Тамыры тереңге жеткен

2002 жылдың қоңыр қүзінде академик Қ.Сәтбаев жайлы орыс тілінде «Планета Сатпаева» және «Через тернии» кітаптары оқырманға жол тартқанда саналы ғұмырын қазақтың Қанышына арнаған белгілі жазушы Медеу Сапаұлы Сәрсекемен сұхбатымыздың соңында «...Сәтбаев есімін әлемнің 112 еліне танытқан суреткерді кабинетінде сөре-сөре болып қапталып, бір қабырғаны тұтас алып жатқан алуан деректер тыныш қоя алмас» деген едік. Сол «сәуегейлігіміз» шындыққа айналып, арада екі жылдық ар жақ, бер жағы дерлік уақытта жазушының тағы бір тағлымы мол, ғибратты ғұмырнамалық деректі хикаяты жарыққа шықты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, біртуар ғалым Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің қиын да қилы тағдыры, ғұмыр тарихы «тар жол тайғақ кешуге» толы болған ғой, әмбе бұл ғалымның көзі тірісінде билік басындағылар тарапынан қасақана жасалған аяусыз қиянат болғаным өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңына қарай баспасөздегі жарияланымдардан там-тұмдап білген қалың оқырман, енді ғалымның 80 жылдығы қарсаңында шыққан кітаптан Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің қайшылыққа толы қысқа ғұмырымен толық тананысуға мүмкіндік алды. Кітапқа пікір айту, оның мазмұнымен оқырманды таныстыру немесе ғалымның ғылыми, шығармашылық қызметіне талдау жасау мақсат емес, ұлтымыздың мақтанышы, есіме мәңгі өлмейтін, «түу қиырдағы заманалар биігінен де тұлғаланып көрінетін» Е.Бөкетовтің ғұмырнамалық хикаятының дүниеге қалай келгенін жазушының өз аузынан білсек деген ниет қана.

- Медеу аға, "Ғибратты ғұмыр" сериясымен "Ебіней Бөкетов” "Қазақстан" баспасынан керемет көркем болып шығыпты. Көрдік, оқыдық. Құтты болсын! Ғұмырнамалық деректі хикаяттың қалай жазылғанын кітаптың аяғында жазыпсыз. Десе де, ғұмырнама қалың оқырман қолына тигенше, оның қалай жазылғанын жұрт газеттен біле берсе деген ой ғой. Екіншіден, Сіз ғумырнамалық деректі шығарма жазуға әбден төселген суреткерсіз. Бір "Сәтбаевыңызды" ұлықтауға 40 жыл ғұмырыңызды арнадыңыз. Мұны айтып отырған себебім, "Ебінейіңізді" бір демде (әрине, айтуға оңай) жазып және жедел шығаруыңызға сұрапыл еңбекқорлығыңызға қоса қалыптасқан тәжірибеңіз септігін тигізген сияқты...

