Жазушы Медеу Сәрсеке бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданының Қайнар кеңшарында 1936 жылдың 2 қаңтарында дүниеге келген. 1953 жылы Қайнар орта мектебін алтын медальмен бітіріп, қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетке бәсеке сынақсыз қабылданған. Техника ілімінің күрделі кілтипатын қиналмай игеріп, өз қатарының алдыңғы легінде оқыған.
Инженер дипломын алып, арман еткен мамандығын жете меңгеру үшін ауыр өндірістің бірі- Семей цемент зауытында бес жыл бойы құрылыстың ділгір шикізатын күйдірумен шұғылданған. Бұл қызметте де өз қатарының соңғысы болмаған, техника бөлімінің аға инженері, білікті маман атанды. Өндіріс қазанында пісіп-қатып, өмір мектебінен өткен.
Студенттік шағынан республикалық баспасөзде жиі көрінуі шәкірт үшін текке өтпеді. 1959 жылы тұңғыш әңгімелер жинағы- «Ғажайып сәуле» жеке кітап болып жарық көрді. Инженер дипломына ие болған жас маман «Лениншіл жас» редакциясының шақыруынан бас тартпай, сол күнде аса беделді жастар газетінде еңбек жолын жалғастырады. Әлеумет мәселелерін жастарға тән қызу әуенмен көтере білетін, қауым арасында жүз мыңдап таралатын газеттің редакциясында Медеу Сапаұлы қаламгерлік өнердің әліппесін игеріп, қаламы жүйрік, олқылықты көргіш, әрнеге бейжай қарай алмайтын сезімтал журналист ретінде танылды.
Медеу Сәрсеке - қазақ әдебиетінде фантастика жанрының бастауында тұрған қалам иесі. Ғылыми- фантастика ғаламатындағы қалам қарымын танытатын тұңғыш туындысы «Ғажайып сәуле» хикаятында ол ғылым мен техниканың бүгінгі көкжиегі мен келешек мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп, қиялмен қиюластырады. Өз шығармасына ол уран тұзымен боялған құмыра, алуан субұрқақ, фотохат, аэротакси, уран іздейтін жарақ, өзге де техникалық кереметтер енгізіп, оқырман көкейінде сол құдіретті білсем, игерсем, танысам деген түйсікті қанаттандырады.
Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастика жанрының алғашқы қарлығаштары атанған «Көрінбестің көлеңкесі», «От және атом», «Жетінші толқын» атты таңғажайып хикаяттарын ол Семей цемент зауытында жұмыс істеген жылдарында жазған. Мерзімді баспасөз беттерінде өндіріс адамдары туралы очерктер жариялаудан да шет қалмаған. Сол жылдардың көрнекті бір жемісі- «Жазушы» баспасының арнайы тапсырмасымен жазылған очерктер жинағы «Жетіжылдықтың жігіттері». Нәтижесінде 1962 жылы инженер жігіт КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады, бұл болса ауыр өндіріс ортасында жүрген жас қаламгердің өр талабына қанат бітіріп, шабытын шыңдай түскен.
М.Сәрсеке өзі сүйіп оқитын А.Беляевтің «Человек-амфибия» романын «Қос мекенді адам» деген әсерлі де бейнелі атаумен қазақша аударған. Өзі де тың идеялар тауып, осы жанрға тұсаукесер болар шығармалар жазуға талаптанды. Соның бірі- 1960 жылы жарық көрген «Көрінбестің көлеңкесі» атты ғылыми-фантастикалық хикаяты. Ғылыми-фантастикалық шығармалардың әйгілі майталманы Жюль Верн өз туындыларын «ғылым жайындағы романдар» деп атаған. Шындығында, осы жанрдың төл шығармаларының анасы- қиял да, атасы-ғылым. Жаңа хикаятында Медеу Сәрсеке Кенбі тауында жанартау атқылауын негіз етеді.
Адамзат қиялының ғажайып шексіздігін танытатын Медеу Сәрсеке шығармашылығының бірегейі, шоқтығы биігі, қазақ фантастикасының үздігі де «шытырман оқиғалы ғылыми- қияли хикаят» деген анықтамамен жарық көрген «Жетінші толқын» туындысы. Кезінде бұл хикаят орыс тіліне аударылып, жүз мың таралыммен Кеңес Одағының шартарабына таратылады. Ана тілінде де 1965-2004 жылдар аралығында үш дүркін мыңдаған таралыммен қайыра басылып, былайша айтқанда, жеткіншек оқырманның төрт-бес ұрпағына рухани азық болған шығарма.
Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастикалық жанрдың көш басында болып, оның өрістеуіне үлес қосқан қаламгердің «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» қияли хикаяттары, техника кереметін қарапайымдап түсіндірген «От және атом» атты кітабы да ұлтымыздың оқырманы қолынан түсірмей, сүйіп оқитын шығармаларына айналды.
