Ең бірінші, неге кең көсілген сол өлке Шыңғыстау деп аталады?
Екіншіден, неге атақты Кемпірбай ақынның бейітінің үстіне шошқа соятын қасапхана салынған?
Неге Құнанбай қажының қабірінің үстіне саңырауқұлақ өседі?
Неге атом бомбасы 470 мәрте Абай туған, Шәкәрім тұрған, Әуезов әлемінде жарылады?
Неге аса қауіпті сынақ Алашорданың астанасы-Семейде жасалды?
Совет Үкіметі бәрін білген!
Бұл-қасірет!
Жерде жүрек сияқты-шұрық-тесік: Жүрек соқпағанша, Жер тоқтағанша адамзат тіршілік кеше бере-ау...
Бірақ, қу медиен, сары жазықта сүйегі ақсөңке болып шашылған момын қазақтың обалы кімге?
«Осы уақытқа шейін қалам ұстап келген Медеу Сәрсеке атамыз, таяқ ұстап қалыпты-ау деп едік. Өткенде ғана. Жоқ, таяқ тәнін тіреу үшін ғана екен. Жаны қаламға сүйенген қайраткер тұлға әлі жазу үстелінде отырған болып шықты. Кеше ғана редакциямызға тоғыз жүз беттен тұратын «Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаят келді. Бәрі рет-ретімен...
Сонымен «Семей қасіреті». «Фолиант» баспасында жарық көрген кітаптың тысы- қалың, іші-жалын. Көрініп тұр. Тілдей емес, зілдей кітап. Автор өзі айтпақшы: «Семей полигонынан зардап шегуші ретінде маған берілген 02-001916- санды куәлікте ядролық жарылыс астында 37 жыл 2 ай болғаным ресми расталған. Демек, мен осы кітапта сөз болатын шерлі оқиғалардың бәріне дерлік тірі кәугермін. «Толған ел тарихын жақпар тасқа жазады. Тозған ел тарихын кешкенді көз жасымен жуады» деген уәжге бағып, туған жұртыммен бірге басымнан кешкен қасіретті шерпей өмірден аттансам-жер басып жүргеніме мәз тоғышардың бірі болайын деген жегі ой мені жиі мазалап, әсресе, ядролық полигон таратқан ауыр дерттен дәрігерлер жәрдемімен сауыққан кезімде жазу үстеліне шегендегені анық...» дейді.
Атақты әуесқой суретші Кәріпбек Күйіковтің қарындашты тісімен тістеп тұрып салған жан түршігерлік картиналары безендірген кітап-қасірет таңбасы еді. Көр-жерді әңгіме қылмайды. Өз көзімен көрген сұмдықтың, өз қолымен көмген ағайын-туыстың ауыр тақсыретін бастан-аяқ бүкпесіз баяндап басталады. Аса құпия құжаттарды айдай әлемге айғақтаған. Жебір қоғамның обыр сұлбасы, бәрі, бәрі сол сөйлемдерде, сол суреттерде тұр. Кітапта аңыз жоқ, маңыз-мәлімет. Мұрағатың құпия құжаттары тарихтың қалқып бетіне шыққан. Бір сөзбен айтқанда «Семей қасіреті»- айыптау актісі! Қоғамның обыр дертінің-небір сұмдықтарын дөп басқан диагноз!
****
«Қорғаушысы жоқ ел жетім» тарауында ұлы Мұқан жайлы әңгіме бастайды. Көлемді мақаланың шет жағасын білесіздер де. «Мүсәпір елдің тағдырын кім ойлайды?» деген құнды материалды үш номер бойы жариялаған едік. Сол мақалада «Абайдың сүйегін Жидебайдан Семейге көшіреміз. Орнын сынақ алаңы етеміз!» деген сорақы істін үстінен Мұхтар Әуезов түсетіні бар емес пе? Күпті жайтты ауыл ақсақалдарына қатты тапсырып, біз де қарап жатпаспыз деп Қарауылдан асығыс аттанушы еді ғой? Ақыры, қайран тұлға асқазан обырынан көз жұмады. Медеу ағамыздың болжауынша ол кеселге ұлы тұлға 1957 жылы Семейге келген сапарында шалдыққан. Қайсыбірін айтамыз, қасіретті жылдар жасыл өтті қазақтың аузына аямай құйыпты...
Жалпы бұл еңбекті парықтай, парақтай отырған біз - жанымыздың жақтауын жұлқылап, тәніміздің топсасын босатып алған Абайдың қабіріне қатысты екі жайты болды. Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат» атты еңбегінен үзінділері бар.
