Газеттің «Семей таңы» аталған сәтінің куәсімін

Естелігімді өз өмірімнің мәнді белесінен бастамақпын. 1965 жылғы сәуірден бастап мен Жазушылар одағының Семейдегі облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін атқаруға кірістім. Облыстық екі газеттің редакциясы о күнде М.Горький көшесіндегі (қазірде Бауыржан Момышұлы), төңкеріске дейін көпестер банкі болған, үш қабатты ескі ғимаратта болатын, астында - облыстық баспахана. Екі редакцияға орын жетпеуі себепті көшенің қарсы бетіндегі екі қабат ескі үйді және өзара бөліскен. Біздің бөлімшеге ә дегенде сол үйден оңаша кабинет емес, екі үстел тиді. Біреуіне өзім жайғасып, екіншісін әдеби кеңесші Семен Анисимовке бердім.

Қысылтаяң жағдайда бір жыл отырдық. Редакция кеңсесі көпшілік үшін әрқашан да ашық. Мақала әкелушілер де, арыз айтушылардан да әсте арылмайды. Солардың бірқаншасы бізге де келеді. Оған қоса редакцияның мәдениет бөлімі жадағай өлең жазғыштардан мезі болып, «Жазушылар одағының өкілі өлеңіңізді ұнатып, жариялауға болады деп қол қойып берсе - басамыз» деп, бізді нұсқап отырады. Қабырға газетіне де жарамайтын жасық дүниені қалайша ұсынасың, қысқасы, содан да ығыр болып әрі редакцияның мазасыз тірлігінен қашығырақ болуды тілеп, ҚКП Семей ОК- нің екінші хатшысы, идеология саласын басқаратын Екейбай Қашағановтың көмегімен Ш. Уәлиханов атындағы көшедегі «Алтайалтын» тресінің үш қабат кеңсесінен бір есіктен кіріп - шығатын екі бөлмеге дербес ие болдық. Облыстық газет редакторлары сөйткенімізге рақмет айтты, бірақ бізден қарым-қатынасты үзбеңдер десті.

Бөлімшеге келген күннен менің бекем ұстаған басты мақсатым - Семейді бұрынғы мәдени-рухани дақпыртына сай әдеби орталыққа айналдыру. Сол үшін де Ертіс жағасындағы қалаға жер-жердегі әуесқой әдебиетшілерді көптеп тарту қажет. Әлбетте, ондай әдебиетшіге де еңбекақысы тұрақты жұмыс керек, оған қоса пәтер үй қажет. Мұның екеуі де Семейде үлкен проблема, әсіресе пәтер мәселесі. Дегенмен оны да түрліше амалдармен біртіндеп жүзеге асыра бастадым. Турасын айту керек, облыстық екі газет те халық сүйсіне оқитын басылымдар, таралымы да мол. Мысалы, қазақша газеттің тиражы сол жылдарда 25 мыңнан кем емес. Ескертер гәп: газеттің тілі, көтеретін мәселесі, демек беделі жөнінен қазақша шығатын басылым республикалык деңгейде алдыңғы лекте саналатын еді; оның түп себебі редакцияда істейтін отыз шақты әдеби қызметкерлердің білім деңгейі мен жазу қабілетінің күштілігінде; әлбетте көп жылдар бойы «Екпінді» аталған осы газетті аса тәжірибелі, қалам қуаты күшті білікті журналистер басқарған. Яки өзіндік мектеп болып қалыптасқан ұйымшылдығы бекем, өз ісін жақсы білетін ұжым болатын. Сол ұжымда ондаған жылдар жүмыс істеген, есімдері жұртшылыққа әйгілі жазушылар Қайкен Шамкин, Ғазиз Сапаев, Кашаф Туғанбаев немесе қаламы жүйрік журналистер Шәрпен Ақшекин, Нариман Оспанов, Ғазиз Ыбрайымов, бертінде Рысхан Мусин, Мерғали Ибраев сияқты білімпаздар облыстық газеттің беделінің жылдан - жылға артуына айтарлықтай үлес қосқаны - өмір шындығы.

Мен бөлімшеге келген кезде осы газеттің редакторы, кәнігі журналист Бекен Байсақалов еді. Жасы кексе тартқандықтың салдары ма, кім білсін, азулы, айтқыш, саяси қырағы атағына ие Бекең 60-жылдардың басында большевиктік белсенділік көрсетіп, обкомның бюросына редакция алқасы атынан ұсыныс беріп, соны Орталық комитеттегі идеологтарға да мақұлдатып, газеттің «Екпінді» атын «Семей правдасына» өзгертіпті. Онысы енді «Болмаса да ұқсап бағудың» салдары әрі одақтық партия тілі атақты «Правдаға» жарамсақтық жасаудың амалы. Әйтпесе «Семейдің ақиқаты» десе бір сәрі, правдасы ешқандай қисынға келмейді, қазақтың байырғы тілін ортан белінен қайыстыра басу.

