Полигон

Көрнекті жазушы, ядролық тажал ошағы болған жер туралы жазылған «Семей қасіреті» деректі кітабының авторы Медеу Сәрсекемен сұхбат.

- Медеу аға! Газетіміздің өткен жылғы 3, 4, 5 желтоқсандағы нөмірлерінде сіздің жаңадан жазылып біткен «Семей қасіреті» хикаятыңыздың «Абыралы: айтылмаған ақиқат» тарауынан үзінді жариялағанбыз. Онда сіз ядролық тажалдың қалай басталғанын оқырмандарға мүлде өзгеше, жаңа баянмен хабардар еткенсіз. Енді, міне, арада ай жарым уақыт өткенде сол кітабыңыз «Фолиант» баспасынан үлкен пішімде, көлемі 852 бет болып жарық көріп отыр. Еңбегіңізге тәнті көңілмен ризашылық білдіріп, редакция атынан құттықтаймыз! 80 жастың өріне шығарда мынадай зор, ауқымды оқиғаларды жылы мен айы-күніне дейін көрсете отырып толғау, әлбетте, оңай емес. Деректеріңіз сенімді. Оқиғаларыңыз өте қою. Дүйім елді қалжыратқан 42 жылғы азаптың бүге-шігесін қалдырмай түре ашыпсыз. Бұл біздің кітабыңызды ынтыға оқудан алған әсеріміз. Енді сіз сипаттаған кейбір жайттарды анықтап, нақтыласақ дейміз. Айтыңызшы, осы шерлі шежіре шындығын толғауға қашан кірістіңіз?

- 80 жастың өріне көтерілген өмірімнің 74 жылын мен елімнің шығыс өңірінде өткіздім (бес жыл Алматыда инженерлік білім алып және бір жыл Алатау баурайында, «Лениншіл жас» газетінде еңбек еткенім бұл есепке кірмейді). 37 жыл ұдайы әскери полигон тарсылдатқан атомдық, ядролық сынақтар астында өмір сүрдім. Сол алапат қатерден айрықша зардап шеккен Абыралы ауданының тумасымын. 1949 жылғы 29 тамызда ең алғашқы кеңестік атом бомбасы Дегелең тауының бауырындағы «Тәжірибе алаңында» сыналды. Ол мен туған Қайнар кентінен 90 шақырым жерде еді. Сол кезде 13 жастағы бала болатынмын. Ал 1953 жылғы 12 тамызда тұңғыш сутегі бомбасы жарылды. Бұл Қайнар орта мектебін Алтын белгімен тәмамдаған екі жеткіншектің бірі болып, аттестатымызды Қазақ кен-металлургия институтына жолдап, шақыру күтіп отырған кезіміз-тін. Сонда 800-дей әскери автомобильдер сап етіп, Жаңасемей, Абай және Абыралы аудандарының тұрғындарын байырғы мекендерінен көшіргенде, орта мектепті қатар бітірген құрдасым Нұртөлеу Мықышов екеуміз киім-кешектеріміз салынған қоржынымызбен Күйік бұлағының жағасында екі апта бойы ашық далада, шақырайған күн астында жаттық. Таңғы сағат 6-да Дегелең жақтан жарқ еткен екінші «күнді» көрген бейкүнә пенделердің бірімін. Ол болса осы атырапта 470 мәрте жасалып, жер-көкті солқылдатқан дүмпулердің алғашқысы еді…

- Сынақ алаңын таңдарда ғалымдар сол жарылыстардың зиянды әрі қисап­сыз бүлдіру жасайтынын білмеген бе? Жұртқа мәлім кітаптарда бұл тажалға елсіз қу медиен дала таңдалды делінген.

