"ЖЗЛ" сериясы. 9-шы кітап

“Егемен Қазақстанның” 2007 жылғы 28 қарашадағы нөмірінде жария­ланған белгілі жазушы Медеу Сәрсекемен сұхбатымызды біз осындай атаумен даралап, оның “Бөкетов” атты ғұмырнамасы әлемге әйгілі серияның 1292-ші басылымы, яғни қазақ тұлғаларынан сол серияға енген 7-ші кітап екенін ескерткенбіз. Содан бергі төрт жылда жоғарыдағы сериямен ұлттық алып тұлғамыз «Абай» (оның авторы – МГУ-дің профессоры Николай Анастасьев) жарық көрді. Енді міне, Медеу ағамыздың “Бекмаханов” кітабы осы «ЖЗЛ» арқылы 5 мың дана таралыммен оқырманға жетті.

Ғұмырнаманың мәтіні 600 бетке таяу, 16 параққа кейіпкердің өскен ортасын, отбасын бейнелейтін және жалпы өмір жолын айшықтайтын суреттер берілген. Мұқабасынан қазақ тарихшысының қайсар тұрпатын танисыз, оның астында Ерекең – Ермұхан ағамыздың туған жері Жасыбай көлі, үшінші суретте − Кенесары ханның тұлпар үстіндегі алып мүсіні тұр. Осыны көргеннен-ақ “Молодая гвардия” сый еткен бұл басылымға бей жай қарай алмайсыз. Шынтуайтын айтқанда, кітап та ел мерейін биікке көтеріп, асқақ сезімге бөлейтін игі іс екені − даусыз ақиқат. Сондықтан біз осыдан үш жыл бұрынғыдай авторды тағы да әңгімеге тартып, дәстүрлі сұхбатымызды жалғастырдық…

− Медеу аға! Мәскеудің «ЖЗЛ» серия­сынан жарық көрген 9 қазақ тұлғасының 3-еуін сіз шығардыңыз. Осы арада көзге көрініп тұрған бір шындықты мойындау ләзім: «Молодая гвардия» баспасы сіз ұсынған дүниені бөгетсіз қабылдап келді. Сірә, «Бекмахановқа» да сондай ықылас болды-ау деймін…

− «ЖЗЛ»-дан тұңғыш шығарған еңбегім – «Сәтбаев» кітабы ғой. Оның алғашқы нұс­қасын мен Мәскеу баспасына 1977 жылы өткізгенім есімде. Содан бері 33 жыл өтіпті. Бұл енді ересек адамның жарты ғұмыры емес пе? Осыған орай бір мысал айтайын, содан бері олар менімен арадағы байланы­сын үзген емес. Бұдан баспаның өз автор­ла­рына деген ізетін аңғаруға болады: «Қазақстанның Ресейдегі жылы» атанған 2003 жыл­дың жазында мен республика делега­ция­сы­мен бірге Мәскеуге барып, «Молодая гвар­дияның» бас директоры В. Ф. Юркиннің қабылдауында болдым. Сол жылы бізден «ЖЗЛ» сериясы бойынша үш кітап шық­пақшы еді. Қабылдаудағы кездесуде: «Валентин Федорович, сіздің баспаға мен ширек ғасырдан кейін бір «Сәтбаевпен» екінші мәрте келіп отырмын, яғни байырғы автор­мын. Осы жәйтті ескеріп, қолжазбаны оқи­тын редактор тағайындауыңызды өтінемін…» − дедім… Арада екі-үш апта өткен соң баспаның бас редакторы А. В. Петров: «Медеу аға, сіз кабинеттен шығып кеткен соң директордың маған не дегенін білесіз бе?» − деді. Мен басымды шайқадым. «Андрей, қазақстандық авторымыздың өтінішіне мән бере қара! Бір кітап үшін ширек ғасырдан соң қайыра оралу − тек қана фанатиктерге тән қылық! Мұндай авторларды сыйлау аз, құрметтеу керек! Ол кісі қандай тілек айтса, маған келтірмей өзің шеш!…» − депті… Бұл енді көңілді көркейтетін лебіз әрі ұсынған дүниеңе жауапкершілікпен қарауды міндеттейді. «Молодая гвардия» баспасына қолжаз­ба ұсынарда мен осы жәйтті үнемі қаперімде ұстаймын. Жол шығынына қарамай, Мәс­кеуге барып, редактордың қысқартуларын мұқият тексеріп қайтамын.

− Мына кітабыңызды өндіріске тап­сырарда да сөйттіңіз бе?

− Қазанның 2-ші жұлдызынан 25-іне дейін Мәскеуде болдым. Өйткені орысша нұс­қаның ауыр тұстары бар-ды, соларды редактормен ақылдаса отырып күзедім, түзету жа­са­дым. Мәскеу баспаларындағы мамандар те­гінде шалағай дүниені ешуақытта өткізбейді…

− Осы арада түйткілді бір сұрақ туады: сіз инженерсіз, өндіріс түтінін жұтқан мамансыз. Сәтбаев, Бөкетов тақырыбын еншілеуіңіздің түп себебі содан екені белгілі. Ал, Ерекең – Ермұхан Бекмаханов… Ол кісі өз заманының ауқымына сыймаған алапат ақыл-ой иесі, атақты зерттеуші ғой. Сонда бұл тұлға туралы тақырыпқа, яғни тарих пен тарихшылар әлеміне қалай, не себепті бет бұрып жүрсіз?

