Қырық жыл өмірімді Сәтбаевқа арнағаныма титтей де өкінбеймін

Жазушы Медеу Сәрсекенің есімі ауызға алынғанда ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі қоса еске оралады. Түсінікті жайт. Өйткені, ол академик Қаныш Сәтбаевтың өнегелі өмірін ұлықтауға қырық жылдан астам ғұмырын сарп етті.

- Мен документалист жазушымын, дерекпен сөйлеймін. Менің жазғандарымды кейбіреулер «жұрттың естеліктерін сыпыра көшіру» деп те әжуалап жүр. Жұрт естеліктерін қиюын тауып, келістіре қалау да оңай емес. Мәселе - қалай қалауда,- дейді жазушы Медеу Сәрсекенің өзі. Осыдан екі-үш жыл бұрын қазақтың деректі прозасының қатарын «Ебіней Бөкетов» атты тамаша шығармамен толықтырған жазушы өткен жылдың соңында қазақтың біртуар тарихшысы Ермұхан Бекмаханов жайында тағы бір кітабын екі тілде аяқтады. Осыған орай біз жазушымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Семейдегі орта шаруамын

- Алдымен Қаныш Сәтбаев, содан кейін Ебіней Бөкетов, енді міне, Ермұхан Бекмаханов... Қазақтың осынау үш алып тұлғасын Сіз өз шығармашылығыңыздың негізгі темірқазығы етіп алдыңыз. Неге? Бұл тақырыптарға қалай келдіңіз?

- Қарап отырсам, менің өмір жолымда екі-үш бұрылыс болды. Бірінші бұрылыс, Алматыдағы политехникалық институтта оқып жүріп фантастиканы жаза бастадым. Фантастикалық жанрда 4-5 кітап жаздым.Сөйтіп жүргенде 1963 жылы Алматыда дем алып жатқанымда әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер болып істейтін бажам Балташ Ысқақов мені Әлекеңнің, академик Әлкей Марғұланның іздегенің айтты. Әлекең шақырып жатыр дегенде жан қала ма,алып-ұшып бардым. «Ой, қарғаш, жақында Мәлік Ғабдуллин маған сенің екі кітабыңды әкеліп беріп, мен сенің фантазияңмен танысып шықтым. Оқиғаны керемет құрасың. Тілің жақсы. Фантазияңның бәрі нағыз қазақтың табиғаты.Бұл біздің әдебиетте жоқ», - деп мақтай жөнелгені.Ішімнен қуанып, тәуба деп отырсам да, мұнын тегін емес екенін сездім. Айтқандай-ақ, Әлкей ағаның «Жақында Қаратаев, Ғабдулин бәріміз Сәтбаевты жазатын адам іздедік. Ойласа келіп, саған тоқтап отырмыз» деп салғаны.Шошып кеттім. «Ой, Әлеке, Сәтбаев деген ұлы кісі ғой. Бұл ойдан құрап жазатын фантазия емес» деп едім, «Е, өстиді, қасында жүрген ұлыны біздің қазақ көргісі келмейді. Орыстар болса ғой «великий Менделеев», «великий Толстой» деп жалаулатып-ақ әкетеді. Сенің жасың нешеде?»- деп Әлекеңнің жатып ашуланғаны.Ол кезде жиырма алтыдағы кезім. «Қарғаш, сенің бұл жасында Әуезов «Қаракөз», «Қараш-қараш», «Қилы заман» секілді дүниелерін жазып тастаған. Ал сен болсаң, әлі қиялға беріліп баланың дүниесін жазып жүрсің» деп Әлекең намысыма тие сөйледі.Әлекеңнің бұл сөзі менің шымбайыма шынымен де батып кетті.Бажам да қарсыласпа дегендей қайта-қайта түртіп қояды.Ақыры, «ойланайын, есім шығып кетті»дедім.Қысқасы ұйқыдан маза кетті. Түн ішінде оянып кетсем, ғұламаның ұсынысы есіме түседі.Сол жолы қайтарымда Әлекеңе барып келісімімді бердім.Үлкен кісі қуанып қалды. Мұның өмірлік тақырып екенің қайта-қайта айтты.Сәтбаев тақырыбына мен осылай келдім.

