Медеу Сәрсеке – ұлтымыздың үш бірдей біртуар тұлғалары Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов және Ермұхан Бекмахановтың өмір жолын зерттеуге жарты ғасыр ғұмырын арнап, ел тарихына қайтаруға дәнекер болған қаламгер. Оның қаламы өрген ғұмырнама кітаптар қазақ және орыс тілдерінде бірнеше мәрте және мол таралыммен жарияланды. Ең ғажабы, үшеуі де Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының атақты ЖЗЛ топтамасынан жарық көрді. Солардың алғашқысы «Сәтбаевтың» 5 мың данасы өткен ғасырда әлемнің 112 елінің кітапханаларына тараған. Бұл ұлт мерейі үшін ерекше оқиға! Сексен жастың сеңгіріне іліккен Медеу ақсақалды біз редакцияға шақырып, шығармашылық жолы жайында бірнеше түйткілді сауал қойдық..
– Медеу аға, сіздің инженер бола тұра, қаламгерлік жолды таңдағаныңыз оқырманға мәлім. Сол жолда Мәскеу баспасымен ұзақ жылдарға созылған байланысыңыз қалайша өрбіді?
– Мұның енді, Гүлзина қарағым, жад түкпіріндегі шерлі оқиғаларды қозғайтын сауал. Мәскеуге мен бұдан 36 жыл бұрын атақ іздеп барғаным жоқ, шығармашылық ділгерлікпен үміт арттым. Айғақпен сөйлейін: «Жазушы» баспасының тапсырмасымен жазылып, әдеби, ғылыми тексеруден бөгеусіз өткен, «Жайсаң жандар» атты жаңа топтаманың алғашқы кітабы болуға тиіс «Қаныш Сәтбаев» атанған ғұмырнама шығармамның терімі (редакторы о күнде жасаң қаламгер Дулат Исабеков еді) 1975 жылдың қоңыр күзінде баспаханада тоқтатылды. Сөйтуге әмір берген әлдебір шенеунік емес, Қазақстан КП ОК-нің әйдік хатшысы С.Н.Имашев, әлбетте өзінен жоғары тұлғаның нұсқауымен. Екі жыл ұдайғы ауыр күресте менің естігенім – бір ғана сөз, «Сәтбаевтiң еңбегін даралап ұлықтау – Компартия зияндығын әшкерелеген «Жеке адамға табынуды» Қазақстанда қайыра өрбіту...» деген иланымсыз желеу. Амал қанша, ауыр өндірісте еңбек еткен кезімде мүше болған билеуші партиядан түңілген соң мен күрестің жасырын жолына ден қойып, қолжазбаның орысша нұсқасын әзірлеуге отырдым. Бұл жұмыс 1978 жылы бітіп, кезекті демалысымды алып (бұл кезде Жазушылар одағының Семей бөлімшесінің жауапты хатшысымын), Мәскеуге аттандым. Сол сапарда «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» редакциясының меңгерушісі Ю.И.Селезневке бардым.
– Қорықпай, сескенбей, Мәскеуге қалай бардыңыз?
– Сескендім. Бір аптадай кітапханада отырып, Селезневтің әдеби еңбектерін оқып әзірлік жасадым. Достоевскийді зерттеген қаламгер екен. Ал Федор Михайлович біздің Семейде айдауда болып, әдеби еңбекке Ертіс жағасында қайта оралған қаламгер. Қысқасы, қатыбас дескен Юрий Ивановичпен сөз бастауға осы жайтты ілгешек етуге бел байладым. Әлбетте, оған кітабымның туған елімде тәркіге түскенін айтқаным жоқ. «ЖЗЛ топтамасын жас күнімнен ерекше қадірлеймін, үйімде бес жүздей кітап бар» дедім. Бұл енді имандай шыным, солардың қарамы қазірде екі есе өсті. «Сәтбаевты» орысша жаздым, тілімде кемістік болса, аудармашымен жұмыс істеуге әзірмін...» Редакция меңгерушісі сол «ертекке» иланып, «Сәтбаевтiң» қолжазбасын қабылдап, ғылыми және әдеби жөнін Мәскеудің өзінде тексеретін болды. Тексеріс 9-10 айға созылып, жыл аяғында қолжазбам «әдеби, ғылыми жөнінен оңды, академик Сәтбаевтiң одаққа мәшһүр атағына лайық туынды» деген қорытынды бойынша баспаның алдағы бесжылдық жоспарына енгені туралы ресми хат алдым. Содан кейін менің бойымды дегбірсіздік биледі. Дайын еңбекті бес жыл тосу да азап емес пе? Қиянатқа тап болған кезде-ақ құлағымның естуі кеми бастаған еді, соны емдетуді сылтауратып одақтан рұқсат алып, Мәскеуге қайыра бардым (осы жерде тағы бір құпияны ашайын: «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев иманжүзді адам еді, жатқан жері жайлы болсын, жарыққа шықпай қалған «Сәтбаевтiң» қаламақысын толық төледі, бұл да Мәскеуде қымсынбай жүріп-тұруыма септігін тигізді). Сол сапарда «Молодая гвардия» баспасына көрінбей, Қанекеңнің ескі достарына барып, көмек сұрауға бекіндім. Олар осал кісілер емес, одақтық министрлер. Сол қайраткерлерді маған айтқан Қанекеңнің қосағы Таисия Алексеевна жеңгей еді. Ол кісі тек 1976 жылы қайтыс болды, ауырып жатқанында Семейден шақырып, «Мәскеуге бет түзеңіз, мына адамдар сізге жәрдем береді...» деп мемлекеттік үш қайраткердің есімдерін атаған-ды. Әлқисса, содан сол кісілерге барардан бұрын Жезқазған обкомының ІІ хатшылығынан КПСС ОК-не жауапты жұмысқа ауысқан ескі досым, кенші инженер Кәкімбек Салықовтың жұмыс орнына бардым. Жыл басынан бері Мәскеуге екінші рет ат басын бұрған сырымды ашып, ақылдасуға келгенімді айтып едім, аңқылдаған ақын досым айран-асыр қуанып, үкіметтік телефон кітапшасын ашты да, мен есімдерін атаған үшеудің алғашқысы, көп жыл КСРО-ның Геология министрі, бертінде Атом министрі Е.