Жарты ғасырға созылған достық

Бір-бірімізден мың шақырым шалғайда тұрсақ та Кәкімбек Салықұлы екеуміздің көңіліміз жарасқан шынайы достығымыз жарты ғасыр және бес жылға созылды. Бұл енді өнегелік жөнінен көңілді көншітуі өз алдына, ұрпақтарымызға үлгі еткендей таңғажайып қарым-қатынас болды. Сол ардақты Кәкеңнің өмірден озғанына бір жыл болды.

Кәкеңмен мен 1958 жылдың қоңыр күзінде Жезқазғанда таныстым. Қазақ кен-металургия институтын тәмамдасам да, «Лениншіл жас» редакциясының қызметке шақыруын хош көріп, жастар газетінің әдеби қызметкерімін. Әлқисса, содан өмірімдегі тұңғыш шығармашылық сапарға қияндағы Ұлытау өңіріне аттандым. Уақыт қара күз еді…

Сол сапардан мен рухани баюмен қоса жаңа достар тауып қайттым. Сол достықтың одан әрі өрбуіне «Жезқазған жігіттері» атанған топтама очерктерімнің жастар газетінде жариялануы да мұрындық болды. Олардың кейіпкерлері – ескі кенші Оразбек Дүйсенбаев ақсақал, Садық Асатов, Далабай Оспанов, Жолдасбек Жақыпбаев, Далабай Ешпанов сынды кен қазу ісінің білгірлері. Осы азаматтардың Оре­кең­нен өзгесі оншақты жылда шахта ғана емес, үлкен кеніштердің, соңынан комбинаттың білікті басшылары атанды. Кәкеңмен де осы жолы дидарласқан едім.

1968 жылдың жазы. Кәкімбек Салықұлы ол кезде Қазақстан КП Жезқазған қалалық комитетінің бірінші хатшысы. Кәкеңмен кабинетінде кездестік. Жұқалтаң денесі толыпты, қою шашы бұрынғыдай мол қалпы, тек самай тұсына бірлі-жарым күміс пайда болған. Бұл енді тынымсыз ауыр жұмыстың әсері.

– Өлең әлемі қалай, Кәке? Жазыла ма?

– Көңіл шіркін құйқылжып шарқ ұрғанда бірнеше шумақ қағазға түседі. Көбіне жолда келе жатқанда, иә домбыра шертіп демалып отырғанда өлең жазамын… Мына қызметім мазасыз, күн сайын неше түрлі оқиғамен шұғылдануға тура келеді… – деп жымиған Кәкең бетіме қарады. – Жә, бізге нендей шаруамен келдің?..

– Екі-үш жыл болды, Кәке, Қаныш ағамыздың өмір жолын зерттеуге кіріскеніме, – деп ізденіс жоспарымды қысқа қайырып, Жезқазғанға бір айлық шығармашылық іссапармен келгенімді айттым.

Кәкең менің шығармашылық жоспарыма айран-асыр қуаныш білдірді. Геологиялық барлау экспедициясының бастығы В.И.Штифановқа телефон шалып, менің ізденіс жұмысыма қолғабыс етуін тапсырды.

Сапарым сәтті жүріп жатқан күндердің бірінде Кәкеңнің өзі мейманханаға іздеп келіп, дәмге шақырды.

– Медеу досымыз сонау Абай елінен игі мақсатпен келіп отыр. Жезқазғанның мыс көмбесін әлемге әйгілеген Қаныш ағамыз туралы әдеби еңбек жазбақ, – деді отырысты бастар кезде. Осы сәт менің ойыма Қаныштың: «Жезқазған – ешқашанда соңғы бекет болып қалмайды. Ол – Қазақ даласының кіндік ортасы…» – деген сөзі оралды.

Кәкең СОКП ОК-де инспектор, Қарақалпақ обкомының бірінші хатшысы міндеттерін абыроймен атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте депутат болып сайланды. Ал ақындық өнер тумысынан дарығанымен Кәкең ақын ретінде де Жезқазғанда кенші болып жүріп танылды. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» 1977 жылы жарық көріп, одан кейін де сол өңірде отырып бірнеше өлең кітабын жариялады. Солардың шоқтығы биігі, әрине, атақты «Жезкиік».

