірнеше ұжымшар бар екен, негізгі кәсібі- төрт түлік мал өсіру, тірліктері тек тым жұпыны...

Осы жайт 1- басқарма басшылары ВНИИЭФ жетекшілерін едәуір ойлантқан. Айдыны шалқар өзеннің (сол тұста ені бір шақырымға тақау) арғы- бергі жағасы – қалың ел. Жаңасемей қалашығынан аттанып, Ертісті жағалай ылдиға құлдилағанда бірнеше мекенді баса жүрген-ді, қазақ ауылдары екенін (Мұрат, Түріксіб, Шақаман, Социалистік, Бөкенші, Бөденелі, Молдар және Ақжар) жұпыны сұрқынан аңдаған, бәрі де өзен жағасына ентелей қоныстап, бау-бақша өсіріп, төрт түлік мал бағумен қоса, балық та аулайды. Ағыны қатты, арналы дарияны жағалап иық тіресе орныққан ауыл-селолар Семейден 350 шақырым жердегі Павлодар қаласына дейін үзілмейтінін де картадан аңдайды. Ертістің сол жағалауы алаңқай далаға ұласып, оң жағалауын тұтасқан қалың қарағай қоршап, еңіске құлаған тұсында кеме тоқтайтын айлақтар ірге тепкенін де көреді. Олардың атауы: Ескі бекініс, Қайыңды, Долон, Семиярка, Мостик, Ақсу және бірнеше елді мекендер. Бұларды ешқайда көшіре алмайсың. Өйткені тұрғын халқы мол, бәрі де су жолында. Ал сынақ жасалмақ жердегі малшы қазақтарды, небәрі алты кеңшар түзеген ұсақ шаруашылықтарды Бөрлі тауының арғы бөктеріне, одан да қашығырақ қоныстарға көшіруге болады. Сөйткен күнде Ертіс жағасынан 200 шақырым күнбатыс пен түстікке дейінгі шалқар даланы елсіз аймаққа айналдыру қиын емес деген желік ой, сірә, сол сапарда жетекші рөл атқарған...

Таң қалдырар гәп: осы мәселені талқылағанда білім-танымы жоғары білгірлердің бірде-бірі. «Радиация залалы және өзгедей де қатері мол ядролық сынақты халық ежелден жиі мекендеген берекелі Ертіс жағасында, Қазақстанның үш облысы шекаралас болып, оған қоса Ресейдің Алтай өлкесі Құлынды даласы арқылы тоқайласатын, сол күнде екі жарым миллиондай жан иесі қоныстанған, ел экономикасына қайтарымы мол шұрайлы аймақтың ту ортасынан ядролық полигон ашуымыз қалай болады, күні ертең осы таңдаудан опық жемейміз бе?..»- деген жайтты қаперіне алмаған. Түсініксіз бейғамдық, әлде Ресей империясына «өз еркімен бағынған» бұратана халықтарға деген бәз-баяғы ұлыорыстық немқұрайды пиғыл әсер еткен?..

«КСРО-дағы ядролық сынақтар» кітабының 37-бетінде осы тапсырманы дайындауға қатысқан қайраткерлер мен ғалымдардың (А.Завенягин, М.Воробьев, М.Садовский және П.Рожанович) Л.П. Берияға жолдаған ресми хаты келтірілген: «...Сейсмикалық таулық стансаның орны үшін Сізге ұсынылған бірнеше аймақтың, ең қолайлысы, біздіңше, 1-кезекте аталғаны, Ертіс өзенінің сол жағалауындағы, Семей қаласынан 170 шақырым төмен жердегі - халық қоныстанбаған аймақ (дараланушы біз- М.С.). Оның айналасы- 200 км-ге дейін мидай жазық, содан әрі 4 метрден, кейде одан да биігірек ұсақ бұйраттар қоршаған. (...) Ескертуге мәжбүрміз: біз таңдаған алаңның басты кемшілігі- темір жолдан 170 шақырым (қате дерек, Жаңасемей бекетінен небәрі 130 км- М.С.) жырақта болуы және Семей қаласында бұрыннан ірге тепкен Қытай консульствосы (сірә, оны басқа бір қалаға ауыстыру жөн). Біз ұсынған аймақта су мүлдем жоқ, кейбір тұсында ғана шыңырау құдықтар бар, оның да су қоры мардымсыз. Ауа райы аса қатаң... Ұсынылған аймақтың жан-жақты зерттелген материалдарын осы хатпен бірге ұсынып отырмыз. Таулы станса салуға ұсынылған №1, яғни Ертіс атырабындағы алаңды бекітуді өтінеміз».