П.Славскийге орынбасар болған П.Я.Антроповқа телефон шалып, өзін де, мені де Қанекеңнің шәкіртіміз деп сыпайылап таныстырып, тұтқаны маған берді... Қаныш ағамыздың 1939 жылдан адал досы Петр Яковлевич келесі күні мені қабылдайтын болды. Сол күнгі әңгіменің жай-жапсары менің бертінде бірнеше мәрте жарияланған «Құлыпталған ғұмырнама» немесе «Через тернии к Сатпаеву» деп аталған естелік-эссе кітаптарымда баяндалған. Ал қазір кездесудің нәтижесін ғана айтамын. П.Я.Антропов маған: «Министр Славский шетелде ем алуда (Еңбек Ері атағын үш мәрте иеленген, КСРО-ның атом өндірісін уысында ширек ғасыр ұстаған ноян қайраткер. Таисия жеңгей айтқан екінші қайраткер осы кісі), Ефим Павлович елге келген соң ақылдасып отырып, бұл мәселені шешеміз. Қажет деп білсек А.Н. Косыгинге де барып, көмек сұраймыз. Біздің не істегенімізді телефон шалған кешегі досыңнан білесің. Кітабың шыққан кезде бұл қуанышты бірге тойлаймыз!..» деді. 1979 жылдың ақпан айында ЖЗЛ редакциясынан әуелі – хат, соңынан жеделхат алдым. Кітабым 1980 жылдың жоспарына еніпті, «аудармашыны да таптық, Мәскеуге келіңіз» деген сарында. Екі айға шығармашылық демалыс алып, әлбетте, Мәскеуге баратынымды жария етпей, ЖЗЛ редакциясы ұсынған Сергей Плехановпен бірге Мәскеудің шеткергі бір мейманханасында отырып, бірінші бөлімнің аудармасын аяқтап, Семейге қайттым. Жоғары жақтың тапсырмасы әсер етті ме, әлде Селезневтің өзінің де ықыласы ауды ма, қалайда баспа аудармашымды үш айға іссапар беріп, Семейге жіберетін болды. Семейге ол маусымның орта шенінде келді. Жергілікті геологтардың Ертіс жағасындағы қонысынан оңаша орын сайлағанмын, келесі күні сол мекенге аттанып, жаз бойы күні-түні жұмыс істедік. Қыркүйектің 20-шамасында көлемі 448 бет болған қолжазбаның екі данасын портфеліне салып, С.Плеханов Мәскеуге қайтты. Ал мен үшінші дананы алып, Алматыға аттандым. Өйткені қазақстандық бір ғалым-геологтың және Қанекеңнің отбасының қолжазбаны ұнаттық деген рецензиясы керектігін редакция талап еткен-ді. Ғылыми рецензияны Қанекеңнің рухына, ғылымына адал шәкірті, академик А. Қаюпов берді, ал отбасының атынан Мейіз Қанышқызы (ол да геология-минералогия ғылымдарының докторы) жазды. Екеуі де менің дүйім жұрттан жасырған әрекетімді мақұлдап, «құпияны ешкімге ашпаймыз, тек кітабың шыққанда бізді ұмытпа...» десті.
– Сонымен, жұмысты сәтті тындырдым деп Семейге қайттыңыз...
– Жоқ, 1979 жылғы қазан айының бас кезінде Мәскеуге келіп, кітабымды баспаға дайындаушы редактор В.И.Калугинмен бір ай бойы жұмыс істедім. Құдай оңдап, редакторым нағыз білгір және оңды адам болып шықты. Ең ғажабы, баспаның бас редакторы дайын жұмысты тексергенде: «Мынау көп жылғы еңбек, қаламақының неге төменгі деңгейін қойғансыңдар?» деп нарқын көтеріп, лауреаттық мөлшерді тағайындады. Тоқетерін айтқанда, аудармашы екеуміз ойда жоқта «шала байып» қалдық. Мұны мен мақтан үшін айтып отырғам жоқ, Гүлзина қарағым. Мәскеудің Қанекең аруағына деген шексіз құрметін аңғарту үшін. Өзіміздің Алматыда ешбір қымсынбай құрдымға жөнелткен кітаптың Мәскеуде қандай ізетке тап болғанын осыдан-ақ шамала...
– Кітабыңыз қанша таралыммен шықты? Қазақ оқырманы оны қалай қабылдады?
– «Сәтбаев» 1980 жылдың күзінде шықты. Қазақстанның бірде-бір басылымы, иә телеарнасы, иә радиосы ол туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Бұл да сол кездегі рухани бейшаралығымыздың салдары. Тәубе деймін, телефон арқылы, иә жеделхат немесе хат жазып құттықтаушылар жарым жылға дейін үзілген жоқ. Бәрі де кітап сұрады. Мәскеуден пошта арқылы 250 кітап алдырған едім, содан қазір үйімде 4-5 кітап қалды. Бертінде жағдай өзгерді: Мейіз Қанышқызы маған жолдаған хатында және Е.П.Славскийдің жүз жылдық мерейтойы қарсаңында баспасөзде 1999 жылы жариялаған естелігінде «Медеу Сәрсекеұлының көкем туралы кітабының атақты сериядан жарық көруі біздің әулетіміз үшін және шәкірттері үшін нағыз мереке болды» десе, көрнекті публицист Камал Смайылов «Қазақ әдебиеті» газетінің 2000 жылғы 17 қарашада жарық көрген санында «300000 дана болып таралған кітапты осал деуге бола ма?» деген мақаласында «100 мың дана таралыммен басылған кітапқа көпшіліктің қолы жеткен жоқ, зиялы қауым оны бір-бірінен сұрап алып оқыды. «Жаяу базарда» бір кітабы 50-60 сомға сатылды, бұл болса бір қойдың құны...» деп жазған-ды.