− Кездейсоқ кірістім десем − қисынсыз уәж болмақ. Түсіндіріп көрейін. Қаныш ағаның 100 жылдық тойы алдында бұрынғы жазғандарымды қайыра сүзіп, цензура өт­кізбеген оқиғаларды қосып, «ЖЗЛ» серия­сынан 1980 жылы шыққан, сегіз жылдан кейін «Жалын» баспасында жарияланған қазақшасы бар, соны қайталаған ғұмыр­на­ма кітабымды толықтыруға отырдым. Бұл 90-шы жылдардың басы. Сонда әсіресе 1951-1953 жылдарғы саяси қуғынның бүге-шігесін толығырақ ашуды ойлап, осы нау­қан кезінде Қазақстан КП(б) Орталық ко­ми­тетінің насихат және үгіт бөлімінде жа­уапты қызмет атқарған партия ардагерлерімен (Б. Исабеков, И. Жарылғапов және басқалары) сұхбат жасап, мұрағат көздерін де қайыра сүздім. Ерекеңнің үйіне барып, зайыбы Халима Адамбекқызымен де, ол кісіні бұрыннан білетінмін, бірнеше мәрте әңгімелестім. Өйт­кені, Ермұхан Бекма­хан­ұлы − сол дүрмектің басты «күнәкәры»…

1999 жылдың мамыр айында «Қазақтың Қанышын» жарыққа шығарған «Атамұра» корпорациясы Ғалымдар үйінде тұсаукесер өткізді. Соған Халима апай да қатысты. Ер­теңінде ол кісі үйіне дәмге шақырып, сый­лаған кітабымды нұсқап: «Медеужан, Қаныш ағайдың ғұмыр тарихын жеріне жеткіздің. Енді Ерекеңді қолға алмайсың ба?..» − деген тілек айтты. Халима Адамбекқызы пара­сат­ты, мінезге бай адам, кімге болсын не­ғылсаң да сөйт деп бұйырып сөйлемейді. Жиі мазалап, ерінің үйдегі мұрағатынан көптеген дерек алып, қарыз болып қалдым ғой. «Жоқ», – дей алмадым. «Ойланайын, апай. Ерекең ғұ­мыры − ауыр тақырып әрі мен тарихшы емеспін», − дедім. Сөйтсем, ол кісі бірер қоржынға жүк бо­ларлық мол дүниені әзірлеп қойыпты. «Ере­кеңнің баспа бетін көрген еңбектері, мектепте қолданылған оқу­лықтары, замандас­та­рының ес­теліктері, түрме­де отырған жылдары екеу­міздің өзара жа­зысқан хаттарымыз. Бұ­ларды отағасы өмірден озғаннан бергі 33 жыл бойы жинап, қастерлеп сақтап отырмын…» − демесі бар ма?! Хаттар жатқан буманы алып, әр жерін шола оқып едім, үй иесі: «Бар­лы­ғының ксерокөшірмесін жасаттым. Алып кетіп, асық­пай оқы», − деп биязы жымиды.

− Тарихшы адамның мұрағатқа мұқият болатыны белгілі жәйт. Десек те Ерекең – Ермұхан аға айдауда жүріп үйінен келген хаттарды, басқа да құжаттарды қалай сақтаған және алып қайтқан? Олардың ұзын саны қанша екен?

− 1952 жылдың желтоқсанында 25 жылға сотталған күннен (Ерекең сол кезде 37 жаста, ал қосағы 30-ға да ілікпеген) 1954 жылдың ақпанына дейінгі аралықта ерлі-зайыптылар бір-біріне 58 хат жазыпты. Ғылыми жұмысына байланысты алыстан жолданған хаттар да бар. Өкінішті іс: қуғын басталған кезде Мәскеу, Ленинград және Ригадан жолданған хаттарды ғалым өзі тауға апарып, өртеп жіберіпті. Сірә, ниеттес әріптестеріне зиян келтірмеуді ойла­ған-ау… Ал, ерлі-зайыптылардың хаттарын оқу мені қайран қалдырды. Әлбетте, олар 50-60 жылдан кейін бұл жүрекжарды лебізге толы хаттардың кітапқа кіріп, жұртшылыққа жария боларын болжамаған. Тас қамауда отырған мұңлық жанның ішін жеген шерді тарқату мақсатымен, одан да гөрі жай-күйін, аман­ды­ғын үй-ішіне білдіру үшін жазылса (сотталған кезде шерменде тарихшының артында шиеттей бес бала қалған: үлкені Нәйла − 13-те, кішісі Сермұхан − 2 жаста), сүйікті ерін сағат сайын аңсаған жас жарының өзегін өртеген сағы­нышын ақ қағазға төккен жан сыры, қапелімде темір торға түскен ерін хатпен жұбатып, өмірге деген құштарлығынан қайткен күнде сөн­дірмеуді көздеген жолдауларды бей-жай оқу мүмкін емес. Сол хаттардан мен 50-ші жыл­дардың сұсты белгісін, адам тағдырын ойын­шық доп еткен қаралаушы жүйенің қитұрқы амалдарын, соларға қолшоқпар болған әсіре белсенділердің жантүршігерлік әрекеттерін, өзі шұғылданған салада көшбасшы болған да­рынды тарихшының қылкөпір үстіндегі мүш­кіл халін де айқын сезіндім…

− Қысқасы, осыдан кейін-ақ Ерекең ту­ралы деректі шығарма жазуға бел бай­ладым дейсіз ғой?

− Қолыма түскен таңғажайып мұрадан бастарта алмадым. Бірақ, бір жәйтті ескерте кеткім келеді. Қаныш аға туралы роман-эссемде мен 50-ші жылдардың шерлі оқиғаларына те­реңдеп кірмей, республика Ғылым академиясы президентінің жеке басына тағылған сорақы кінәларды ғана сөз етіп, саяси қуғындаудың түп себептерін ашпай, науқанды қозды­ру­шы­ларды да сипай қамшылап өте шыққан едім. Ермұхан тарихшының үйіндегі мұрағаттар, қолжазба қалпында сақталған кейбір естеліктер мен деректер маған әлі күнге дейін бүр­кеулі жатқан қылмыстың бүге-шігесін айқы­нырақ ашуға кілт сияқты боп көрінді. Ал бұл қатаң цензура мен қатыбас редакторлардан ада болған заманда қаламды емін-еркін сілтейтін мүмкіндік деген сөз еді. Бәрінен де сол шір­кіндердің, саяси сүргінді ұйымдастырушылар мен солардың айла-шарғысын қолдаушы қа­ты­гез жүрек иелерін айтып отырмын, қауым тарапынан ешқандай сөгіс естімей, жаза тартпай, әрі шерменделерден кешірім сұрамай, өмірден сайрандап өткені жанға батады. Бізде қазір өмірден озғандарға тас лақтыру қажет емес. Десек те күнәкәрлік дейтін осы қараулық жолда болып, сол кезде осалдық көрсеткен, қылмыс жасаған пенделер бертінгі жазбаларда көрнекті тұлғалар санатына ене бастады. Ал, қасиетті Құранда тіршілікте жасаған қиянат ана дүниеге өтпейді, алдыңнан шығады делінген. Еуропаның ұлы ойшылы Шопенгауэр: «Өмірден озғанның қылмысын жасыру − кешірілмейтін күнә, яғни жаңа қылмыстарға даңғыл жол ашу», − деп ескертеді.