– Жалған ақпар. Кітабымның «Қазақ сахарасы – сынақ алаңы» деген тарауында мен құпиялық кілті 1998 жылы ашылып, 2002 жылы Мәскеуде жарияланған ғылыми құжаттарды қолыма ұстап отырып, Дегелең атырабының атомдық ойранға қалайша және кімдердің әмірімен таңдалғанын түре жаздым. 1947 жылы Л.Берия басқарған үкімет комиссиясы ғылым иелері ұсынған бірнеше аймақты көруден соң, Абыралы ауданын сынақ алаңына таңдаған. Ол осы ауданның алты кеңшары қоныс еткен жер еді. Айғақпен сөйлейін: 1947 жылғы маусым айында Л.Берия басқарған үкімет комиссиясы (Курчатов, Харитон, Ванников, Завенягин, Қорғаныс министрі мен Бас штаб бастығы) Семейге шұғыл жетіп, Шағыл бұйратындағы әуежайдан Ертісті бойлап, сол жағалаудағы Молдар елді мекеніне келген. Үкімет делегациясын қарсы алушылар – Семей облысының басшылары А.Д. Гарагаш, Х.Б. Байзақов, жергілікті КГБ бастығы полковник В.А.Губин. Ғылыми түйсігі шамалы, өркөкірек Л.Берия атом сынағының қауіп-қатері жайында не біледі? «Мына жерді ұнаттық, бізге нақ осындай кең дала керек» деуші, әрине, атомдық ұжымның бірегей бастығы И.В.Курчатов. Әлбетте, ол алапат жарылыстың жер-көкті үнсіз ойрандайтын залалын білген. Оған дәлел: «Тәжірибе алаңын» жобалаушы – Мәскеудің Биофизика институты. Олардың қолында америкалық ғалымдар жазған, сынақ алаңдарын сипаттаған ғылыми кітап болған. Кеңестік атом саласының мамандары сол еңбекті «Қара кітап» деп атаған. Қысқасы, семейліктердің сорын қайнатқан оқиға сол күні өрбіген. Үкімет комиссиясы Семейден 130 шақырым жердегі Молдар мекенінің іргесіндегі сілтеме қадалар қағылған жерге тоқтап (ресми құжатта 170-ші шақырым делінген, жалған дерек), «нақ осы жазыққа әскери қалашық салынады» деген ұсынысты бекіткен. «Сынақ алаңына» сол арадан 130 шақырым батыстағы Дегелең атырабы таңдалған. Осы құжатқа И.Сталин 19 маусымда «Келістім, бекітемін» деп қол қойған. Ғылыми анықтамалықтарда жазылған сипаттамада сол аймақ, оның төңірегіндегі байтақ жер – ел қоныстанбаған қу медиен дала делінген. Шындығына келсек, Ертістің иен жағасы, Дегелеңге дейінгі және одан да арғы шалқар атырапта ол кезде Жаңасемей, Абыралы және Май аудандарының бірнеше кеңшары болған. Сол жұрт тек 1948-1954 жылдары басқа жерге көшіріліп, теріскейден күнбатысқа дейінгі 100-150 шақырым жер әскери полигонның иелігіне берілді. Сөйтіп, құжатта айтылған «елсіз» аймақ осылай қолдан жасалғантын.

Осы атырап 1949-1963 жылдар аралығында ауада, жер бетінде жасалған, одан соң 28 жыл бойы жер астын солқылдатқан ядролық сынақтардың дүмпуіне тап болды. Дегелең тауының биіктігі 1085 метрлік Найзашоқысы гранит пен мәрмәрдан жаралған берік тасты жота еді. Сол жер кейін қолыңды тигізсең бордай үгілетін құмдауыт үйіндіге айналды. Сом жартастың өзі сондай болған соң, сол төңіректегі адамдар мен жан-жануарлар қандай тағдырға тап болғанын шамалау тіптен қиын емес-ау…

– Енді кітабыңызға енген, өзіңізді таңғалдырған кейбір оқиғалардың бірін еске алайық…

– Полигон аймағында неше түрлі сұмдықтар болған. Солардың кейбірін Кенді Алтайдан жалданып келіп, жер қойнына ұңғымалар жасаған кеншілердің естеліктерінен таптым. Подполковник Андрей Жариков «Простор» журналында бертінде жариялаған «Полигон» деген хикаятында сорақы жайттарды сөз еткен… Ал жуықта, кітабымды аяқтауға айналғанда тағы бір оқиғаны кездейсоқ естіп, милиция подполковнигі, семейлік зейнеткер Бітімбай Жүнісұлын үйіме шақырдым.

Полигон аумағында 15-18 мыңдай әскерилер болған. Олардың бәрі де екі жыл мерзімге Отан алдындағы азаматтық міндетін өтеушілер. Соншама жан иесі казармаларда тұрып, ауыр жұмыстан қажығанда әртүрлі тәртіпсіздіктер болуы – ықтимал құбылыс. Әсіресе, кешегі бейбіт заманның «дедовщина» дерті. Соның бірі мысалы, мордвалық солдат Балапан жазығындағы ұңғыманың күзетінде тұрып, өзіне әлімжеттік көрсеткен сержант пен төрт адамды атып тастайды да, олардың денелерін топырақ үйіндісіне жасырып, серігі екеуі зонадан қашады. Ол оқиғаны полигон штабы келесі күні ғана біліп, бір рота солдатпен төңіректі шолып, қашқындарды таба алмайды. Содан соң Семейдегі ішкі істер басқармасынан көмек сұрайды.