- Бұл тақырыпты меңгеру қиын болған шығар?

- Ия, ауыр болды.Жазу үшін ең алдымен Қанекеңнің жасап кеткен ғылымын түсінуім қажет болды. Өйткені мен металлургпін, геолог емеспін. Бірақ мықты геолог ғалымдармен ақылдасып, зерттеп, Қанекеңнің жасап кеткен ғылымын ұқтым. Ресейдің Шило деген академигінің Қанекеңнің 100 жылдық тойында айтқан сөзі бар. «Сәтбаев 1958 жылы метогеологияның болжам картасы үшін Лениндік сыйлық алғанда 50 жыл біздің алдымызға шығып кетті. Енді қазір ғасырдың аяғында сол шаруасын ойлап қарасам, әлі де 50 жыл біздің алдымызда тұр» деген сол жарықтық. Біздің қазақтың бірде-бір академигі анау менен 50 жылға озып кетті деп өлсе айтпайды. «Е, оныкі белгілі ғой» деп қолды бір сілтей салады. Орыс ғалымдарының осындай кісілігі бар. Алғашында Канекеңнің өмірін жазуға көп болса, төрт-бес жылым кетер деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «мен саған өмірлік тақырып ұсынып отырмын» деп бекер айтпапты.Білген екен. Сөйтсем, ол кезде мен архивке ену дегеннің не екенін білмейді екенмін. Әлкей аға маған тақырыпты 1963 жылы ұсынса, мен онымен шындап 1966 жылдан бастап қана айналыстым. Сол жылдың жазында мен Баянауылға бардым. Содан кейін бәрі басталды. Тек қана Ұлытау, Жезқазған өңіріне жеті рет бардым. Содан соң Том, Ленинград, Мәскеу архивтеріне кірдім. Қысқасы, маған Қаныш аға жүрген жерлердің бәрін жүріп өтуге тура келді.Қанекеңмен бірге жұмыс істеген төрт жүзге таяу адамдардың естелігін жазып алдым. Ол кісінің отбасымен араласу, әсіресе, Сәтбаевтың екінші жұбайы Таисия Алексеевнамен тіл табысу, сеніміне ие болу да өте қиын шаруа болды. Бәйбішесі Шарипа апамыздың да қолынан талай мәрте шай іштім. Өте әңгімешіл адам болатын. Жалпы, Қанекең оларды бөле-жара қарамаған. Балаларын да бірдей көрген. Осының бәріне ізшілдігім мен еңбекқорлығымның арқасында жеттім.

1963-тен кейінгі қырық жыл өмірімді Сәтбаевқа арнағаныма титтей де өкінбеймін. Бейнетімнің аяғы зейнетке айналды. Сәтбаев туралы орысша, қазақшы 324 мыңдаған кітап шығардым. Дүниенің 112 еліне таралды. Өткен жылы ғана қазақ, орыс тілдерінде екі рет шығардым. Былай айтқанда, Қанекең мені қазір де асырап отыр. Әр кітабым шыққан сайын аз болсын, көп болсын қаламақы аламын. Сәбит Мқұановтың «Қазақстандағы орта шаруамын» деген сөзі бар. Сол Сәбең айтқандай, мен Семейдегі орта шаруамын. Ол кісіні ұлықтау маған үлкен мектеп болды.

Ебекеңді жазғанда мен өзімнің шығармашылығымды бір сатыға көтердім

- Ебіней Арыстанұлы Бөкетов тақырыбын сізге кім ұсынды?