− Сонымен, тарихшы өмірін айшықтауға кірістіңіз?

− Осы ізденісте менің басты олжам − Мұ­хамеджан Әбдіқалықов ақсақалды жолық­ты­руым болды. Ол кісі 1938 жылы Халық ағарту наркомы, 1941-1947 жылдары Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің хатшысы болған ірі қайраткер әрі жас тарихшы Ермұхан Бекма­ха­новты қызметке тартып, ғылым жолына тү­суі­не мұрындық болған адам. «Қазақ КСР та­ри­хының» 1943 жылғы тұңғыш басылымына академик А. М. Панкратовамен бірге жауапты ре­дакторлыққа бекігені де жұртшылыққа мәлім. Мұхамеджан ағай тірі, жады да мықты қал­пында екенін білген соң-ақ сол кісімен кездесуге ынтығып, 2001 жылдың көктемінде Халима апайға келіп, ақсақалмен кездестіруді өтіндім. Бірер күннен соң Ерекеңнің зайыбы: «Медеу, ертең сағат 10-ның шамасында біздің үйге кел. Мұхамеджан ағаймен келістім», – деді. Қария сол кезде 94 жаста, бірақ жүріс-тұрысы ширақ екен. 60 жыл бұрынғы оқиғаны есіне алғанда мүдірмейді, сөз етіп отырған адамдардың есімін жаңылмай айтады әрі сөзі жинақы. «Мен сөйттім, бүйттім», − деген тәрізді мақтанға сірә да жоқ адам. Тоқ етерін айтқанда, 13 сәуір күнгі алғашқы сұхбатымыз кешкі сағат 7-ге дейін созылды. Дайындап келген сауалдарымның бірқаншасына нақты жауап алдым, әңгіме негізінен «Қазақ КСР тарихының» бірінші басы­лымының 4 жылдан кейін тәркіге түскен шерлі тағдыры, Ерекеңнің сол тарихқа қатысуы турасында өрбіді. Бір тәулік демалыстан кейін әңгімеміз қайта жалғасты. Екі күнге созылған оңаша сұхбатта мен Мұхамеджан ағайдан магнитофонға 8 таспа әңгіме жазып алдым. Оңаша қалған кезде дәптерге түсірген деректерім қаншама?! Соңғы күні Қонаев пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы пәтеріне апарып салып, республикалық кітапхананың сирек қорында ғана сақтаулы «Қазақ КСР тарихының» тұңғыш басылымын Мұхаңнан сұрап алып, Семейге апарып, қалыңдығы кір­піш­тей кітапқа ксерокөшірме жасатып алып, түпнұсқасын қарияның өзіне қайтардым.

− Бұл ақсақалды мен де жақсы білуші едім, аға. Таныстығымыз сіздікі сияқты шы­ғармашылық сипатта емес, 1986-1991 жыл­дары өзім еңбек еткен «Қазақстан коммунисі» журналындағы қызмет жағдай­ына байла­нысты болды. Өйткені, ол кісі Ор­талық комитет хатшысы міндетімен қатар 1945-1946 жылдары жоғарыдағы теориялық және саяси журнал бас ре­дакторы қызметін қоса атқарған адам-тын. Хатшылықтан босаған соң Партия та­рихы институтында аға ғы­лыми қызметкер бо­лып еңбек еткен. Марк­сизм-ленинизм клас­сиктерінің еңбек­те­рін қа­­зақшалаумен шұ­ғыл­данған. Сізден сұрай­ын деп отыр­ға­ным, сонда Мұ­хамед­жан қария хатшы­лық­тан кеткен соң да саяси ахуалды қадағалап отырған ба?

− Жеті жыл ұдайы Орталық комитеттің хатшысы болған қайраткердің ұлт зиялы­ла­рының ұйқысын бұзған жойқын қуғынға бей-жай қарауы мүмкін бе? Ермұханды тұңғыш «Қазақ КСР тарихын» жазуға да қатыстырған әрі сол кітаптың 33 авторының тізе қоса еңбек етуін Орталық комитет өкілдігімен үй­лестіруші міндетін екі жыл бойы атқаруына Мұхамеджан Әбдіқалықұлы мұрындық болған адам. Осы жұмыстың қалай жүргенін мен ақсақалдың өзінен естідім. Саяси ахуал күрт өзгеріп, Хрущев жариялаған жылымық кезінде де ол кісі кейбір замандастары құсап бой бағып, жым-жырт қалмаған. П. К. Пономаренко Қазақ­стан­да бірінші хатшы болған кезде М. Әбді­қалықовты шақырып, соңғы репрессия­ның себептерін қадала сұрапты. Мұхаң өз ойын ашық айтқан. Оның түсіндірмесі сол кездегі Орталық комитеттің идеология бөлі­мінде отырған қазақ азаматтарының сипат­тауына мүлдем кереғар тұжырымдама болып шыққан. Бірінші хатшы: «Мұныңыз қалай?» − дегенде, Мұхаң өз ұстанымынан айнымай: «Сіздің ойыңыз − жаңсақ, осы жәйтті бюрода қарап түзетпесеңіз − өзіңіз де ыңғайсыз жағдайда қаласыз. Өйт­кені тарих ешкімнің бұрмалауын көтермейді!..» − депті. Сірә, осы сөздің әсерінен болар, Пантелеймон Кондратьевич үлкен бір жиында аталмыш мәселе ту­ра­сында мінбеден: «Қазақ халқының маң­дай­ал­ды оқымыстыларын 25 жылға Сібірге айда­туға мұрындық болған Орталық коми­теттің бес хатшысына осы жазаны тең бөліп, бес жылдан арқалатқан жөн-ақ болар еді, амал қанша?!» − деп сабазың басын шайқаған деседі сол сөзді естіген жұрт… Осы мәселе туралы А.М.Панкратоваға Мұхамеджан ағай 1954 жылы көлемі екі парақ хат жазыпты, сол хатты мен Анна Михайловнаның дербес мұра­ғатынан тауып, ксерокөшірмесін алдым. Мәскеулік тарихшының архивіне 2007 жылы ғана Нәйла Ермұханқызының көмегімен кіріп, жалпы кө­лемі 83 бет тың деректер таптым. Қазақ­стандағы соңғы репрессияның түп себебі де мен үшін осы хаттарды оқудан соң ашылды.