Арада біраз жылдар өтті. Қарақалпақстаннан кейін Кәкімбек Салықов КСРО Жоғарғы Кеңесінің Экология және табиғатты қорғау бөлімін басқарды. Одақ тарады. Қазақстан тәуелсіз республика атанды. Кәкең Мәскеуді тастап, Алматыға қайтты. Су шаруашылығы министрлігінің Арал комитетін басқарып жүрген. Мен Алматыға арнайы барып, Мәриям Мәженқызы екеуін Семейге шақырдым.

Ерлі-зайыпты Салықовтар Семейге 1994 жылғы қазан айында келді. Дос-жаранды жинап, үйде қарсы алдық. Ән мен поэзия жарысқан көңілді отырыс болды. Осындай кездесулер келесі күні Абай мұражайында және өзге жерлерде жалғасты.

Кәкеңе бір ай бұрын Алматыда, Қаныш ағайдың ортаншы күйеу баласы Оразай Батырбековтің үйінде болған әңгімені айттым. Ол болса халықаралық қор құрып, Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми мұрасын елге әйгілеу әрі жүз жылдық тойын әзірлеу шаралары еді. Сәтбаевтар сол қорға басшылық етуді маған жүктеуге өзара пәтуаласыпты. Мен соны естігенімде: «Басшылық қабілет менде жоқ. Ал, қор халықаралық деңгейде жүргізілетін үлкен жұмыс. Сондықтан да бұл міндетті ойдағыдай атқарар Қанекеңнің мұрасына адал қайраткер бір інісі бар. Ол – Кәкімбек Салықов», – деген едім.

Таңертеңгілік мезгіл еді, Кәкең екеуміз менің жұмыс кабинетімде отырғанымызда: «Медеу, сенің бұрнағы күнгі Сәтбаев қоры туралы хабарың менің көкейімнен кетер емес, арнайы қор құрмай, ол кісінің мол мұрасын, сірә, ұлықтай алмаймыз. Қысқасы, мен сол қорды басқаруға келістім», деді.

Содан 1995 жылдың 14 шілде күні ҰҒА-ның президенті К.Сағадиев Ғалымдар үйінің мәжіліс залында Сәтбаев қорының құрылтай жиынын ашты. Академик Шапық Шөкин мінберге көтеріліп, күллі ғалымдар атынан Кәкімбек Салықұлын қордың президентіне ұсынды. Жиылған жұрт қолдады.

Осылайша қам-қарекетке толы күндердің бірінде қазақ ғалымының мерейтойын ЮНЕСКО басшылығының назарына жеткізу туралы ізгі ой Кәкеңе сап ете қалсын. Бұл идеяны ҰҒА басшылары бірден қолдады. Үкімет адамдары да бейтарап қалған жоқ.

Сол ой Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құлағына шалынғанда, әділін айту керек, Қазақстан ғылымын дүниежүзілік деңгейге көтеріп, өрісін әйгілеу мүмкіндігін ол кісі бірден ұғып, барынша ықылас танытқанын айтуға тиістімін. 1997 жылдың қараша айында шақырылған ЮНЕСКО-ның Бас конференциясына Қазақстан Үкіметі атынан сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары И.Тасмағамбетов қатысқан еді.

Қазақ халқының ұлы перзенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толу мерекесін халықаралық ұжым 1999 жылы кең түрде атайтын күнтізбегіне енгізіп, мерейтойын ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткізу жөнінде қарар қабылдады. Мұндай айран-асыр қуанышты біздің халық тегінде: «Ақ түйенің қарны ақтарылды!», деп бірінен-бірі сүйіншілеп жар сала хабарлаған. ЮНЕСКО конференциясының шешімі жария болған соң-ақ мерекеге әзірлік басталды.

Ал қор сол жылдары Қанекең туралы үлкенді-кішілі 30 шақты кітап шығарды. Бұл болса Кәкімбек Салықұлының қажырлы қайратымен жүзеге асқан игі іс.