Полигон туралы дайындалған үкімет жобасымен И.В. Сталин 1947 жылғы 19 маусымда танысып, бірінші бетіне «келістім, бекітемін» деп жазып, қол қойған. Маусым айының соңғы аптасында Берия бастаған қарамды топ (Курчатов, Харитон, Ванников, Завенягин, Қорғаныс министрі, әлде Бас штабтың маршал шеніне ие бастығы) Семейге арнайы ұшақпен келген. Облыс орталығындағы әуежай Ертістің сол жағалауындағы Шағыл жазығында. Төтенше сапармен келе жатқан КСРО-ның үкімет делегациясын Семей облысының қос басшысы А.Д.Гарагаш пен Х.Б.Байзақов, жергілікті КГБ-ның бастығы полковник В.А. Губин әуежайда қарсы алған. Мәртебелі топ ұшақтан түскен бетінде Ертісті құлдилап, о күнде оппа шұңқыры көп дала жолымен екі-үш сағат изеңдеп, жиырма-отыз үйлі Бөденелі, әлде Молдар елді мекенінен өткен соң-ақ, иен жазықтың Ертіске еңкейген тұсындағы жарбиған қазақ аулынан сәл ұзап, ол болса Павлодар облысының Ақжар колхозына қарайтын Молдар елді мекені, көдесі желкілдеген жарқабақ үстіне тоқтайды. Сол жерге академия комиссиясы жеңіл палатка тігіпті. Айналасы ат шаптырым иен жазықтың әр тұсына қазақ-қадалар қағып, сол төңіректі картаға түсіріп, келешек қалашықтың орнын межелеп қойыпты. Үкімет тобының біраз адамы дереу күнбатыс қиырға аттанып, жүз шақырымнан аса жер жүріп, Дегелең тауының етегіне жетіп, соның шоқтығы биік бір жотасынан теріскейде көлденең көсілген Мыржықтың ақар-шақар жоталарын дүрбімен шолады. Жолшыбай кездескен бұлақтар мен көлшіктердің жағасында колхоз малын баққан қазақтардың киіз үйлерін, әр жерде мыжырайған қыстаулары мен мал қораларын көреді. Содан кешке таман Ертіс жағасына қайтып оралып, өзенге шомылып, шаң-тозаңнан арылып, сол жерде жайылған дастарқанға жайғасып, жол азабын ащы арақпен тарқатқан...

Лаврентий Павлович көмекшісі ұсынған планшеттен осы аймақтың картасын суырып, ВНИИЭФ ұжымының иелігіне берілетін Ертіс жағасындағы қомақты алқапты нұсқап, қарсы алдында қақшиып тұрған Қазақстан КП (б) Семей облыстық комитетінің бірінші секретары мен атқару комитетінің төрағасына: «Қазық қағылған жерге таяу күндерде әскери бөлімше келіп, тұрғын үйлер тұрғыза бастайды. Бір ме? Екінші, арнайы мамандар тобы Ертіс өзенін бойлап, Түріксіб трассасынан жалау ілінген мына алаңға дейін тартылатын кең табанды темір жолдың жобасын әзірлеуге кіріседі. Бұл жол биылғы күзден бастап жедел қарқынмен салынады. Естеріңде болсын, темір жол мен қалашық құрылысы келесі жылы толық бітеді, екі!..Үшінші, осы жерден күнбатысқа дейінгі 200 шақырым иен жазық мемлекет қарамағына алынып, «Таулық стансаның» иелігіне беріледі. Төртінші, стансаның жұмысы өте құпия, сондықтан да облыс орталығындағы Қытай консульствосын бірер айда басқа қалаға көшіреміз, қытайлар наразылық білдірсе- мүлдем жабамыз. Ал сендер, жергілікті басшылар, осы атыраптағы елді мекендерді келесі көктемде басқа жаққа көшіруді қазірден бастап ойластырыңдар! Түсінікті ме?..- Адуын ғана емес, айбары да әлей әкімнің сырына сырттай қанық семейліктер: «Лаврентий Павлович, ұқтық, тура солай істейміз!»- деп құлдық ұрып, бастарын изеген.- Ұқсаңдар, сөз бітті..»