- Ол кісі туралы жазу ұсыныс маған 2003 жылы түсті. «Өзіңіздің ұстазыңыз Ебіней Бөкетовтың туғанына 80 жыл толуына байланысты кітап жазып беріңіз, шәкіртік парызыңыз бар ғой» дегеннен кейін бас тарта алмадым. Мұны айтқан – інілері, туыстары мен шәкірттері. Содан тәуекел деп іске кірістім. Бір тәуірі, бұл кісіні мен студент кезімнен білетіндіктен, кітапты жазғанда қатты қиналған жоқпын. Айналасы 3 жылға жетпей жазып бітірдім. Дәл бүгін қазақшасы үш рет, орысшасы екі мәрте, барлығы 5 рет шықты. Сәтбаев туралы кітабымды жазғанда түзу сөз естіген емеспін, сыпыра қиянатқа жолықтым. Оны жұрт біледі. Ал Бөкетов туралы жазылған кітап жайында барлық газеттер жарыса мақтады. Жақында Алматыда бір жас ғалым «Аға, сіздің осы кітабыңызды екі-үш рет оқыдым. Бір бетін ашсам тастамаймын. Қайта-қайта оқимын» деді. Демек, сол кітаптың ішінде оқырманды еліктіретін нәрсе бар деген сөз. Академик Бөкетов- қазақтың қайталанбас тұлғасы. Ол металлургияда, оның ішінде түсті металлургияның сирек металдар технологиясы саласында ірі төңкеріс жасаған ғалым. Мысалы, рений деген сирек металды алудың технологиясын жасаған. Осыдан 5-6 жыл бұрын ренийдің 1 грамы – 36 мың доллар тұратын. Қазір одан да қымбат. Ол кісінің теориясы осындай 19 металды ұтымды айыруға жол ашты. 1966 жылы Е.Бөкетаев докторлығын селен технологиясын жасау тақырыбына қорғады. Сол уақытта кеңес елінде селеннің шығымдылығы 60 пайыз ғана болған. Бөкетов зерттеуін ақтап, өндіріске кіргізгенде селеннің шығымдылығы 90 пайызға көтерілген. Бұл дегеніңіз – төңкеріс. Ең әуелі немістер шап берген, соңынан – шведтер мен Канада. Ал осыны жасаған – менің ұстазым. Сондықтан Ебекеңді жазуға ұсыныс түскенде өзімді-өзім қайталаудан қиналсам да қуана жаздым. Ғылымы да таныс еді.

- Деректі шығарманы жазуды қолға алғаннан кейін мұрағаттарда отыру керек қой. Осы жағынан қиналған жоқсыз ба?

- Мен Ебекеңді жазуды қолға аларда тапсырыс берушілерге екі шарт қойдым. Соның екеуін де орындады. Біріншісі – үйіндегі бүкіл архивін мынау керек, мынау керек емес демей, әкеліп бересіздер. Екі шабадан дүние келді. Ұзын саны мыңға тарта хат бар. Соның ішінде Екатеринбург университетінің ректоры С. Набойченко «Өзімнің ғылыми жұмысымды жазуды әдеби жұмыс деп қарауды тек қана осы кісіден үйрендім» дейді Ебіней Арыстанұлы туралы естелігінде. Сөйтсе, Ебекең сол ғалымның докторлығын «мынауың оқуға келмейді, орысшасы шалағай» деп қайырып тастаған екен. Сөйтіп, ол байғұс бір жыл кешігіп қорғаған. Сол кезде ренжісе де, кейін рахмет айтқан. Сөйтіп, Қанекеңді жазу өзім үшін үлкен мектеп болса, Ебекеңді жазғанда шығармашылығымның деңгейін бір сатыға көтердім. Әлі де үйрену жолындамын.

Қазақтың жүйелі жазылған тарихы жоқ

- Ал тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы кітап жазғанда қандай тағылымды нысана еттіңіз?