Медеу Сәрсекенің өндіріс тақырыбындағы романдары жазушылық шеберліктің және бір баспалдағына көтерілгендігін, әдеби өскендігін айғақтайды. Оның қаламы толғаған «Жарылыс» («Взрыв») және «Көмбе» («Клад») романдарын оқырман қауым кезінде өте жоғары бағалаған.
«Жарылыс» романы – кеңестік дәуірдегі өндірістің тыныс-тіршілігін білгірлікпен суреттеген кең ауқымды шығарма. Жазушының «Жарылысқа» ілесе жазған екінші романы- «Көмбе». «Жарылыс» пен «Көмбе» романдары бірін-бірі толықтыра түсетін кең тынысты туындылар. Медеу Сәрсеке кейіпкерлерінің өсу жолы- қазақ даласындағы өнеркәсіптің өсу жолы. Жазушы соларды іздеп тауып, жеріне жеткізе ұлықтап, отандық индустрияның шаңырағын көтеруші, басты қайраткері етіп даралап, солармен бірге тізе қоса еңбек еткен жұмысшы, инженер, ғалымдардың да жиынтық бейнелерін тұлғалап, ортақ ізденістері туыстырған өнегелі өмірлерін көркем әдебиеттің зерттеу объектісіне айналдыра білді.
Сексенінші жылдары бұл екі кітап Мәскеудің әдеби журналдары мен баспаларында жарық көріп, Одақтық әдеби қауымның ілтипатына ие болды. Осы роман оқиғасы бойынша қойылған «Жарылыс» пьесасы Алматыдағы М.Ю.Лермонтов атындағы академиялық орыс театры мен Семейдегі қазақ театрында сәтті қойылып, көрермен ықыласына бөленді.
Қаламгердің проза саласында қол жеткізген табыстары драматургия жанрында да жалғасын тапты. Оның ұшқыр қаламынан 1968 жылдан беріде 7 драма туған. Солардың төртеуі Семейдің, Арқалықтың, Жетісай, Талдықорған мен Алматы театрларында көп жылдар бойы табыспен жүрді.
Оның «Шығыс хикаясы» драмасы осындай талаптан, яки әлеуметтік сұраныстан туған. «Заңды неке» күлдіргі комедиясында небәрі төрт-ақ кейіпкер бар. Жұрт назарына ұсынған қарапайым – отбасының бірлігі, ерлі-зайыпты, некелі жандардың етене тірлігі. Семей көрермені бұл қойылымды қызыға көрді. Театр басқа облыстарға гастрольге барғанда, осы туындыға сұраныс ерекше жиі болған. Медеу Сәрсекенің «Заңды неке» атты комедиялық пьесасы театр сахнасында тұсауын алғаш рет 1988 жылы кесіп, көрермендер көзайымына айналды.
Драматургияның қатпарлы сырларын жан-жақты меңгерген жазушы көрермендеріне «Тендерге түскен келіншек» пьесасын ұсынды. «Алаш айнасы» газетіне (2011, 28 маусым) берген сұхбатында ол драмаға түрткі болған жайтты айқара ашып: «Тегінде мен пьеса жазуды кәсіп еткен қаламгер емеспін. Әлдебір оқиға ішіме сыймай, ұйқым бұзылған кезде ғана соны драмаға айналдырамын. Бірде өзім тұратын үйдің ауласында демалып отырғанымда қоқыс жәшігінен шөлмек жинап жүрген мосқал жастағы ер адамды қасыма шақырып, әңгімеге тарттым. Ол маған осы тірлікке қалайша душар болғанын егіле сөз етті. Қысқасы, сол күнгі әңгіме қалам тербеуге дәнекер болды...» - деген.
Драматургия жанры, тегінде, қаламгер қауымы үшін – өзгеше мектеп, оқиғаны ширақ желіге құрып, сөз көпірін шақтап қолдануға үйретеді. Медеу Сәрсекенің, өзінің мойындауынша, пьеса жазумен шұғылдануы сондықтан.
Қаламгерді күллі Одаққа танытқан басты шығармасы – «Сәтбаев». Жас қаламгердің Қ. И. Сәтбаев» ғұмырнамасымен шұғылдануы да себепсіз емес, әдебиетке әуесқой инженерді академик Ә. Х. Марғұлан 1963 жылы Алматыға шақырып, осы тақырыппен түбегейлі айналысуына ой салған. 1980 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «Жайсаң адамдардың өмірі» сериясында («ЖЗЛ» атанған) тұңғыш шыққан айтулы ғұмырнамасының халықаралық жәрмеңкеде 5 мың данасы таратылыпты. Қазақтың Қанышын әлемге танымал еткен інісінің шығармашылығына тәнті болған Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың сөзімен айтсақ: «Алыпты алып қана арқалай алады, Абайдай данышпанды Әуезов әлемге танытты. Сәтбаевтың ұлы тұлғасын М.Сәрсеке ұлықтады, ЮНЕСКО жариялаған дерекке қарағанда, оның «Сәтбаевы» әлемнің 112 еліне тарапты! Бұл – заңғар ғалымның есімін туған жұртында айтқызбай жүрген кешегі кереғар заманда Медеудің ерлігімен жүзеге асқан іс».