Алайда «Правданың» байырғы атын жамылғаны Семейдегі қазақша газетті дербес қалпында қалдырмады. Қазақстанды емін-еркін билеуші, казірде есімдері ұмытылған орыс шовинистері облыстардағы қазақ газеттерін дербес басылым құқығынан айырып, өздерімен бір деңгейдегі орыс газеттерінің аудармасы болып шығатын кіріптарлық қамытын мойнына ілгені белгілі. «Семей правдасы» да соған ұшырап, бір ғимаратта бірге отыратын «Прииртышская правданың» қосымшасы болып шығатын аударма басылымға айналды. Бекен Байсақалов та жазғыштығы өзінен әлдеқайда төмен журналист Кульчицкийдің орынбасары болғысы келмей, «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналына жауапты хатшы болып Алматыға ауысты да, оның орнына Батыс Қазақстандағы облыстардың бірінде редактор болған, «Екпіндінің» өз түлегі Қарқабат Байкенов тағайындалды.

Әлқисса, содан Л.И. Брежнев таққа отырған кезде Қазакстандағы ұлттық газеттердің құкығы өзіне кайтарылып, «Семей правдасы» ана тілімізде дербес шығатын болды. Қарқабат Байкенов оған редактор болып бекіді. Ол кісімен мен ширек ғасырдай уақыт етене араластым. Қырға да талай мәрте бірге шығып, серуен де жасадық. Қарекеңнің мінезі байсалды, қарауындағы қызметкерге де «әйкәпірлігі» жоқ жағымды басшы болды. Ең бастысы, бас мақала болмаса өзгедей тақырыпқа қалам сілтемейді, оңың есесіне қарауындағы адамдардың жазғандарына тежеу жасамай еркін ұстады. Сірә, сол жайт та редакция ұжымының ынтымақпен жұмыс істеуіне жол ашты. Екі орынбасары да (Ғ. Ыбрайымов және Т. Жұмагелдин) орнықты, әрі жазғыш журналистер еді. Мен де редакцияда бекем қалыптасқан кеңшілікті кеңінен пайдаланып, өз жазғандарымды ғана емес, алдыма келген әдебиетшілердің де жарамды дүниелерін де газетке ұсынып, бөгетсіз жарық көруіне мұрындық болдым (Компартия тарағанша өзім де осы ұжымда есепте тұрдым).

«Медеу, «Семей правдасы» атануымыз масқара, Бекеңнің бүлдіргенін түзетсек деген ойдамын,- деді бірде маған редактор Байкенов. - Бізге лайық тың ат ұсын, қазақша әрі жұртқа ұнайтын...

«Бәйге берсеңіз, ұтымды атауды қазір-ақ айтайын, Қареке. Меніңше, әрбір басылым өзі шығатын мекен-жайына орай аталуға тиіс. Семейдің тілі, айнасы, таңы, туы, дидары... деген сияқты...

Ақыры, сол атаулар редакция алқасының талқысына түсіп, газеттің аты «Семей таңы» болып өзгерді. Содан бері елу жылдай уақыт өтті. Бұрынғы облыс тарап, қала атанып, өгей баладай дәрменсіз хал кешудеміз. Ал «Семей таңы» бұрынғыдай 25-30 мың таралыммен әрі аптасына бес мәрте шықпаса да, жұртқа танымал атымен, іздеп те, сүйіп те оқитын газет қалпында өмір сүріп келеді. Осы атаудың басында Қарқабат Байкенүлы марқұм тұрғаны анық, сол іске мұрындық болғанымды мен де мақтан етемін.

Қарқабат Байкенұлымен сыйластық өзім басқаратын бөлімше жұмысының негізгі бағытын бекем ұстауға септігін тигізді. Бірде Қарекең маған: «Кашаф Туғанбаев Абай мұражайына директор боп ауысқан соң, редакцияда өлең оқитын, газетке ұсынатын ақын қалған жоқ. Жасаң ақындарың болса, бізге ұсын»,- деген тілек айтты. Мен кеңсемдегі ұзын тізімді қарап, Аягөз ауданындағы газетте істейтін Ақылбек Манабаевтың есімін атадым. Ақылбек редакция шақыруын куана қабылдап, Семейге қоныс аударды. «Семей таңында» отыз жылдай кызмет істеп, зейнет жасына жеткен кезде ауыр сырқаттан қайтыс болды. Бала-шағасы қазірде Семейде тұрады. Ақылбектің Алматы баспаларынан бірнеше өлең кітаптары жарық көрді. Тағы бірде Қарекең маған: «Ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысы ауыр, ал біздің белсенді авторларымыз осы салада. Мақала да, пікір айтқан хаттар да ай сайын жүздеп келеді. Соған орай зоотехник я ветеринар мамандығына ие болатын жазғыш керек-ақ. Осы жайтқа да ойлана жүр...»,- дегендей ой білдірді.