- Бекмаханов тақырыбына кездейсоқ жолықтым. Осы жерде Сәтбаев тақырыбына тағы да оралуға тура келіп тұр. 63 жасқа келгенде зейнетке шықтым да, үйде отырып таза шығармашылық жұмыспен айналысуды жөн деп білдім. Бұл – 1997 жыл. Мезгілінде шайымды беріп, маған хатшы боласың деп жеңгеңді де ұстаздық жұмысынан шығарып алдым. Сәтбаевқа сөйтіп қайта оралдым. Мақсатым – бұрынғы шыққан кітаптарда айта алмаған, цензура өткізбеген тұстарың қайта қарап, Қанекеңнің өмірде көрген қиянатын, ұлағатын кеңейтіп жазу. Қанекең жайлы бұрын шыққан кітаптың екі данасын тіліп, кейбір дұрыс жазылған абзацтарын сақтап, жаңа мәтін жаздым. Тура 3 жыл, 3 ай жұмыс істегенде, қолжазба 1200 бет болды.

Осы кітапты қайта жазу барысында 1951-1953 жылғы қазақ зиялыларының қуғын-сүргінге ұщырау оқиғасына терең үңілдім. Қанекең жұмыстан босап, Мәскеуге жылыстап кетті. Әуезов те, Жұбанов та сөйтті. Қиын уақыт. Брежнев «Целина» деген кітабында «Қ.Сәтбаевты еліне қайтардым» деп жазды. Брежневтің осы сөзін пайдаланып, Сәтбаевтың орысша нұсқасында тоғыз-ақ бет кіргізгенбіз. Бірақ онысы өтірік. Қанекеңді еліне қайтарған – П. Понамаренко. Сол 9 бетті қазақша қайта жазғанымды 90 бет болды. «Жар жағасында», «Тайғақ кешуде», «Ақиқат әрқашанда жеңеді» деген үш тарауларды жазарда жиған материалым сыймай қалды. Алматыға қайта-қайта барып, Қанекеңмен араласқан, сол кездегі оқиғаларды білетін кекселерді тауып, дерек сұрыптадым.Содан бір күні Ермұхан Бекмахановтың үйіне бардым. Зайыбы Халима Адамбекқызымен ертеден таныс едім. Семейге ғылыми конференцияға келгенінде қонақ үйге жібермей, үйде күткенбіз.1951 жылы Қанекеңе тағылған саяси кінәнің бірі – «ұлтшыл» Бекмахановты қорғағаны үшін болатын. 1946 жылдың қазан айында Ермұхан Бекмаханов Мәскеуде докторлық диссертация қорғағанда, Қанекең соған қатысқан, «докторлығына шашуым» деп жиырма шақты ғылыми кеңестің мүшелеріне банкетте жасап берген. Ермұханның отбасына, яғни Халима апай қиналған кезде бір-екі рет көмекшісінен едәуір ақша да жіберіпті. Қысқасы, Халима апай маған сол жылдар туралы көптеген деректер берді. 1999 жылы «Қазақтың Қанышы» деген атпен кітабым «Атамұра» баспасынан жарық көріп, ғалымдар үйінде сол кітаптың тұсаукесері болды. Соған мен Халима апайды да шақырдым.Сол күні ол кісі «Медеу, шаруам бар,үйге кіріп шығасың ба?» деді. Бардым. «Жұмысың бітті, сәтті болды. Қарағым, енді Ермұхан ағаңды жазбайсың ба?» деп қолқа салды. Сыйлы адам болған соң жоқ дей алмадым. Ойланайын дедім. Екі-үш ай ойландым. Бірде Халима апай үйіне шақырып: «Ойланып болдың ба?» деп сұрады. Іле-шала «Мына дүниенің бәрін саған жинап отырмын» деп буулы қорапты көрсетті. Бұл не деп қарасам, ерімен екеуінің бір-біріне жазған хаттары екен. Ерекеңнің түрмеден жолдаған 28 хаты, ал Халима апайдыкі – 25 хат. Ғалымның бүкіл қолжазбасы, әр жерден келген хаттар мен естеліктер түп-түгел жинаулы тұр. Еңбектері, оқулықтары, басқа заттары – бір шкаф.