− Сонда сіз соңғы репрессияның қалай ұйымдасып, қалай жүргенін жұртшылық­қа мәлім сипаттан өзгеше түсіндіресіз бе? Мы­салы біз оны студент кезімізде «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы «Қа­зақстан тарихы марксизм-ленинизм тұр­ғы­сынан баяндалсын» деп аталған аты­шу­лы мақаласынан кейін өрбіген, бәріне кінәлі сол жарияланым деп оқып, ұқтық емес пе?

− Сенің айтып отырғаның сол мақалаға қол қойған Т. Шойынбаев, Х. Айдарова және А. Якуниннің дарынды әріптесі Ермұхан Бекма­ха­нов­ты тарих ғылымынан аластап, оны қол­даушы Орталық комитеттің хатшысы Ілияс Омаровты мәртебелі қызметінен тайдыру мақсатында жасалған қастандық әрекет… деген жұртқа мәлім жәйт. Ал, мен өз кітабымда нақты айғақтармен дәлелдеген тұжырым бұ­дан өзгерек. Шындығына келсек, әлгі шу­лы­ған мақаланы дайындаушылар: «Правда» газетінің қызметкерлері − Озеров пен Черниченко. Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов оған қол қоюға тиісті адам екен. Бірақ Жұмекең автор­лықтан иланымды желеу айтып бас тартқан соң, орталықтағы билік оны жоғарыдағы үшеу­мен ауыстырған. Мәселенің тоқ етерін айтайын: маңдайалды қазақ оқымыстыларын түгелге дерлік қамтыған қуғындауды жобалап, нақты ұйымдастырушы − Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің насихат және үгіт бөлі­мінің меңгерушісі И. П. Храмков деген әпербақан шенеунік. Ол БКП(б) Орталық комитетінен идеологиялық жұмыс деңгейін күрт көтеру қажет деген желеумен Қазақ­станға арнайы жіберілген кадр. Әлбетте, Храм­ковтың мұндай жойқын науқанды жо­баланған зор деңгейде өрістете алмайтыны мәлім болған кезде (шындығында сол әре­кетке ұлт зиялы­ларының өте күшті тобы – Қ. Сәтбаев, І. Омаров, Т. Тәжібаев, Ә. Қанапин, Ж. Жанғозин және басқалары қарсы болған), Мәскеу оған көмекке Орталық комитеттің инспекторы Шикин бастаған арнайы комиссия жіберген. Ал, бұл іске дем беріп, сүйеуші болған қайраткер − Орталық комитеттің әйдік хатшысы М. А. Суслов. Науқанның бағыт-бағдарын, теория­лық негізін де әзірлеуші – сол кездегі Саяси басқарма делінетін үлкен мекеменің бастығы, академик Г. Ф. Александров.

Әсілі, КСРО-да соғыстан кейінгі жыл­дарда шетелге табыну­дан, ұлтшылдыққа ұрыну­дан, ескі заманның ру­хына, өткен өмірдің мәңгі асылдарына құ­мар болудан совет халқын сақтайтын һәм арылтатын атышулы саяси науқандардың бәрі де осы идеологтың ынтасымен және пәрме­німен жүрген. Ай­талық, «Ленинград», «Звезда» журналдарын күйрету, Татар обкомының идеологиялық жұмысын сынау, сазгер Мура­делидің «Үлкен өмір» операсына тыйым салу, Зощенко мен Ахматованың әдеби шығарма­ларын іске ал­ғысыз ету науқандарының бәрі де Саяси басқарманың ойлап тауып, тырнақ астынан кір іздеу жолымен жүзеге асқан тазартулар. Солардың бірі – орыс патшасының Кавказды біржола иемдену ниетіне қарулы қарсылық көрсеткен Дағыстанның ер ұлы, имам Ша­мильдің ширек ғасырлық ғазауат соғысын халықтық сипаттан айырып, ағыл­шын империализмі мен түрік ұлтшылдарының итаршы­сы етіп жариялау. Бұл науқанның «Боль­шевик» журналында жарияланған Әзір­байжан КП(б) Орталық комитетінің бірінші хатшысы М. Багировтың «әшкере» мақа­ласымен өрбігенін осы күнгі қауым ұмытты деуге болады. Ол Әзірбайжанда, Дағыстанда бір жыл бойы қызу жүріп, ақыр аяғында Қазақстанға ойысқан. Осы жерде бір жәйтті ескерту парыз: оның бүге-шігесін мен КСРО ҒА-ның «Вопросы истории» журналының 1977 жылғы № 11 санында жарияланған «А. М. Панкратованың хаттары» деген хатта­ма­сынан оқып (Бұл хаттама Е. Бекмахановтың 8 томдық ғылыми еңбектерінің 1-кітабында бар), «Қазақ КСР тарихының» бірінші басы­лымы туралы сол хаттамада талас тудырған мәселеге қайыра ізденіс жасауға тура келді; сол айтыстың мән-жайын мен Анна Ми­хай­ловнаның мұрағатынан алған материал­дар­ды оқыған соң ғана түсіндім. Сөйтсем, өзінің жауапты редакторлығымен жарық көрген «Қазақ КСР тарихына» 1944 жылы жасалған мәскеулік тарихшылардың шабуылына тойта­рыс беруді көздеп, ол кісі БКП(б) Орталық комитетінің хатшылары А. А. Ждановқа, И. В. Сталинге, Г. М. Маленковқа және А. С. Щер­баковқа үш мәрте хат жазыпты. Алғаш­қы­сының көлемі 20 бет, қалған екеуі де мәселені жан-жақты сөз еткен.