«Құланның қашуына мылтық шүріппесінің басылуы дөп келгендей» дегендей жайт сол кезде өз-өзінен кезікті. Зайсан ауданының «Достық» газетінде бөлім меңгерушісі болып істейтін Қайролла Әліпбаевтан хат алайын. Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдаған Қайролла студент күнінен өлеңді бұрқыратып жазатын қаламы ұшқыр жігіт еді. Тек бір жазғанын қайта түзетуге еріншек, әлде бірмойын ба, «қалай қағазға түссе - сол қалпында қалады...» дегендей қиқарлығы да болатын. Сөзінде де жалаң дидактика молырақ. Сөйтсем, ол Семейден алған мамандығынан жеріп, аудандық газетке тұрақтапты. Бірақ редакторымен келіспей жүргенін, соны мұқатпақ болып, араққа тойып алып, жұмысқа да шықпай қоятын қыңырлыққа түскенін маған жолдаған ұзақ хатында өзі жазыпты. Келіншегі Шар стансасының қызы екен. Ол да Зайсанды жерсінбей, Семейге жақындайық дейді, білем. Қысқасы, Қайролла ақын өгіз өлмес, арба сынбас жағдайын маған бүкпесіз баяндап, «Медеу аға, маған Семей жаққа қоныс аударуға қолұшын беріңіз, қандай жұмыс болса да сеніміңізді ақтаймын әрі поэзия ауылына оралуға іңкәрмін...» деген сипатта өтініш жолдапты. Жас адам ғой, талабына сүйеу жасайын деген үмітпен оны да «Семей таңына» ұсындым. Бертінде ол ауыл шаруашылығы бөлімінің белсенді қызметкері атанды. Қаламы да жүйрік, осы газетте зейнет жасына дейін еңбек етті. Тек ақындық өнерін дамыта алмады, облыстық деңгейдегі шыға-шаппа ақын қалпында қалды...

1970 жылдың бас кезі болса керек, Семейге, облыстық комсомол конференциясына қатысу үшін ҚЛЖО-ның ОК-нің бюро мүшесі, «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза келіп, маған телефон шалып: «Медеу, Рысхан Мусиннен кейін Шығыс өңірден жастар газетіне лайық тілшіге жарымай жүрміз. Бұл жақтағы жазғыштарды сен білесің, тілші тауып бер!..» - деген тілек айтты. Мен аз-кем ойланып, «Шәке, ондай жігіт бар. Абай ауданында мұғалім боп істейді. Жас ақын әрі қаламының желі бар. Тек газетте істемеген. Бірер ай Алматыда ұстап, жазу-сызуға үйретсеңіз, сол жігіттен мықты тілші шығады...» - дедім, Шәкең де бірден: «Олай десең шақырт, конференция аяқталғанша менімен кездестір»,- десін. Бұл әңгіме кешкі мезгілде болғаны есімде. Дереу Абай аупарткомның екінші хатшысы Бәтташ Сыздықовқа телефон шалып, мән-жайды түсіндіріп: «Мерғали Ибраев бауырыңызды түнделетіп маған жіберіңіз!..», - десем, Бәкең шыдамсыздау кісі еді, шыжалақтап: «Ойбай, Медеш, кешіктің, Мерғали тұрмысын түзеу үшін, аудандағы ұстаздық қызметін тастап, Саржалдағы орта мектепке директор болып кеткеніне бір ай болды. Оқу жылы енді ғана басталғанда, мектеп директорын ауыстыруға болмайды...» деп наразылық білдірді. Мен хатшының қытығына тие: «Бәке, Мерғали менен гөрі сізге жақын, қандас ініңіз, мен соның тума дарынын бағалап, күллі республика жұртшылығы танылатын қызметке ұсынғалы отырсам, сіз ақын жігітті можантопай директор жасағыңыз келеді. Абай ауданында Мерғалиды ауыстыратын жүз мұғалім бар. Мына сөзіңізді түсінбедім, мен білетін қызуқанды Бәкең емес, басқа біреу айтсын бұл уәжді..» - деп сөзді доғардым. Менің осы сөзімді естіген келіншегім басын шайқады. Ертеңгілік сағат сегіз шамасында есіктің қоңырауы шылдырлады. Ашсам, Мерғали бауырым

«Сіз шақырады, жедел жет деген райкомнан бұйрық түскен соң, мектепке көмір әкелемін деп, совхоз директорынан самосвал машина алып, жеткенім осы, ағасы...