КСРО үкіметі мен БКП (б) ОК сол құжатты 1947 жылғы 21 тамызда арнайы қарармен (2939-995 СС.ОП) бекіткен. Сол қарар бойынша, Ертіс жағасындағы «Сейсмикалық таулы станса» Ғылым Академиясының қарамағынан алынып, КСРО Қарулы Күштер министрлігінің иелігіне беріледі. Әскерилер соны ә дегенде «905-нысан» деп өзгертіп, 1948 жылдан кейін 52605 әскери бөлімнің «№2 тәжірибе алаңы» деп атаған. Осы төңіректегі халыққа ол «Әскери зона» деген атаумен мәшһүр болды. «Семей полигоны» атанып, 1949 жылдан беріде күллі әлемге мәлім болғаны да кешегі күндердің күйкі шындығы. Қысқасы, о күнде бір сөзді екі мәрте қайталамайтын үкімет төрағасының бірінші орынбасары қол қойған қарар бойынша, Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының шекара шебі өзара түйісетін ұлан-ғайыр кеңістіктен 18500 шаршы шақырым, периметрі бойынша 600 шақырым жер Арзамас-16-дағы құпия ұжымның №2 сынақ полигонына айналған. Осы алқаптың 54 пайызы Семей, 39 пайызы Қарағанды, 7 пайызы Павлодар облыстарының иелігінен алынып, әскеилердің қарамағына берілген. Бертінде бұл да аз делініп, Семей облысының Абыралы ауданының 1 миллион 908 мың гектар жерінің 445 мыңы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 1955 жылғы 22 қаңтардағы қарарымен әскери ведомствоға қосымша берілген.

Осы аймақтың «халық қоныстанбаған елсіз дала» еместігі – көзге түртер ақиқат. Төмендегі естеліктер де сол шындықты айғақтайды.

Мүтән Аймақов, «Көргендерім» кітабынан (Семей, 2001 жыл):

«... Менің балалық шағым осы өңірде, Мыржық пен Дегелең тауларының баурайында, колхозға біріккен қазақ аулында өтті. (...) Мал өрісіне орай шашырай қоныстанған ауылдардың арасы төрт- бес шақырымнан. Әлбетте, әр ауылда мектеп ашу мүмкін емес, қозы көш жерге жаяу-жалпы қатынап оқыдық. Бастауыш оқу ұясын бітірген соң өзім Дегелеңдегі орталау мектепке бардым, бірер жыл Ұзынбұлақ колхозының орталығынндағы интернатта жатып оқыдым. (...) 1946 жылы, 19 жасымда әкем мені Семейге апарып, Абай атындағы педучилищеге берді. Кешегідей болған жоқ, сол оқуды бітіріп, бастауыш мектептің мұғалімі деген куәлікпен туған елге оралдым...

Соғыс бітіп, мамыражай уақытқа қолымыз жетті деген кезде, біздің ауыл мазасыз көршілерге тап болды. Иә, 1946 жылы әскери киімді адамдарды жиі көретінбіз. Олардың машиналары Тарбақ, Майлықара, Дегелеңнің Әулие асуынан, кейде Керекудің Май ауданы жағынан келіп, әрлі-берлі өтеді.Таңғалып, соңдарынан қарап тұрамыз. Әлдебір жерден құрылыс салып жатқандай көрінеді. Мыржық қойнында мыс пен марганец кендері барын естігенбіз, терең құдықтар қазып, жер қыртысын тексеріпті-міс.Суды, топырақты, тау жынысын неге тексеретінін айтпайды. Ауылға соққанда қаланың жеміс-жидектерін әкеледі, басы артық әскери киімдерін де тастап кетеді. Ел о күнде тұт жалаңаш, соғыс зардабы әлі жойылмаған қиын кез...»

Академик, техника ғылымының докторы Ғалымқайыр ініміздің әкесі Мүтән ақсақал естелік кітабын жарық дүниемен қоштасар қарсаңда жариялаған. Өмірбаяндық хикаяттың қай сөзін, бала күнінен басынан кешкен қандай оқиғаны теріс дейміз? Жоқ, «Құлақпен естігенді емес, тәніммен сезіп, жан жүрегіммен күйзелген, көзіммен көргендерді жазып отырмын...» - деп ағынан жарылып, елу жыл бойы ішінде сақтаған сырын ашқан кексеге рақмет деуіміз қажет...