– Апырай сонда, билеуші партияның біз кеше өзіміз аты-жөндерін жадуалдай жаттап оқып, өскен хатшылары туған тари­хымыздың бірінші басылымын құрбан­дық­қа шалып, түп-тамырымызды өздерін­ше бұрмалауға нұсқау берген бе?

– А. М. Панкратованың хатында «Қазақ КСР тарихына» шабуылды мәскеулік профессор, Мемлекеттік сыйлық комитетінің сарап­шысы А. И. Яковлев 1944 жылы бастап, «ұлы орыс халқының көшбасшылық рөлін жоққа шығаратын кітап, сол себепті оны Сталиндік сыйлықпен марапаттауға болмайды» деген үзілді-кесілді тұжырымы қайталанған. Алайда ол тек теміржолдың айырғышы міндетін атқа­рыпты. Осы сарынды кереғар топшы­лауды МГУ-дің Жаңа тарих кафедрасының меңге­рушісі А. В. Ефимов, Жоғары дипломатия мектебінің директоры С. К. Бушуев, Сталиндік сыйлықтың үш мәрте иегері, «Наполеон», «Талейран» және «Қырым соғысы» атты мо­нографияларымен орыстың үздік тарих­шысы атанған академик Е. В. Тарле, «Большевик» журналының бас редакторы, академик П. Н. Федосеев, РСФСР халық ағарту наркомы, академик В. П. Потемкин қызу қолдап, көпшілік алдында оқыған дәріс­терінде, иә өзара бас қосқан жиындарда олар сол жәйтті жиі сөз етіп:

«Ресей патша­ла­рының өз иелігін Сібірге, Қиыр шығыс пен Қазақ даласына, одан әрі Орта Азия айма­ғына дейін кеңейткен саясаты сол жерлерді иемденген халықтар үшін прогресшіл рөл атқарды, сондықтан да олардың қарулы қар­сылықтарын мадақтауға болмайды, ондай қозғалыстардың бәрін де ұлы орыс халқына қарсы жасалған наразылықтар деп, реакция­лық мәнін баса көрсетуге тиіспіз…» деген «жаңа теория» шығарған. Ең шатағы, осы «теория» Саяси басқарма тарапынан қызу қолдау тапқан. «Қазақ КСР тарихы» – орыс халқының көшбасшы рөлін жоққа шығаруға арналған кітап, өйткені, оны жазған авторлар патшалы Ресейге қарсы көтерілген тәуелді жұрттардың наразылық күрестерін сүйсіне баяндаған. Ең ғажабы, осы кітапта халықтық көтерілістер ерекше көп көрсетілген…» – деді маған Саяси басқарма бастығы Г. Ф. Александров. Оны аз десеңіз, Григорий Федорович: «Дала тұрғындарында ешқандай тарих та, мемлекет те болмаған, олар тіпті біртұтас халық ретінде қалыптаспаған.

Ал, сіздер осы фактіні қасақана ескермей, қазақтарға өзіндік тарих «сыйлап», олардың рухани деңгейін көкке көтердіңіздер. Ресей патшасы кең далада босып жүрген көшпенді жұртты халық ретінде қалыптастырып, тарихи аренаға шығар­ды», – деген кеудемсоқ ойын бүркеусіз мә­лімдеді. Тарихи айғақтармен қиыспайтын, ме­й­лінше бисаяси әрі сайқымазақ пікірді кім-кім, насихат пен үгіт жұмысына жауапты Саяси басқарма жетекшісі айтып отырған соң не деуге болады?..» – депті А. М. Панкратова И. В. Сталинге, А. А. Ждановқа, Г. М. Мален­ковқа және А. С. Щербаковқа сол жылғы 12 мамырда жолдаған ұзақ хатында. Одан да өзге жолдауларында Анна Михайловна ұлы­ор­ыстық шовинистік пиғылдан арылып, бұ­ра­тана елдердің тарихын жөнсіз бұрмалауды тоқтатып, маркстік-лениндік тұрғыдан әділ бағалауды талап еткендіктен партия басшы­лары осы мәселені кең түрде талқылауға нұсқау беріпті. Сол талқы А. С. Щербаковтың төрағалық етуімен мамыр мен маусым айла­рында, бес күнге созылып, ақырында А.М.Пан­кратованың пікірі үстем болыпты. Бірақ, орын алған әділетсіздікті түзету ту­ралы ешқандай қаулы-қарар қабылданбаған. Оның хаттамасы да, жоғарыда айтқа­ны­мыздай, тек қана 1977 жылы ғылыми журналда жарияланған.