-Жарайды, шешін. Оразамызды ашайық.

Бірер шынаяқ шай ішкен соң «Бәтташ ағаң ештеңе айтты ма? - десем, кімді болсын баурап алатын Мерғали маған жымия карап:

-Ауылдағы жұрттың телефонға құлақ түріп отыратынын білетін шығарсыз? Ештеңе айтқан жоқ. «Тура сегізден қалмай, үйіне жет. Медеу ағаң не айтса, соны орында!..» деген жұмбақ хабар ғана менің білетінім... Тоқетерін айтқанда, бірер сағаттан соң конференция жүріп жатқан театр ғимаратына ертіп барып, Мерғали Ибраевты Шәкеңе таныстырдым. Мерғали ақын бір жылға жетпей Семейден пәтер алып, «Лениншіл жас» газетінде бірнеше жыл еңбек етті. Неше түрлі мақаланы бұрқырата жазып, өлеңді қаулатты. Өлең жинақтары да шыға бастады. Жазушылар Одағына мүшелікке де тежеусіз қабылданды. Сөйтсем, Мерғалидың журналистік қадамын Қарекең де сырттай бақылап жүреді екен. Бір емес, бірнеше мәрте шақырып, «Семей таңына» қызметке қабылдады. Сол газетте жүріп, М. Ибраев өлеңдер мен дастандар жинақтарын егіздеп қоздатты. «Қалқаман-Мамыр», «Шәкәрім» драмаларын жазып, «Жоғалған өзен»» деген роман да толғады (Ескертер жайт: Қарқабат Байкенұлы қарауындағы қызметкерлердің әдебиетпен әуестенуіне ешқандай қысым жасамайтын, қайта шығармасын жариялауға, демалыс алып, Алматыға баруына үнемі қолғабыс ететін-ді. Бұл қамқорлықты Ғазиз Сапаев және басқалар артығымен пайдаланды). Амал қанша, Мерғали ініміз ауыр бейнетпен жазған романының жарыққа шығуын көре алмай, 55 жастан асқан шамада жүрек талмасынан о дүниелік болды.

Қарекеңнің қалтқысыз қамқорлығын тегінде Семей атырабында тұратын көптеген әдебиетшілер көрді, пайдаланды десем - шындықтан ауған тұжырым емес. Солардың бірі - халық ақыны Тәңірберген Әміренов. Тәкең тегінде төкпе ақын болатын. Тек тақырып ұсынып, шабытын жаны. Бекен Байсақалов 1951-53 жылдардағы саяси сүргінде жазықсыз жапа шеккенін біле тұра сақтанған сияқты, тілі шайпау кексе ақынды газетке жолатпай, қысып ұстапты. Сірә, сол қысымды дүлділ ақынымыз абайлық Шәкір Әбеновке де жасапты. Қарқабат Байкенов «Семей таңына» келген соң-ақ екеуіне де даңғыл жол ашылды. Сондай кеңшілікті ол көкпектілік халық ақыны Қалихан Алтынбаевқа, жас дарын иелері, шұбартаулық Төлеубек Жақыпбайұлы мен Төлеуғали Есімжановқа да жасады. Жасады дегенде газет редакторы солардың бірде-біріне мол қаламақы я төтенше сыйлық үлестірген жоқ. Өйтуге қақысы да, шамасы да жоғы түсінікті. Бірақ дарынды әдебиетшілердің редакцияға жолдаған, кейбірі біздің бөлімше арқылы ұсынған шығармаларын «ұзын арқан, кең тұсауға» салмай, жиі жариялаудан жаңылған емес. Меніңше, бұл біліктіліктің салдары, жергілікті ақын-жазушыларды қолдаумен қоса өзі шығарып отырған газетті көркейту, оқырман тартудың амалы...