Сейілхан Балтабаевтың естелігінен (25 тамыз 2014 жыл, қолжазба):

«... Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралған әкем Дегелең бауырындағы Киров колхозының мүшелігінен шығып, Балапанда ашылған көмір кенішінің қорын зерттейтін Қаражал (сол кеніш қазірде Қаражыра аталады- М.С.) кен барлау партиясына қара жұмысқа түсті. Разведка қоныс еткен жерде едәуір үй бар. Бірінші сыныпты сонда ашылған мектепте бастап, екінші, үшінші оқу жылдарын Киров колхозының орталығындағы оқу ұясында жалғастырдым. Ол болса сол күндегі қонысымыздан 6-7 шақырым жерде. Аяқ артар көлік болмағандықтан, мектепке қысы-жазы жаяу қатынап, сабақтан бір күн қалғам жоқ. (...) Сол кезден есімде сақталған жайт: Қаражалға әскери адамдар жиі келетін, естуімше, Ертіс жағасында әскери қала салынбақ, бірақ оған біздің ауылдан ешкімді кіргізбейді, тәртібі қатаң дейді. «Олар сонда не істейді?» деген сұрауыма, шәлдірек орысшасы бар әкем: «Әскери адамдар- біздің тыныштығымызды қорғаушылар, неғып жүрсіңдер деп сұрауға болмайды...»- деп қабағын шытады.

Бірде қызық болды: аспаннан гүріл естіліп, қанаты аппақ алып құс біздің үйдің сыртындағы жазыққа қонды. Аэропланның сүгіретін оқулығымнан көргенмін, мынау нағыз сол, ауылдағы естияр балалардың бірі қалған жоқ, жарыса жеттік. Ұшақтан екі орыс жерге түсіп, қолын бұлғап, қасына шақырды. Бардық. Шүлдірлеп әлденені сұрады. Мына мекенде дүкен бар ма деп сұрағанын ымбасынан ұғып, ауылдың ортасындағы ләпкені көрсеттік. Екі-үш шөлмек арақ алды, сөреде одан өзге ештеңе жоқ-ты. Арақ үшін аэропланмен келгеніне таң болдық. Ләпкені көрсеткенімізге ризалық білдіріп, басымыздан сипағанына біз де мәз болып, неғылған жақсы кісілер деп ойладық. Төбемізден нұқитын күндері, сөйтсек, алда екен. Оны біз екі жылдан кейін білдік...»

Әскери зонаға берілген жердің теріскейі- Павлодар облысының Май және Ақсу, шығысында Бесқарағай аудандарымен, түстігінде Семей облысының Жаңасемей (О кезде Новопокров атанған, орталығы- Ертістің оң жағалауындағы осы аттас үлкен село) және Абай аудандарымен шектеседі, күнбатыстағы қомақты бөлегі- Абыралы ауданының иелігіндегі таулы-тасты, жер оты, суы да мол, малға жайлы өлке. Күллі аймақтың теріскей шекарасын Ертіс жағасындағы Бөденелі мен Молдар, иә Ақжар елді мекендері деп есептегенде, айналасы 130-150 шақырымдай иен жазық. Түстігінде Дегелең, батысында Мыржық тауларымен шектелген, кей тұсында қарауыл шоқылары тымақтай одырайған балапан бұйраттар мен жатаған таулар сілемі. Әскери құжаттарда сусыз, нусыз өлке деп сипатталған өңірдің түстігін қабырғалап Шыңғыстаудан бастау алатын Шаған өзені ағады. Ол болса Аягөз жеріндегі Ақшатаудан шығатын Ащысумен осы өңірдегі Балапан бұйратында қосылып, Ертіске құяды. Екі өзеннің суы мол, о күнде күзге дейін тартылмайды...

Осы тарауды жазып отырғанымда, менің алдымда КСРО Геодезия және картография Бас басқармасы шығарған Семей облысының 1964, 1967, 1968, 1971 және 1986 жылдардағы бес картасы жатыр. Бесеуінде де Жаңа-Семей бекетінен тартылған темір жолдың Ертіс жағасын жағалап келіп, «Конечная» бекетінде үзілетіні көрсетілген. Оның айналасы, әсіресе күнбатыс бөлігі, сарғаш және күлгін түсті бояумен кескінделген. Бұл болса осы атырапта бірде-бір елді мекен жоқтығын айқындайды (екі түс те шөбі сұйық, шөл дала екенін білдіреді). Картаның кейбір тұсында шағын көлдер мен батпақты жерлер, жіңішке өзеншіктер қылдай иректермен дараланған. Кең жазықтың түстік шебінде Дегелең тауы (биіктігі 1085 метр) бейнеленген. Одан әріректегі Қарағанды мен Семей облыстарының аралығында бейнеленген сансыз көп иректер- атақты Мыржық тауы (ең биік жотасы 969 метр). Оның көлденең көсілген, түйеөркештенген жоталары 40-50 шақырымға созылған. Осы екі таудың ортасындағы шалқар өзекке үздік-создық жіңішке сызықтар тартылған. Солардың бірі-Сарыөзен, екіншісі- Қарасу жыралары (Бұл өзендер қазірде жоқ. Шамалауымша, қисапсыз көп жарылыстар салдарынан жыл сайын су құятын бұлақтар мен жерасты сулары тартылып, біржола құрғаған. Қара судың төменгі бойында, Семейтау жотасына жанасқан ойында XX ғасырда Ресейден қоныс аударған орыс шаруаларының қарамды тобы поселка салып, Знаменка атаған елді мекен жайғасқан. Үш мыңдай тұрғыны, бірнеше жүз жасөспірім білім алатын орта мектебі бар іргелі мекенде қазірде бірде-бір орыс қалған жоқ. Әскери полигонмен көрші болған кезде-ақ Ертіс жағасына көшті.