– 1988 жылдан беріде сіздің «Сәтбаев» бірнеше мәрте қайыра жарияланған. Қаныш Имантайұлының жүз жылдық тойында молырақ көлеммен де жарық көрген. Сәтбаевтың 110 жылдығы қарсаңында кітабыңыздың таралымы 324 мың болды дегеніңізді оқыған едім. Қазіргі роман, иә повестер небәрі 2 мың дана жарияланып жатқанда ғажап жетістік бұл. Енді сіз осы ғұмырнаманың Мәскеуде екінші рет, ЖЗЛ сериясында жариялану себебін аша кетсеңіз...
– Жаңылмасам, И.Н.Тасмағамбетов 2001 жылы Үкімет төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Жазушылар одағында болған кездесуде ол «таяу уақытта ең таңдаулы жүз кітап шығаруға ақша бөлгіземін, Одақ басшылары солардың тізімін дайындасын» дегенін газеттен оқыдым. Мұндай сыбағадан облыстарда тұратын қаламгерлер әдетте нәумез қалады. Менің тізімге сұранған ұсынысыма Одақ басшылары жауап берген жоқ. Маусым айының орта кезінде Астанаға бардым. Тасмағамбетов Парижге, ЮНЕСКО-ның мәжілісіне кетіпті. Көмекшісі қағылез жігіт екен, аты-жөнімді, телефонымды жазып алды. Содан бір күні кеште телефон шалып: «Медеу аға, ертең сағат 12-ге таман келіңіз, Имекең сізді қабылдайды» деді. Үкімет о кезде Есілдің оң жағалауында. Кабинет алдында бір топ адам отыр. Тексерiспен, көмекшісі алғашқы кезекте кіргізді. Иманғали Нұрғалиұлымен Абайдың 150 жылдық тойына әзірлік кезінде Семейде және Алматыда кездесіп, іс үстінде танысқанмын. «Өзің Атырауда жүргенде мына кітаптарды шығардым» деп «Қазақтың Қанышы» роман-эссемді және Чехия баспасынан 1999 жылы үш тілде шыққан «Қаныш елі» атанған альбом-кітабымды сыйладым. Өзі де маған «Қазақтың қолөнері» деген» көркем альбомын ұсынды. «Мынау – «Сәтбаевтiң» толықтырылған орысша нұсқасы. Осы кітапты шығаруға қаржы сұрай келдім!..» деп арызыма қосып, қолжазбаны алдына қойдым. Иманғали Нұрғалиұлы оның әр жерін ашып көрді де: «Шығарамыз, Медеке. Тура осы көлемде, келесі жылы...» дегенін естіп, «Имаш, сізге мен екі мәрте келмеймін, сөйтуге егде жасым көтермейді. Қаржыны маған бір-ақ мәрте және Мәскеу үшін беріңіз. Тоным су болмас деген жорамен осы мәтінді Мәскеуге жіберіп едім, мынадай жауап алдым» деп, «Молодая гвардия» баспасының бас редакторы А.В.Петровтың хатын ұсындым. Ал онда «Қазақстан қаржысын көтерсе, «Сәтбаевты» осы көлемде шығарамыз...» деген сөздер бар-тын. Иманғали хатты оқыды да, маған мейірлене қарап: «Аға, сізге көп рақмет, ел мерейі үшін «Сәтбаевты» әуелі Алматыдан шығарамыз. Мәскеуге «қайта қарап жатырмын, келесі жылы тапсырамын, үкіметпен де келістім...» деген сыңайда жауап жазыңыз...» деді. Мен сол сөзге айран-асыр болып: «Ризамын, Имаш, бір кітап сұрап келіп, екі кітапқа қаржы алатын болдым. Аман бол, елің үшін еңбек етуден жаңылма!..» деп орнымнан тұрдым. «Сәтбаевтің» екінші басылымы 2003 жылы ЖЗЛ сериясынан екінші рет 35 баспа табақ көлеммен шықты (алғашқысы – 18. б.т. еді). Тыңнан сегіз тарау қостым, бұрынғыларын қалауымша кеңейттім. Мысалы, 1951-53 жылдардағы саяси репрессияға үш тарауды тыңнан жазғанмын...
– Әдеби қауым «сізді редакторларға сенбейді» деседі. Мәскеуде де сөйттіңіз бе?
– Оның рас, өйткені біз қалам желісін қысымда ұстаған уақытта өмір сүрдік, қарағым. Идеологиялық қыспақта қалам тербедік. Мысалы, «Жарылыс», «Көмбе» деген романдарымның жүзден аса беттері цензор мен редактордың кескілеуімен Алматыда шұнтиып шықты. «Жарылыстың» аты «Жаңғырыққа» өзгертілді. Шала сауатты цензор: «Кеңес өндірісінде жарылыс болмайды, болса да айтуға рұқсат жоқ...» деп шіренген соң не істейсің?.. Екі романым да Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан 26-28 б.т. көлемде зорайып шықты. Менің орысша сауатым қазақшамнан артық емес қой. Алматыда орысқа қарсы кітап делініп, жойқын сынға тап болған «Жарылыс» «Молодая гвардия» журналында жарияланып, «Литературная газета» «Жаңа есім» айдарымен, Ғабит Мүсіреповтің беташар сөзімен үзінді басты. Біздің сыншылардың таным деңгейінің төмендігін, Компартияның сойылын соққанын осыдан да аңғару қиын емес...
– Сіздің өмірбаяндық деректеріңізде Мәскеуден 1980-2010 жылдар аралығында алты кітап шығарғаныңыз айтылған. Мәскеулік редакторлар мен біздің редакторлардың білім-танымы туралы не дейсіз?
