Шығармалары

Сәрсеке М. Таңдамалы шығармалары. Бірінші том: ғылыми-фантастикалық және өзге де хикаяттар мен әңгімелер.- Астана: «Фолиант» баспасы, 2006. - 468 б.

Таңдамалы шығармаларының бірінші томына жазушының 1960-1970 жылдар аралығында жарияланған, сол уақыттың тынысын нақты оқиғалармен бейнелейтін, өзіндік көзқарасы мен пайымдауын танытатын шағын хикаяттары мен әңгімелері де еніп отыр.

Инженер жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастика жанрының негізін қалаушы» (қараңыз: БСЭ-нің 11-томының 489-беті) атандырған шығармалары «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» және осы салада дүниеге келтірген таңдаулы әңгімелері – шытырман оқиғалы тартымды желісімен, ғылыми қызықты өрілуімен бүгінгі оқырманды бей-жай қалдырмаса керек.

Сәрсеке М. Таңдамалы шығармалары. Екінші том. Жарылыс: роман. – Астана: Фолиант, 2006. - 460 б.

«Жарылыс» романы – кеңестік дәуірдегі өндірістің тыныс-тіршілігін білгірлікпен суреттеген кең ауқымды шығарма. Кітапта өндіріс адамдарының өмірін бүгінгі ғылыми-техникалық прогресс заманының шындығымен байланыстырып, үлкен прозаның байсалды реалистік үлгісінде суреттейді. «Жарылыс» бастапқы нұсқасы бойынша, тұңғыш рет толық түрде жарияланып отыр.

Сәрсеке М. Таңдамалы шығармалары. Үшінші том. Көмбе: роман. – Астана: «Фолиант» баспасы, 2006. – 432 б.

Медеу Сәрсекенің «Көмбе» (А., «Жазушы», 1985, 316 б.) романы да, «Жарылыс» туындысы сияқты, сол кездегі цензураның қатаң қыцспағына түсіп, кейбір беттері қысқартылып, енді бір тұсында кейіпкерлерінің ұлты өзгертіліп, едәуір қысқартылып жарияланған. Сірә, сөйтуге шығарманың бас кейіпкері Қазыбек Қазтуғановтың күрескерлік рухын даралап, оның жер асты қазынасын іздеу жолындағы қайсарлығын, билік басындағы өз білімі мол ойыншық «құдайлармен» ырымсыз күресін суреттеуі, әсіресе сол кездегі тоғышар қауымның дертіне айналған жарамсақтықты, шенқұмарлық пен мәнсапқорлықты, жалған мәліметке бой ұрған былық-шылықтарды түре ашып, шынайы адамшылық ұстанымдардың аяққа басылғанын әшкерелеуге түрткі болған. Жазушы сол қиянатпен келіспей, шығармасын орыс тілінде жария еткенде (М., «Советский писатель»,1989.-464 б. аударған Николай Родичев) қазақшасында кесілген беттерді қосып, 150 бетке «қампайтып» шығарғанын екі басылымның бет айырмашылығынан аңғару қиын емес...Жазушының «Таңдамалысына» бұл роман да бастапқы, толық қалпында тұңғыш рет жарияланып отыр.

Сәрсеке М. Таңдамалы шығармалары. Төртінші том. Сәтбаев планетасы: ғұмырнама роман.- Астана: Фолиант, 2006. - 624 б.

«Нартұлға» сериясымен жарыққа шығып отырған «Сәтбаев» ғұмырнамасы - деректі жанрдың айтулы шеберінің осы саладағы көп жылдық еңбегінің жиынтығы, әрі ол тың айғақтармен толықтырылып, Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының, әлемге әйгілі «Жайсаң адамдар өмірі» («ЖЗЛ») сериясымен 2003 жылы екінші мәрте шыққан соңғы нұсқасымен мәтіні бір ең толымдысы.

Сәрсеке М. Таңдамалы шығармалары. Бесінші том. Қайран Бөкетов: ғұмырнама роман.– Астана: Фолиант, 2006. – 474 б.

Кітап ҚР ҰҒА-ның академигі, қысқа ғұмырында химиялық элементтер кестесінің халькогендер тобын егжей-тегжей зерттеп, дара мектеп түзеген ғалым Ебіней Арыстанұлы Бөкетов туралы. Студент кезінде ғалымнан дәріс тыңдап тағлым алған, ұлағатты да шерменде өміріне куә болған жазушы Медеу Сәрсеке әйгілі ғалымның ғұмыр жолын нақты деректер мен шынайы оқиғаларды жаңғырту арқылы өрбітеді, ғұмырнама ерекше шыншылдығымен дараланады.