– 1980 жылдың күз айы еді, – дейді Бітімбай Жүнісұлы. – Жаңасемей аудандық милициясының бастығымын. Генерал Қабен Беспаев телефон шалып: «Қарауыңдағы милиционерлерді қару-жарағымен алып, Сарапан ауылына тездетіп жет. Әскери зонадан автоматпен қаруланған екі солдат қашқан. Сірә, олар Қайнар – Семей жолына шығып, көлік ұстауға тырысады. Сенің міндетің: Қарасу мен Сарапан аралығын қадағалау, қашқындарды көрсеңдер аямай оқ ату. Өзіңнің адамдарыңа сақ бол. Жазатайым біреуі мерт болса, жауапты сенен сұраймын!..» – деп екі мәрте қайталады

Әлқисса, содан милиционерлер тобы Қайнар – Семей жолына жетіп, жолдағы қазақ ауылдарына ескерту жасап, полигон шебіне келді. Иен даланы үш жүздей солдаттар жаяу сүзген. Қашқындарды тап­­паған. Бірер сағаттан соң оншақты ма­шина, автобустармен генерал Қабен Беспаев та көмекке келді. Кешке таман менің сақ­шы­ларымның бірінен төтенше хабар түсті. Оба­лы қыстағындағы шопан әйелі аңғардағы шабылған шөп үймесінен екі адамды көріпті-міс… Әскерилер тобы қыстаққа аттанды. Қабен Садықұлының бастауымен біз де келдік. Әйелді қайыра тергедік: естияр адам екен, үйінің есігінен сығалап тұрып, мая іргесінен тарс еткен мылтық даусын естіген, іле-шала қару асынған ер адамның мал қорасына кіргенін көріпті. Маяны тексергендер қашқын солдаттың сүйегін тапты. Демек, серігі жолдасын да жайратқан. Сонымен, жағдай түсінікті болды: қауіпті қашқынның ізін кесіп, қораға күзет қойдық.

Бітімбайдың сөзіне қарағанда, осыдан кейін әскерилер тобынан бір майор қораның төбесінен түсіп, ішке ұмтылады. Іле сартылдаған автомат үні естіледі. Байғұс майор қораның ішіне құлап, оң тізесінен жараланған. Қашқын солдат автоматын кезеніп, темір астаудың астында жатқаны мәлім болады. Полигон бастығы айқайға басып, біздің генералға: «Сен неменеге келдің? Бірде-бір адамыңды алға шығармай әрі өзің тасада отырсың…» – деп кіжінеді. Қабен Садықұлы: «Сіз байқап сөйлеңіз, мен кешегі соғысты бастан кешкен майдангермін. Сізге бағынышты емеспін. Ана антұрғанды амалдап ұстайық десем, көнбейсіз, байғұс ма­йор тектен-текке жараланды. Қысқасы, мен бұл іске аралас­паймын. Қашқынды тауып бердік, өзіңіз ұстаңыз…» – дейді. Генерал-лейтенант тағы да айқайға басып, өз адамдарына: «Кім еркімен ішке түсіп, қашқынды жайратады? Ерлік көрсеткенге мерзімінен бұрын демалыс беремін. Қане, кім?!.», – деп діңкілдейді.

Екі жауынгер өз еркімен, біреуі сержант, ішке түсіп, қашқынды тірідей ұстамақ болады. Жараланған майорға да жәрдем жасау қажет. Полигон бастығы екі еріктіге рұқсат етеді. Қабен Садықұлы: «Бронежилетсіз ішке түсу қауіпті», – дейді. Зона бастығы: «Жап аузыңды, не твое дело!..» деген соң милиция генералы шопан үйіне қарай беттейді.

– Кенет сақылдаған автомат даусы естілді, – деді осы араға келгенде әңгіме иесі. – Ана найсап ішке түскен екі еріктіні де жер жастандырды. Сонымен, ол кешеден бері жеті адамның көзін жойды. Майор болса қансырап жатыр… Содан ымырт үйірілген мезгілде генерал-лейтенант біз отырған жерге келді. Айтқаны: «Жолдас майдангер, сақтығыңыз орынды. Қателігімді мойындаймын. Не істейміз?..». «Екі түрлі шартым бар, қабылдасаңыз – көмектесемін… – деді Қабен Садықұлы. – Билікті маған бересіз, қараңғылық қоюлана менің кісілерім қораны өртейді. Ана найсап күні үшін не өз еркімен беріледі, не отқа күйіп өледі. Сіз маған өртенетін қораны қалпына келтіруге қолхат беріңіз. Тап қазір…».