– Мұның енді, Гүлзина қарағым, шатақ сауал. Біздегі редакторлар қызметіңе, мансабың мен атағыңа қарайды. Таным деңгейі де соған орай. Әлбетте, бәрі де ерекше сақ. Мен 1960-90 жылдардағы жағдайды айтып отырмын. Сол да қатаң идеологияның талабынан өрбіген сорақы әдет. Әйтсе де, «Сәтбаевтiң» қазақшасын баспаға дайындаған Дулат Исабековпен мен 1975 жылы бір жарым ай жұмыс істедім. Дулаттың танымы терең, деректі туындының олпы-солпы беттерін екшеуде көрегендік байқатты. Амал не, сол еңбегіміз зая кетті. «Фолиант» баспасында мен Мәткәрім Әкімжановпен, бертінде Қуат Құрмансейітпен жұмыс істедім. Екеуі де білімді және танымы жоғары азаматтар... Ал Мәскеу редакторларының жұмыс стилі, қаламгерге талабы мүлдем өзгеше. «Сәтбаевтiң» алғашқы редакторы Калугин туралы жоғарыда айттым. Енді екінші, 2003 жылғы редакторы туралы бірер сөз айтайын. Ол болса Лариса есімді сұлу келіншек, байқауымша, өзімбілемі молдау адам. Шығарманың жүзінші бетінен өткен кез еді, Қанекеңнің геолог жары Таисия Алексеевнаға Мәскеуден жолдаған, 1927 жылғы 8 ақпандағы хатынан үзінді келтіргенмін: «Мен қазақпын – жаратылысым да, жаным да солай; ой-түйсігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін; сол жолда кездесер қиыншылықтардан қашпай, тіршіліктің жақсы күйтінен де бас тартып, Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір-бақи кен іздеуге де әзірмін. (...) Өмір – күресу мектебі, қымбаттым, оған көрген түстей жеңіл қарауға болмайды; алдағы ғұмыр жолымызда жағымсыз жайттардың кез-десуі әбден ықтимал. Сіз де сондай қиыншылықтарға әзір болыңыз...» деген ескертуді редакторым «Өткізбеймін, отбасының ұсақ қыжылы, соны сіз қаһарманның ұлттық ерекшелігі етіп даралап отырсыз» деп ойда жоқта дау бастады. Қияңқылық көрсетіп отырған редактормен әрі әйел адаммен жұмыс қызған кезде дауға түсу оңай емес. «Лариса Владимировна, алға қарай елу шақты бет озалық, мына сөзге сұрау қойыңыз…» дедім. Редактор жуан сұрауды баттита жазды. Үш-төрт күн еткен соң қайыра шақырды. «Тағы неменеге қырсықты?» деп қауіптеніп келсем, ерні мен қасындағы опа-бояуы бетін айғыздаған редакторым ағыл-тегіл жылап отыр. «Оу, сізге не болған?» «Жылатқан сіз, мына беттер...» дейді. Қазақ даласын дендеген 1932 жылғы аштықта бір мың шақырым қиырдағы Ұлытаудан Баянауылдың күнбатыс бөктеріндегі туыстарына автомашинамен суыт келіп, өлеусіреген 12-13 жасөспірімді киізге орап алып, тоқтаусыз жүріп, Қарсақбайға әкелген жантүршігерлік оқиға суреттелетін беттер. Таисия Алексеевна алты-жеті ай бойы қарауындағы 19 жан иесіне тамақ істеп, әлгі балақандарды бағып, адам қатарына қосқан. Солардың біреуі – бертінде «Алтын ханзаданы» тапқан академик-археолог, Қанекеңнің туған жиені Кемел Ақышов. «Мойындаймын, ауыр оқиға. Мұны да сызамыз ба?» дедім есеңгіреп отырған редакторыма. «Жоқ, сіздің қандасыңыз Қаныш Имантаевич қана емес, біздің Таисия Алексеевна да нағыз ер. Мен өзім 19 адамға күн сайын ас әзірлеп, бағып-қағуға сірә да шыдамас едім. Бір жолына да тиіспей, осы қалпында қалдырамын...» Мен рақмет айтып: «Әнеугүнгі жуан сұрау қойылған бетті ашыңыз» дедім. Ашты. «Сіз алып тастамақ болған сөздерді мен әдейі келтіргенмін. Өйткені кемеңгер ері алуан қиыншылықтар алдағы уақытта кездесерін Таисия Алексеевнаға ескертіп, қайыспай көтеруге даярлап отыр...» дедім. Сұлу редакторым басын шайқады да, жуан сұрағын алып тастады. Тағы бір мысал келтірейін: «Ұлытау – Қазақ ордасының тарихи талбесігі. Аспанға шаншылған биік шыңдары сұстиған суық тұрпатымен-ақ қатпарлы ескі тарихқа куә, тым көне және сымбаты қайталанбайтын айбарлы һәм ақбас тау екенін әйгілеп, ұлылығын еріксіз мойындатқандай. Менің ойымша, орыстарға Кремль қаншалықты қасиетті көрінсе, қазақ жұрты үшін Ұлытау да соншалықты қадірлі...» деген ғажап сөздерді Қаныш ағамыз Таисия жеңгемізге Атбасардан 1927 жылдың 30 тамызда жолдаған хатында жол әсерлері ретінде жазған. Әлбетте, қазақтың Ұлытауын орыстардың қасиетті Кремлімен салғастыру – тек қана Қанекеңнің асыл ойынан туған, саяси мәні шатақ теңеу (Сол сөздерді «Сәтбаевтiң» 1988 жылғы қазақша тұңғыш басылымында «Жалын» баспасының редакторы менің наразылығымды елемей, қиып тастады). Осы теңеуге де Л.