1998 жылдың қараша айында Елбасы Павлодарға іссапармен барғанда комиссия мүшелерін сонда шақырып, Сәтбаев тойының әзірлігіне байланысты қордаланған мәселелерді талқылауға арналған жиын өткізді. «Өздеріңізге мәлім, дарындыларды күншілдер қудалап, кемеңгерлерімізге күн көрсетпеген кертартпа қоғамда өмір сүрдік. Қ.И.Сәтбаевтың басынан кешкен түрлі сүргіндер, жазалаулар, ең аяғы ұлы еңбегінің лайықты бағасын алмау себебі де осында. Сондықтан да біз келешек ұрпаққа ұлағат ету үшін оның ғылыми еңбектерін, асыл сөздерін, ғұмыр жолын кеңірек насихаттауымыз қажет, жас жеткіншектер біздің халықтан осындай алып тұлға туғандығын білуге тиіс. Менің кәміл сенген ойымша, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – кешегі Кеңес Одағының ұлы адамдарының бірі ғана емес, жылнамаға көшпек ғасырдың ұлы тұлғасы. Данышпан перзентіміз Одақ көлеміндегі ең озық геология мектебін берік қалап кетті. Қазақ қауымынан мұндай биік деңгейге көтерілген одан асқан тұлғаны мен білмеймін!» деді Президент.

Елбасының сол жиында қадала айтқан және пікірі: «Сәтбаевты ұлықтау арқылы біз ЮНЕСКО деңгейінде қазақ халқының осындай кемеңгер перзент туғанын көрсетеміз, оның өмір жолын қайыра жариялап, еңбектерін кең түрде насихаттау да қазақ халқының рухани ділін, республикамыздың ғылыми, біліми деңгейін танытамыз, қазақ даласының әлемге әйгілі ұлы перзенттер туғызғанын әйгілейміз»,- деген болатын.

Той мәресі Жезқазғанда басталды. Ол – болса геолог Сәтбаевты әлемге танытқан қазыналы өлке – Ұлытау өңірі еді. Қаныштай ұлыға орнатылған қола ескерткішті салтанатты ашу сәтінде Кәкімбек ақын тебірене сөйлеп, құттықтау сөзін «Жезқазғаның бас иіп тұр алдыңда» деп өлеңін оқыды. Сол күні дүниеге келген өлеңнің соңғы екі шумағы мынау:

«…Албырт күнде жеке дара алысқан,
Жолы ашылды мыс молайтқан табыстан
Сол еді ғой жеті қабат жердегі
Шексіз қазына кілтін тапқан данышпан.
Қаныш аға, қайта туып қалдың ба?!
Әлем құрған салтанатқа қандың ба?!
Тәжім етіп, алғыс айтып ардақтап,
Жезқазғаның бас иіп тұр алдыңда!..»

…Алматыдағы зор салтанаттан кейін Үкімет Парижге жасақтаған ғалымдар делегациясының төрт мүшесі Алматы әуежайынан шығып Парижге келдік. Қазақстандық делегацияны ЮНЕСКО-ның Бас директорының орынбасары, ғылым докторы М.Иаккарино мырза қабылдады.

Одан әрі мәдени бағдарлама басталады. «Әлемдік астана» атанған Парижге келіп, оның тарихи орындарын, мәдени мұрағаттары мен атақты мұражайларын көрмей кетуге бола ма? Көрдік, бардық, мейлінше араладық.

Кәкімбек ақын қалт еткен сәт туса-ақ отыра қалып, өлең жазады. Кеште де, ертеңгілікте де сол әдетінен айнымайды. Жазғанын күн сайын маған оқиды. Парижге келген күннің ертеңінде біздің елшілік делегация мүшелеріне дастарқан жайып, қабылдау жасады. Сол кеште Кәкең оқыған өлеңнің шағын үзігін келтіремін:

«Сәлем Париж! – әлемдік биік төрім,

Салтанатқа дәл осы үмітті едім.

ЮНЕСКО «Сәтбаев тойын» жасап,
Ардақтады қазақтың білікті ерін.
Қазақстан құлашы кең екенін,
Барлық елмен терезем тең екенін,
Бір көрсетті дүбірлі Қаныш тойы,
Көгілдір ту сәні боп мерекенің.
…Бар ғаламға танытқан Қаныш елін,
Қасымда жүр Талғатым – ғарышкерім.
Қаны қызу қаламгер Медеу де бар,
Сәтбаевтың көркейткен намыс төрін.
…Алып келсек алысқа мұраны асыл,
Түсінгеннің тілегін құп аласың.
Қаныш аға тебіренген есіміне,
Бір теңселттік Эйфельдің мұнарасын».

