Шығармалары

Сәрсеке М. Таңдамалы шығармалары. Алтыншы том: естелік- эсселер. – Астана: Фолиант, 2006. – 524 б.

Эссе түрінде қағазға түскен алғашқы туындының дені бұдан жиырма жыл бұрын, ал соңы жаңа ғасырдың бірінші жылында жазылып, жазушының «Мен білетін Ер Ғабең» кітабында 2002 жылы жарияланған. Өткен ғасырдың ту басында дүниеге келіп, сол ғасыр жылнамадан көшер шағында бақи болған біртуар суреткер, қазақтың қорлы сөзін кемеңгерлікпен көркем кестелей білген Ғабит Мүсіреповпен естелік авторы етене таныс болған жылдарды өз аузынан естіген оқиғалар шыншылдығымен, соны деректерімен оқырманды қызықтырады.

Медеу Сәрсекенің Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «Тамаша адамдар өмірі» («ЖЗЛ») сериясымен екі мәрте жарық көрген «Сәтбаев» ғұмырнамасында қазақ халқының біртуар перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғалым, ұйымдастырушы, мемлекет қайраткері ретіндегі бейнесі нақты деректермен айшықты сомдалды.

Сәрсеке М. Шығармалары. Екінші том: деректі хикаяттар мен әңгімелер. - Астана: Фолиант, 2014. - 328 б.

Қазақ қауымына жақсы мәлім, орыс тіліне де аударылып, жұртшылық тезінен өткен деректі хикаяттары туралы: «Өмірлік мұраттарымыз жаңарған соң өткен тарихымызға деген бұрынғы көзқарас түбірімен өзгерді. Кезінде жұртшылыққа ұсынылған, мақтау-мадақ көрген кейбір шығармалар қате түйсікпен марапатталған деген желеумен қайбатталатын болды. Алайда сол туындыларды бүгінгі талапқа қабыспайды деп жадымыздан сызып тастауға бола ма? Өз басым соған шүбәлімін. Жоқ, ұмытуға болмайтын да жайттар бар, кешегі тарихымызға да тергеу жасағанда жадымызда сақтарлық құндылықтар аз емес... » - деген тұжырым айтады жазушы Медеу Сәрсеке. Сол себептен де ол жасаң кезінде қаламы өрген бірнеше деректі туындысын үкілі үмітпен оқырманға қайыра ұсынды.

Сәрсеке М. Шығармалары. Үшінші том: деректі хикаяттар.- Астана: Фолиант, 2014. - 336 б.

Кітапта тағдыры сөз болатын бес ағайындылардың ішінде Нұрғали мен Мерғали Қадылбековтер заманында мемлекеттік еңбектерімен күллі Қазақстанға танылған айтулы қайраткерлер. Деректі жанрға әуей жазушы олар туралы ұзақ ізденіс жасап, мұрағат деректері мен замандастарының естеліктері арқылы сол тұлғаларды ел тарихына қайтарып отыр.

Эссе түрінде қағазға түскен екінші хикаят, «Мен білетін Ер Ғабең» деген атынан-ақ аңғарылып тұрғандай, 1960-70 жылдарда аралас-құралас болып, шәкірт ретінде жақын-жуық жүріп, ғұмыр жолын, жазушылық өнерін, азаматтық ділін жете таныған көркем сөздің хас шебері Ғабит Мүсіреповтің өміріндегі ұлағатты оқиғаларды саралап өрнектеуімен дараланады.

Сәрсеке М. Шығармалары. Бірінші том: ғылыми-фантастикалық хикаяттар және әңгімелер. - Астана: Фолиант, 2014. - 328 б.

Кітапқа жазушының ғылыми-фантастикалық және техника туралы тартымды сюжетпен өрілген хикаяттары мен әңгімелері еніп отыр. «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» т.б. хикаяттары кезінде қазақ әдебиетінде ғылыми-фантастикалық жанрдың өрістеуіне мұрындық болып, «М.Сәрсекеев қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастика жанрының негізін қалаушы» (қараңыз: БСЭ-нің 11-томының 489-беті) атанған.

Сәрсеке М. Шығармалары. Бесінші том. Біртуар Бөкетов: ғұмырнама роман. - Астана: Фолиант, 2014. - 536 б.

ҚР ҰҒА-ның академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетов – қысқа ғұмырында химиялық элементтер кестесінің халькогендер тобын егжей-тегжей зерттеп, дара мектеп түзеген ғалым. Сонымен бірге ол ұлағатты ұстаз, қаламы қарымды жазушы, әдебиет сыншысы, шынайы ақын һәм шебер аудармашы, солардың бәріне де айшықты бедері бар дарын иесі. Осыншама ұлан-ғайыр істерімен танылған тұлға, амал қанша, ортамызда тірі жүрген кезінде лайықты бағасын алған жоқ. Бүгінгі дабыра құрметке ол өмірден қайтқан соң ғана көп жылдан кейін ие болды.

Студент кезінде ғалымнан дәріс тыңдап тағылым алған, оның ұлағатты да шерменді өміріне куә болған белгілі жазушы Медеу Сәрсеке халқымыз дара туған ғалымның ғұмыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғаларды қайыра жаңғырту арқылы тартымды желіде өрбітеді, ғұмырнама ерекше шыншылдығымен дараланады.