В.Еременко іштарлық көрсетті. Тағы бір шүбәланған тұсы – кітаптың үшінші бөліміндегі эпиграф. Сол бетке мен Ресей ҒА-ның академигі Н.А.Шилоның 1999 жылы, Ресей ҒА-сы өзінің толық мүшесі Қ.И.Сәтбаевтың туғанына жүз жыл толу салтанатында мінбеден естірткен: «Металлогениялық карталарды жасап, соның басты қағидалары мен әдістерін айқындау ісінде академик Қ.И.Сәтбаев ғылымға енгізген металлогениялық талдау геология ілімін кезінде елу жыл алға оздырды. Ол жеткен деңгей бүгінде де өзгерген жоқ, әлі де елу жыл алда тұр...» деген таңғажайып мойындауын да артық мақтау деп есептеді. Мен соған да дауласпай, қитұрқы амал жасадым. Келесі күні редакторымды машина жалдап, «Ресейдің жаңа тарихы» мұражайына серуенге шақырып, Тверь көшесіндегі мұражайдың екінші қабатына көтерілер тұсқа орналасқан, Қ.И.Сәтбаевқа арналған үлкен стендті көрсеттім: ғалымның фотосуреті, оның айналасында «Таңдамалы еңбектерінің» 5 томы, төрт Ленин ордені және басқадай марапаттары мен лауреаттық дипломдары мен белгілері, Кремльге кіретін тұрақты рұқсаты, ең төменде Жезқазған кенішінен алынған мыс тұнбалары мен басты минералдары, Қазақстан қыртысынан ғалым-геолог ашқан кен ошақтарының картасы бейнеленген. Еременко екеуміз сол стендті суретке түсіріп, қызықтаудан соң редакцияға қайттық. Қатыбас редакторым кабинетіне келген соң: «Кеше маған сіздің алғашқы редакторыңыз Калугин келіп: «Медеу Сәрсеке – менімен дос адам, 1980 жылы іс үстінде танып сыйласқанбыз. Мына кітапты жазуға ол көп жыл еңбек еткен фанатик қаламгер, сен оған аса шүйілме!.. деп ескерту жасады. Виктор Ильич мені осы редакцияға жұмысқа қабылдатқан ұстазым. Ол кісінің сізге редактор болғанын неге айтпадыңыз?..» дейді. Мен алдындағы кітапты ашып, Калугиннің фамилиясын көрсеттім. Лариса Владимировна биязы жымиып, қымсына қарады да: «Медеу-аға, алаң болмаңыз, сізге енді ешбір ескерту айтпаймын. Кітабыңыз оңды, көлемін де сақтаймын...» деді.
– Сонымен, редактордан жолыңыз болып кетті...
– Мәскеуде бір айдай болып, Семейге қайттым. Бірер айдан соң интернет арқылы кітаптың терімі түсті. Көлемі 490 бет, бұрынғы 320 бет болатын. Терімнің ажары жақсы, 32 бетке суреттер орналасқан. Сөйтсе де, мені желік билеп, бас редакторға рақмет айтудың соңында көкейкесті тілегімді мәлімдедім. Қазақстандық делегацияны (кітап шығарушы департаменттің бастығы Әлібек Асқаров, әдебиет институтының директоры Сейіт Қасқабасов және Шайзада есімді баспагер) баспаның Бас директоры В. Ф. Юркин қабылдағанда, мен: «Валентин Федорович, Мәскеудегі мейманхананың әр тәулігі қанша тұратынын білетін шығарсыз. Редакторды маған осы аптада бергізіңіз...» деп өтініш айтқанымда, ол кісі бас редакторы Поповқа: «Андрей, қонақ жазушының тілегін орындаңыз!» деген-ді. Содан жұмыс қызған күндердің бірінде Попов екеуміз төменгі қабаттағы буфетке түсіп, кофе ішіп отырғанымызда, бас редактор маған: «Медеу аға, редакцияға қандай тілегіңіз бар. Не айтсаңыз да орындаймын. Өйткені сіздер кабинеттен шығып кеткен соң директор маған: «Андрей, әлгі автордың не дегенін ұқтың ба? Бір кітаппен 23 жылдан соң қайта келіп отырмын дегеніне сен мән бере қара. Тегінде бұл өз ісіне жан-тәнімен берілген фанатиктің сөзі. Ал мен фанатиктерді ерекше қастерлеймін. Ол кісі не сұраса да маған келтірмей, тілегін орында, құрмет көрсет деді. Қысқасы, менен не тілейсіз, орындаймын!..» деген-ді. Сол сөз ойыма түсті де, кітап мәтінін қайтарарда: «Андрей, кітаптың шрифтін сәл көтерсек қайтеді, терімі тым ұсақ...» деген сипатта хат жолдадым. Кітаптың сүйінші данасы Семейге желтоқсан айында келді. Бір кітап және «Сәтбаевтiң» мұқабасына түптелген 600 бет қалың дәптер. Ішін ашсам: «Медеу аға, таңданбаңыз. Сізге күнделік жазсын деп сый ретінде ұсындық» деген аңдатпа көзіме оттай басылды. Ал кітаптың көлемі 550 бет болыпты. Демек, айтқан тілегімді де орындаған.
– Екінші ерлігіңіз Евней Бөкетов туралы еңбекті жазу екенін жақсы білеміз. Үшінші ерлігіңізге ойысайық. «Бекмахановты» жазу мен ұлықтау ісінде детективке ұқсаған жайттар болды» деседі. Кітаптың Мәскеуден жарық көруі осындай игі іске айналды ма? Әлде?