Теріскей шептегі Чайковка елді мекені де қаңырайып бос қалды (Знаменка селосы бертінде Қарасу атанды). Шаған өзенінің бойында колхоздасу заманында іргелі екі ауыл пайда болды: алғашқысы-Саржал, ол болса Дегелеңнен небәрі 40 шақырым, «Тәжірибе алаңынан» 60 шақырымдай қашықта; бұрынғы Тельман атындағы кеңшардың орталығы болған елді мекеннің тұрғындар саны 1960 жылдан беріде үш мыңнан асып, орта мектебі, емханасы, мәдениет үйі бар кәдімгідей үлкен кентке айналды. Екінші қалашық-Шаған. Ол болса Шаған өзені Ертіске құятын сағада ірге тепкен осы заманғы кент. Ауыр және ұшқыр ұшақтарды қондыратын бетон алаңы, өзгедей де құрал- жабдығы сай, жабық қоймасы, шеберханасы, үй-жайы бар әуе күштерінің дивизиясына жайлы қоныс болды. Оны тұрғызу полигондағы құрылыспен қосаметкей жүрген...

Геодезия және картография ұжымы мемлекеттік акті ретінде көпшілікке таратқан карталарға зер сала қарасаңыз, Ертіс жағасында тыңнан пайда болған, темір жол тартылған екі қалашықтан өзге, осы атыраптағы ұлан-ғайыр жер, шынында да, елсіз аймақ екеніне иланасыз. Иә, Еуропаның бір мемлекеті қоныс еткендей зор алқап көз тоқтатар тұлдыры жоқ, жан шошырлық қуаң дала кейпінде бейнеленген. Көңілің қарадай құлазиды. Әр алуан ойға түсесің. Ол болса полигон иемденген жердің шекара шебіне ұрымтал орналасқан, жоғарыда біз даралап атаған Молдар, Бөденелі, Знаменка, Чайковака, Тайлан, Жанан, Саржал, Ұзынбұлақ, Қаражал, Бестамақ, Абыралының Бөрлі жотасындағы мал бағатын, егін салатын ауыл-селолардың еңбекші халқы немесе Мыржықтың күншығыс бауырындағы Мөшекебұлақ аулының, Павлодар облысының Май, Ақжар, Ақирек, Аршалы тұрғындарының тірлігі не болады деген сауал. Әлбетте, сол мекендердегі неше мың халықтың тағдырын сынақ жасаушылар ойламаған. Атом білгірлері (әлбетте,сол ғұламаларды осы жұмысқа жүктеген құзыры әлей бастықтары да) ядролық жарылыстан туатын залалдың күш-қуатын, қанша жерге тарайтын зиянын шамалай алмаған. Әлде бұл алды-артына қарамайтын өктем пиғылдың әсері? Орыс халқына тән аусарлық, қандай қатерге болсын қойып кетер аңғалдық?..

Не десек те тап сол кезде осы іспен шұғылданған ғалымдар мен мамандардың қолында өздері тыстығына орай «Қара кітап» атандырған, АҚШ-тың атом бомбасын жасаушы білгірлері 1945 жылдағы үш сынақты бақылаудан байқаған бүлдірулер мен содан тарайтын радиация залалын тексеру нәтижесін тәптіштеп жазған ғылыми еңбектің орысша аудармасы болған (Дегелең атырабындағы барлық әзірліктер, алғашқы «Сынақ алаңын» жобалау да сол кітаптың деректерін қайталау арқылы жасалған. Соған Биофизика институтының мамандары да қатысқан). Қысқасы, байырғы қазақ даласындағы ядролық сынақ нендей кесепат туғызатынын полигонды жобалаушылар білген, сол жайтты тек кәперіне алмаған...



Сәрсеке М. Қазақ сахарасы- сынақ алаңы // Семей таңы.- 2015.- 25 тамыз.- 3 б.

Сәрсеке М. Қазақ сахарасы – сынақ алаңы // Семей таңы.-2015.- 8 қыркүйек.- 6 б.