-2002 жылдың басында Е.Бөкетовтің тетелес інісі, Қарағандыдағы Бөкетов мұражайының директоры 75 жастағы Қамзабай Бөкетов үйге телефон шалып, ұстазымның 80 жылдық тойы таяу екенін, осыған орай менің не ойым бар екенін, не істеу керектігін сұрады. Ұсыныс-пікірлерімді білген соң Қамзабай Арыстанұлы Қарағандыдағы дос-туыстары, ғалымның шәкірттері мен "Ғибратты ғұмыр" сериясымен шұғылданатын "Қазақстан" баспасының директоры Нұрмахан Оразбекұлымен ақылдасып, пікірлесіп, Е.Бөкетов туралы ғұмырнамалық кітап жазуды маған жүктейтіндерін және маған ерекше сенетіндіктерін әрі бұл еңбекті жеделдетіп бітіруге тиіс екенімді айтты. Әрине, бұл - мен күтпеген ұсыныс болатын. Ел көгіне биіктеп шыққаннан бергі қысқа да нұсқа ғұмыры көз алдымда өткен, Қазақ кен - металлургия институтында оқыған жылдарымда ұстаздық еткен, одан кейін де қарым-қатынасымыз үзілмеген қадірлі Ебіней Бөкетов туралы ғумырнама кітап жазу, бәлкім маған қиын да болмас. Сөйтсе де... Бірақ шегінерге жол қалмады. Сосын ұсыныс жасаушыларға екі шарт қойдым. Бірінші: Е.Бөкетов архивіне, мыңға тарта хаттарына, естеліктерге ерекше тізім жасаймын, соны жеткізіп бересіздер, екінші шарт - баспаға, яғни не жазсам, соны басасыздар, "алып тастаймын" демейсіздер, жазғанымды кескізбеймін дедім. Олар келісті. Үшінші айтқаным: өзім 40 жыл ұлықтаған Сәтбаев тақырыбына нүкте қойып, енді Қанекең ізбасарларын жазу жоспарда болған. Шынымды айтсам, алдымен басқа бір ғалым туралы қалам тербеу ойда жүрген, бірақ Е.Бөкетовті жазуға тура келді. Сонымен, жұмыс бөлмемдегі ұстазым туралы көп жылдан бері жинап жүрген бумаларды ашып қарасам, өз архивімде екі-үш папка дүние бар екен. Жетпейтінін оймен екшеп, ғалымның мұражайынан сұрайтын деректерге тізбе жасаған соң жазуға отырдым. Кей кітапты бастай алмай, ұзақ толғанып, әуре боласың. Ал, Бөкетов туралы ғұмырнама қолма-қол жүріп кетті. Бұл кезде "Планета Сатпаева” Мәскеуде дайындалып жатқан, соның жұмысына шілде айында Мәскеуге шақырды. Оған дейінгі 4-5 айда кітаптың 5 тарауын жазып тастадым. 1953 жылы Алматыдағы Қазақ кен- металлургия институтының металлургия факультетінің бірінші курсына қабылдандым. 1956 жылы 3-курста Е.Бөкетов бізге "Сирек металлдар металлургиясы” деген сабақтан дәріс оқыды. Ұстазым 1960 жылы Қ.Сәтбаевтың тапсырмасымен Қарағандыдағы Химия-металлургия институтының (ХМИ) негізін қалап, оның директоры болып 12 жыл қызмет етті. Докторлық диссертациясын қорғап, ҚҒА академигі болып сайланды, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Ебекең ашқан жаңалықты әлемнің 14 елі (Канада, Америка, Швеция, Германия, Австралия т.б.) қолданады. Қазақ ғалымдарының арасында Е.Бөкетовтің шетелге танылуы Қ.Сәтбаевтан кем емес. Қ.Сәтбаев геологиялық барлаудың ғылыми болжам картасын жасаумен әлемге әйгілі болса, ХМИ-де Е.Бөкетов қалыптастырған ғылым мектебі Д.Менделеев кестесіндегі халько- гендер тобындағы 19 элементті ұтымды айырудың технологиясын жасап, Кеңес Одағында ғана емес, бүкіл дүние жүзінде тың жаңалық ашты. Ол кісі жеке өзі селен мен теллурды айырудың ұтымды технологиясын ойлап тапқан. Осы істегі бір жаңалығы Германияның Мансрельдт заводында 80-ші жылдары жүзеге асқан. Ебіней ұстазым бейнесін сомдау үстінде Сәтбаев көлеңкесін көріп отырдым. Мәскеуден оралған соң 6-тарауды бастай алмай, ғалымның ғылымына кіре алмай, қолым жүрмей қойды. Ебекең шұғылданған қиын ілімнің бүге-шігесін ашу қиынға түскен соң Қарағандыға жол тарттым. ХМИ- де ғалымның өзі дайындаған докторлармен, ҚарМУ-дегі оқымыстылармен кездесіп, неше күн мәжіліс құрдым, Қамзабай Арыстанұлының бастауымен Бөкетовтер әулетінің туған елі Солтүстік Қазақстандағы Шал ақын атындағы ауданның Бағанаты ауылына барып қайттым. Сосын қолым жүрді. 2004 жылдың көктемінде Алматыға бардым. Ебекеңнің шәкірттері Ә.Баешовпен, ҰҒА президенті М.Жұрыновпен, кезінде ҚКП ОК қызмет еткен С.Темірбековпен кездестім, күзінде қолжазба дайын болды. Сөйтіп, ұстазым алдындағы парызымды етеп, тапсырманы уақытында орындадым.

- Ебіней Бөкетовтің өмір жолында Қаныш Сәтбаевтың, Сіздің өзіңіздің өміріңізге ұқсас жәйттар аз емес екен. Жөн-жосықсыз қиянаттарды айтамын. "Ебінейіңіз" қазіргі оқырманға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

- Алдымен айтарым - жазушы атаулы ешқандай саясатқа араласпай, бәрінен жоғары тұруы керек. Е.Бөкетов өткен ғасырдың ұлы адамы. Өмірінің соңғы жылдары сыпыра қиянатпен етті. 1979 жылы 18 мамырда "Ленинская смена" газеті Ю.Рощин дегеннің Ебекең туралы сайқымазақ фельетонын жариялады. Тегінде Ю.Рощин деген жоқ адам, оны жазған Д.Қонаевтың кемекшісі В.Владимиров. Жә, фельетонға арқау болатындай Е.Бөкетовтің кінәсі неде? Айтайын. Ғалымның "Атан қомында туған адам" деген очеркі Мәскеудің "Знамя" журналында басылды. Онда Қазақстан ғылымының өсу жолы баяндалады. Очеркте республика ғылымын еркендетуге үлес қосқан Қ.Сәтбаевтан бастап 72 ғалымның аты аталады. Сол очеркте екі адам - ағайынды Қонаевтар жоқ. 1975 және 1977 жылдары екі рет шыққан басылымдарда ағайынды екеуінің аты аталмайды. Неге ұмытқан? Демек, айтқысы келмеген. Сайып келгенде бұл автордың ез еркіндегі шаруа. Осыдан соң-ақ ҚКП ОК-ның хатшысы С.Имашев жиналыс сайын Е.Бөкетовке тиісумен болды. Іле, әрине тапсырыспен, Қарағандыдан да арыз қарша борайды. ҚарМУ ректоры Е.Бөкетовтің жұмысынан "кемшілік" іздеп, жөн-жосықсыз қайта- қайта тексерулер ғалымды әбден қажытқан. 1979 жылы желтоқсан айында Е.Бөкетов өз арызымен орнынан кетуге мәжбүр болады. Лауазымдық қызметтен босаған соң ғалым "...алдымен Қанекең аруағы алдындағы парызымды етеуге кірісемін. Әдеби, ғылыми жұмыстарымды өндірте жазып, күллі арманымды адақтармын" деп ойлаған. Өкінішке орай олай болмады.