– Жоқ, қарағым, сенің ақпарың елге тараған қауесет. Сәтбаев пен Бөкетов – біздің тарихымыздағы дара тұлғалар. Олардың ғылымына, өз ісінде жеткен биіктерге әзірше ешкім де жеткен жоқ. Сол қалпында дара тұр. Ал Бекмаханов?.. Бізде қазір бес жүздей тарих ғылымының докторы бар деседі, нақты санын білмеймін. Солардың бәрі де өздерін осы ілімнің дара тұлғасы сезінеді. Ермұхан өз заманында тұңғыш доктор атанған, бірақ соны да көп көріп, аяғынан шалып, өмірі елу жасында үзіл-гені – тарихи шындық. Ал біздің замандасымыз аталған бес жүз тарихшы Қазақ елінің шынайы тарихын жазып берді ме? Жоқ! Бұрынғы жазылды, қатырдық дескен, тіпті Мемлекеттік сыйлық алған «Тарихтар» қазір оқуға жарамай қалды. Карамзин, Соловьев, Ключевский сынды орыс тарихшылары Ресей тарихын 12, 29 және 18 том етіп «Күміс ғасыр» атанған XIX ғасырда-ақ түгендеп берген. Ал бізде? Әзірше ештеңе жоқ. «Баяғы жартас – бір жартас, қаңқ етер де түк байқатпас...» қалпында... Мен тарихшы емеспін, Бекмаханов өмірін қазған соң, «Қазақ тарихы» пәнінен үштік баға алғандай деңгейге жеттім. Сондықтан да жоғарыдағы өкінішті айтып отырмын. Бұдан жеті жыл бұрын Астанада тұратын немерем Қаныш Ерланұлы Сәрсеке 11 сыныпқа емтихан тапсырарда тарих пәнінен үш күн білімін тексеріп, Қазақ хандарының хронологиялық ауысуларын шатастырып отырғанын байқап, оқулығын тексерсем – төбе шашым тік тұрды. Содан Сейфуллин атындағы кітапханаға барып, Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты шағын кітабын сұрап алып, соған қарап отырып, немеремнің білімін оңдадым. Содан бергі жеті жылда тарих оқулығы түзелді ме, әлде сол шым-шытырық қалпында қалды ма, білмеймін. Менің білетінім – қазақтың Карамзині әзірше жоқ, қашан туатынын да білмеймін. Ал Қазақ мемлекетінің 550 жылдық тойын атауға әзірлік жүріп жатыр. Сол той да дүбірлеп өтері сөзсіз, бірақ соның артынша «Қазақ тарихы» жазыла ма? Шүбәлімін. Орыстың Карамзиніне, Соловьев пен Ключевскийіне ұқсаған біртуар бір тарихшы туар деген оймен бұл мәселені ежіктеуді тоқтатайық...
– ЖЗЛ-ден шыққан үшінші кітабыңыздың тарихына қайта оралсақ...
– Бұл кітапты жазуға мен 1999 жылы кірістім. Тапсырыс беруші – Ерекеңнің қосағы Халима Адамбекқызы. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған сұхбатымда мен Ерекең ғұмырнамасын 12 жыл жаздым дедім. Әлбетте, сонша жыл табан аудармай үстелде отырғам жоқ. Бірақ уақытымның дені дерек іздеуге кетті. Іздегеніме қолым жетпесе, бұл ғұмырнама жазылмайтын да еді... Менің шұқшия іздегенім – «Қазақ КСР тарихының» 1943 жылғы тұңғыш басылымының бір жылдан кейін тәркіге түсе жаздаған себебін анықтау еді. Оны қудалаушы – Мәскеу тарихшылары, қызметтері ноян академиктер, соның ту басында БК(б)П ОК-нің үгіт-насихат басқармасының (бөлім емес) әйдік бастығы академик-философ Г.Ф.Александров пен атақты тарихшы Е.В.Тарле болған. Кітаптың жауапты редакторлары М.Әбдіқалықов пен А.М.Панкратова сол қиянатқа көнбей, қарсы дау көтеріп, алғашқы тарихты қорғап қалған. Сол мәселеге арналған Мәскеудегі бес күн айтыстың хаттамасы «Вопросы истории» журналының 1977 жылғы 11-санында және Е.Бекмаханов еңбектерінің 1-томында жарияланған. Бірақ айтыс ұйымдастыруға түрткі болған А.Панкратованың – И.Сталинге, Г.Маленковқа, А.Жданов пен А.Щербаковке, екінші мәрте А.Ждановқа жазған 1944 жылғы үш хаты жарияланбай, КПСС-тің жабық қорында қалған. 2001 жылдың көктемінде екі күнге созылған әңгіме кезінде Мұхамеджан Әбдіқалықов ағай: «Сол хаттарды мен оқыдым, бірақ көшірмесін ала алмадым, Мәскеу тарихшыларының біздің тарихты тәркілетпек болған шовинистік пиғылдары толық әшкереленген. Қарғаш, сен сол хаттарды ізде...» деген-ді. Сол хаттардың екінші данасының көшірмесін мен КПСС қорынан емес, Ерекеңнің тарихшы қызы Найла Бекмаханованың көмегімен А.Панкратованың үйіндегі мұрағатынан 2007 жылы ғана алдым. Сонда ғана біздің тарихшылардың назарынан тыс қалған көп жайтқа қанықтым. 1951-53 жылдары Г.Александровтың ынтасымен, А.Сусловтың қолдауымен Қазақстанның беткеұстар тарихшылары мен әдебиетшілерін ұлтшылдыққа сайып, саяси қуғындау қайыра басталып, кімдердің қуғын-сүргін көріп, Сібірге айдалған тарихын мен ішінара «Сәтбаев» ғұмырнамасында көрсеткем-ді. «Бекмахановты» толғағанда сол сүргінге қайта оралып, сол жылдары Қазақстан КП Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінде жауапты қызмет атқарған Бөлебай Исабеков және Ислам Жарылғаповтардың көзімді ашқан ауызекі әңгімелерін әжетіме жараттым. Нәтижесінде осы науқанды Қазақстанда ұйымдастырушы, сол мақсат үшін біздің елге Мәскеуден арнайы жіберілген, Сусловтың сенімді кадры И.П.Храмковтың үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып тағайындалған соң-ақ өрбігеніне көзім жетті. Біздің зиялы қауым мықты деп жүрген Ж. Шаяхметов те, І.Омаров та сол найсаптың зұлым ісін тоқтата алмаған. Нәтижесінде Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбанов Мәскеуге жылыстап кетіп, тұтқындалудан аман қалды. Ал Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов сияқты саңлақ зиялылар, жиыны 12 ғалым 25 жылды арқалап, Сібірге аттанды. Академия жүйесі мен пединституттардан, зиялы қауым арасынан 400-дей адам жұмыстарынан аласталып, зардап шекті. «Бекмаханов» кітабында мен осы трагедияны түре аштым...