Полигон бастығы біздің генерал талап еткен қолхатты қолма-қол жазды. Төңірек әбден қараңғыланған кезде автомобиль жүргізушілері қораны айнала қоршап, фарларын жағып, самаладай етіп жарық жасады. Менің жігіттерім қабырғаны жағалап барып, әр жерден от қойды. Содан өрт әр тұстан лаулаған кезде қашқын да қаруын мойнына іліп, қолын көтеріп қақпадан шықты. Босағада, төбеде тұрған біздің милиционерлер іле тап беріп, қашқынды жерге алып ұрып, қолма-қол байлап тастады. Ішке кіргендер қансырап жатқан майор мен екі өлікті алып шықты. Әскерилер кейін қолға түскен солдатты соттамай, ақыл-есі ауысқан деп, Мәскеу әскери округіндегі жын­дыханаға аттандырды. Бұл өздеріндегі тәр­тіпсіздікті бүркеудің амалы еді, – деп әңгімесін аяқтады Бітімбай інім.

Әлбетте, бұл жұртқа жарияланбаған оқиға. Ал полигондағы біз білмейтін бұдан да басқа сорақы жайттар қаншама…

– Әлгінде сіз XX ғасырдың аяқ шенінде полигон тарихының қитұрқы сырлары ашылды дедіңіз. Сонда қалай, барлық жарылыстардың кілтипаны түп-түгел жарияланған ба? Қуаты, жиілігі, ел мен жерге жасаған залалы? Сіз техникалық білімге ие қаламгерсіз. Бұл мәселеге деген көзқарасыңызды да ойша шамалап отырмын…

– Менің қолымда бірнеше техникалық кітап болды. Солардың тізімін хикаят соңында келтірдім. 30 шақты басылым. Мысалы, Мәскеудің «АтомИЗдат» бас­пасы шығарған «Ядерные испытания в СССР» (Факты, свидетельства, воспоминания. 2002). Көлемі 600 бет, таралымы 1500 дана. Кітаптың қақ жартысы Семей полигоны жасаған 470 сынақтың техникалық күш-қуатын сипаттауға арналған. Сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың КОКП Орталық Комитетіне жолдаған алғашқы, 1989 жылғы 20 ақпандағы құпия жеделхатының мәтіні, міне, осы жинақта қайталанған.

Ал сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов ұйымдастырдым деген наразылық хатты мен «Казахстан за безядерный мир» жинағынан таптым (Құжаттар мен материалдар, А. 2011 ж.). Осы еңбектің 105-бетінде О.Сүлейменов, С.Мұратбеков, Д.Снегин және Қ.Мырзалиев қол қойған хат: «12 и 17 февраля проведены очередные подземные ядерные взрывы на полигоне в районе г. Семипалатинска… – деген хабармен басталады. Одан әрі: …Ради здоровья сегодняшних и будущих поколений, ради жизни на Земле, выражая волю многонационального Казахстана, мы требуем – закрыть атомные полигоны на территории респуб­лики!..», – делінген. Құжаттың жазылған күні жинақта көрсетілмеген, 1989 жыл деген ескерту бар. Хат мәтініндегі нақты аталған күндерге қарағанда сол құжат ақпан айының аяқ шенінде жазылған. Демек, Семей обкомының хатымен бір мезгілде, бәлкім, сәл кейінірек. Олай дейтінім, жұртшылыққа мәлім шындық мынау: Олжас ақын теледидар арқылы алматылықтарды наразылық митингіге шақырған 28 ақпан күні, Мәскеудегі Әскери-өндірістік кешеннің (ВПК) орынбасары, генерал-лейтенант В.А.Букатов бастаған өкілетті комиссия Семейге ұшақпен жедеғабыл жетіп, обкомның бірінші хатшысы К.Бозтаевтың 20 ақпандағы хатында жазылған жайттарды тексеруге кіріскен. Осы комиссияның хаттамасын мен кітабымда толық келтірдім.