Осы айтыста сөз болған мәселелердің негізгісін мен кітабымның төртінші тарауында біршама ықшамдап сөз еттім. Содан шыға­тын уәж: 1951-1953 жылдары Қазақстанда жүрген саяси сүргін 1944 жылы-ақ жобалан­ған, бірақ басталмай жатып, Мәскеудің өзінде тұншықтырылған науқан 1951 жылы қайыра өрбіген; соған тағы да Саяси басқарма мұ­рындық болған; жан-жақты дайындалып әрі «Правда» газеті арқылы тиіскендіктен КСРО ҒА-ның Тарих институты, оның басшылары Орталық комитеттің бас органына қарсы шыға алмай, осы мәселеде қателескенін «мой­ындауға» мәжбүр болған. Оның зарда­бын Ермұхан Бекмаханов тартып, канди­даттық, докторлық атақтарынан айырылған. Ең сорақысы, сол қудалау туған елінде асқан жәдігөйлікпен жүріп, біртуар тарихшының партия мүшелігінен аласталып, ширек ғасырға бас бостандығынан айыруға негіз болған. Әрине, неше жыл бойы соңына шам алып түсіп, «домалақ арыз» жолдап, түрліше айтыс-тар­тыстар да ұйымдастырып, пы­ша­ғын қайрап жүрген қыз­ғаншақ әріптестері өз ортасындағы жалғыз докторды Солтүстіктегі жер түбіне жө­нелтуге ерекше белсенділік көр­сетіп, әпербақандық та­ныт­қаны – бүгінде де зор қынжылыспен мойындайтын ащы шындық!.. Тек не үшін, 37 жастағы дарын иесіне не себептен шүйлікті деген сұрау туады. Кітабымда мен осы мәселеге де жауап бердім.

– Кітабыңыздың редак­ция­­лық анық­та­масында ҰҚК-нің жабық материалдары да пайдаланылды деген ескерту бар. Соның да жай-жап­са­рын айта кетсеңіз?

– 2008 жылдың көкте­мін­де Астанаға келіп, ҚР ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы А. С. Шабдарбаевқа өтініш жолдап, Ерекеңнің қыл­­мыстық ма­териалдарымен танысты­ру­ға рұқ­сат сұрадым. Сол ары­зымда: «Менің мақ­са­тым осы іске белсене қатысқандарды қауым­ға әйгілеп, тарих со­ты­на тарту. Өйткені, сіз бен ме­нің балаларым, қазіргі ұрпақ осындай күйкі іспен шұғыл­данбауға тиіс…» – деген де уәж айтқам-ды. ҰҚК-тің ар­найы комиссиясы арызымды қарап, рұқсат берді… Ерекеңе қара күйені баттита жаққан куәліктерді оқып отырып, сенесіз бе, солардың бірде-бірінен қылмыс дерлік айғақ көрмедім. Бекмаханов тумысында пиғылы социалистік қоғамға теріс қарайтын ұлтшыл адам, үш кісінің басы қо­сыл­ған жерде үнемі Кенесары Қасымовты мақ­тайды, хандар билеген дәуірдің артық­шы­лығын көксейді… деген тәрізді өсек-аяң; ал, соны айтушылар – студенттер, аспиранттар, ҚазМУ-дің оқытушылары, тарихшы әріп­тес­тері…

1952 жылғы желтоқсанның 2-4 күндері жүрген сотқа қатысқан куәлер де солар. Кітабымның сегізінші тарауында ол матери­ал­дарды қаз қалпында келтірдім. Жалаң сөз болмасын, сот хаттамасынан шағын үзінді келтірейін…

ҒҰМАРОВА, Тіл-әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері, куә: «Канди­дат­тық минимум тапсырып отырғанымда Бекмаханов аудиторияға кіріп, менің жауа­бымды тыңдап: «Сен Кенесары қозғалысын монархиялық-феодалдық деп неге іске алғысыз етесің? Мұның қате ұстаным…» – деп зеки сөйлеп, шығып кетті. Бірер күннен кейін «Алатау» кинотеатрының алдында кездейсоқ кездестіріп: «Емтиханнан қалай өт­тің?» – деп сұрады. Мен бес саусағымды көрсетіп: «Сіздің ескертуіңізге емтихан алу­шылар мән бермеді, өз позицияңды бекем қорғадың… деп, үздік баға қойды», – дедім. Бұл кісі менің жауабымды ұнатқан жоқ».

ҚҰРАПОВ, айыптаушы прокурор: «Айып­талушы, осы сөзіңнен де бастартасың ба?»

БЕКМАХАНОВ, айыпталушы: «Бұл қа­рын­дасты мүлдем танымаймын, әдебие­т­ші­нің емтиханында менің шаруам қанша? Бұл кі­сі мені басқа біреумен шатастырып тұр…»

ҚҰРАПОВ: «Осы фактіні мойнына қою үшін ҚазМУ-дің доценті, әдебиет зерттеушісі Бейсенбай Кенжебаев сот залына шақырылсын».

КЕНЖЕБАЕВ, ҚазМУ-дің доценті, куә: «Бекмахановты да, Ғұмарованы да жақсы білемін. Мәликеден емтихан қабылдаған күн де есімде. Алайда, сол емтиханға Бекма­ха­новтың қатысқанын мен білмеймін. Сірә, Мәлике шынында да қателесіп тұр…»

– Ерекеңнің бостандыққа шығуы жай­ында әр алуан қауесет айтылады. Соны және шындық осылай деп әрі жаңалық ашқандай етіп төндіре жазушылар да аз емес. Кітабыңызда сіз бұл гәптің де бет пердесін ашқан боларсыз?..

– Әуелі шындықты бұрмалап, өзінше дол­барлағандар жайында бірер сөз айта кетейін. Владислав Владимиров – қаламы жүйрік жазу­шы, көп жылдар бойы ҚКП Орталық комитетінде жауапты жұмыс істеген қайраткер. Сол кісі «Центральная Азия мониторинг» апта­лы­ғында жарияланған «Кардинал, или три дороги пророка» деген естелігінде: «Реабилитировали Бекмаханова после смерти Сталина. Автоматически это не случилось – помогал Кунаев. С 1952-го по 1955 год он президентствовал в республиканской Академии наук…» – деген куәлік айтады. «Дат» апталығының шеф-редакторы Алмат Азади дайындаған «У истоков исторической науки» атты шағын хабарда: «Через два года каким-то чудом вернулся Бекмаханов. Это было в 1953 году, перед смертью Сталина. Оказалось, что его спасла А. М. Панкратова. Она обратилась к Сталину, он же бывший ее ученик…» – дейді.

