Сәуір айының соңғы күндерінде семейлік жазушы, еңбек ардагері Медеу Сәрсеке Талдықорғанда болып, өзінің жаңа драмасының Б.Римова атындағы қазақ драма театрының қойылымын қызықтады. Сол сапардан оралған Медеу ағаны сөзге тарттық.
-Сіздің бұл драмаңыз 2011 жылы Алматыдағы М. Әуезов атындағы әкедемтеатрда тұңғыш қойылып, осы күнге дейін кассалық табыспен жүруде. Семей театры да оны сол жылы сахнаға шығарды, бірақ, былтырдан бері қойылды дегенін естіген жоқпыз. Ал, Талдықорған театрының сол драмаға қызығушылығы неліктен?
М. Сәрсеке:- Шынында да осы жайт мені де таңғалдырды. Сөйтсем, бұл театрдың бас режиссері Серік Нұрқалық менің шығармамды Алматы сахнасынан көріп, сол ұжымнан мәтінін алып дайындауға кіріскен. Талдықорғанда қазақ театры барын білсем де бірден-бір ойынын көрген емеспін, сол қалаға соңғы отыз бес жылда ат басын да бұрмаған кісімін. Пьесамның сәтті жүріп жатқанын режиссердің өзінен білдім. Премьерасы наурыз қарсаңында өтіпті. Әрбір драманың бағы мен бабы тегінде режиссердің таным-түйсігі, қарауындағы әртістердің ойынауына байланысты шаруа. Алматыдағы қойылымды ҚР-ның Халық әртісі, өнер профессоры Оразхан Кенебаев және Дария Жүсіп, Бекжан Тұрыс сияқты өнер саңлақтарының ойнау шеберлігі өзара қабысып, қаламын тербеген өксік ойды көрерменге ынтыға жеткізген-ді...
-Ал, талдықорғандық өнер иелері қайткен? Көңіліңізден шықты ма?
-Қойылымға арналған көрнекті жарнамаға әдеби редактор мынандай сөздер жазыпты: «Нарық заманында кездейсоқ өрбіген тіршілік түйткіліне қарсы тұра алмаған қарапайым отбасы адам сенгісіз жағдаятқа тап болады. Психологиялық характерлер тартысымен өрбіген драманы әрбір көрермен өз басынан кешкендей халге түсіп, ізгі жанды Таубай мен Сағиланың бір-біріне мейірімді, ыстық сезімінің жоғалғанына куә болып, солармен бірге егіледі..» делінген. Менің ойымша, талдықорғандық режиссер Алматыдағы қойылымды қайталамай, драманың екінші тынысын ашуға тырысқан. Маған ойын сонысымен ұнады. 100 мың долларға сатылған әйелі сол хабарды сүйікті еріне уытты сөзбен емес, билеп жүріп, тал шыбықтай бұралған әсем қимылмен жеткізеді. Жұрт назарын өзіне еліктірген көркін де би арқылы бейнелейді. Қалтасы қалың шонжарға телінбек жайын да қатты ашынған, қиналған, заманға лағнет айтқандай ашу-ызамен көрсетіп, оны да би атрибуттарымен ұғындырады.. Осы сценаны орындаушылар Сандуғаш Мұңайтпасова мен Базарбек Тоқымтаев ерекше шабытпен ойнап, айрықша әсер туғызғанын мен ойыннан соңғы кездесуде тебірене айтып, ризалық білдірдім.
-Ойынның екінші бөліміндегі, қоқыс жәшігі қасындағы ауыр көрініс қалай шықты? Бұл енді күллі қойылымның жан түршіктірер түйіні емес пе?
-Түйіні ғана емес, драманың шырқау шегі де сол сценада. Сол көрініс едәуір қысқарыпты. Біздегідей сахнада жынойнақ жасайтын бомжылар мен қаңғыбастар атымен жоқ. Қоқыс жәшігінен шөлмек жинап, тастанды тамақ іздеген Таубай мұғалімді кешегі нақсүйері іздеп келіп, қайыршылық қаракетінен құтқармақ болады. Болмыс бітім биік азамат бірақ сол тірлігін өзгертуден бас тартады. Бұл болса қайсар жанның өзін қайыршы еткен нарық заманына наразылығы. Екінші ұнаған жайт: қойылымға таңдалған сазды музыка, сахнаны безендіру мейлінше жұпыны бейнеленген: кедей отбасының тірлігі ойынның өне бойында, шешуші сәттерде банктердің сәуле шоғына оранған жарнамасы олай-бұлай жүгіріп, өмір қызығы мен шыжығы тек қана доларға бағынышты екені сездіріп тұруы.
-Талдықорғандық көрермендер туралы не дейсіз?
-Бір кеш қауышуда пікір түю қиын нәрсе. Көрермен залы біздегіден кішілеу, көрермендері-жастар ғана емес, үлкендер де болды. Ойынды жақсы қабылдады. Облыстық теледидар мен газет редакцияларының тілшілер келіп сұхбат алды. Бәрінің сұрағаны, өздерінің топшылауы да - нағыз нарық заманының қойылымы, сондықтан кассалық табыспен жүріп жатыр десті. Театрдың басшылары да дастарқан басындағы сұхбатта әкедемтеатрдан қызыға көріп, өзімізде қойғанымыз содан десті.
-Медеу аға, «Тендерге түскен әйелдің» Алматы мен Талдықорған театрларында касалық табыспен жүргені қуанышты оқиға. Өзіміздің Семей театрының қойылымы жайында не дейсіз?
-Мұны енді көрерменнен сұрау керек. Жаңа драмамды мен өзіміздің театрға алғашқы кезекте ұсындым. Екі жыл ұстап, әні-мінімен қоймады. Осыдан-ақ, драманың өткірлігінен шошып, сақтық жасағанын аңғаруға болады. Театрға жаңа режиссер келді. Ол болса өнер ұжымының репертуарын өз талғамына орай жаңалауға қызу кірісті. Сөйту үшін қырық жылғы бұрынғы «Күшік күйеу» сияқты комедияны қайыра қойғаны - маған түсініксіз гәп. «Тендерге түскен әйелдің» болса- рухани һәм өмірлік ділгерлігімен ерекше сұранысқа ие болды. Осы маусым айында оны Қызылордада, Қарағанды, Павлодар және Қостанай театрлары репертуарына алмақ. Тегінде әрбір драманың тағдыры театр режиссерінің танымына орай шешіліетіні-әлмисақтан мәлім жайт....
Сәрсенғали А.
Сәрсенғали А. «Тендерге түскен әйел» - Талдықорған театрында // Семей таңы.- 2014.- 10 маусым.- Б.2
Театрға «Тендерге түскен әйел» қойылымының авторы келді // http://zhetysutv.kz/news/1093-teatra-tenderge-tsken-yel-oyylymyny-avtory-keld.html
Тендерге түскен тіршілік // http://baq.kz/regional_media/post/84830