«Сәтбаев», одан соң «Қазақтың Қанышы», «Сәтбаев планетасы», «Қаныш елі» атанған, он төрт басылымнан тұратын ғұмырнама кітаптардың бәрінің де түп негізі бір – ұлы ғалымның өмір жолын ұлықтау.
Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов, Ермұхан Бекмаханов. Үш алып қазақтың маңдайына біткен нар тұлға.
2007 жылы М.Сәрсеке «Егемен Қазақстан» газетінде «Қаныштың ізбасар інісі» деп айшықтаған, өзінің институттағы сүйікті ұстазы, академик, химия ілімін ілгері дамытушы атанған біртуар тұлға, кәнігі әдебиетші, ақын, аудармашы Ебіней Арыстанұлы Бөкетов туралы көлемді ғұмырнама жариялады. «Қазақстан» және «Фолиант» баспаларының жарыса шығарған сериялық бір кітапқа қойған айдары да өзара үндес: бірі – «Ғибратты ғұмыр», екіншісі – «Нартұлға».
2015 жылы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға» сериясымен аты аңызға айналған тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың ғұмырнамалық деректі кітабы жарыққа шықты.
Медеу Сәрсеке туған халқына адал қызмет еткен үш бірдей алаш азаматын өлмейтін кітапқан кейіпкер қылуға күллі саналы өмір жолын арнады.
2016 жылы жазушы өзінің 80 жасқа толуы қарсаңында «Фолиант» баспасынан «Семей қасіреті» деп атаған, көлемі 852 бет, сыпыра шерге толы кітабын жариялады. 1949-91 жылдары жасалған ядролық жарылыстардың дүмпуін білетін (жазушы алғы сөзінде «37 жыл және екі ай радиация күлін жұтқан пендемін» депті), қаламгер өз көзімен көрген сұмдықтың, өз қолымен көмген ағайын-туыстың ауыр тақсыретін бастан-аяқ бүкпесіз баяндайды.
Сәрсеке Медеу Сапаұлы –«Құрмет» орденінің иегері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған, Абыралы ауданы және Семей қаласының құрметті азаматы.
Шығармашылық ғұмырын Семей атырабында өткізумен келе жатқан қаламгер өлкетану ісіне айтарлықтай үлес қосып келеді.
Әдебиеттер:
Сәрсеке М. Семей қасіреті: деректі тарихи хикаят. - Астана: Фолиант, 2016. - 856 б.
Сәрсеке М. Ермұхан Бекмаханов. - Астана: Фолиант, 2010. - 672 б.
Сәрсеке М. Шығармалары. Т.1. Нашар пьеса 500 рет қойылмайды. 7 драма, солар төңірегіндегі қитұрқы оқиғалар. - Астана: Фолиант, 2013. - 512 б.
Сәрсеке М. Қазақтың Қанышы: роман эссе.- Алматы: Атамұра, 1999.- 592 б.
Сәрсеке М. Ноқталанған тарихшы: Ермұхан Бекмахановтың шерлі ғұмыры туралы деректі роман-эссе.- Алматы: Қазақ университеті, 2015.- 571 б.
Сәрсеке М. "Тендерге түскен әйел" - Талдықорған театрында // Семей таңы . - 2014. - 10 маусым. – 2 б.
Сейсенұлы Д. Томскіліктер алғысы // Семей таңы. - 2013. - 11 маусым. – 2 б.
Сәрсеке М. "Семей таңы» газетінің атын жаңғыртушы // Семей таңы. - 2013.- 19 ақпан. -Б. 4
Сәрсеке М. Қырық жыл өмірімді Сәтбаевқа арнағаныма титтей де өкінбеймін// Дидар.-2010.-27 наурыз.-5 б.
Сәрсеке М. Тамыры тереңге жеткен: ғұлама ғалым, әйгілі әдебиетші, ақын, аудармашы, сыншы Ебіней Бекетов туралы // Семей таңы.-2005.-18 наурыз.
***
Еспенбетов А. Қиял қанатынан деректер әлеміне // Семей таңы.-2016.-26 қаңтар.-3 б.
Қасымжанұлы С. Медеу Сәрсеке - тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі // Қазақ әдебиеті. - 2013. - 26 шілде.- Б. 2
Мағжан А. Қанышты әлемге танытқан қаламгер // Ертіс өңірі.- 2016.- 3 ақпан.- 7 б.
Сімәділ Қ. Сексеннің сеңгірінен тартқан сыр // Қазақ әдебиеті.-2016.-22-28 қаңтар.-1, 6 б.
Сімәділ Қ. «Шығармалар жинағы» сегіз кітап // Қазақ әдебиеті.- 2015.- 6 қараша.- 10 б.