«Орталық Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 30 тамызында жарияланған «Ере­кең туралы естелік» деген мақаласында тарих ғылымдарының докторы, ғалымның бұрынғы ас­пи­ранты Ә. Жұмасұлтанов: «Ерекең түрмеден 1956 (?) жылы босаған соң отбасын Алма­тыдан таба алмай, пойызбен іздеп барып (?), Нарын­қол ауданынан жолықтырған…» деп, жалған оқиғаны өзінше долбарлайды… Ал, мен деректерге сүйеніп анықтаған шындық мынадай: 1954 жылдың қаңтар айының аяқ шенінде Мәс­кеудегі Тарих институтының 12 ғалымы қол қойған арызды алып, СОКП Орталық коми­те­тінің мүшесі А. М. Панкратова Н. С. Хру­щев­тің қабылдауына барып, өзінің сүйікті шәкірті, дарынды қазақ тарихшысы Е. Бекмахановтың қызғаныш отын үрлеген әріп­тестерінің жала­сы­мен нақақтан сотталғанын, ал оның нағыз коммунист, Отан патриоты екенін төндіре ай­тып, бірінші хатшыдан қазақ ғалымының ауыр тағдырына ара түсуін өтінген. Никита Сергеевич КСРО-ның бас прокуроры Р. Руденкоға телефон шалып, «Мына арызды мұқият тексер, сірә, ақиқаттан аттауға болмас…» – деген. Бір аптадан соң Шығыс Сібірдегі Бодайбо лагерінде отырған Ерекең Новосібір түрмесіне жеткізіліп, арнайы ұшақпен Мәскеуге әкелініп, 16 ақпан күні қыл­мысынан ақталып, Бутырка түрмесінен бостан­дыққа шыққан. Түрме ал­дын­да оны А. М. Панкратованың автомобилімен институт­тың екі тарихшысы, өзінің дос­тары Кучкин мен Будовниц қарсы алып, Анна Михай­ловнаның үйіне апарған. Ерекең түр­меден шыққан бетте Ташкентте жұмыс істейтін әйеліне және Ал­матыдағы Тарих институтына бостандыққа шық­қаны туралы екі жеделхат жөнелткен. Тарихшының үйіндегі мұрағатында осы қос құжаттың да мәтіні сақтаулы.

– Сонымен, ақиқат жеңіп, біртуар та­рихшы туған еліне оралған. Жә, сонда оның соңына ит қосып, итжеккенге айдатқан әріптестері қайткен?

– Сенесіз бе, бірде-біреуі сөгіс естімей, түк көрмегендей, бәз-баяғы жұмыстарын атқарып, рахатта өмір сүрген. Бұл да сол заманның қитұрқы амалы. Ең сорақысы, КСРО Жоғарғы сотының үкімімен ағарып келген біртуар та­рих­шы жеті ай бойы жұмыссыз жүріп, тәркіге түскен үйін де, компартияға мүшелігін де қай­тара алмай запы шеккен. Ғылым академиясы жүйесінде күні кешегі тарих докторы үшін лайықты қызмет табылмапты, тіпті кіші ғы­лы­ми қызметкер етіп алуға да ешкімнің құлқы болмаған. Академия президенті оның бостан­дыққа шығуына қолұшын берген деген желеу де осыдан соң әншейін сөз болып шығады. Университет ректоры А. Закарин де түрліше сылтау айтып, оқытушылық жұмысқа алмаған. Бұл уақыт – Н. С. Хрущев жариялаған «жы­лымық» заман туып, Сібірдің әлей суығында нақақтан жаурағандардың елге қайтып, бала-шағасымен қауышып жатқан айтулы кезең еді. Десек те қазақ зиялыларының, әсіресе, билік басындағы көзі қарақты топтың сол өзгерісті түсінбей, бәз-баяғы сақтық пен шектен тыс қорғаншақтық шебінен шыға алмағанын көр­сетеді. Амалы құрыған Ерекең ҚКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы П. К. Поно­ма­рен­коның қабылдауына сұранады. Нәтиже­сінде жетінші айдың соңында Ермұхан Бекмаханұлы бір кездері өзін жұмыстан аластаған университетке аға оқытушы болып орнала­сады, келер жылдың басында партиялық билетін де қал­пына келтіреді. Тек докторлық атағын қайтару аттай сегіз жылға созылып, ақырында диссертация қорғап, екінші мәрте доктор да, профессор да атанады. Бұл болса 1958 жылдың жазы-тұғын…

– Ғафу етіңіз, енді атақты тарихшы өмі­рінің соңғы жылдарындағы ғылыми ең­бек­терін сараласақ… Айдаудан келгеннен кейін ағамыз нендей тақырыптарға барып, қан­дай жұмыстарға қозғау салды екен?

– Докторлық атақты ол кісі «Қазақстанның Ресейге қосылуы» тақырыбы бойынша қорға­ған. Осы тақырыптағы монографиясы Мәс­кеу­дің «Наука» баспасынан жарыққа шыққан. Одан кейінгі сүбелі еңбегі «Қазақ КСР-ның тарихы» атты орта мектептің жоғары сынып­та­ры­на арналған оқулығы. Ғалымның бұл ең­бегі 1994 жылға дейін отыз шақты рет қайта басылып, жалпы таралымы 5 миллион данадан асқан. (Ерекең төл еңбегін соңғы рет 1965 жылы түзеткен, 1967 жылдан бері 7-8 және 9-11 сыныптарға арналған екі оқулыққа да ғалымның тарихшы қызы Нәйла Бекмаханова қосымша автор болып, әкесі бастаған игі істі жалғастырған). Біртуар ғалымның ең соңғы ғылыми арманы – Қазақстан тари­хының ке­ңей­тілген Һәм неше мың жылдық шежіресі түгел қамтылған, яғни жоғары оқу орындары сту­дент­терінің рухани сұранысын толық өтейтін, кем дегенде екі жылдық бағ­дарламамен оқы­татын оқулық жазу болған. Сол іске ол 1965 жылы құлшына кірісіпті. Амал қанша, кенеттен шал­ған ауыр сырқат (Сібірден өршітіп қайтқан өкпе дерті мен тынысын тарылтқан демікпе) жобалаған еңбегін ойдағы­дай дамыта алмаған. «XIX ғасырдағы Қазақстан тарихы­ның очерктері» деп атаған сүбелі бөлімін ғана тә­мам­даған (ғалымның бұл еңбегі өмірден озған соң, 1967 жылы жарық көрген).