-Осының бәрін маған бересіз бе?

- Түгел аласың, Медеужан

Алматыда тұратын кіші қызымның үйіне біразын алып келіп, жата-жастана оқыдым. Толғанып неше күн ұйықтай алмадым. Сұмдық нәрселер, жан түршігерлік оқиғалар бар.. Енді бас тартқаным ақымақтық болатын болды. Халима Адамбекқызы Зайсан қаласында туған. Нағашысы да зайсандық. Ертеректе сол елде Бөпке деген көпес болған. Сол кісінің үйінде қазірде өлкетану мұражайының Зайсан бөлімшесі қоныстап отыр. Сол үйді мен 1964 жылы көргенмін. Бөпкенің шын аты – Бидахмет. Халима апай Бидахметтің үлкен қызы Айшаның жалғыз қызы.

Бұл тақырыпты жазудың қиын екенін бірден ұқтым. Өйткені оны түбегейлеп жазу үшін тарихшы болуың қажет. Ал мен ел тарихын сүйіп оқушы ғанамын. Бекмаханов ғұмырнамасын екі рет бастадым. Біріншіде 80 бет жазғаннан кейін тоқтадым. Жазу жүрмеді, жауып тастадым. Халима апай звондап, «қалай?» деп сұрап қояды. «Қиын болып жатыр» деймін. Басқадай ештеңе айтпаймын.Бір жолы жазбаша жауап беріңіз деп ері туралы 47 сұрақ жолдадым. Екі айдан соң екі-үш дәптер жауап келді. Содан қайта отырдым. Бұл компьютерді үйренген кезім болатын. 40 шақты бетті жазғаннан кейін тағы да тоқтап қалдым. Қалам жүрмейді. Ал дерек көп. Соларды қиыстыра алмадым. Бірақ Халима апайға жаза алмаймын деуге ұяламын. Сөйтіп әрі-сәріде жүргенімде Бөкетов туралы кітап жазу туралы ұсыныс түсті.

- Бөкетовты тез жазғаныңызды айтқансыз ...

- «Бөкетов» ғұмырнамасы 13 тараудан тұрады. Оның да 5 тарауын үрдіс жазып, ғылымына келгенде тоқтап қалғанмын. Ғылымынан қарайып қалғанымды біліп, Қарағандыға барып, екі апта химия-металлургия институтында отырып, ғылым докторлары шәкірттерінен дәріс алдым. Олар мені қайта оқытып, миыма құйып берді. Қосымша материалдар, монографиялар берді.Ебекеңнің еліне барып, туған жерін көріп, бір жұма аралап, жазуға қайта бас қойғанымда қаламым жүре бастады.Бекмахановтың ғұмырнамасын тоқтатып қойып, Бөкетовты бітіріп, Мәскеуден де шығарып, көңілім жайланды.Халима апай сыпайы кісі, үндемейді. 2007 жылдың тамыз айында Мәскеуден көңілді келген соң Бекмахановқа қайта отырдым. Бұл жолы бұрынғы жазғандарымды ашпай тыңнан бастадым.

- Қаламыңыз жүрді ме?

- Жүрді. Мен екі нәрседен шатасып жүріппін. Бірінші, Бекмахановтың өмірінде төтенше оқиғалар көп. Үнемі алыс-жұлыс, тергеу, сот, түрме, Сібірден қайтып келгеннен кейінгі өмірі де сыпыра күрес. Өзі де қызба, ұрынғыш адам. Тым турашыл. Мен жас кезімде фантастиканы жазған кезде, детективке салып қызықтыра жазатынмын. Ерекең өмірін де соған салып, шатасып жүріппін, яки детектив етіп жазғым келген. Сөйткенім қате болыпты. Екінші қателігім - Әуезов, Сәтбаев, Бөкетов, Бекмаханов сынды ұлы адамдар өмірін қиялмен өріп, бірдеңені ойдан қосудың керегі жоқтығы. Өздерінің көрген өмірін қоспасыз түсіндіріп, рет-ретімен қалап бере алсаң – соның өзі детектив. Қазір менде тарихи кітаптар көп. Біразын кітапханалардан жинап алдым, біразын жеке адамдардан алдым. Осы кітапты жазу үстінде Қазақстанның тарихын құныға зерттеуге отырдым. Осы ізденісте көзім жеткен бір ашы шындық – қазақтың жүйеленген, бір ізге түскен тарихы жоқ.

