Шығармалар жинағы сегіз кітап

Оқырман қауымға танымал семейлік жазушы Медеу Сәрсекенің қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Қаламыздың құрметті азаматы Медеу Сапаұлының бүгінге дейін отыздан аса әдеби туындысы жарық көрген. Оның Қаныш Сәтбаев туралы жазған еңбектері қазақ және орыс тілдерінде 10 мәрте басылып, әлемнің жүзден астам еліне тараған. Жерлес қаламгер қаламы өрген осыншама көлемді әрі тақырыбы әртүрлі еңбектері Астанадағы «Фолиант» баспасынан жуықта 8 томдық шығармалар жинағының алғашқы 3 томы жарық көрді.

Айта кету керек, аталған сегіз томдық кітаптың бірінші томының бастауы Елбасы Н.Назарбаевтың жазушы Медеу Сәрсекені 2006 жылы 70 жасқа толғанда білдірген жылы лебізімен басталады.

«Қадірлі Медеке! Бар қазақ мақтаныш ететін Абай, Мұхтар, Шәкәрім елінде шығармашылық шырағын сөндірмей, қаламгерлік туын берік ұстап, өмір мен өнердің әлі талай биіктерін бағындыра беруіңізге тілектеспін»,- деп жазған Елбасы өз құттықтауында.

«Сәтбаев», «Бөкетов» және «Бекмаханов» атты деректі ғұмырнамалары мен «Жарылыс», «Көмбе» романдары арқылы оқырман қауымға танымал жазушының еңбектері ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша мемлекет қаржысымен жарияланған. Сатуға түспей, тек қана ҚР кітапханаларына таратылды.

-2006 жылы, 70 жасқа толғанымда, 6 томдық шығармалар жинағым жарық көрді. Содан біраз шығармаларым қалып қойған еді. Ойлана келе, мына басылымға бұрынғы шығармаларымды сыпыра қайталағым келмеді. Әрі кітабым қайта шығарылатын болса, соны міндетті түрде қайта қарап шығамын. Дүние өзгеріп жатыр ғой. Жазушы ретінде менің пікірім де өзгереді. Әрбір шыққан сайын қарап отыруым керек. Ол - өзіңе де жауапкершілік, - дейді Медеу Сәрсеке.

Жаңа «Шығармалар жинағының» I томына қаламгер ғұмырының алғашқы кезеңі – 1959- 1970 жылдарда жазылған ғылыми-фантастикалық хикаяттары мен әңгімелері енген. Мысалы, сан мәрте жарық көрген «Жетінші толқын» және «Көрінбестің көлеңкесі» хикаяттары мен техника жөнінде бірнеше әңгімелері қазақ әдебиетінде ғылыми-фантастикалық жанрдың өрістеуіне мұрындық болды. Сексен жастың сеңгіріне таянған қаламгер жаңа жинақтың II томына жұртшылыққа мәлім «Шыңғыс хикаясы», жастар туралы «Жылқышы» повесі енгізіліп отыр. Бұған қоса, кейінгі кездері жазылған әңгімелері де бар. Жинақтың III томы Ғ.Мүсірепов жөнінде жазылған «Мен білетін Ер Ғабең» атты эссе түріндегі хикаят пен шерлі тағдыры сөз болатын ағайынды Қабылбековтерге арналыпты.

-Жуықта Астанаға барған сапарымда Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездестім. Ол кісіге «Шығармалар жинағымды» қайыра шығаруға рұқсат бергеніне рахмет айттым. Бұған қоса, алдағы 80 жылдығыма сыйлық ретінде келесі 5 томды шығаруды көлеммен шектемей, әрбірін 30 баспа табақ мөлшерде шығаруды өтініп едім, ол кісі келісімін берді. Бұл бір олжа. Бұған қоса келер жылы көрнекті тарихшы Е.Бекмахановтың 100 жылдығы. Осыған орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты маған қолқа салып, Мәскеудің «Тамаша тұлғалар өмірі» («Жизнь замечательных людей») атты топтамасында жарық көрген «Ермұхан Бекмаханов» ғұмырнамасын екі тілде қайта басып шығармақшы...- деген қуанышымен де бөлісті Медеу ағамыз.

-Бұрынғыдай дүркіретіп той жасауды мақсат етіп отырғаным жоқ. Көңілдегі басты шаруа- тарихи туынды «Семей қасіреті» атты деректі шығармамды аяқтау. Ол болса- қырық екі жыл бойы Семей жұртын қансыратқан полигон тарихы туралы ащы шындықты түре ашу.

Мен өзім 37 жыл бойы ядролық жарылыстың астында отырған адаммын. Бұл кітапта сынақ бомбасы қалай жасалды, қалай сыналды, соны Ертіс бойындағы ел қалай көтерді, қандай қасіреттерді басымыздан кешкеніміз түре ашылды. Денсаулығым көтерсе, бұл еңбекті де жарым жылда жазып боламын, - дейді жерлес жазушы.






Мырзаханов А. Шығармалар жинағы сегіз кітап // Семей таңы.- 2014.- 14 қараша.- 3 б.