О.Сүлейменовтің Қазақстан Жазушылар үйінің конференц-залында өткізген наразылық жиынын, онда «Невада-Семей» қозғалысы туғанын да тарқата жаздым. Мәселе мынада. Біз сөз етіп отырған күресті кімнің бірінші болып бастауында емес, түпкі нәтижесінде. Ал ол болса тамаша жеңіспен аяқталды. 1989 жылдан кейін Семей жерінде ешқандай жарылыс болған жоқ. Тек бір жайтты ескертуге тиіспін: К.Бозтаевтың Мәскеуге 20 ақпанда жолдаған алғашқы жеделхаты, О.Сүлейменовтің Қазақ телевизиясындағы хабар арқылы елді митингіге шақыруы Қазақстан Үкіметінің сол кездегі Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың астыртын демеуімен жүзеге асқан. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы бертінде жариялаған кітаптарында, мысалы, Сауытбек Абдрахмановпен жүргізген «Та­жал­­ды тұншықтыру» деп атал­ған көлем­ді сұхбатында сол құпияны тарқата сөз ет­кен. Ол жақында Елбасының «Өмір өткелдері» кітабында жарияланды деп естідім.

– Демек, сіздің қолыңызда полигон туралы құпиясы ашылған үкіметтік құжаттар болған?..

– Үкіметтік құжаттарда жарылыстардың қуаты, күні, сәтті жасалғаны ғана көрсетілген. Бәрінің де айтары: жер-жаһан бүлінген жоқ, жарылыстар қатаң бақылаумен, тежеумен жүрді деген қасаң сөздер. Ғылыми жинақтың кіріспесінде одақтық министр мен физик ғалымдардың жетекшісі осы түйінді өздерінше дәлелдеуге тырысқан. Әлбетте, мен сол тұжырымдардың бәз-баяғы кеңестік әлімжеттікпен даярланғанына дау айтпай, өзіме мәлім сорақы оқиғаларды келтірдім. Ол болса Ертіс атырабындағы шерменделердің қазақстандық комиссия бертінде анықтаған, яғни семейлік тұрғындардың 60 пайызы радиация дертіне шалынғаны туралы айғақтар. Олар ауру адамдардың, иә отбасы мүшелерінің өкініш пен мүңға толы естеліктері. Соларды топтап келтірдім. Бұл дегеніңіз бірді-екілі емес, жүздеген адамдардың зарлы үндері. Мысалы, Кеңес Одағының мығым тұрған кезінің өзіндегі Курчатов қалашығы тұрғындарының Мәскеуге жолдаған шағым хаттары (мұның бәрін жергілікті КГБ қызметкерлері поштадан өткізбей, ұстап қалған. 400-дей сондай хатты сол кездегі өңірлік Қауіпсіздік комитетінің бастығы, полковник М.Жандилдинов Семей обкомына жолдаған). Оларға қоса, менің қолымда Семейдегі мұрағат ұжымы 2011 жылы әзірлеп, жариялаған «Противостояние» жинағы мен Алматыдан жарық көрген «Казахстан за безядерный мир» кітабы болды. Бұлардың екеуі де ресми құжаттар жинағы. Осы еңбектерде ядролық сынақтардың күш-қуаты, сынақ жасалған күндердің айы мен жылы нақты көрсетілген. Ең ғажабы, Ертіс жағасындағы қалың ел мен байтақ жерге салынған сынақ лаңы нақты деректермен ашылған. Соларды мен жүздеген зардап шегуші жандардың мұң-зарға толы естеліктерімен бекіттім. Өзімнің, иә таныстарымның басынан кешкен әртүрлі оқиғаларды келтірдім. «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері беттеріндегі 90-жылдары жарияланған әшкере материалдар да көп септігін тигізді.

Сөз орайында мәнді бір жайтты ескерте кетейін. Өткен ғасырдың аяқ шенінде одақтық «Знамя» журналы академик А.Д. Сахаровтың «Естеліктерін» жария­лады. Мен соның Семей полигонына арналған 100 шамалы бетінен ксерокөшірме жасап, мұрағатыма алған едім. «Семей қасіретін» жазуға отырғанда бұл үзіндінің жеткіліксіздігін аңғардым. «Естеліктің» толық түріне қолым 2013 жылдың басында жетті «А.Сахаров. «Воспоминания» (Полное издание в одном томе. «Альфа-книга», М. 2011 г.). Ұсақ әріппен терілген ба­сылым екен. Көлемі 1280 бет. Көпшілік­ке мәлім емес деректердің біразын мен, міне, сол кітаптан алдым. Алайда, академик А.Д.Сахаровтың өзі кейбір құпия жайттарды білмеген. Мысалы, ол кітабында Абай ауданының орталығы Қарауыл кентінің тұрғындары 1953 жылғы 12 та­мыз­дағы сутегі бомбасын сәтті сынаудан соң ежелгі мекендеріне тек келесі жылы ғана қайта оралды дейді. Өйткені, Қарауыл үстіндегі радиация деңгейі жыл бойы 250 рентген мөлшерінде болған. Бұл енді сұмдық жағдаят. Менің нақты білетінім: қарауылдықтар үйлеріне 15-20 күннен соң-ақ қайтарылған, көшірушілер – әлбетте, әскерилер… Демек, сутегі бомбасын жасаушы ғалым нақты жайтты біл­меген, әскери бақылаушылар ғалымнан сорақы жайтты қасақана жасырған. Соның салдарынан Абай ауданының тұрғындары радиациямен көбірек зақымданған. Осы ауданда ақ қан ауруының ерекше күшеюі де содан. Ескерту парыз: бұл шындық маған 2013 жылы ғана мәлім болды, абайлықтар оны мүлдем білмейді…

