Қаныш Сәтбаев: энциклопедиясы жарық көрді

Бұған дейін «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан «Абай» мен «Мұхтар Әуезов» энциклопедиялары жарық көргені белгілі. Қазақтың айтулы тұлғаларына қатысты тарихи деректер мен зерттеу мақалалар кеңінен қамтылатын алып еңбектің тағы бірі оқырман қауымға жол тартты. Ол – әлемге әйгілі қазақ ғалымы, көрнекті мемлекет пен қоғам қайраткері, Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы энциклопедия.

Көрнекті қазақ ғалымы туралы тілге тиек еткенде, жазушы Медеу Сәрсекені атамай кету мүмкін емес. Себебі, бүкіл ғұмырын дүниежүзіне танымал ұлы адамның болмысын сомдауға сарп еткен белгілі жазушының бұл тұрғыдағы еңбегі айрықша. Кеңестік дәуірде Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан ЖЗЛ сериясы бойынша «Сәтбаев» кітабын шығару үшін талай тер төгіп, қандай бейнеттерді бастан өткергені жазушының «Қуғындалған Сәтбаев» кітабы арқылы жақсы таныс.

Ал, жақында Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында энциклопедияның тұсаукесеріне қатысып қайтқан қаламгер бұл тұрғыда атқарған істері жайында былай дейді:

-«Сәтбаев» энциклопедиясын шығару 1998 жылдан бастағанымен, арада қаржы мәселесіне байланысты біраз үзілістер туындады. Расын айту керек, соңғы жылдары «энциклопедия» деген айдар тағып, кітаптар шығару модаға айналып кетті. Ресейдің энциклопедиялық кітаптар шығаруы біздікінен әлдеқайда көшілгері және дайындау технологиясы озық. Оларда қалыптасқан тәжірибе де бар. Ал, «Сәтбаев» энциклопедиясының дайындалу барысына келсек, Семейден арнайы шақыртумен бардым. Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы Бауыржан Жақыптың ұсынысы бойынша, жеті ай ішінде Қаныш Имантайұлына қатысты 1 400-дей мақаланы оқып, өңдеп, сараптауымнан өткіздім. Мұрағатымдағы деректердің енуін де қадағаладым. Ғалым тағдырына қатысты 495 адамның есімі енді. Өз тарапымнан энциклопедияға Сәтбаев туралы 118 мақала жазып бердім.

Жазушы М.Сәрсекенің айтуынша, Қ. Сәтбаев туралы бірінші рет қазақ тілінде шыққан энциклопедияға ғалымның геология, тау-кен, металлогения және басқа да ғылым саласына қатысты сүбелі еңбектері мен мақалалары енген. Сондай-ақ, көрнекті қазақ ғалымының әйелі Таисия Алексеевнаға жазған хаттары мен бұрын жарияланбаған көптеген тың материалдар енді.





Қасымжанұлы С. «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясы жарық көрді // Семей таңы.-2012.-17 ақпан.-Б. 8; http://www.inform.kz/kaz/article/2437641