- Неге? Қаншама рет басылған, том-том тарихтар ше?

- «Қазақстан КСР тарихы» 1943 жылы, 1949 жылы, 1955 жылдары, одан кейін де 5 томдық болып жарық көріп, соңғысы Мемлекеттік сыйлық алған. Солардың бірі – жалпы адамзат тарихын сыпыра көшірілген қазақстандық нұсқалар. Айталық, біздің далада ғұндар болған, одан кейін сақтар мен массагеттер өмір сүрген деп бұрыңғы грек заманынан келе жатқан тарихты да қазақ еліне бейімдеген жалпылама тарих. Ал жүйеленген өз тарихымыз шамалы әрі солар таптық көзқараспен талданған. Енді бір ғажап нәрсе, осыны қазған кезде бір жаңалық аштым: бізде өз тарихымызды жазатын адамдар болған. Қошке Кемеңгерұлы 1920 жылдары «Қазақтың тарихы» деген оқулық жазған. Халел Досмұхамедов те Исатай Тайманов, Сырым Датұлы туралы жазыпты. Одан кейін 1935 жылы «Ерте заманнан осы күнге дейінгі Қазақ КСР тарихы» деп Санжар Жағыпарұлы Асфендияров қалың том жариялаған. Сол ғұламаны 1938 жылы атып жіберген. Ұстап бергендер - өзіміздің қазақтар. Досмұхамедов те елуден асқан кезде атылған. Соғыстан бергі жылдарда жарқырап, Кенесарыны тарих қатпарынан суырып Ермұхан Бекмаханов шықты. Ал оған не істедік. Докторлық атақты 31 жасында алған сабазды тағы да түрмеге тығып жібердік.Сол кезде тарих институтында 18 ғылыми қызметкер жұмыс істепті.Оның төртеуі орыс, еврей де, он төрті- қазақ.Осы он төрт қазақ бірін-бірі түртпектеп өзара айтысқан, бірін-бірі айдатқан.Масқара! Сондықтан қазақтың тарихын жүйелеп жазатын уақыт болды ма? Сексенінші жылдары мүмкіндік туды. М. Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М. Қойгелдімен қатар Ермұханның отыз шамалы шәкірттері шықты. Бірақ бірде-бірі дербес тарихымызды Карамзин, Соловьев, Ключевскийге ұқсап жүйелеп тарқата алмады. Басты себеп, сірә, марксизм мен ленинизмнің қасаң догмасынан шыға алмауы. Бәлкім, өзара бәсекелестік...

Ермұханға жол нұсқаған – Халел

- Ермұханның мықты тарихшы болуына қандай жағдайлар әсер етті деп ойлайсыз?

- Ерекең Семейдің рабфагын бітіргеннен кейін Қазағаркомның жолдамасымен 1933 жылы Тамбовқа барып, пединституттың тарих факультетінде екі жыл оқып, 1935 жылы Воронежге ауысқан. Воронежде ол кезде 9 институт болыпты, яғни, Ресейдің Мәскеу мен Ленинградтан кейінгі білімдар қаласы атанған.Білікті ұстаздардан білім алған. Воронежге сол қарсаңда отыздан астам Алаш партиясының басшылары жер аударылыпты.Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Қошке Кемеңгерұлы, тағы қаншама зиялылар сонда болған.Ермұқан солардың бәрімен де танысып, сұхбаттасып, араласқан. Соған да нақты деректер таптым. Халел Досмұхамедовтің екі қызының тірі екенін естіп, естеліктерін алдым. Сол естеліктерде «студент кезінде Бекмаханов біздің үйімізге жиі келіп, көкеммен ұзақ әңгімелесетін, әкемді ол профессор дейтін» деген жолдар бар.Демек, Ерекең Халелдей білімпаздың ұлағатын екі жыл ұдайы көрген.Бұл жайт та оның мықты тарихшы болуына мұрындық болған. Бұған енді білуге құштар жас жігіттің ынтазарлығын қосыңыз.