– Кітабыңызда сіз А.Д.Сахаровтың сол «Естеліктеріне» жиі жүгініп, ондаған беттеріне аударма жасапсыз. Түсінікті жайт: өйткені ол сутегі бомбасының алуан түрін жасаушы жаңалық иесі, оның қаруы америкалықтардың сутегі бомбасынан әлденеше есе жеңіл әрі қуаттырақ болған. Физика ілімінің докторы атағын ол кандидаттық диссертациясы үшін иеленген, КСРО Ғылым академиясының толық мүшесі, үш мәрте Еңбек Ері, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты. Ал бертінде қажырлы күресі үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанды…

– Иә, ол жарықтық, енді, тумысынан кемеңгер. Физика ілімін отбасында отырып, алты жыл ұдайы қазына мектебіне бармай, ғылым негіздерімен «Физика» оқулығын жазған ғалым әкесімен үйінде беріле шұғылданған, МГУ-дың физика факультетін соғыс жылдарында тәмамдаған. Ядролық қару жасаумен ол небәрі 20 жыл шұғылданған. Бұл жұмысқа КГБ жүйесінің зорлығымен еріксіз жегілген. Сол жылдарда ол озық білімін, дарынын Отан қорғанысына арнаумен бірге адамгершілік ізгі қалыбынан айнымаған. Мысалы, Н.С.Хрущевке жолдаған екі хатында академик А.Д.Сахаров әрбір термоядролық жарылыс кем дегенде Жер шарында 10 мың адамның өмірін үзетінін мәлімдеп, сынақ санын азайтуды және әрбір жаңа бомбаны сынамай-ақ қару-жарақ қатарына қабылдауды ұсынған. Кітабымда мен Андрей Дмитриевичтің Орталық Комитеттегі қабылдау үстінде айбыны әлей Никита Хрущевпен тәжікеге түскенін, жаңа бомбаның сынағын тежеуді талап етіп, министр Е.П.Славскиймен жанжалдасып, ақыры ештеңе бітіре алмағанын білгенде солқылдап жылаған сәтін де келтірдім. Сол күні ол ауруханда жатқан әкесіне барып, өзінің кіріптар ахуалын, жанын жеген мұңын тарқатпақ болады. Әкесі бұл жайтты айтқызбай ұққан. «Сені жастай физикаға еліктіріп, бақытсыз тірлікке жеккенімді кеш білдім, балам. Басқадай ілім саласын, айталық, биологияны таңдағаныңда бақыттырақ болар ма едің, амал не, енді кеш. Қателескеніме өкінемін, кешір!..», – депті…

– Иә, ол жарықтық, енді, тумысынан кемеңгер. Физика ілімін отбасында отырып, алты жыл ұдайы қазына мектебіне бармай, ғылым негіздерімен «Физика» оқулығын жазған ғалым әкесімен үйінде беріле шұғылданған, МГУ-дың физика факультетін соғыс жылдарында тәмамдаған. Ядролық қару жасаумен ол небәрі 20 жыл шұғылданған. Бұл жұмысқа КГБ жүйесінің зорлығымен еріксіз жегілген. Сол жылдарда ол озық білімін, дарынын Отан қорғанысына арнаумен бірге адамгершілік ізгі қалыбынан айнымаған. Мысалы, Н.С.Хрущевке жолдаған екі хатында академик А.Д.Сахаров әрбір термоядролық жарылыс кем дегенде Жер шарында 10 мың адамның өмірін үзетінін мәлімдеп, сынақ санын азайтуды және әрбір жаңа бомбаны сынамай-ақ қару-жарақ қатарына қабылдауды ұсынған. Кітабымда мен Андрей Дмитриевичтің Орталық Комитеттегі қабылдау үстінде айбыны әлей Никита Хрущевпен тәжікеге түскенін, жаңа бомбаның сынағын тежеуді талап етіп, министр Е.П.Славскиймен жанжалдасып, ақыры ештеңе бітіре алмағанын білгенде солқылдап жылаған сәтін де келтірдім. Сол күні ол ауруханда жатқан әкесіне барып, өзінің кіріптар ахуалын, жанын жеген мұңын тарқатпақ болады. Әкесі бұл жайтты айтқызбай ұққан. «Сені жастай физикаға еліктіріп, бақытсыз тірлікке жеккенімді кеш білдім, балам. Басқадай ілім саласын, айталық, биологияны таңдағаныңда бақыттырақ болар ма едің, амал не, енді кеш. Қателескеніме өкінемін, кешір!..», – депті…