1979 жылдан 1983 жылға дейін бір де бір газет не баспа Ебекеңнің еңбегін жарияламаған. Мінезі турашыл, қатты, басынан сөз асырмайтын ғалым сол 6 жылда 3 рет жүрек талмасын басынан еткеріп, соңғысында тіл тартпай кеткен. Тегінде біздің бейшаралығымыз-ұлыларымызды жанымызда жүргенде көзге ілмей, барынша қорлаймыз да емірден еткен соң ұлықтаймыз.

Мысалы, Е.Бөкетовтің атақ-даңқын қайтарып, халқымен табыстыру үшін Елбасының көп жұмыс істеуіне тура келді. Соның өзінде тартпақтаулар орын болған. Өткен жылы күзде Камзаекең маған

Ебекеңді елімен қауыштыру атқарылатын жұмыстар тізбесін атап, Президентке алты ардагердің хат жазғанын, сол арызды қараған үкімет комиссиясы бес ұсынысты қабылдап, алтыншысы – Е.Бөкетовке ескерткіш орнату туралы өтінішті сызып тастағанын қинала айтты. Үйге келген соң мен Е.Бөкетовтің атақ-даңқына, ғылымға сіңірген еңбегіне байланысты әділдікті қайтару жолында көп жұмыс істегенін, оған бүкіл халық дән риза екенін айта келіп, ғұлама ғалымға ескерткіш орнату мәселесін де биыл шешіп беруін етініп, Президентке қысқа хат жаздым. Екі аптадан соң Қамзаекең Е.Бөкетовтің тұтас бойымен ескерткіш орнатуға рұхсат берілгенін қуана хабарлады. Қазір ескерткіш жасалып жатыр. Бұған да тәубә!..

-Кітаптың көркем безендірілуі өз алдына, құрылымын өзгеше жасағаныңыз, яғни стиль ерекшелігі бірден көзге түседі. Әрбір тарауды өлең жолдарымен атап, соның басында Е.Бөкетовтің төл сездерін беріп отырыпсыз.

- Стиль ерекшелігі – бұл енді батыс әдебиетінде бар үрдіс әрі өзімді қайталағым келмеді. Әр тараудың басындағы эпиграф және өлең жолдарымен берілген атау онда жазылған жәйттерге қызмет етіп тұр, яғни оқырман әр тараудың басындағы өлең жолдары мен эпиграфтан сол соқпақта ғалымның өмір жолының әр белесі суреттелетіннін сезінеді. Үлкен тұлғаны жазу тегінде ол өмірден өткен соң араға 40-50 жыл салып қозғау керек. Е.Бөкетовтің бақилыққа аттанғанына 21 жыл болды. Кітаптың Алматыда өткен тұсаукесерінде: «Е.Бөкетовке қастандық жасағандар арамызда жүр» деп ашық айттым. Олар «Бәрі өтті, кетті. Ұмытылды» деп жүр ғой. Айтылуға тиісті шындықты қазір айтпағанда, қашан айтамыз. Әрине, шындықты жазған адам ешкімге жақпайды, бірақ әділдіктен ауытқымауымыз керек.

- Сіз сияқты қаламгердің қолынан қаламы түсуі мүмкін емес. Алдағы жоспарыңыз туралы не айтасыз? Бірде 40 жыл ядролық жарылыстардың зардабын шеккен туған жеріңіз, қасіреттен көзі ашылмаған жерлестеріңіздің тағдыры туралы жазу ойыңызда жүргенін айтып едіңіз...

- Полигонға қатысты архив дайын. Ендігі жоспар – қазір 70 жасқа иек арттым. Алды-артымды жинақтап, екшеп, қай кітаптарымды қайта бастыру керек, жаңадан жазылатыны бар – соларды реттеудемін. Кітап бастыруға демеуші жөнінен проблема жоқ. Бул да мен үшін бір бақ, абырой деп білемін. Айтпақшы, «Жетінші толқын» өткен жылдың аяғында «Атамұра» баспасының кітапханасы сериясында 4-ші рет басылып, 21-ші ғасырға келді. 25 жылдан соң қауышқан кітабымды көріп, қуанып қалдым.

- Әңгімеңізге рахмет, өзіңіз де куанып, оқырмандарыңызды да қуантып жүре беріңіз.





Мұхамедова Р. Тамыры тереңге жеткен: ғұлама ғалым, әйгілі әдебиетші, ақын, аудармашы, сыншы – зор талант иесі Ебіней Бөкетов халқымен қайта қауышты // Семей таңы.- 2005.- 18 наурыз- 4 б.