Шынтуайтын айтқанда, Қарекең кексе жасына қарамай, кейбір істерде балаға тән аңғалдык та аңғартатын-ды. Бірде ол Аягөз ауданына арыз тексере барып, Шынқожа ауылында тұратын, атақты жалақор жігітті оң жолға салуға тосын тәсіл қолданған: әлгі байғұстың кезекті арызын тексеруді кеңседе емес, өзінің отбасында жасапты; он шақты бала-шағасы бар жігітті ұялтып, жалақорлық әдеттен біржола тиюды ойластырған... Сол жайтты Қарекең Семейге қайтып келген соң маған да мақтанып: Сенің сол ақының енді ешкімнің үстінен арыз жазбайтын болды; бала-шағасының көзінше ант ішіп, уәде берді. Сөйтіп, Аягөзден түсетін арыздар тасқынына тосқауыл қойып қайттым»,- десін... Мен күлдім де: «Қареке, ол ауру адам, біреуді ғайбаттап «домалақ арыз» жазбаса, ішкен асы батпайды. Бекер сенгенсіз. Бірер айдан соң сіздің өзіңіздің үстіңізден нақақтан қаралаған арыз түседі. Онда парткомнің үйінде қонақ болып, арақ-шарапты тоя ішкеніңіз, қайтарда машинаңыздың багажнигіне бір-екі қой салып қайтқаныңызды мәністеп сипаттаған арыз обкомға жолданады. Сол себепті түсінік хатыңызды әзірлей беріңіз...» дедім. Қарекең сенбеді: «Қойшы, қайдағыны айтасың»,- деп менің әжуа еткен уәжімді теріске шығарды. Арада жиырма шақты күн өткен соң Қаракең кеңсеме телефон шалып, «Медеу, келіп кетші» десін. Барсам, басын шайқап, әлгі содырдың өзін ғайбаттаған арызын алдыма қойды. Тұп-тура мен айтқандай үлгіде жазылған, обкомның мүшесі, облыстық кеңестің депутаты, «Семей таңы» газетінің бас редакторының Шынқожада қонақ болғанын, қандай «сый-сияпат» көргенін тәптіштеп, әрине, өзі ойдан шығарған бопсамен баяндаған. Тек машинасының артына қой «салғаны» ғана жок. Оның есесіне, қалжыңдасып отыратын қыз-келіншек іздеткенін қосыпты. «Апыр-ай, бұл неғылған адам? Менімен сөйлескенде «жаздым, жаңылдым» деп, кешірім сұрап, көз жасын көлдеткен еді. Тек үйіндегі жиынды аяқтап, табалдырықтан аттай бергенімде, әйелі теріс қарап тұрып: «Ағай, сеніп қалдыңыз ғой. Бұл індетін ол сірә да қоймайды»,- деп күңкілдегенін құлағым шалып еді. Сол рас болды...» - деп Қарекең кәдімгідей қамықты.

Тегінде, табиғи аңқаулық Қарекеңнің жаратылысында болатын. Мен ол кісімен үй жағдайында жиі кездесіп, жексенбі күндері бас қосып, дәм ішетінбіз, басты ермегіміз преферанс ойнайтынбыз. Ол кісі шебер карташы емес, ойынды мейлінше әділ ойнайтын, әрине, көбіне ұтылып қалатын-ды. Картаның қитұрқы жүрістерін жете білмейтін-ді. Жиі ұтылысын түсіндіруі де қызық: «Соңғы кезде қолым шықпайтын болды, сірә, осыны қоямын-ау дейтін-ді. Бірақ қойғысы келмейді, бірер аптадан кейін қайта шақырсақ келеді, тағы да ұтылады. Меніңше, осы жайт та Қарекеңнің жаратылысына сиымды қылық...

Байсалды, парасатты мінез иесі Қарекең тісі түсіп, иегі солып, тілі күрмеліп қартайғанша өзі бауыр басқан облыстық газетте редактор креслосына жабысып отырған жоқ. Жаңылмасам, жиырма жылдан астам уақыт «Семей таңын» сәтті басқарып, уақыты жеткенде, сол мансапты шәкірт інісіне беріп, зейнетке шықты. Бұл кезде ақсақалдың инженер екі ұлы да Алматыға ауысып, мемлекеттік ірі қызметтер атқара бастаған-ды. Сірә, солардың қасында, немерелерін күн сайын көріп отыруды көңілі қалаған болар, іле-шала Алатау баурайына көшті. Онда Жазира жеңгей екеуі зейнеткер жанның бақытты, шырайлы, алаңсыз тұрмысын кешіп, бірқанша жыл ғұмыр сүрді...







Сәрсеке М. Газеттің «Семей таңы» аталған сәтінің куәсімін // Киелі қара шаңырақ.- Өскемен: «Рекламный Дайджест» ЖШС, 2014.- Б. 262-270.

Сәрсеке М. «Семей таңы» газетінің атын жаңғыртушы // Семей таңы.- 2013.-19 ақпан.-4 б.