Бірде – «Шыңғыстаудағы ауыл ақсақалдары Абайдың сүйегін Семейге бермейміз. Қапқазға қайтқан шешендер де әке-шешелерінің сүйектерін сандыққа салып, ала көшкен» десе, енді бірде «4-ші сынып оқитын жас Кәмен ашаршылық жылдары қасындағы жеті-сегіз баламен Құндыздыдан шығып, «ауылымызға аман-есен жетеміз бе, жоқ па?» деп, Абай аталарының аруағына сиынбақ болып Жидебайға соғады. Абай атамның бейітінің ішінде де, сыртында да адам өліктері жатыр. Иістене бастаған...» дейтін сорақы сурет бар.
Абайдың қабірі Алаштың жүрегі шығар?! Қазақтың қадірін кетіру үшін қабірін опыру керек болыпты! Сұмдық қой! Бұл-бер жағы. Топырақ бүлінді... Жарықтық өлке енді қайтып бусанғанша, енді қайтып босанғанша қанша ғасыр өтеді екен? Медеу ағамыз «көңілдеріңізге медеу болсын, бұл ашылмаған ақиқаттың беташары ғана» деп жазған еңбегінің тиражы 1000 дана. Әр шаңырақтың кітап сөрелеріне жетпесе де, биліктің «төрелеріне» жетсе екен!...
****
«Дегелеңде-дерт, Қарқаралыда-өрт» деп бастап еді бір жырын Серік Ақсұңқарұлы көкем. «Абыралыда айтылмаған ақиқат бар» депті Медеу Сәрсеке. Біз айтамыз: «Балқантауда баяндалмаған базына бар» деп. Қарқаралы-қараусыз, Егіндібұлақ-елеусіз, қазір...
Бұл елді мекендер 1998 жылдары апаты сейілген 4-ші аймаққа кіріп тұр еді. 55 жаста ер адамы, 50 жаста әйелдер зейнеткерлікке шығып, жалақысына бір жарым есе үстемақы қосылып тұрған. Сол жеңілдіктің Үкімет «Қазақстанның төтенше әлеуметтік-экономикалық жағдайға, дағдарысқа ұшырауына байланысты, апат аймағында тұратын адамдарға әлеуметтік жәрдемақыны төлеуді тоқтата тұрамыз» деген жарлығымен су аяғын құрдымға жіберді.
Белгілі журналист Мақсым Омарбекұлы жазды... Жаңылған жоқ! Нәтиже-нөл. Есімізге белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің естелігі ғана түседі. Абыралыға барып, Дегелеңді іздепті, Көркем шындық - көкірегімізге қарс айырылды. Тау жоқ. Орнында жасанды жасыл көл жатыр....
Айтар уәж-сол, апатты аймақ-Курчатов қаласынан біз айтып отырған Егіндібұлақтың Абай, Қаратау, Айрық, Арқалық, Едірей, Мыржық сияқты ауылдары, кезінде Талды ауданына қараған Бақты, Томар, Темірші ауылдарының қашықтығы 80-90-ақ шақырым, кейбірі тіпті одан да аз.
Тақсыретті толық тартқан автор есебінде Медеу аға сынақтың қалай жүретіні жөнінде бір естелік келтіреді. Эпикіндіктен бес шақырымда байлаулы тұрған үй жануарлары, ірі қара малдан бастап бәрінің терісі жидіп түскенін, сеспей қатқанын баяндайды. Тек, жарықтық түйе малы ғана, терісі жидіп, қызылшақа болып қалса да, тірі қалыпты... Бес шақырымдағы түйенің жағдайы анау, қырық шақырымдағы Едірейдің жағдайы қандай сонда? «Семей қасіреті» сол қатып жатқан сеңді қозғаса екен дейміз. Эпикіндікке ең жақын орналасқан бұл елді мекендер апаты сейілген емес, апатты не бірінші, не екінші аймаққа жатқызылып, тұрғылықты халық әлеуметтік көмектерге қол жеткізуі керек екенін айтпай, аттап кетуге болмас , сірә....
***
Абыралы-апат. Мыржық –мерт.
Темірбектерін темірге, алытнбектерін алтынға айырбастады біздің ел.
Егін егуге - жері, толық елуге - ері келмеген қайран Қарқаралы - Семей!
Ғалым Жайлыбай ағам айтпақшы: «Келгендей Арқаға құрдым, Тажалға лағынет, мейлі - Жаңарқа,
Қарқаралының, базарда малы да өтпейді!
Құрдасым тартады арақты:- Уды у қайтарады деп...»
Осы сөз - сөз.
Елдің баласын «джип» ала жүгірсе, біздің зіңгіттей азаматтарды қораға жіп ала жүгіреді... Неге?
Ешкімді кінәлай алмаймыз...
Атом ділін жұтып қойған ғасырда, ақын тілін жұтып қойса, таң қалма!
Сәбилерге - тыныштық. Ақ үйлерге- дауыс беріңіздер!
Семей синдромының шерлі шежіресі - осы кітап!
Мирас Асан
Асан М. Семей синдромының шерлі шежіресі // Орталық Қазақстан.- 2016.- 28 қаңтар.- 12 б. Орталық Қазақстан