– Кемеңгер академик полигондағы сәтті жұмысынан 1968 жылы аласталды. Сіз әлем халқын таңғалдырған сол оқиғаны да тәптіштеп жазыпсыз.

– Өйткені, 1986 жылға дейінгі кеңестік сыңарезу идеология мен Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті академик А.Д. Сахаровтың еркін ойына тыйым салып, оның әрбір әрекетін іске алғысыз етіп, кеңес халқының асыл мүддесін шетелге сату деп жариялады. КСРО Ғылым академиясының алқа мүшелері, жалпы құрамы 80 адам, атақты жазушылар оны «опасыз», «сатқын» деп баспасөз бетінде ашық хат жариялады. Осындай сорақы айыптау артық-кемі жоқ 18 жыл бойы жүрді. Бұл тұжырымды мен физиктің «Естеліктер» кітабын шұқшия зерттеуден соң, тынымсыз күресіне күмәнсіз иланғандықтан айтып отырмын. Андрей Дмитриевич – нағыз халықтық күрескер, кеңес халқына ол зәредей де қастандық жасаған жоқ, қайта шынайы демократиялық тірлікке шақырудан танбады. М.С.Горбачев жариялаған қайта құру саясатын жақтап, мәскеуліктер қалауымен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып та сайланды. Біртуар ғалымның түпкі мақсаты – Кеңес халқын ғана емес, күллі адамзат қауымын, жер-жаһанды радиациямен уландыруға біржола тыйым салу. А.Д.Сахаровтың есебінше, біздегі атом бомбаларының саны 70-жылдарда 56 мыңға жеткен (бертінде 80 мың болған, АҚШ-та 90 мың шамасы). Бұл дегеніңіз Жер шарын тозақ отына күйдіретін жойқын күш. 1968 жылдың жазында ғалым «Прогреске ұмтылу, бейбіт тыныштықта өмір сүру және рухани еркіндік туралы көкейкесті ойларым» деген еңбегін Л.И.Брежневке жолдайды. Бас хатшыдан ешқандай жауап болмаған соң «Көкейкесті ойларын» кеңестік қасаң идеологиямен астыртын күресушілерге береді. Сол еңбек 1968 жылғы 10 шілдеде Голландияда, іле-шала АҚШ-тағы «Нью-Йорк таймс» газетінде жарияланғанын автор шетелдік радио хабарынан естиді. Әлбетте, кемеңгер физиктің еркін әрекетін кеңестік идеологтар кешірген жоқ. А.Д.Сахаровты әуелі полигоннан тайдырды, соңынан Горький қаласына жер аударып, сегіз жыл бойы «үй тұтқыны» етіп мырзақамақта ұстады.

– Сіз мына кіта­бы­ңызда А.Д.Саха­ров­тың «Ес­телік­тері» дүние­жүзі халық­тары­ның басты он тіліне аударылып, 18 мил­лион таралымға жеткен дейсіз…

– Бұл деректі мен «Есте­ліктерге» берілген түсінік­темеден алдым. Дүние­жүзіне ең көп тараған кітаптар В.И. Ленин мен Мао-Цзедуннің ғылыми еңбектері. А.Д.Сахаров – үшінші орында… Ескерту парыз: 1280 беттік кітапты сан мәрте шұқшия оқу мені әрдайым тың жаңалықтарға жолықтырды. Арлы ғалым біздің халықтың, әсіресе, семейліктердің мүсәпір ахуалына жаны ашып, қорғауға тырысқан. Академик А.Д.Сахаров ең соңғы сұхбатты да қазақстандық журналистерге берген. «Ақырғы интервью» аталған сол материал «Невада-Семей» қозғалысының апталық газеті «Аманатта» (орысша нұсқасы – «Избиратель») 1991 жылы жарияланған. Өкінішті жайт: сол әңгімеден соң академик үйіне барған бетінде жүрек талмасынан жүріп кеткен.