– Ермұхан Бекмаханов басынан кешкен трагедия арқылы соңғы репрессияның хроникасын құжаттар арқылы бейнелегеніңізді бізге сыйлаған кітабыңыздан жанымыз түршіге оқыдық. Құпия ұсталған құжаттарға қолыңыз жеткен соң-ақ жазу үстеліне отырдыңыз ба?
– «Ноқталанған тарихшыны» мен 2008-09 жылдарда сарыла отырып, бір демде аяқтадым. Орысша нұсқасын даярладым. Соны өзіме білім-танымы мәлім семейлік тарихшыларға оқытып, мақұлдауын естіген соң қайыра бір редакциялап, 2009 жылдың қазан айында Астанаға келіп, сол кездегі Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедтің қабылдауына сұрандым. Мұхтар Абрарұлы мені сыйлайтын азамат, «Сәтбаевтың» толық нұсқасын шығарғанын жоғарыда ескерткенмін. Министр екі қолжазбаны да парақтап шығып, өз ойымды ықыласпен тыңдаған соң департамент бастығын шақырды. Мен: «Қазақшасын «Фолиант» баспасына беремін, орысшасын Мәскеуге жолдаймын; тек екеуіне де қаржы беріңдер» дедім. Министр ойымды мақұлдады. «Мәскеуге мәтінді өзіңіз өткізесіз, келесі жылға келісіңіз, біз ақшасын қанша болса да көтереміз» деді. Мен келістім. Сол күні-ақ мәтінді Мәскеуге жөнелтіп, Қостанайдың іргесіндегі «Қарағайлы орманға» аттанып, жиырма шақты күннен кейін Астанаға оралып, Бауыржан Омаровқа телефон шалып едім: «Медеке, құттықтаймын, Мәскеуден кітабыңызды құптаған хат келді, калькуляция да жіберіпті. Министр қуанып отыр, тиісті қаржыны келесі жазда аласыз...» деді. Жыл басында М.Құл-Мұхаммед Мемлекеттік хатшы болып жоғарылап кетті. Мәдениет министрлігінен кітап шығару ісі алынып, Байланыс және ақпарат министрлігі құрылды. Осы өзгерістен кейін сәуір айының аяқ шенінде Астанаға келіп, жаңа министрдің қабылдауына сұрандым. Өйткені осы жылдың кітаптарын екшеп жатыр деген қауесетті естігенмін. Министр мені сенбі күні қабылдады, он шақты жазушы ауызғы бөлмеге сыймай, дәлізде түрегеп тұрдық. Мені екінші кезекте шақырды. Аты-жөні есімде жоқ, 39 жастағы инженер-электронщик екенін интернеттен көргенмін. Иә, айтпақшы, көмекшісі «сөзіңізге орысша қосып сөйлеңіз» деп ескерткен-ді. Мен баяғы бұрынғы министрдің шешімін айтып, «екі кітапты да бірден шешіңіз» дедім әрі «Мәскеудің ЖЗЛ сериясынан Бекмахановты шығару, жас азамат екенсіз, сізге де үлкен абырой болады» дегенді қоса айтып едім. Жас министр маған ожырая қарап, «Ағай, ЖЗЛ деген немене?» деді. Сайраған тілім кілт байланды. Соның не екенін, шетелге мағлұм топтама екенін ескертуге хошым болмады. Кенет кабинет иесі: «Сіз менен Мәскеу үшін ғана төрт кітаптың қаржысын сұрап отырсыз. Тек қана бүгін 12 жазушы қабылдауыма келіп отыр. Бәрі де кітабына ақша сұрайды. Егде жасыңызды сыйлап, екі кітапқа қаржы беремін, орысшасы мен қазақшасын Астанадан шығарасыз. Соған риза болыңыз...» деді, қасында қаламын сайлап отырған арнайы департаменттің жаңа бастығы маған қарап, тиісті нұсқауды келесі аптада алатынымды ескертті. Амал қанша, ұнжырғам түсіп кабинеттен шықтым. Қысқасы, «Ермұхан Бекмахановтың» екі нұсқасы «Фолианттың» «Нартұлға» топтамасынан күзге таман шықты. Әрбірі 700 беттей, әрбіріне 16 бетке суреттері берілген. Екі кітаптың да ажары көңілдегідей...
– Демеуші іздемедіңіз бе?