Сәтбаев мерекесінің Париждегі күндерінің басты жиыны 16 сәуірде өтті. Ертеңгілік сағат онда ЮНЕСКО-ның 7-ші қабатындағы кең залында «Қазақстан ғылымы кеше және келешекте» деген тақырып бойынша ғылыми конференция жұмысын бастады. Біздің делегация құрамынан 9 адам мінберге шығып, ЮНЕСКО-ның өз ғалымдарынан да 6 ғылым докторы сөз алып, Қазақстан мен күллі адамзат ғылымының сан-салалы өрісі мен байланысы жайында келелі ой толғады. Ұлттық Ғылым академиясының қазіргі құрылымы, тарихы мен ғылыми басты жетістіктерін делегация бас­шысы, академик А.Қошанов сөз етті. Ортамыздағы жалғыз әйел, ғалым-биолог Клара Төлемісова өзі көп жылдан бері шұғылданатын ілімнің түйінді жайттары туралы хабарын залдағы жұрт зор ықыласпен тыңдады; академик Қ.И.Сәтбаев өмір бойы беріле шұғылданған геология ілімінің басты жетістіктері жайында, әсіресе оның металлогениялық тұжырымдамалары хақында академик А.Абдулин хабарлама жасады.

Кәкімбек Салықұлы өзін суда жүзген балықтай сезінетін Арал апатының өзекті проблемасын көлденең тартты. Қазақстанның сан-салалы өндірісінде қолданылатын жаңа технологиялар жайында сол саласының білгірі, ғылым докторы В.Дробжев сөз ұстады. Ядролық физиканың елдегі түбегейлі зерттеулері туралы институт директоры, академик Ж.Тәкібаевтың шәкірті Қ.Қадыржанов ініміз өз сөзін: «Біздің институттың негізін қалаушы академик Қ.И.Сәтбаев» – деп бастап, неше түрлі слайдтарды экраннан көрсетіп тұрып, әлемдік күрделі зерттеуге қазақстандық физиктер қосқан жаңалықтарды саралап берді. Мен де қазақстандық ғалымдардың соңын ала мінбеге көтеріліп, Қаныш елінің тарихын әрбірі дәуірлік мәнге тең жеті ұлы ісін саралап, 11-12 минут шамасында даралап атап, сол еңбектерді шетел тілдеріне аудару мәселесін көтердім…

Менің топшылауымша, біздің топтан мінберге шыққан шешендердің бәрінен де тыңдаушылар назарын көбірек ұстаған ғарышкер Талғат Мұсабаев ініміз болды…

…2013 жылғы 27 қарашаның кіші бесіні. Демалып жатқан бөлмеде тұрған телефон безектеп мені төсектен тұрғызды. Сөйтсем, асыл Кәкең Алматыға барған сапарында күйеу баласы Мараттың үйінде отырып, ауырмай-сырқамай кенеттен опат болыпты. Тілім байланып, көз жасыма ерік бердім. Содан бір сәтте есімді жиып, Астанаға ұшатын ертеңгілік ұшаққа билет қаузадым. Кешке таман тосын ой туып, компьютерге отырдым да Кәкеңе арнаған қоштасу сөзімді жаздым:

Жезқазғанның жер астында, 1958 жылдың қара күзінде Кәкеңмен танысқанымды айтып, одан әрі: «Ұлытауда басталған достығымыз Қарағанды мен Мәскеуде, Алматы, Астана, Париж, Павлодар мен Семейде жалғасып, небір қилы кезең­­дерін бірге өткіздік. Өзіміз ғана емес, үй-ішіміз болып араластық. Мерейтойлар ғана емес, өмірдің елеулі кезеңдерін, қиын асу-белдерді бірге өткіздік. Кәкеңнің ақылы, абырой-беделі мен өмірлік тәжірибесі менен көш бойы озық. Оған енді кіршіксіз ақ пейілін, адами тазалығын, ақындық ұшқыр дарынын қосыңыз. Қысқасы, Кәкең ма­ған ақылшы аға ғана емес, жанашыр дос болды. Қайран Кәке, не деймін, қара­лы хабарыңды естіп, жан-жүйем егілгені сонша, қапелімде не дерімді білмей қапада отырмын. Үмітім Ерлан мен Майрада. Ардақты доспен өткізген әрбір кездесу, ыстық қауышулар, бірге жасаған ұлан-ғайыр істер, әсіресе Қаныш ұлыны ұлықтау жолындағы ұлан-асыр еңбегі – халық жадында. Көңілді жұбатар жұбаныш Кәкеңнің рухани мұрасы – кітаптары», деп жаздым.

Кәкең өмірден озғанда Астанадағы үйіне егіле жеттім. Мәриям жеңгейдің қасында отырып, «Мәке, сабыр етіңіз. Кәкең ешкімге масыл болмай, ауырдым деп қу жанын қинамай, баласының үйінде шай ішіп отырып, қисая кеткені – ақ өлім! Бұл да асыл текті адамдарға ғана бұйыратын қаза!..» – дегенімде, Мәкең де маған қарап: «Апыр-ай, Медеу, кешеден бері бұл не жаза, қапылыста қасында болмадым деп қайғырып отырғанымда, мына сөзің көңілімді дауалады. Шынында да Кәкімбектің өмірден озуы – ақ өлім. Бұл да, сірә, жақсыларға тән қаза…» – деп ризалық білдірді.

Осыған орай, өз басымнан кешкен жайт есіме түсті. 53 жыл ерлі-зайыпты болып өмірді бірге өткізген қосағым Клара Дүйсебайқызы небәрі төрт-ақ күн ауырып, жүрек талмасынан 2012 жылы қаза болғанда, Қазақстанның 8-9 қаласынан топырақ салуға келген қарамы мол дос-жаранның алды болып ұшақпен жеткен Кәкең марқұм еді. Топырақ сала аттанып кетпей, бір апта бойы қасымда тапжылмай отырған да қамкөңіл Кәкең еді. Қаралы митингіде Кәкең де сөйлеп, Клараға арнаған қоштасу өлеңін оқыды. Он шақты шумақ қайғылы жырдың бастапқы үш шумағын ғана келтіремін, осыдан-ақ ардақты Кәкеңнің менің отбасыма, маған деген ақ ниеті айқын көрінсе керек:

«Беу, Медеу, асыл досым-ай! Жан жарың өтті өмірден.
Зор қайғы жұттық осылай, Клараң кетпей көңілден.
Мейірман сұлу жан еді. Жүзінен төккен нұр-жылу,
Болды ғой Саған жан емі, Жарты ғасыр бір жүру.
Әнші еді-ау, мөлдір гүл-көңіл, Әуенін ел-жұрт құмартқан.
Кете де қоймас тым жеңіл, Сандуғаш үні құлақтан…».

Айтып-айтпай не керек, бүгінгі заманда сексен жастың төріне шығу аз ғұмыр емес. Кәкең болса естияр жасқа ілінгеннен-ақ, бозбала кезінен білім соңына түсіп, еңбек жолында да өз қатарының алдына шығып, күллі өмірін туған елінің дегдар ісіне кіршіксіз адал және қарымды еңбегімен өрнектеген айтулы азамат. Сол жайтты қазасына жиналған мың қаралы топтың алдында небір сөз саңлақтары, ел жайсаңдары айтты. Қазақстанның он шақты қаласынан келген ескілі-жаңалы достары, әкімдер мен министрлер, ел ардагерлері, ақындар мен ғалымдар жарыса айтып, зор құрметпен айшықтады. Қанында қазақ ділі мол әрбір азамат Кәкеңше еңбек етіп, Кәкеңше өмір сүріп, ел тарихында қалса игі деген үкілі үмітпен естелік-эссемді аяқтаймын…





Сәрсеке М. Жарты ғасырға созылған достық: [Ақын, мемлекет және қоғам қайраткері К.Салықов туралы] // http://egemen.kz/2014/?p=41424