Ал соғыс кезінде эвакуация легімен А.Панкратьева бастаған Мәскеудің 11 тарихшысы Қазақстанға уақытша келген. Олар «Біз қарап отырмайық, қазақ КСР тарихын жазып берейік» дейді. Ұсынысты құптап ҚҚП Орталық Комитетінің хатшысы М.Әбдіхалықов бұл Ермұхаңды соларға көмекші еткен. Сөйтіп жүріп ол Кенесары тарауын жазады. Тарихшы болуға біржола бел байлайды. Мен осы кітабымда қазақ тарихының көкейтесті мәселесін ішінара көтердім. Ерекеңнің шерлі ғұмырын баяндай отырып, қазақ тарихшыларын жайлаған дерттің себептерін аштым.Менің кітабым біреуге ұнап, біреуге ұнамауы мүмкін. Тегінде ақиқаттың жолы ауыр, оны ашқан адамның да маңдайы шылқ ете қоймайды. Сөйтсе де, ащы шындықтан таймадым. Мысалы, біртуар тарихшы Е.Бекмахановты 37 жасында 25 жылға айдатқан 14 куәнің жалған куәліктерін келтіріп, есімдерін атадым. Осы ретте бір жәйтті ескеру парыз: біздің қазақ аруақтарға топырақ шашпа десе, ал шетелдік философ Шопенгауэр өлгендердің қылмысын жасыру да – күнә деген. Мен осы сөзге ден қойдым. Неге? Күншілдіктен аман болайық, келешек ұрпақты содан сақтайық дегім келеді. Құдай сәтін салса, «Ноқталанған тарихшының» қазақша һәм орысшасы да Астананың «Фолиант» баспасынан жарық көреді.

Абыралының шерлі шежіресін жазсам деймін

- «Бекмахановты» бітірдіңіз, алдағы уақытта қазақтың қай тұлғасы туралы жазу ойыңызда бар?

- Тағы біреуді жазамын деп айта алмаймын, қарағым. Жазар едім, көзімнің көруі нашарлады. Жазсам да шағын-шағын естеліктер толғамақпын.

- Былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған ел – алтын бесігім» атты кең тынысты акция биыл да жалғасын таппақшы. Бұл туралы не айтасыз?

- Мен өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болдым.Бердібек інімнің Қызылорда облысының әкімі болған кезінде рухани-мәдени саладағы іргелі жұмыстарын жақсы білемін. «Сыр елінің 200 томдық кітапханасының» 100 кітабын осы кісі шығарды. Ал біздің «Шығыс қаламгерлерінің кітапханасы» бойынша шығып жатқан кітаптар көңіліме ұнамайды, әсіресе, басылым деңгейі ...

Облыс әкімі «Ермұхан Бекмахановтың» орысша басылымының шығынын көтеруге уәде етті. Ал қазақшасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржысымен шықпақ. Әлбетте, туған жер бәрімізге қымбат. Бұл дұрыс бастама! Мен 40 жыл атом сынағы ойран салған Абыралы ауданында туып-өстім. Өзім тірі жүргеніммен қаншама жора-жолдастарымнан айырылдым. Алдағы уақытта Абыралының шерлі шежіресін жазу да ойымда бар. Бұл менің ұрпақ алдындағы борышым деп білемін.






Сәрсеке М. Қырық жыл өмірімді Сәтбаевқа арнағаныма титтей де өкінбеймін: сұхбат / М.Иманғали // Семей таңы.- 2009.- 27 наурыз.- Б.5