Ермұхан Бекмаханұлының өзін бақытты сезінген және зор ынтамен құштарлана ат­қарған ісі – ұстаздық еңбегі. 1947-1951 және 1954-1966 жылдар аралығында ол ҚазМУ-дегі Қазақ КСР тарихы кафедрасында меңгеруші болған уақытта аспирантура ашып, оған таң­даулы шәкірттерін көптеп тартып, солардың ғылыми жұмыстарына басшылық жасап, ақырында өз тарихи мектебін түзеуге қол жеткізген. Осы мектептен кезінде отыз шақты ғылым канди­дат­тары өрбіген, солардан жиыр­мадан астамы тарих ғылымының докторы, профессор атан­ған, кейбірі академик болып сайланған. Бұл мектеп қазірде де құлашын кең жая өрістеуде. Нақ осы мектептің дарын­ды түлектері М. Қо­зыбаев, Ә. Тәкенов, К. Нұрпейіс, Т. Тұрлы­ғұ­лов және басқалары бертін келе Ғылым ака­демиясының білікті білім­дарлары болып шықты. Сөйтіп, Ермұхан та­рихшының асыл арманы XXI ға­сырда жүзеге аса бастады деуге әбден болады.

– Соңғы сұрақ. Сіз 2003 жылдан бері «ЖЗЛ» сериясымен үшінші еңбегіңізді шығарып отырсыз. «Сәтбаевтың» қар­жы­сын Қазақстанның Ресейдегі жылында Үкі­мет көтеріп, «Бөкетовке» Қарағанды облы­сы­ның сол кездегі әкімі Н. З. Нығ­матулин жәрдем бергенін өзіңіз айтқансыз. Бұл жолы өзіміз сөз етіп отырған кітапқа қатысты қаржы мәселесін қалай шештіңіз?

<– 2009 жылдың аяғында Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммедтің қабылдауында бол­ға­нымда «Бекмахановтың» қазақшасын өзі­міз­де шығарып, ал орысшасын Мәскеуден жа­рия­лауға келіскен едік. Алайда, өткен жылдың басында кітап шығару ісі Байланыс және ақ­парат министрлігіне берілген соң жағдай күрт өзгерді. Қолжазбасы әзір тұрған ғұмырна­ма­ның екі тілдегісін де жаңа ведомство «Фолиант» баспасына жүктеп, Мәскеуге қаржы бөлу­ден бас тартты. Екі кітап та әрбірі екі мың дана тиражбен өткен күзде жарыққа шығып, республика кітапханаларына таратылды. Со­ны қа­нағат етсем де болар еді. Алайда қол­жазбамды «Молодая гвардия» баспасына жыл басында жіберіп, бас редакцияның мақұл­да­уын алып қойған едім. Сондықтан да сәті түсіп тұрған істен бас тартқым келмеді. «Фо­лианттың» бас­шысы Нұрлан Исабеков білім-таным деңгейі іскерлігімен бірдей азамат. Қыркүйектің ба­сын­да ол Семейге телефон шалып: «Медеу аға, Мәскеу баспасының «Бекмахановқа» қажет деп сұраған қаржы­сының қақ жартысын мен тө­лейін. Екінші бөлігін өзіңіз табыңыз», − деген ойға қо­нымды ұсыныс жасады. Осыдан соң беделім жүрер қалталы бір бауырымнан қарыз алып, 2 қазанда Мәскеуге ұштым. Айға жуық уақыт редактормен жұмыс істеп, байқалған олқы­лық­тарды түгел түзетіп, сөзді де ықшам­дап, қысқасы, 32 баспа табақ көлемге түсіріп, 16 бетке суреттерін де қайыра орналастырып елге қайттым. Өзіміз тапсырыс жасаған «Бек­ма­хановтың» 5 мың данасын желтоқсан айында елге алдырдық. Оның да төлемін бөліп тө­ледік./p>

«ЖЗЛ» сериясынан жарық көрген 9-шы қазақ тұлғасының өмірге келу тарихы осы. Бәрін де нартәуекел мен Ерекең тұлғасына деген құштарлық шешті. Бұл сөз маған ғана емес, «Фолиант» баспасындағы Нұрлан Сәрсен­бі­ұлы­на да тиесілі. Әсілі, Мәскеудің кітап шығару қаржысы, сірә, дағдарысқа байла­ныс­ты болар, екі жарым еседей қымбаттапты. Әсіресе «ЖЗЛ» сериясының туындылары! Мысалы, өткен жылы жарыққа шыққан «Пастернак» ғұмырнамасын мен баспаның фирма­лық дүкенінен 460 сомға сатып алдым. Осы санды беске көбейтсеңіз сол кітаптың тең­гелік құны шығады. Оған енді кеден салығы мен та­сымалдау шығынын қосыңыз!.. Жә, сәт­ті біткен іске не дейміз? Ермұхан Бекма­ханұлы туған халқының мерейі үшін еңбек етіп, сол жолда бейнет тартқан асыл тұл­ға­мыз! Ондай жанды ұлықтаудан жаңылмайық!…

– Жүрекжарды әңгімеңізге рахмет, аға! Сау-сәлемет болып, еліміздің алып тұлға­ла­рын ұлықтай беріңіз!




Әлиханұлы Ж. Мәскеу. «ЖЗЛ» сериясы. 9-шы кітап // Егемен Қазақстан.- 2010.- 29 желтоқсан.- 13-14 б.; http://egemen.kz/2010/?p=24346