– Сонымен, «Семей қасіретін тәмам­дадыңыз?

– Иә, өткен жылғы тамыз айында кітаптың соңғы тарауына нүкте қойдым. Бірер апта демалудан соң мәтінді түу басынан әлденеше рет қайта оқып едім, көңілімде шерлі хикаят шын туыпты деген сенім пайда болды. Әрине, олпы-солпы тұсы, иә қайталанған ойлар баршылық екен. Оны жақсылап екшедім. Содан 80-нің сеңгіріне іліккенім түрткі болып, өзіме-өзім сыйлық болсын деген оймен Өскеменге, облыс әкімі Д.К.Ахметовке қабылдау сұрап, хат жаздым. Даниал Кенжетайұлы мені Павлодар облысына әкім болған кезінен біледі, Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдық то­йын дайындау кезінде танысып, мерейтой үшін біршама уақыт бірлесе еңбек еткенбіз. Әлбетте, ол кітап оқуға ынталы қайраткер. Хош, содан Шығыс Қазақстан облысының әкімі өзінің мәдениет жөніндегі орынбасары Ж.Омар мен Семейге жуықта ғана әкім болып тағайындалған Е.Сәлімовке: «Медеу ақсақалдың маған келмек шаруасын үйіне барып біліңдер…», – депті. Егде жасымды, елге мәлім еңбектерімді сыйлағанына рахмет, мен оларға компьютерлік терімнен шыққан қалың қолжазбаны көрсеттім. Сөйттім де: «Сіздерге марапат сұрап немесе мерейто­йымды өткізіңдер деген тілекті сірә да айтпаймын. Мынау менің көп жыл дайындалып, соңғы үш жылда бел жазбай еңбектенуіммен дүниеге келтірген кітабым. Осыны халқыма жеткізуге қолғабыс етің­дер…», – дедім. Қысқасы, осы мәселе оңды шешілді. Ең соңғы сүзгіні Семейде жасап, қарашаның басында Астанаға келіп, «Фолиант» баспасының редакторымен, суретшісімен бір жарым ай жұмыс істедім. 100-ге таяу суреттермен безендірілген, қымбат қағазға басылған, таралымы 1000 дана «Семей қасіреті», міне, жыл басында жарық көрді. Ертіс өңіріндегі қалың елдің 42 жыл бойы есін шығарып, ауыр дертке душар еткен шерлі тарих халқыма жетті. Сол істі жедеғабыл шешкен Даниал Кенжетайұлына зор рахмет! Ал мерейтой туралы, имандай шыным, қаперіме алып ойлаған, иә қамыққан немесе жаныққан жан емеспін. Семей әкімі Е.Сәлімов оны да осы айдың аяғында өткізбек. 80 жылда тапқан, сыйласқан таныс­тарым мен достарымды құрметтеуге балаларым әзірлік жасауда. Бұл жөнінде мен бақытты атамын: үш баламнан жеті немере, бес шөбере сүйіп отырмын…

– Қалтқысыз көңілмен шерткен әңгі­меңізге рахмет, Медеу аға! Сіз біз­дің га­зетте тілші болып еңбек еткен, одан соң­ғы ұзақ жылдар автор ретінде байла­ны­сыңызды үзбеген белсенді қалам­герсіз. Таяу күндерде Семейде және Астана­да атал­мақ 8 томдық шығармалар жина­ғы­ңыз­дың, «Семей қасіреті» кітабы­ңыз­дың тұсаукесері және 80 жылдық ме­рейтойыңыз сәтті өтсін! Сіз – қажымайтын үлкен еңбекке ие қаламгерсіз. Осы қа­си­е­тіңізді қадір тұтып, құрметтейміз. Өзіңізден үлгі алатын жастар көбейсін!







Аупбаев Ж. Полигон: Жазушы М.Сәрсекемен сұхбат // Егемен Қазақстан.- 2016.- 20 қаңтар.- 10 б.; http://egemen.kz/2016/01/20/18313

Негимов С. Семей қасіреті – қазақ қасіреті // http://e-history.kz/kz/publications/view/1870

Сәрсеке М. Семей қасіреті // http://www.foliant.kz/kk/?p=1039