– Бұл жерде бір жайтты, қарағым, ескермей отырсыз. Ерекең Сәтбаев, иә Бөкетовтей өндірістермен байланысы жоқ, яғни қалталы демеушілерге жұтаң тұлға. Екеуі туралы кітаптарымды бірнеше мәрте шығарғанымда, мен демеуші іздеп қиналғам жоқ, мені солардың өздері іздеді. Ал әркімге сөз салып көріп едім, ешкім жә дей қоймады. Сөйтіп, Мәскеу баспасының жылдық жоспарына енгізіп қойып, не дерімді білмей отырғанымда, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков Семейге телефон шалып: «Медеу аға, Мәскеуге демеуші іздеп отырғаныңызды естідім. «Молодая гвардия» баспасы сұраған қаржының жартысын мен көтерейін. Тек бірінші бетте біздің баспаның да атын жазғызасыз» деді. Бұл енді ойға қонымды ұсыныс. Бірден келістім. Жергілікті әкімдерге сөз салып едім, келесі жылы шешейік десті. Бұл енді дүдәмал уәде... Сөйтіп отырғанымда, басқа қаладан бір інім телефон шалды, жас күнінде жетегімде болған азамат. «Аға, сіз жаңа кітабыңызға ақша іздепсіз. Маған неге айтпадыңыз?» дейді. «Бауырым, жасым жетпіс беске келгенде сенен қаржы сұрап, жоқ десең өзім ұяламын ғой. Мен тек алатын жерге ғана барамын. Сенің жағдайыңды білмеймін, ал көмектесем десең – аламын...» «Сізге сонда қанша керек?» «30 мың доллар. Сонша соманы басқа баспа төлейді...» «Кітабыңыздың мәтінін бересіз бе?» деді кенет. «Ешкімге көрсетпей, өзің ғана оқысаң – берейін». Ол маған электрон тұрағын айтты, жібердім. Бір апта да өткен жоқ, әлгі бауырым қайыра телефон соқты. «Ағатай, сұраған қаржыңыз бес күнде үйіңізде болады. Тек кітапқа да, басқа жұртқа да менің көмегімді айтпайсыз...» деді. «Неге, демеушіні бірінші бетке жазып, рақмет айту – қалыптасқан рәсім» десем, «Кітабыңыз шатақ, аға. Менің дұшпанымды көбейтіп қайтесіз? Бекмаханов сорлыға қастандық жасаған неше түрлі адамдарды атапсыз. Олардың да ұрпақтары бар... Көп жылғы еңбегіңізді қолжазбадан айқын көрдім, соны ескеріп, сұраған сомаңызды сыйға беремін. Мәскеуге қысылмай барып, олжалы қайтыңыз, аға!..» деді.
Сол күні Мәскеуге телефон шалып, қаржы мәселесінің шешілгенін айтып, А.Поповтан редактор етіп И.Никифорованы тағайындауды өтіндім. Үш күннен соң Андрей Витальевич телефон шалып, «Ирина Игоревна бүгін қолжазбаңызды алып, үйіне кетті. Метрода изеңдеп текке жүрмес үшін үйінде отырып оқуға рұқсат еттім. Мәскеуге қашан келетініңізді редактордың өзімен шешіңіз» деді. Мен үшін бұл – ең қолайлы жағдай. Осы редактордың тындырымды жұмысын «Бөкетовті» шығарғанда көргенмін. Қысқасы, не керек, бірер аптадан соң Мәскеуге жетіп, дайын тарауларды оқуға отырдым. Соның өзінде 22 күн редактормен ынтымақтаса жұмыс істедім. Оның бәрін сипаттау оқырман үшін қажет емес. Ауыр жұмысты көңілдегідей атқардық. Кітаптың көлемі біршама қысқарып, 32 баспа табақ болды. Әдеби жөнінен де жақсарды. 2010 жылғы желтоқсан айында «Бекмаханов» 5 мың дана болып жарыққа шықты. Кітапты Нұрлан Исабеков алғызды, тасымалдау шығынын да тең бөлістік. Бекмахановтың ЖЗЛ топтамасынан шығу тарихы осы. Көмек көрсеткен бауырыма «қанша кітап аласың?» деп едім, «Бір қорабын берсеңіз ризамын, сіз маған, аға, қарыз емессіз» деді. Жаңа жылға бірер күн қалғанда бір байлам кітапты Бекмахановтарға пойыз арқылы жіберіп, соның бір данасын ҚазҰУ-дың ректорына апарып беруді Сермұхан Ермұханұлына тапсырдым. Бекмахановтар әулеті де кітапты өз үйінде тойлады. Ақпанның соңғы аптасында «Бекмахановтың» тойы Баянауылда, Екібастұзда және Павлодарда үш күн тойланды. Сол шараларға мен бәйбішеммен және Сермұхан Бекмаханов қатыстық. Сол шараларды өзім тұратын Шығыс Қазақстан облысы да жасамақ болып еді, мен бас тартып, кітабымды сатып алып, кітапханаларға таратуды ұсындым. «Бекмахановқа» сұраныс басқа облыстардан да түсті. Қазірде менің қолымда небәрі он шақты данасы қалды. Бірер жүз кітапты сыйлық ретінде өзім тараттым. Мерзімді баспасөздің бұл басылымға ықыласы ерекше зор болды. Бәріне де шынайы көңілден рақмет айтамын. Соның бәрін өзімнің еңбегімнен гөрі, Ермұхан тарихшының ел тарихын сомдаудағы жанқиярлық еңбегіне саямын. Туған халқының қаһармандық тарихын саралап та, даралап та екшеуде жанқияр ерлік жасап, еңбек еткен Ермұхан білгірдің еңбегі ерекше екенін ескертуді парызым деп білемін. Сол ерліктің шынайы бағасы жуықта ҚарМУ-де өткен тарихшының жүз жылдық мерекесі, соған орай «Қазақ университеті» екі тілде бірдей, «Ноқталанған тарихшы» және «Необузданный историк» деген жаңа атаумен аса көркемдеп, көптеген суреттермен безеніп, қымбат қағазға басылған менің қос кітабым айтарлықтай үлес қосты деген ойдамын. Демек, он екі жыл әуре болған еңбегім ақталды. Ерекеңнің шерлі тарихы өзі еңбек еткен университет ұжымына қайтып оралды. Бұл да, біле білгенге, Қазақ елі бүгінде қолы жеткен тәуелсіздіктің арқасы. Ермұхан болса сол тәуелсіздіктің туын көтеруші, сол жолда мерт болған нағыз қаһарман!..
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
М. Сәрсеке: «Шындықты ашу – оңай емес, есесіне ойың да, бойың да өседі...» // http://baq.kz/kk/news/suhbat/m-sarseke-shindikti-ashu-onai-emes-esesine-oiin-da-boiin-da-osedi-61917